Сұлтанмахмут Торайғыров өмірбаяны

Oinet.kz 28-08-2019 1061

Screenshot_9.jpg

               Сұлтанмахмут Торайғыров (1893-1920)

Арғын тайпасының Сүйіндік руының Айдабол бөлімінен шыққан. Торайғыровтың 2 жасында шешесі қайтыс болып, 6 жасына дейін әжесінің тәрбиесінде болған. Кейін әкесі екі ұлымен Баянауылға көшіп, Торайғыр кентіне таяу жерге қоныстанған. Торайғыров алғаш әкесінен ескіше хат танып, 13 жасынан Мұқан, Әбдірахман, Тортай деген молдалардан дәріс алды. Өлеңге үйір, шығыстық сюжеттер негізінде жырлар туындатқан Мұқан молда тәлімінің Торайғыровтың ақын ретінде қалыптасуына игі әсері болғанымен, баянауылдық Әбдірахман молданың (1908) қаталдығы, өлең шығарғаны үшін жас қаламгерді жазалауы оның дін мен молдалар жайлы теріс көзқарасының қалыптасуына негіз болған.

1911 ж. жаңаша оқыған Нұралы ұстазының көмегімен қазақ, татар тілдеріндегі әдеби кітаптармен, газет-журналдармен танысады. *1912 ж. Троицкідегі Ахун Рахманқұли медресесіне түседі, бірақ мұнда бір жылдай оқыған ол өкпе ауруының зардабынан оқудан шығып қалады. Торайғыров енді медреседе оқуды қойып, орысша оқу іздейді, қала маңындағы елде жаз бойы бала оқытады. Осы кезден ақындыққа ден қойып, *1912 – 13 жылдар аралығында

“Оқып жүрген жастарға”, 

“Тәліптерге”(“Шәкірттерге”), 

“Ендігі беталыс”, 

“Оқудағы мақсат не?”, 

“Анау-мынау”, 

“Мағынасыз мешіт”, 

“Жарлау”, 

“Досыма хат”, 

“Шығамын тірі болсам адам болып”, 

“Түсімде”, 

“Жазғы қайғы”, 

“Қымыз”, 

“Кешегі түс пен бүгінгі іс”, т.б. өлеңдерін, “Зарландым” атты ұзақ очеркін жазды. Осы тұста “Қамар сұлу” романын жазуды бастады.

1913 жылдың күзінде Троицкіге қайтқан Торайғыров “Айқап” журналына жауапты хатшы болып жұмысқа орналасып, “Өлең һәм айтушылар”, “Ауырмай есімнен жаңылғаным”, “Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан”, “Қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қалай?”]], т.б. әңгіме, мақалаларын осы журналда жариялайды. Журналда аз ғана уақыт қызмет еткен ақын

1914 ж. жазда туған елі Баянауылға оралады. Ел ішінде мәдени-ағарту жұмысын жүргізетін “Шоң серіктігі” деген ұйым ашпақ болғанымен, ісі жүзеге аспады. Осы жылы орысша оқу іздеп Семейге барған Торайғыров діттеген оқуына түсе алмай, біраз дағдарысқа ұшырайды. Осындай көңіл-күй әсерімен

“Ләнет бұлты шатырлап”, 

“Алтыаяқ” сияқты өлеңдер жазған. 

“Ендігі беталыс”, 

“Тұрмысқа”, 

“Бір адамға”, 

“Туған еліме”, 

“Сымбатты сұлуға”, 

“Қыз сүю”, 

“Гүләйім”, 

“Өмірімнің уәдесі”, 

“Жан қалқам”, 

“Гүл”, т.б. өлеңдерін, “Кім жазықты?” атты өлеңмен жазылған романын дүниеге әкелді (1915). Шығыс Қазақстанда жалданып бала оқытқан ол

1916 жылдың күзіне дейін әуелі Катонқарағайда, кейін Зайсанда болады, орыс тілін үйренеді.

1916 – 17 жылдардың қысында Томскіде орысша оқиды. Өмірден көп қағажу көріп қажыған ақын арманына жетіп көңілі көтеріледі. “Шәкірт ойы” өлеңінде “Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды”, “Мұздаған елдің жүрегін жылытуды” армандайды. Осы тұста әлем әдебиетінің классикалық үлгілерімен, саяси кітаптармен танысты.

1917 жылғы ақпан айындағы төңкерістен кейін Семейде жаңа құрылған Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің жұмыстарына қатынасып, “Алаш ұранын” жариялады. Бірақ ауруы асқынып кеткендіктен оқуды да, жұмысты да тастап,

1918 ж. сәуірде еліне біржола оралады. Онда Колчак үстемдігінен кейін қайта жанданған совдеп жұмысына араласып, ел шаруаларының дау-шарларын әділ шешуге қатынасты. Осы тұста саяси-философиялық әдебиетті (Г.Ц. Плеханов, Н.Г. Чернышевский, т.б.) көп оқып,

“Шал мен қызға”, 

“А, дүние”, 

“Жас жүрек”, 

“Сарыарқаның жаңбыры”, 

“Адасқан өмір”, 

“Кедей”, 

“Айтыс”, т.б. өлеңдерін жазды.

