«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Бұл оқиға өткен ғасырдың 40-жылдарының соңында болған екен. Әжем сіңлісі екеуі оқуын жалғастырып, жұмыс істеу үшін қалаға барады. Екеуіне де тігін фабрикасынан жұмыс табылады. Бірақ фабриканың жатақханасы болмағандықтан, ондағылар әжеме пәтер жалдап тұруға кеңес береді. Фабрикаға жақын орналасқан үйде бір бос бөлме бар екенін айтады.
Үй ескі болғанмен өте үлкен екен. Бұрынырақта бұл үйде дәулетті адам тұрғаны көрініп-ақ тұр. Үйдегі 18 бөленің ішіндегі ең үлкені бос болып шығады. Неге екенін екі-үш балалы отбасылар да одан әлдеқайда кіші бөлмелерге жайғасыпты. Әжемнің «екі-үш балалы отбасылар неге мына кең бөлмеде тұрмай жүр? деген сауалына үй басқарушысы «оған әлі-ақ өздерің көз жеткізесіңдер. Ол жерде сендер де тұра алмайсыңдыр» дейді. Бірақ оның нақты себебін сол үйде тұрып жатқандар да, үй басқарушысы да ашып айтпайды.
Бұрыш-бұрышта жалбырап тұрған өрмекшінің ұясы мен ескі жиһаз үстіндегі шаң ол бөлмеде көптен бері адам тұрмағанын аңғартады. Екі бойжеткен лезде іске кіріседі. Бөлменің шаңын сүртіп, жуып-шайып тазалап, ақтап, бөлмені ретке келтіреді. Үлкен бөлменің ортасынан перде тартып, ас бөлме, жатын бөлме етіп екіге бөледі. Жатын бөлмеге екі темір төсек қояды.
Ертеңінде бөлмеге келген көршілер бөлменің кеңдігін, мүлде басқа реңге енгенін айтып таңданыс білдіреді. Әжем «егер шынымен сіздерге ұнаса, ауысайық. Біз екеуміз ғана. Сіздердің екі балаларыңыз бар» деп ұсыныс жасайды. Бірақ көршілер ат-тонын ала қашады. Алайда оның сырын айтпайды. «Кішкентай бөлменің жұмысы да аз. Оған қоса қысылып жатсаң жылы жатасың» деп қалжыңға айналдырады да қояды. Одан әрі сөз қозғамайды. Әжем де көршілерін одан әрі қыстамайды.
Ертеңінде жұмыс басталады. Басшылар әжемді күндізгі, ал сіңлісін кешкі аусымға қояды. Кешке сіңлісі жұмысқа кеткенде әжем бөлмеде жалғыз қалады. Әрдеңені бір ойлап, түннің бір уағына дейін ұйықтай алмайды. Түн қараңғы болғанмен, ай сәулесі бөлмеге жарық түсіріп тұрады. Тіпті бөлме ішіндегі заттарды анық көруге болады. Бір кезде терезеден ірі денелі ер кісінің бейнесі көрінгендей болады. Алғашында маған солай көрінген болар деп ойлайды. Алайда бейне сәт өткен сайын айшықтанып, терезеге жақындай түседі. Бір кезде ай сәулесімен қосылып бөлмеге енеді. Мұны көргенде әжем қатты шошиды. Қатты қорыққаннан бүкіл бойынан әл кетіп, не айғайлауға, не қозғалуға шамасы келмейді. Жатқан орнынан қозғала алмайды. Ер кісінің бұлыңғыр бейнесі ақырын жылжып келіп, әжемнің кеудесіне басын қояды. Бұлыңғыр бейненің салмағын әжем, кәдімгідей сезінеді. Тіпті кеудесіне түскен салмақ тыныс алуын ауырлатады. Бірақ қозғалайын десе, қол-аяғы сіресіп қалған, жаны жоқ. Әжемнің тапжылмай жатқаннан басқа амалы қалмайды.
Ер кісінің бұлыңғыр бейнесі сол жатқаннан әжемнің кеудесінде таңға дейін табжылмай жатады. Әжем де көз ілмейді. Таң ағара бастағанда бұлыңғыр бейне әп сәтте жоқ болып кетеді. Арада бес минуттай уақыт өткенде әжемнің қолына жан бітеді. Тағы біраздан соң аяқтары да қозғалысқа келеді. Әжем толықтай өз-өзіне келгенде, таң да атып кетеді. Әжем жылдам киініп, тігін фабрикасына қарай жүгіреді. Фабриканың алдында қарсы кездескен сіңлісін де байқамай өте шығады. «Қайда барасың?» деген дауысын да естімейді. Бүкіл ойы – фабрикадағы телефонмен милицияға хабарласып, болған жайды айту болады. Фабрикаға кіргенде аптығын басып, сабасына түседі. Сәл ойланып тұрып, «менің мына сөзіме кім сенеді, есі ауысқан деп жындыханаға апарып жүрер» деп милицияға хабарласу ойынан тез қайтады. Қайта есіктің алдына шыққанда өзін күтіп тұрған сіңлісін көреді. Сіңлісі «жаңа бетпе-бет келіп мені байқамай өте шыққаның қалай? «Қайда барасың?» десем мойын бұрмадың. Саған не болған?» деп сұрақтың астына алады. Әжем сіңлісіне түнде болған жайды баяндап береді. Олар сонда ғана үй басқарушысының «бұл жерде сендер де тұрмайсыңдар» деген сөзінің мәнісін ұғады. Сол күні-ақ ол үйден көшіп, басқа пәтерге ауысады.
Әжем кейіннен ол үй бұрын бір графтың үйі болғанын естиді. Қызылдар графты үйінде атып кеткен екен. Туыстарына оны жерлеуге рұқсат бермепті. Кейіннен графтың отбасы мүшелерін түгелімен Сибирге айдайды. Ал графтың денесі көмусіз қалады. Әжемдер орналасқан кең бөлме графтың жатын бөлмесі болған екен. Содан бері түнде графтың аруағы сол бөлмеге келетін көрінеді.
(Мақала орыс тілінен аударылған)