Жатақханада шайтанға кезіккен қыздың оқиғасы

Oinet.kz 20-06-2023 3829

Студент кезiмде басымнан өткерген оқиғаны әлi күнге дейiн ұмыта алар емеспiн. Ол тұста 1-курста оқитын едiм. Университетке жаңа түскен кезiмiз. 1-курс студенттерiнiң бiр-бiрiне қонаққа барып, түн ұзақ әңгiмелесетiн әдетi бар емес пе.

Screenshot_11.jpg

Бөлмеде екi қыз тұратын едiк. Тағы бiр құрбымыз басқа бөлмеде тұратын. Бiр күнi құрбымыздың қасындағы көршiлерi аяқасты ауылдарына қайтып кеттi де, құрбымыз жалғыз қалды. Кешке қарай ол бiздi шайға шақырды. Шай iшiлiп, әңгiме айтылып болған соң көршiм екеумiз құрбымды жалғызсыратпай сол бөлмеде қонатын болып шештiк. Құрбымыз төсек салып берiп, бiздi жайғастырды. Ол өзiнiң төсегiне, ал көршiм екеумiз бiр төсекке қисайдық. Бiрақ түн ортасына дейiн көз iлмей, әңгiме-дүкен құрдық. Таңға жуық үшеумiз де ұйықтап кетiппiз.

Бiр кезде тұншыққаннан оянып кеттiм. Әлдебiреудiң менi буындырып жатқанын сездiм. Бiреудiң суық қолы алқымымды босатар емес. Жан-жағыма алақ-жұлақ қарап қоямын. Сөйтсем, о тоба, менi буындырып тұрғанның бейнесi көрiнбейдi. Төсектiң маңында ешкiм де жоқ. Арпалыса бастадым. Алайда әлгi қол мойныма тастай жабысып алыпты. Босату түгiл, одан сайын тұншықтырып, буындырып барады. Демiм бiтуге шақ қалғанда ғана әлгi қол әрең дегенде босатты-ау әйтеуiр.

Не өңiм, не түсiм екенiн бiле алмай дал болып, төсегiмде ұзақ отырып қалыппын. Есiмдi жинап, тiлiмдi кәлимаға келтiрдiм. Түсiм дейiн десем, менi бiреудiң буындырғаны анық. Түсiм болуы мүмкiн емес. Олай болса, менi кiм буындырды? Айналамда алаңсыз ұйықтап жатқан екi құрбымнан басқа ешкiм жоқ. Түсiнiксiз.

Жын, елес туралы ел аузынан естiгенiм болмаса, мұндай оқыс оқиғаны өз басымнан өткермеппiн.

Не де болса елдi алаңдатып, үркiтпей-ақ қояйын дедiм. Оның үстiне құрбым осы бөлмеде тұрады емес пе. Шошып, түнде ұйықтай алмай қалар деп шештiм. Бiрақ өзiм таң атқанға дейiн көз iле алмадым. Әлгi бiреу қайтадан тап берiп буындыратындай болып көрiндi 

Таңғы жетiде құрбыларым да ұйқысынан оянды. Ойларында ештеңе жоқ. Жуынып, шайынып, таңғы асқа кiрiстiк. Ештеңеге тәбетiм жоқ. Түндегi оқиға есiмнен кетер емес. Бұл бөлмеден тезiрек кетудi ойлап отырмын. Iшiмнен өз-өзiме «елдiң бөлмесiне келiп нем бар едi?» деп те ұрсып қоямын. Осы мезетте қасымдағы көршiм: «Түннiң ортасында менi әлдебiреу буындырды», – деп қойып қалды. Бұл жайлы тiс жармай-ақ қояйын деп едiм, ақыры айтылған соң мен де жасырып қайтем деп түйдiм. Сөйтiп, менi де белгiсiз бiреудiң буындырғанын айттым. Осы бөлмеде тұратын құрбымның есi шықты. Ол бұрын-соңды мұндайды байқамапты. Үшеумiз де бұл не болуы мүмкiн деген ойға қалдық. Әр үйдiң өз иесi болатыны туралы естiсек те, жатақхананың иесi болуы мүмкiн деген ой болған емес. Бәлкiм, сол бөлменiң иесi бар болса, бiздi жақтырмай, сондай әрекетке көшкен шығар? Ал бұл жын не шайтан болса ше? Ол да мүмкiн. Құрбымның қасында тұратын көршiлерi анда-санда ұрттап қойып, бөлменi жынойнаққа айналдыратыны туралы еститiнбiз. Кезiнде әжем лас, нәпсi тыйылмаған жерлердi жын-шайтан мекен етедi деушi едi. Демек, мен сол түнде шайтанмен бетпе-бет кездескем.

Сол түннен кейiн бұдан былай жатақханадағы бөтен бөлмеге қонбаймын деп шештiм. Университет бiтiргенше, өзгелердiң бөлмесiне ара-тұра бас сұқсам да, бұл оқиғадан кейiн ешкiмнiң бөлмесiнде қонып көрмедiм.

zhasalash.kz

Суретшіні мерт қылған айнадағы сарбаз
Жарықбайды қуған тұяқты қыз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу