Шымкент: Жемқорлық тәуекелдерінің картасы әзірленді

Oinet.kz 01-11-2024 180

1.jpg 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін халыққа арнаған Жолдауында:

--Бюджет қаржысын және жалпыұлттық байлықты талан-таражға салатын жемқорлық әрекеттер мен оның астыртын жолдарын ұйымдастырушыларды іздеуге, түпкі амал-тәсілдерін анықтауға барынша күш салу өте маңызды,-деп атап өткен болатын.  

Шымкент қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүйелі сыбайлас жемқорлыққа ұшыраған 15 саланы қамтитын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің карталарын әзірледі. Білім, медицина, жер қатынастары, тұрғын үй, әлеуметтік қамту, мемлекеттік сатып алу, құрылыс, жол, бизнес, сейсмология, сот және полиция сияқты бағыттарды қамтыған бұл карталар алдын алу және жедел тергеу жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Қанат Сүлейменов мәлім етті. 

Қазіргі уақытта жер учаскелерін беру мен алу мәселесі ерекше бақылауға алынған. 2020-2024 жылдар аралығында Шымкент әкімдігі 28 млрд теңге сомасына 269 гектар аумақтағы 1 541 учаскені мемлекет мұқтажы үшін сатып алды. Сонымен қатар, 5 717 гектар аумақтағы 4 579 учаскені алу туралы шешім шығарылған. Алайда бұл шешімдердің 3 мыңнан астамы әлі орындалмаған. Талданған мәліметтер көрсеткендей, мұндай кідірістер жер учаскелерінің қымбаттауы, меншік иелерінің өзгеруі және шұғыл сатып алу қажеттілігіне байланысты туындаған.

Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сыбайлас жемқорлықты азайту үшін жер қатынастарындағы процестерді цифрландыруды, арнайы онлайн-тізілім құруды және халық пен бизнеске оған қолжетімділікті қамтамасыз етуді ұсынды. Бұл шаралар жер қатынастары саласында сыбайлас жемқорлықты азайтуға, сондай-ақ Шымкент қаласының әлеуметтік және экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Шымкент қаласында құрылыс және инфрақұрылым салаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді профилактикалық іс-шаралар жалғасуда. Құрылыс басқармасы соңғы алты жылда (2018-2023 жж.) жалпы құны 154 млрд теңгені құрайтын 193 көпқабатты тұрғын үй салып, осы жобалар бойынша мердігерлерге бес жылдық кепілдік мерзімін бекіткен.

Алайда мониторинг нәтижесінде өңірлерде құрылыс жұмыстарына берілетін кепілдік мерзімдерінің әртүрлі екені анықталды – 2 жылдан 10 жылға дейін өзгеруі мүмкін. Осыған байланысты Департаменттің ұсынысымен құрылыс және жол салаларындағы кепілдік мерзімін ұлғайту бойынша шешім қабылданды. Енді мемлекеттік сатып алу шарттарында кепілдік мерзімі 84 айға, яғни 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылған.


«Таза Қазақстан»--табиғатқа деген қамқорлықты қалыптастыру
Антикор: Мемлекеттік сатып алуларға мониторинг жүргізілуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу