Ашық сабақ. Психология. Бала тәрбиесіне байыпты қарайық

Oinet.kz 26-01-2020 1072

«Бала тәрбиесіне байыпты қарайық» атты ток – шоу

Мақсаты:
1. Оқушыларды ата-ана сөзінің мәнін ұғынуға үйрету, отбасы мүшелерінің арасындағы бауырмалдықты, қайырымдылықты, сыйластықты, достық қарым-қатынасты қалыптастыру, бір-біріне деген сенімді нығайту.
2. Оқушылардың ата-ана алдындағы борышы туралы жауапкершіліктерін арттыру
3. Ата-ана мен бала арасындағы жағдайларды ақылмен шешуіне жағдай туғыза отырып ата-анасының баласына деген сенімін ояту, баласына ата-ана алдындағы парызын міндеттеу, баланың болашақ өмірін қалыптастыру.

Барысы:
Жүргізуші:
І. Құрметті ұстаздар, ата-аналар , оқушылар! Бүгінгі бағдарламамызға қош келдіңіздер. Бүгінгі кешіміз Бүкіл әлемдік 1 желтоқсан күні өтетін «ЖҚТБ мен күрес» күніне арналады.
«Отан отбасынан басталады» демекші ата-аналар мен ұстаздар қауымы үшін жас ұрпақ тәрбиелеп, оны қоғам мүддесіне жарату-кезек күттірмейтін мәселе. Осы мәселеге ата-аналар мен ұстаздар қауымы болып бірге атсалыссақ алар асуымыздың биік болары сөзсіз. Қазіргі қоғамда ата-ана баласынан не күтеді? Баласын қалай тәрбиелейді? Ата-ананың бақыты неде? Баласы ата-анасын қалай бақытты етпек? Міне, осы тұрғыда сөз қозғалатын «Бала тәрбиесіне байыпты қарайық...» атты пікіралмасу кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер!
Бүгінгі іс-шарамызды ақын Мұзафар Әлімбаевтың мына өлеңімен бастағанды жөн көріп отырмын.

(Кабдылуахит Ақгүлім 8 сын оқышысы)

Міне осылайша өз баласының болашағына алаңдап , «Қайтсем де баламды адам етем» деген ата-ананың үміт арманы баласымен бірге орындалады.
«Әрбір баланың мінез- құлқы ата-ананың жағымды іс-әрекетінен үлгі алуы барысында қалыптасады» деп И. Павлов айтпақшы баланың мінез-құлқы өскен ортасына, көрген тәрбиесіне байланысты қалыптасады. Ата-ана – бала үшін ең бірінші үлгі тұтар адам, өзін көретін айнасы. Сондықтан , кешімізге қатысып отырған ата-аналар, ұстаздар берілген сұрақтар бойынша өз ойларыңызды ортаға салып, пікір алмастырайық.
1. «Тәрбие – баламен сөйлесумен, әңгімелесумен, оған ақыл-кеңес берумен ғана шектелмейді. Тәрбие – тұрмысты ұйымдастыра білуде, балаға әркімнің өз жеке басы арқылы өнеге көрсетуінде» делінген екен. (А.С. Макаренко). Осы жөнінде не айтар едіңіз?
2. Бала тәрбиесінде қандай қағидаларды ұстануға болады?
3. Балалар игілікті істер істесе, оларды қалай мадақтауға болады?
4. Баланы қай жасынан тәрбиелеу керек және балаға ақылды қалай айту керек?
5. Балаларыңызды теріс әрекеттері үшін қалай жазалайсыздар?
6. «Бақытыңды балаңнан ізде» деген сөздің мағынасын қалай түсінесіздер?

Бала тәрбиесіндегі ұстанатын негізгі қағидалар:
- Баланы жас кезінен бастап сыйлап, қадір-қасиетін, ар-намысын бағалап, дұрыс сөйлесіп, дұрыс қарым-қатынас жасаған абзал.
- Әдепсіз сөз, дөрекі айқай – тәрбиедегі жаман әдіс. Бала оған үйреніп кетеді немесе соған орай дөрекі жауап береді.
- Егер өзің баланы сыйламай тұрып одан өзіңе ілтипат, құрмет көрсетуін талап етудің өзі ұят.
- Баланың айтайын деген өтінішін, ақылдасқысы келген мәселесін ата-анасы тыңдап, ақыл-кеңес беруі керек.
- Ата-ана отбасындағы үлкендерді сыйлап құрметтесе, кішілерге қамқор болса, бала да сондай болуға ұмтылады.

«Жақсы отбасында жазалау деген атымен болмайды және бұл- отбасы тәрбиесінің ең дұрыс жолы» деп ұлы педагог А.С. Макаренко айтқандай балаларға түсіністікпен қарап, балалықпен жасаған қылықтарын дер кезінде ескеріп, қорытынды шығарып отыру керек.

ІІ. Іс-шарамыздың келесі бөлімінде мына бейнебаянға назар аударсақ. («Ана жүрегі» Б. Мұстапаевтың орындауында).

Бұл көрініске қарап елжіремейтін адам, езілмейтін жүрек жоқ шығар. Осындай қатігездік қайдан шығады деп ойлайсыздар?

