Сіңілімнің ішіне жын кірген секілді
01-04-2024
«Ойбай, не дейсің ауылда тұяқты қыз пайда болыпты. Ол күндіз көрінбейді екен де тек түнге қарай жортуылға шығады екен. Адамдардан мүлде қорықпайтын көрінеді. Тіпті, жеңіл автомобилді де жүгіргенде басып озып кететінге ұқсайды...»
Міне, осындай қаңқу сөздердің өткен жылы бүкіл Майлыкент өңірін шарпып өткені жасырын емес. Қанша сенгің келмегенмен есіткен құлақта жазық жоқ. Тура көздерімен көргендей кейбіреулер жыр қылып айтып та жүр. Сонымен, өзіміз есіткен сондай оқиғаның бірін сыртқа шығарып көрсек, сіздерден айып болмайтын шығар.
...Көктем айларының алғашқы күндері болса керек. Қар көбесі әлі сөгіле қоймаған шақ. Сондықтан да, қара суық өне бойыңды лезде қалтыратып жібереді. Жарықбай деген жасы алпысты алқымдап қалған кісі жеке көлігімен аудан орталығынан келе жатады. Қою қараңғылық онша түсе қоймаған кез. Айнала қарауытып тұрса да ел аяғы жата қоймаған. Көнелеу «Жигули» қара жолдың апшысын қуыра зулап келеді. Содан кабинада бір өзі елегізіп келе жатқан Жарықбайдың қалың тұт ағашының жанында жалғыз өзі бүрісіп тұрған жас қызға көзі түседі. Және бір қызығы қыз елдің ішінде емес, айдалада бір өзі тұр. Ақшасы болмай ауылына жете алмай тұрған бейбақ шығар, ала кетейін деген оймен Жарықбай оның жанынан өтіп барып тоқтайды. Мойылдай қара шашы иығын жапқан аққұба өңді, бота көзді қыз өзінен едәуір жерге ұзап барып тоқтаған көлікке адымдай басып кіре береді.
-Саламатсыз ба, ағай мені Көлбастауға дейін ала кетпейсіз бе?-деп алдыңғы орынға жайғасады.
-Алсам ала кетейін, қызым. Ауылдарың жолдың бойында ғой. Ол жақта кімнің қызы боласың?-деп Жарықбай жолаушыны сөзге тартады.
Басы жалаң бас, үстінде жұқа жемпірі бар қыз шынында да қатты тоңып қалыпты. Емін-еркін сөйлеудің өзі ол қызға оңай соғып тұрмағандығы байқалады.
-Ұзақбайдың,-деді қыз шамалыдан соң өз-өзіне келе алмай қалшылдап.
-Әлгі ұзын тұра Ұзақбай ма, трактор айдайтын...
Қыз «иә» дегендей үнсіз басын изеді. Одан әрі көлік ішінде әңгіме онша өрби қоймады. Жарықбай рулді мұқият ұстап, көзін жолдан алмаса, жас қыз жаурағанын баса алмай қалшылдай береді. Одан әрі қызға жаны қатты ашыған Жарықбай жолдың шетіне «Жигулиін» тоқтатып, үстіндегі костюмін шешіп, қыздың үстіне жабады. Қыз «рахмет ағай!»-дегендей Жарықбайға мөлдіреген үлкен көздерін төңкере қарайды. Межелі жерге келгенде көлік иесі жолда мінген қызды Көлбастаудан үйінің тұсынан түсіреді. Қыз «сізге үлкен рахмет!» деп жүре береді Жарықбайдың құлағына кенеттен аттың шабысы естілгендей болады. Өйткені, асфальтты тоқылдатып бара жатқан дыбыстың адамның аяғына емес, жылқының тұяғына ұқсайтыны ақиқат еді...
Бойын әлде бір қорқыныш жайлаған Жарықбай үйіне келгенде костюмінің қызда қалып қойғанын бір-ақ байқайды. Бар құжат пен ақшалары да сол костюмінің қалтасында болатын. Ертесіне костюмімді ала қояйын деген оймен Жарықбай Көлбастауда тұратын Ұзақбайдың үйіне бұрылады. Бір жақсысы Ұзекең үйінде екен. Екеуі жылы амандасып, шайға отырады. Жарықбай келген шаруасын айтады.