 Шығармашылығының ерекшелігі:

Оның шәкірттік кезеңдегі өлеңдері (1907 – 11) көркемдік тұрғыдан кемшін түсіп жатқанымен, жас ақынның қоғамдық құбылыстар мәнін түсінуге деген ұмтылысы мен өлең тілімен сурет салуға бағытталған талабын танытады. Ол қоғамдағы әділетсіздік пен әйелдердің ауыр тағдыры, діни оқудың схоластикалық сипаты жайлы жазды. Байлық пен кедейліктің теке-тіресін бай мен кедей ұлының өмірі арқылы көрсетуге тырысқанымен, бұл талпынысы биік ақындық талант пен саяси көзқарасты таныта алмады. Торайғыров 1912 жылдан бастау алатын шығармашылығының жаңа кезеңінде Абай, Ыбырай негізін қалаған ағартушылыққа бет бұрды, жастарды оқу-білімге шақырды. “Туған айдай болып туып, күнді алуға бел буады”, тұрмысты жеңуде жігерленіп, ақиқатты табу жолында талмай ізденуді мұрат тұтады. Алғашқы үгіт мәндес өлеңдерінен кейін ақын лириканың өрісін кеңейтіп, лирикалық кейіпкердің жан сырын, іс-әрекетін суреттеуге ұмтылады. Оның жырларынан тағдырға мойынсұнбай, қасарыса алға ұмтылатын, ауыртпалыққа қарсы тұрар өжет мінез көрінеді. Осы кезден бастап ақын шығармаларында ескіні сынау бой көтерді. Ол қазақ арасында көп кезігетін келеңсіз мінездер мен кертартпа әдет-ғұрып салтына қарсы күреседі. Табиғат, махаббат тақырыбына жазған өлеңдерінде ақын адам сезімін қоғамдық көзқараспен, әлеумет өмірімен байланыста қарайды. Ескіге қарсы көзқарас оны қоғамдағы әділетсіздікпен қақтығысқа алып келеді (“Осы да әділдік пе?”, “Бір адамға”, т.б.). Ол өмір шындығын көркем бейнелей келе, қазақ өлеңінің мазмұнын кеңейтті, сырға толы лирикалық жырлар туындатты. Көптеген әңгіме, очерктер, әдеби-сын мақалалар жазды, екі роман (“Қамар сұлу”, “Кім жазықты?”), төрт поэмасын “Таныстыру” (1917 – 18), “Адасқан өмір” (1918), “Кедей” (1919), “Айтыс” жариялады. Торайғыров “Қамар сұлуда” әйел теңсіздігі мәселесін көтере отырып, дәуір шындығын әлеум. тұрғыда талдаса, “Кім жазықты?” романында ауыл өмірінің шындығын жан-жақты суреттей келе, қазақ халқының шаруашылық тұрғыдан дамымағанын, талапсыздық пен шаруаға қырсыздықты, жалқаулықты, алауыздықты сынайды.

 Поэма жанрына қосқан үлесі:

Торайғыров поэма жанрын жаңа арнада дамытты . Ол сюжетсіз поэмаларында өмірдегі сан түрлі мәселелерді кеңінен қамтып, өршіл ой-түйіндерін бүкпестен, өткір де ашық насихаттауға тырысты. Алғашқы поэмасы “Таныстыруда” Алашорда қозғалысы өкілдерін елге таныту мақсатын көздеді. Ә.Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, М.Дулатовтарды таныстырып, олардың “бірі – күн, бірі – шолпан, бірі – ай” екендігін жазады, алаштықтардың қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы еңбектерін саралайды. Алаш өкілдерімен қоса, қазақтың көрнекті тұлғалары Абай мен Шәкерімді ерекше атап көрсетеді. “Адасқан өмір”, “Кедей” поэмаларының негізгі сарыны қоғамдағы әділетсіздік себептерін ашу, теңдікті іздеу болып табылады. Ақын бұл жайларды қазақ ауылы шеңберінен шығып, капиталистік қоғамға тән мәселелер ретінде қозғайды. “Адасқан өмір” – Торайғыров шығармашылығының зор табысы. Мұнда ақын аз ғұмырында көзімен көріп, ойымен түйген, білім-білігімен таныған тұрмыс өткелдерін өзіне ғана тән асқақ үнмен ашына, ақтара жырлайды. Поэманың лирикалық кейіпкері түрлі кәсіппен шұғылданса да, ешбірінен қанағат, теңдік таппай, әділетті қоғамды аңсайды. Шығармада ақын түсінігіндегі болашақ жаңа қоғамның бейнесі жасалады. Шығарманың негізгі идеясы адам өмірді өз тілегіне бағындыра алады және соған ұмтылуға тиіс деген оптимистік қорытындыға саяды. “Кедей” поэмасының бас кейіпкері де өз ортасынан әділдік таппайды, қоғам мен адам арасындағы қайшылықты бітіспес күреске ұластырады. “Айтыс” поэмасы толық аяқталмаған, онда Торайғыров қала ақыны мен дала ақынын айтыстырып, екі ортаның қайшылықты жақтары мен адамға пайдалы тұстарын қатар алып суреттейді. Торайғыров шығармалары – 20 ғасырдың басындағы қазақ қоғамы шындығын, ондағы жаңашыл ой-пікірдің дамуын танытатын үлкен белес. Оның ізденістері “шындықтың ауылын іздеумен” байланысты, оның реализмі бұлтақсыз, жалтақсыз айтылған шындыққа, әлеуметтік тіршіліктің шынайы суреттеріне негізделген, оның тенденциясы да сыншыл.


Жүсіпбек Аймауытұлы өмірбаяны
Абай Құнанбайұлы. Адамның кейбір кездері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу