Ашық сабақ. Қазақстан тарихы. Қазақстан халқы моноэтникалық құрамының өзгеруі (XVIII ғасыр – XX ғас

Oinet.kz 25-07-2020 3711

Есіңе түсір

Қоныс аударушылардың көптеп келуіне қандай оқиғалар себеп болды?

  1. Өлке тұрғындары моноэтникалық құрамының өзгере бастауы. ХІХ ғасырдың 20-жылдарына дейін Қазақстан халқының түгелдей дерлік құрамы қазақтар болды. ХІХ ғасырдың 60-жылдары Қазақстан халқының ұлттық құрамы өзгеріске ұшырай бастады. ХVІІІ ғасырдан бастап казактар және әскери тұрғындар көбінесе бекіністер мен шептерде және станицаларда орналасты. 1824 жылдан округтік приказдар 

құрылуымен әскери казактар, кейіннен шаруалар Солтүстік-Шығыс Қазақстанды мекендей бастады. ХVІІІ ғасырдан бастап казактар және әскери тұрғындар көбінесе бекіністер мен шептерде және станицаларда орналасты. 1824 жылдан округтік приказдар құрылуымен әскери казактар, кейіннен шаруалар Солтүстік-Шығыс Қазақстанды мекендей бастады. Осы кезде жаңа қалалар пайда болды. Қазақстанға Ресейден орыс шаруалары 1861 жылғы басыбайлылық құқықты жойғаннан және ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы өлкеде жүргізілген әкімшілік реформалардан кейін кеңінен қоныс аударыла бастады.

  1897 жылы Қазақстан аумағында 4 млн-нан астам адам өмір сүрді, олардың 81,7%-ын қазақтар құрады. Тұрғындардың қалған бөлігі казактар және қоныс аударушы шаруалар, ұйғыр, дүнген, татар, өзбек т.б. ұлт өкілдерінен тұрды. Қоныс аударушылардың едәуір бөлігі Қазақстанға ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында келді.

  2. Орыстар. Қазақстанға алғаш қоныс аударғандар казактар мен әскери шенді орыстар еді. Олар шегара шебіндегі әскери бекіністер мен станицаларда тұрды. Кейін Қазақстанды отарлау әрекеті күшейген кезде казак әлеуметтік тобына қоныс аударып келген шаруалар мен мещандар, солдаттар да қабылдана берді.

  Қазақстанға қоныс аударған орыс шаруалары шегарадағы әскерлерді, сондай-ақ Колыванов-Воскресенск зауыттарында, тау-кен өндірістерінде істейтін жұмысшыларды азық-түлікпен жабдықтау міндетін шешуге тиіс еді. Шаруаларды қазақ өлкесіне кеңінен тарту үшін патша үкіметі еркін отарлау әдісін де, күш қолдана отырып, еріксіз жер аудару тәсілін де қолданды. Кейде орыс шаруаларының қатары орталықтан айыпты болып қашқандардың есебінен де толықтырылды. Мысалы, Бұқтырма өзенінің аңғарына, Алтай тауының адам аяғы жете бермейтін биік қойнауына зауыт жұмысшылары, солдаттар мен діни секта жікшілдері қашып кете беретін. Сібір әкімшілігі қашқындардың кенттерін жою және Бұқтырма аңғарына қашудың жолын кесу үшін қанша күш-жігер жұмсағанымен нәтиже шығара алмады. 1897 жылы Алтайда 90 мыңға жуық орыс шаруалары болды.

  ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың бас кезіндегі аграрлық саясат жылдары Ресейдің еуропалық бөлігіндегі шаруалар Қазақстанға жаппай көшіріле бастаған еді. 1897 жылы Қазақстанның алты облысындағы орыстардың саны 544 мың адамға жетті. Орыс халқының өлкедегі негізгі бөлігін қоныс аударып келген шаруалар (40%), содан кейін казактар (33%), мещандар (19%), дворяндар (5%) және басқалары құрады. Қазақтар мен орыс тұрғындары арасында өзара шаруашылық-мәдени алмасулар орын алды. 