Ұлы жазушы Лев Толстой «Әлемде болып жатқан қатыгездік, мейірімсіздік имансыздықта» деген тұжырымға келді
1) Осы бейнебаян сіздерге қалай әсер етті?
2) Бұл баланың бойынан қандай қасиет байқалады?
3) Баланы осындай жағдайға жеткізбеудің тәсілдері қандай?
4) Балаларыңыз қатыгез, қайырымсыз, өзімшіл болып өспесін десеңіз , бала тәрбиесінде қандай қателіктерге жол бермеу керек?

1 қателік - Балаларды орынсыз еркелету
2 қателік – «Не істесең оны істе, маған бәрібір» деп айту.
3 қателік- Аса қаталдық, яғни «Мен не айтсам, соны орындауың керек, өйткені мен сенің ата-анаңмын» деп айту.
4 қ-к- Егер сен мен қалағандай болмасаң, мен сені жақсы көрмеймін» деп айту.
5 қ-к- «Саған көңіл бөлуге уақытым жоқ» деп айтуға.
6 қ-к- Балаңызды баршылыққа баулымау.
7 қ-к- Балаңыздың ісіне, көңіл күйіңізге қарап баға беру, яғни көңіл – күйіңіз нашар болса, оның қуанышына ортақтаспау, әңгімесіне құлақ аспау т.с.с.

Міне, құрметті ата-аналар, бала тәрбиесінде осы қателіктерге жол бермесеңіздер ғана балаңыздың саналы азамат болып өсіп сізді бақытқа кенелтері сөзсіз.
Ата-ана баласының түйсігіне қандай із салса, бала сол жолмен жүре беретіні белгілі.







ІІІ.Қазақ халқымызда ата-бабаларымыз қыз тәрбиесіне де ерекше мән берген. « Қыз баланың өмірдегі міндет-парызының жүгі ауыр, әрі ардақты. Ол – адамзат ұрпағын өмірге әкелетін болашақ ана, үй ұстап, күйеу күтетін адал жар, ата-ене сыйлап, иілетін қамқор келін. Ол осыны қаласын-қаламасын, бұл-өмір заңы»,- деген.
Ал қазір осы заманда қыз тәрбиесі қандай? Өзгеріп келе жатыр ма? Өздеріңіз біреудің қызы, келіні, әжесі,анасы болып отырсыздар, тәрбиелеуде қандай қағидалар ұстанасыздар?
Келесі бөлімімізде «Жұмбақ кейіпкерімізбен» болған жағдайды тыңдап көрелік.
Жұмбақ кейіпкер:
Менің ата-анам өте ауқатты болатын. Менің үстімдегі шетелдік киімдерге барлық балалар қызыға қарайтын. Қалтамда ақша үнемі жүретін. Ата-анам бір жақтарға кеткенде өзім сияқты балаларды жинап алып үйдің астан-кестеңін шығаратынмын. Бір күні сондай бір көңілді кеште алғаш рет арақтың,нашаның дәмін таттым. Содан басым байланды да қалды. 1-2 рет әкемнен ақша сұрап көп наша сатып алдым. Содан менде ақша барын білген саудагерлер үйге өздері әкеліп, кейде тіпті бағасын жоғарылатуды шығарды. Осы дерттен қалай құтылатынды білмей отырмын, тіпті сіздердің алдарыңызға нашар күйде отырмын. Мен көмек сұрап тұрған жоқпын, осыны сіздерге айтқанымда да жаным босап, жеңілденіп қалдым. Өмірім не болатын білмеймін.Тыңдағандарыңызға рахмет.

- Кейіпкеріміз нашақорлыққа ұрыну себебі неде деп ойлайсыздар?
(ата-анасының баласына уақыт бөлмеуі, дұрыс тәрбие бермеуі т.б.)
- Жұмбақ кейіпкерімізге қандай кеңес береміз?Ата- ана болып, ұстаз болып?
- Балалары тура жолдан тайғанбау үшін ата-аналар не істеу керек?
- Баларыңызбен жиі сырласып отырасыздар ма?

Әңгімелеріңізге, пікіралмасқаныңызға көп рахмет, кешімізді аяқтау үшін әр қайссыларыңыз бір сөзді таңдап , сол сөзбен тақырыпқа сай түйіндеме айту керексіз.

Сөздер: мейірімділік, бала, тәрбие, ата-ана, бақыт, ұстаз, отбасы, үміт.

Құрметті ата-аналар,ұстаздар, оқушылар! Бала бойындағы адамгершілік қасиеттердің пайда болуы ата-ана,ұстаз, жақсы құрбысынан екені сөзсіз. Сондықтан «Бала тәрбиесі-бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер. Жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Баланы дұрыс тәрбиелеу үшіш әркімнің өз тәжірибесі жетпейді» деп М. Жұмабаев айтқан- бала тәрбиесі барлығымыздың бірлескен жұмысымыздың нәтижесі. Бір-біріне қамқор, қайырымды ұрпақ тәрбиелеу және адамгершілігі мол асыл қасиеттерді бойларыңа сіндіру біздің міндетіміз.
Сондықтан бала тәрбиесіне байыпты қарауға ұмытпайық.
Келесі кездескенше сау сәлемет болыңыздар.









Мортық орта мектебі














«Бала тәрбиесіне байыпты қарайық»
атты ток – шоу












Өткізген: педагог-психолог
Айтжанова А.Х.





2013-2014 оқу жылы

Ашық сабақ. Психология. Маған өмір керек, мен өмірге керекпін
Ашық сабақ. Биологиялық мембраналар арқылы зат тасымалдау
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу