Әжемнен қалған қуыршақ әкемнің түбіне жетті
Менің 9 жасқа толғанда анам кенеттен қайтыс болды. Анамның қазасы әкеме өте ауыр тиді. Ол кезде мен баламын ғой, анамның қадірін біле қоймаған кезім.
Неге екенін білмеймін, нағашы әжем анамның өлімін әкемнен көретін. Анам ауыр науқастан қайтыс болды. Бірақ әжем ылғи да әкеме: "Қызым сенің кесіріңнен өлді" деп айтып жатқанын бала болсам да естіп қалатынмын. Көп ұзамай қызының артынан әжем де о дүниелік болды. Оның үйі біздің көшенің бас жағында болатын. Бірде әкем әжемнің үйін реттестіріп, заттарын жинап жүргенде сандығынан әдемі қуыршақ тауып алыпты. Ол бірден қуыршақты маған әкеп берді. Шашы сап-сары алтындай, көздері көк аспандай әдемі, үлкен қуыршақты көргенде қуанып кеттім. Күні бойы қолымнан тастамай ұстап жүрдім. Түнде жатарда қуыршақты төсегімнің бас жағына отырғызып қойдым. Түнімен жайсыз түстер кіріп, біреу мені тұншықтырып жатқандай қиналып ояндым. Оянсам, білегім көгеріп қалыпты. Білегімде кішкентай алақанның ізі қалғандай. Бірақ мен бұған аса мән бермедім. Бірақ төсегімнен тұра бергенімде көзім қуыршағыма түсіп кетті. Әлгі қуыршақ маған тесіліп қарап отыр, тіпті мойны маған қарай бұрылып алған.
Ертесінде түнгі ұйқыға жатарда қуыршағымды төсектен алысырақ, басқа ойыншықтарым тұратын бұрышқа тастадым. Тағы да түннің ортасында шошып ояндым., Алакөлеңке бөлмеде қара терге малшынып, төсегім су болып кеткен екен. Қарасам, қуыршағым менің қасымда маған тесіліп қарап жатыр. Қуыршақты көре сала шыңғырып жібердім. Менің айқайымды естіп әкем келді. әкеме қуыршақ туралы айтып бердім. Ол маған қарап жымиды да, маңдайымнан сүйіп, басымнан сипалап төсегіме жатқызды. Ол өзімен бірге қуыршақты бөлмемнен алып кетті.
Мен біразға дейін ұйықтай алмай жаттым. Түн ортасынан ауғанда көзім ілініп кетіпті. Таңертен тұрып, жуынып, шайынып, ас бөлмеге барсам, әкем көрінбейді. Әншейінде таң атпай тұрып, маған ас әзірлеп жүретін әкемді іздедім. Оның бөлмесіне кіріп барсам, әкем ес-түссіз жерде жатыр. Қатты шошығаным соншалық өне бойым сұп-суық болып кетті. Әкемді құшақтап айғайлап жылады. Сөйтіп отырғанда көзім тағы да тесіліп қарап отырған қуыршаққа түсті. Орнымнан атып тұрып қуыршақты терезеден лақтырып жібердім де дереу жедел-жәрдем шақырдым.Алайда дәрігерлер әкеме көмектесе алмады, оның жүрек талмасынан қайтыс болғанын айтты маған.
Мен әлгі қарғыс атқан қуыршақты лақтырып жібергенім есіме түсіп, оны тауып алған адамдардың басында да осындай қайғы түспесін деген оймен қайта іздедім. Бірақ таба алмадым. Сол қуыршақ міне қанша жылдан бері менің түсіме әлі кіреді.
Лена, Алматы
alashainasy.kz