  3. Украиндықтар. Украиндықтардың алғашқы тобы Қазақстан аумағында ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында пайда болды. Олар, негізінен, ұлт-азаттық қозғалыстарына қатысқандар еді. Украиндықтардың елеулі бөлігі қазақтың кең-байтақ даласына ХІХ–ХХ ғасырдың тоғысында, Ресейдің еуропалық бөлігінен шаруалардың жаппай қоныс аударуы кезінде келді. Қоныс аударушы украиндықтар, негізінен, Полтава, Харьков, Таврия, Херсон, Екатеринослав және Киев облыстарының шаруалары еді.

  Украиндықтардың басты шаруашылық кәсібі егіншілік болды. Қазақ даласындағы белгілі украиндық диқандардың бірі Ақмола облысының Атбасар ауданы Қима болысына қарасты Запорожское селосының шаруасы Василий Марченко еді. Ол егістік топырағының құнарлылығын арттыру мақсатымен тұқым себудің жетілдірілген әдісін енгізді. «Сельский вестник», «Хлебороб» журналдарын үзбей оқып тұрды. Сол кездегі ең жаңа ауылшаруашылық техникаларын пайдаланды. Үй жануарларының тұқымын асылдандырумен де айналысты.

Қызықты дерек

1913 жылы Романовтар әулеті билігінің 300 жылдығын атап өту құрметіне ең үлгілі шаруашылық үшін белгіленген арнайы сыйлықтардың бірін В. Марченко жеңіп алған болатын.

  Патша үкіметі шаруалардың қоныс аударуына қаншалықты отарландырушы сипат беруге тырысқанына қарамастан, украиндықтар мен жергілікті қазақтардың арасында достық тіпті туыстық қарым-қатынастар қалыптаса түсті. Мәселен, 1905 жылы Киевтегі шеруге қатысқаны үшін Ақмола облысының Ақмола уезіне жер аударылған Яков Латутаны Жоламан деген қазақ өкіл бала етіп асырап алып, оған Жақып Жоламанов деген есім берген. Жақып қазақ тілін меңгеріп алды және өз бетінше ізденіп, исламның негізін үйреніп, мұсылман дінін қабылдады. 1916 жылы қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісі кезінде ол Қорғалжындағы көтерілісшілердің танымал басшыларының бірі болды.

Қазақстанды зерттеуге Т. Шевченконың қандай үлес қосқанын еске түсіріңдер.

  1897 жылғы халық санағының деректері бойынша Қазақстанда 87 мыңдай украиндық тұрды. Украиндықтардың қазақөлкесіндегі бүкіл халықтың арасында алған өзіндік үлесі 2%-ға жуық еді. Украиндықтардың негізгі құрамы (51%) Ақмола облысында шоғырланды. Олардың басым көпшілігі (87%) шаруалар еді, бірқатары (7%) мещан тобына жатты. Украиндықтардың 5%-ға жуығы Ресей казактары қатарында әскери қызмет етті.

  Қазақ даласында украинның ұлы ақыны Тарас Шевченко орыс патшасының бұйрығымен жер аударылып, он жыл өмірін өткізді.

  4. Татарлар. Қазақстанға татарлардың келуі патша үкіметінің қазақ өлкесін отарлауға кіріскен кезінен басталды. Алғашында патша үкіметі қазақ даласында ислам дінінің таралуына қарсылық көрсете қойған жоқ. Бұл ретте қазақтардың арасына молда болуға татарлардың дін қызметкерлері қатарынан ғана жіберілді. Мұның өзі қазақтарды Орта Азиядағы діни орталықтардың ықпалынан оқшауландыру мақсатымен жасалды.

  Қазақ хандары мен сұлтандарының басым көпшілігі өздерінің жеке хатшылары етіп Орынборға таяу жердегі Сейітов слободасынан шыққан сауатты татарларды ұстады. Татар көпестер Ресей мен қазақ даласы арасындағы сауда-саттықтың дамуына байланысты белсенділігін күшейте түсті. Қазақтардың тілін, әдет-ғұрып және салт-санасын жақсы білгендіктен, татарлар сауда-саттық саласында делдалдық рөл атқарды. Татар көпестерінің қазақ даласындағы ықпалы мен беделі бірте-бірте күшейе түсті. Татарлар өлкенің ірі Петропавл, Семей, Орал, Көкшетау, Верный, Ақмола, Павлодар, Зайсан және Өскемен қалаларында тұрды. Олардың неғұрлым жиі орналасқан жерлерінде татар елді мекендері құрылды.