-Менде үш ұлдан кейін жалғыз қыздың болғаны рас,-деп Ұзекең күрсіне отырып, төрдегі кілемнің жоғары жағына ілінген портретті көрсетеді. Үлкен портретте көздері жәудіреп тұрған кешегі қызды Жарықбай бірден таниды.
-Кеше менің көлігіме мінген тап осы қыз болатын,-деп ол қалай айқайлап жібергенін де байқамай қалады.
-Ол қалайша сенің машинаңа мінеді?-дейді Ұзақбай да аң-таң болып,-Оның қайтыс болып кеткеніне биыл екінші жыл. Жұмбақ жағдайда колледжде оқып жүргенде дүниеден өтті. Сенің костюміңді алған менің қызым дегенге сенбеймін... Ол жәй сөз шығар.
Содан түкке түсінбеген Жарықбай далбасалап қызды мінгізген баяғы жерге келеді. Сөйтсе, қалың тұт ағаштардың бірінде оның жасыл костюмі ілулі тұрады...Бір қызығы оған ешкім тимеген, ақшасы да, құжаттары да түгел, бәрі орнында... Сонда қалай, Жарықбайдың қызды машинасына мінгізгені, үстіне костюм кигізгенінің бәрі өтірік болып шыққаны ма?
Арада екі-үш күн өткенде дәл сол кешкі мезгілде Жарықбай тағы да аудан орталығынан келе жатады. Ой, Құдай-ай...Дәл қалың тұт ағаштарының қасына келгенде өткендегідей қыз бүрісіп қол көтеріп тұрады. Бойын бір түрлі қорқыныш билеген Жарықбай тоқтамай өтуге ұйғарым жасайды. Қыздың жанынан зу етіп өте берген мұны байқап қалған әлгі қыз қуа жөнеледі... Жылқының шабысынан бір мысқал да аумайтын жүйрік қыз шабысын үдеткен күйі машинаға тіптен жақындап қалады.
Қатты қорқып, рульден айырылып қалмауға жанталасқан Жарықбайдың құлағына тоқылдаған тұяқтың үні анық естіледі. Қорыққанынан газды қанша басса да қыз артынан қалмай қояды. Бір кезде асфальтты тоқылдатқан қыз «Жигулиге» қатарласа береді де, екпінімен бір соғып өтеді. Одан арғысы көрген түстей... Есінде машинаның жолдан шығып бара жатқаны. Көздері сұмдық аларып кеткен тұяқты қыздың жер көкті басына көтере айқайлап, жынды адамша сақ-сақ күлгені... Жезді тұяқтарымен жер қарпып, майда топырақты өзіне шашқаны...
Одан шыр айнала тепсініп жүргені Жарықбайдың еміс-еміс есінде. Қанша жатқаны белгісіз көзін ашқанда үйінде жатыр екен. Жанында бастарына сәлде ораған біреулер отыр. Мұның көзін ашқанын байқаған олар әлденені сарнап оқи жөнелді. Арада бір жеті өткенде өз-өзіне келген Жарықбай бар сырды ұққандай болды. Оны жерлестері көшеден жырақ айдалған жер-сүдігердің арасынан тауып алыпты. Көлігі дін аман болғанмен, өзі аузы-басы қисайып, енді болмағанда өлейін деп жатқан жағдайы бар екен. Содан балалары әкелерін үйге әкеліп, молда-қожаларды шақыртып, оқытыпты.
Осы оқиғадан соң, Жарықбай көлік жүргізуді де мүлде қойыпты. Беймезгіл уақытта сыртқа шығуды да доғарыпты. Уақыт өте келе намазға жығылып, таза мұсылмандық жолға түсуді жөн көріпті. Міне, біз есіткен тұяқты қыздың бір әрекеті. Ал енді, мұның шындыққа жанасатыны, жанаспайтыны бір Құдайға аян! Бірақ, тұяқты қыздан сескеніп жүрген жандар арамызда жетерлік. Сонда, тұяқты қыз деген кім болды екен? Адам ба, жын шайтан ба? Жоқ әлде, елес пе? Бір өкініштісі, ол жағы әзірге белгісіздеу болып тұрған жоқ па?...