Абай Құнанбайұлы. Құлақтан кіріп, бойды алар
Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй.
Дүние ойдан шығады,
Өзімді өзім ұмытып,
Көңілім әнді үғады,
Жүрегім бойды жылытып.
Аңсаған шөлде су тапса,
Бас қоймай ма бастауға?
Біреу түртсе, я қақса,
Бой тоқтамас жасқауға.
Бір күйгізіп, сүйгізіп,
Ескі өмірді тіргізер.
Өмір тонын кигізіп,
Жоқты бар қып жүргізер.
Есіткендей болады
Құлағы ескі сыбырды.
Ескі ойға көңілім толады,
Тірілтіп өткен құрғырды.
Ішіп, терең бойлаймын,
Өткен күннің уларын.
Және шын деп ойлаймын
Жұрттың жалған шуларын.
Тағы сене бастаймын
Күнде алдағыш қуларға.
Есім шығып қашпаймын,
Мен ішпеген у бар ма?