Тарас Шевченко

Ақмола қаласындағы татар зиялылары

 Бұл халықтың өкілдері қазақ даласында жаңа әдіспен оқытатын жәдидтік мектептер ашудың бастамашылары болды. Қазақтар татар зиялылары шығарып тұрған газеттер мен журналдарды зор ықыласпен оқыды. Қазақтың алғашқы газеттері мен журналдарын көбінесе татар көпестері қаржыландырып тұрды. Кейінірек патша үкіметі қазақ даласында исламның күшейіп бара жатқанынан қауіптеніп, сауатты және іскер татарлардың қызметінен бас тарта бастады. 1897 жылы Қазақстанда тұратын татарлардың жалпы саны 56 мыңға дейін жетті. Мұның өзі Қазақстандағы бүкіл халықтың 1,3%-ы еді.

  5. Немістер. Немістер Қазақстанда алғаш рет ХVIII ғасырда әскери құрамалар қатарында келді. Олардың едәуір бөлігі Балтық бойы губернияларынан еді. Сібір шегара шебінің басшысы қызметін атқарғандардың көпшілігі немістен шыққан генералдар болатын. Олар Х.Т. Киндерман, И. Крафт, И. Шпрингер, Г.И. Глазенап және басқалар еді. Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы К.П. фон Кауфман да, Торғай облысының әскери губернаторы Л.Ф. Баллюзек те, Дала өлкесінің генерал-губернаторы М.А. фон Таубе де неміс ұлтынан еді.

Анықта

Сібір шегара шебі генералдарының көбісі неміс ұлтынан болуының себебі неде?

  Немістер жергілікті халықтың тарихы мен географиясын және этнографиясын зерттеудің бастамашылары бола білді. Дәрігерлер, мұғалімдер, тау-кен инженерлерінің арасында да неміс ұлтының өкілдері аз болған жоқ. Олар негізінен Омбы, Петропавл, Семей, Өскемен, Жәмішев сияқты тағы басқа да шегара шебіндегі әскери бекіністерде тұрды.

  Қазақ жеріндегі немістер санының арта түсуі ХІХ–ХХ ғасырлар тоғысына сәйкес келді. Қоныс аударып келген немістер, негізінен егіншілікпен айналысты және өңдеуші өнеркәсіп салаларында жұмыс істеді. Сонымен қатар олар мұнай кен орындарын игеруде, алтын, мыс өндіруде, кен өнімдерін өңдеуде белсенділік танытты.

  Жаңа мекендерінде немістер дәстүрлі өмір салтын сақтап келді. Олардың арасында өзін-өзі басқару дәстүрі мықты сақталған еді. Немістер қоныстанған елді мекендерде халық әлдеқайда ауқатты тұрды. Олар жинақылығы, еңбексүйгіштігі және адалдығымен ерекше көзге түсті. Өздерінің ұлттық тілін, дінін, әдет-ғұрпы мен салт-санасын, дәстүрлерін берік сақтауға тырысты. Көші-қон қиыншылықтарына қарамастан немістердің жеке ғибадатханалары және мектептері болды. Немістер қауым болып жинақы қоныстанды. Олардың көпшілігі (55%) сауатты еді. Әлеуметтік құрамы тұрғысынан алғанда 1897 жылы немістердің 85%-ын шаруалар құрады.

  1897 жылы Қазақстандағы және онымен шегаралас қалалардағы немістердің жалпы саны 7 мың адамға жуықтады. Олардың көпшілігі Ақмола облысын мекен етті. Бір тобы Сырдария облысында қоныстанды. Столыпиннің аграрлық реформасы кезінде немістердің Еділ бойынан, Қара теңіз жағалауынан ағылып келуі күшейе түсті. Сондай-ақ немістер қазақ даласына сонау Германия мен Австрияның тікелей өзінен де қоныс аударып келді.

А. Янушкевич

  6. Поляктар. Поляктар Қазақстан аумағына алғаш рет ХІХ ғасырдың басында келе бастады. Олар патша үкіметі қазақ өлкесіне жер аударған поляк көтерілісшілері болды. Жергілікті өкімет билігі поляктарды өз еріктерінен тыс Жайық және Сібір казактарының қатарына зорлықпен тіркеп жіберген болатын.

