«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Арман мен Айсәуленің отау құрып, отбасы атанғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Екі жас бір-бірін сүйіп қосылып, шаңырақ көтеріп үлкен өмірге аяқ басты.
Арманның жұмысы қалада болғандықтан әке-шешесінің ақ батасы мен еншілерін алып қалаға жол тартты. Алып шаһарда Арманның еш бір туысы жоқ. Алайда Айсәуленің әке-шешесі дәл осы қалада тұрады. Арман бойдақ кезінде пәтер жағынан еш қиындық көрмеген болатын. Өйткені бірнеше жігіт болып бір пәтерді жалға алып тұрушы еді. Ал енді үйленіп, тек өзі ғана емес өмірлік серігі, жары Айсәуле жанында болғандықтан олармен бірге тұра алмасына көзі жетіп, жас отбасы амалсыз жігіттің қайын жұртын уақытша пана етті. Арман әке-шешесіне «Пәтер жалдап тұрамыз» деп айтып кеткен болатын. Ұлдарының қайын жұртында тұрып жатқанын хабардар болған Әсет дереу ұлына қоңырау шалды.
- Е, жүгірмек мен сені күшік күйеу болсын деп өсіріп бақтым ба? Пәтер жалдап тұрамыз дегендерің қайда?
- Әке, өзімде пәтер таба алмай күйініп жүрмін.
-Сондай үлкен қаладан бір пәтер таба алмай жүрсің бе? Үйленбей тұрғаныңда бұл сөздерді бірде бір рет естімеген едім.
- Әке, ол кезде жағдай басқаша болатын. Бір пәтердің ақысын бес-алты жігіт болып бөліп төлеген соң арзанға түсіп, ақша жағынан еш қиындық болмаушы еді. Енді қазір бір пәтердің жалдау құнын жалғыз өзім төлеуім қажет. Ал енді жалдау ақысы менің айлығым мен шамалас.
- Олай болса келінді алда ауылға қайт. Жұртқа мені масқара етпей.
- Әке, неге бұлай дейсіз?
- Қайт, деген соң қайт !
- Әке, әке, жарайды. Ертең-ақ пәтер табатын боламын.
- Ертең таппасаң дереу ауылға қайтатын бол.
- Ұқтым әке.
Әкесінің қас-қабағынан ақ секем алып, қаһарынан қатты қорқатын Арман ұялы телефонын алып дереу ең арзан бағадағы пәтерлердің тізімін қарап отырды. Арасында «бес мың» теңге деген бағаны көзі шалып қалды. Өз-көзіне өзі сене алар емес. Бір күндік жалдау ақысы болар деп ойлап қараса, жаңылыс оқымағанына көзі жетіп тұр. Бір айлық жалдау құны бес мың тенге. Бірден жарнамада көрсетілген нөмерге хабарласып, үй иесі мен келісіп қойды. Дереу әкесіне қайта қоңырау шалды.
- Әке, мен пәтер таптым. Ертең бөлек шығатын боламыз.
- Мені алдап тұрсың ба?
- Жоқ, әке рас айтамын таптым.
- Жарайды ендеше.
Әкесі сенімкіремей телефон тұтқасын қоя салды.
Айсәуленің көңілі босап, әке-шешесінің үйін қимай жол сөмкесін жетектеп кете барды. Көп қабатты үйдің бесінші қабатындағы жаңа пәтерлеріне көшіп келді.
«Жалдау құны неге мұнша арзан, оған не себеп?» деген сұраққа пәтер иесі марқымды жауап бере алмады. Көңілі күпті болып тұрса да Арман арзан пәтер тапқанына қуанып жаңа қонысқа орнығып алды. Айсәуле соңғы курс студенті. Таңертең кеткеннен түс ауа келіп үй шаруасы мен айналысып жүрді.
Айсәуленің бойын әлде бір қорқыныш билеп алды. Артынан үнемі біреу аңдып жүргендей күй кешеді. Қорыққанан «жаным үйге тезірек келші» деп Арманның құлақ етін жейді. Әйелінің үрейлі дауысынан шошынған Арман да үйіне жеткенше асығады. Аллаға тәубе, баспанасы болмаса да діттеген жеріне жеткізетін темір тұлпары бар. Желмен жарыса жүйткіп әйеліне асыға жетеді.
- Жаным, не болды саған? Неге мұнша қорқып тұрсың?
- Білмеймін, әлде кім мені аңдып жүргендей. Тосыннан келіп мені ұстап алатындай болады да тұрады.
-Жаным өзі бір бөлме ғана пәтер болса. Мұнда екеумізден басқа ешкім жоқ. Кім сені аңдысын?
- Білмеймін, мына үй сондай қорқынышты.
Арман дәретхана, асхана бәрін түгел тексеріп, тінтіп шықты.
- Міне көрдің ғой, ешкім жоқ. Олай босқа үрейлене бермеші.
- Мүмкін үйренісе алмай жүрген болармын. Кешірші мені.
Бір айға жуық уақыт жас жұбайлар бұл пәтерді мекен етсе де Айсәуле бойын билеп алған қорқыныштан еш құтыла алмады. Әр күн сайын Арманға қоңырау шалып мазасын алғаны алған.
Әйелінің бұл еркелігіне Арман әбден мезі болды. Өз әке-шешесінің үйіне қайта оралу үшін әдейі жасап жүр деп ойлады.
- Айсәуле жетер енді. Мен сенің еркелігіңе әбден тойдым. Бұл үй саған ұнамаса, тұрғың келмесе ашығын айта бер. Бірақ маған баланың ертегісін айтпа.
- Арман, сен маған сенбейсің бе?
- Кәне маған көрсетші. Сол сені аңдып жүрген адам қайда, кәне? Сені бірде бір рет ұстап алды ма? Көзің мен көрдің бе? Кәне, қайда ол?
- Соны өзім де түсіне алмай жүрген жоқпын ба? Есімнен адасатын болдым.
Екі жас тағы да сөзге келіп қалды. Айсәуле шарасыз күй кешуде. Мүмкін болса бұл үйде бір сәтте кідірмейтін еді. Бірақта күйеуінен де бөлек кете алмай әбден күйзеліске түсті.
Күз айы, күн суытып келе жатты.
Сол күні қатты дауыл тұрып, нөсер жауын шелек құйылып жатыр. Желдің екпіні күшті болғаны соншама тамырын тереңге жайған көне ағаштардың өзі опырылып құлап, үйлердің шатыры ұшып, электр сымдары үзіліп бүкіл қаланың жарығы сөніп қалды. Қараңғы түскен сайын Айсәуленің жаны қиналып, не істерін білмей ары бері сандалып жүр. Жарықтың жоқтығынан бағдаршамдар істен шығып жолдың бәрі кептеліс, әрі нөсер жауыннан түк көрінбей Арман күндегі уақыттан екі сағатқа кешігіп үйіне жете алмай жолда жүр. Айсәуле әбден абдырап қалды. Шарасыз күйге түсті. Қараңғы түскенде, не істерін білмей көрпені бүркене басына дейін жауып аяқ қолы дірілдеп көзінен ыстық жас тамып жылап жатты. Бар тілегі Арман ертерек келсе екен.
Кенет жанына әлдекімнің жақындап келгенін сезіне бастады. Тұла бойы шымырлап, жүрегі тарсылдап аузынан шығып кетердей...
Әлгі мақұлық па адам ба белгісіз бірдеңе тура тамағының астынан ұстап буындыра бастады. Байғұс қыз не сөйлей , не қимылдай алар емес. Бес минут бойы осылай қиналып тілін кәлимаға келтіріп еді, бойында әлде қандай бір күш пайда болып, бар күш жігерін жинап әлгі белгісіз мақұлықты итеріп жіберіп орнынан атып тұрды.
Қарсы алдында қап -қара адамға ұқсас бірдеңе. Әлгі мақұлық қайтадан Айсауленің жағасына жармасты. Айсәуле дауысын қаттырақ шығарып "Лә иләһә иллаллаһ, Мұхаммәдүр расулуллаһ” деген сайын әлгінің күші бәсеңдей берді. Айсәуле одан да қатырақ «Лә иләһә иллаллаһ, Мұхаммәдүр расулуллаһ» деп айқайлады. Әлгі мақұлық Айсәуленің жағынан шапалақ пен салып жібергенде Айсәуле жерге ұшып түсті. Аяқ асты мақұлық ғайып болды. Үйіне асыға әрең жеткен Арман ес түссіз жатқан келіншегін көріп не істерін білмей қалды.
Жедел жәрдемге хабарласа алар емес. Өзі ауруханаға алып баруы үшін қаншама уақыт қажет. Көрші пәтердегі орта жастағы әйел кісіні көмекке шақырды. Көрші әйел де үрейлене қорқып келгісі келмеді. Алайда жас қыздың өміріне бейжай қарай алмай жанына ұлын қоса ертіп келді. Айсәуленің ес жиуына көмектесті. Болған жағдайды естігенде Арманның тұла бойынан электр тогы жүріп өткендей болды.
Айсауленің сөздерін көрші әйел де құптады. Бұған дейін де бұл пәтерде осындай жағдайлар орын алғанын растады. Міне сондықтан да бұл пәтерді ешкім сатып немесе жалға да алмайтынын айтты. Арман әйеліне сенімсіздік білдіргені үшін Айсәуледен кешірім сұрап, құшағына басты.
Заттарын жинап дереу үйден шығып, Айсауленің әке-шешесінің үйіне қонып, ертеңіне өз шаңырағына ауылына қайтты.
Ауылда уайым қайғысыз әке-шешесінің жанында жүріп, жұмыс істеп ақша тауып отбасын түгел асырап жүрді. Айсәуле біршама уақыт қорқыныштан құтыла алмай жүрді.
Үнемі «Лә иләһә иллаллаһ, Мұхаммәдүр расулуллаһ» деп, қайталап бәсең дауыс пен айтып жүруді әдетке айналдырды.
Уақыт өте келе бойындағы қорқыныштан құтылып емін еркін жүріп тұра бастады.
«Әсерлі әңгімелер» топатамасынан