  Жер аударылып келген поляктар Польшадағы 1830–1831 және 1863–1864 жылдардағы Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық көтерілістерге қатысушылар еді. Поляктардың қатарында ақын-жазушылар, суретшілер мен дәрігерлер, инженерлер және заңгерлер көп болды. Мәселен, Адольф Янушкевич қазақ халқының тарихын қызыға зерттеді. Суретші Бронислав Залесский «Қырғыз (қазақ) даласының тыныс-тіршілігі» деген ғажайып сурет салды. Ақын Густав Зелинский қазақтар өмірінен «Қырғыз» («Қазақ») және «Дала» деген поэмалар жазды. Владимир Недзвецкий Жетісу мұражайының негізін қалады. Ал Семейге жер аударылған Северин Гросс «Қырғыздардың тұрмысын заң тұрғысынан зерттеуге арналған материалдар» деген тамаша кітап жазды.

  Патша үкіметі поляктарды әскери-әкімшілік қызметке де тартты. Поляктардың көпшілігі қалаларда тұрды. 1897 жылғы халық санағының деректері бойынша Қазақстанда мыңға жуық поляк тұрған. Олар, негізінен, Орал, Семей, Ақмола және Сырдария облыстарында қоныстанған еді. Олардың басым көпшілігін жер аударылғандар мен олардың отбасы мүшелері құрады.

  7. Ұйғырлар мен дүнгендердің Жетісуға қоныс аударуы. ХІХ ғасырдың 70–80-жылдары патша үкіметі ұйғырлар мен дүнгендерді Жетісу жеріне қоныс аударта бастады. Бұған дейін олар Қытайдың Іле өлкесінің аумағында тұрып келген еді. Ұйғырлар мен дүнгендер ХVІІІ және ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қытай үкіметіне қарсы бірнеше рет көтеріліс жасады. Өздерінің ұлттық тәуелсіздігі жолында күресті. Алайда Қытай әскерлері көтерілістерді аяусыз басып жаныштады. Ұйғырлар мен дүнгендердің күресі барысында Іле өлкесінде Іле сұлтандығы құрылған болатын. Бұл мемлекеттік бірлестіктің құрылуы ондағы ішкі қарама-қайшылықтарды асқындырып жіберді. 1871 жылы Ресей әскерлері ол аймақты жаулап алды. Патша үкіметі өлке тұрғындарының отбасылық істеріне және өзара қарым-қатынастарына араласпау саясатын ұстанды. Жергілікті билік органдары құрылды. Бірақ оны патша әкімшілігі өз бақылауында ұстады.

Г. Зелинский

Жалпы жағдай едәуір тұрақтандырылғандай еді. Алайда дүниежүзі жұртшылығының қысым жасауымен, ол өлкені Қытайға қайтару жөнінде келіссөздер жүргізіле бастады. Міне, осы кезде жаппай қырғынға ұшыраудың алдында тұрған ұйғырлар мен дүнгендердің болашақ тағдыры туралы мәселе көтерілді. 1881 жылы екі империя арасында Петербург бейбіт келісімшарты жасалды. Ұйғырлар мен дүнгендер бір жылдың ішінде Жетісу облысының аумағына қоныс аударды. 100 мыңға жуық ұйғыр мен дүнген жан сақтау үшін Қазақстан аумағына өтуге тілек білдірді.

Дүнгендер

У.А. Юлдашев

Дүнгендердің Қазақстан аумағына алғаш қоныс аударуы 1877 жылы басталды. Сол жылы Қытай жазалаушыларынан құтылу үшін қашқан дүнгендер Жетісу жеріне жетті. Екінші толқын 1884 жылы өтті. Ал ұйғырлардың Жетісу жеріне қоныс аударуы 1881 жылы күзде басталып, 1884 жылға дейін жалғасты.

  Ұйғырлар мен дүнгендерді Қазақстан мен Орта Азияға қоныстандыру арқылы Ресей екі түрлі мақсат көздеді: біріншіден, Қытайдың Құлжа өңіріндегі экономикалық базасын әлсірету; екіншіден, саяси жағдай шиеленісіп кете қалған жағдайда оларды Қытайға қарсы әскери күш ретінде пайдалану болды.

  Патша үкіметі бұл жөнінде жергілікті қазақ халқының пікірімен санаспады. Бұл кезде Жетісу жері мемлекеттік меншік деп жарияланып қойған болатын. Ұйғырлар мен дүнгендер белгілі бір аумақта өз алдарына жеке қоныстануды қалады. Қоныс аударушылар, негізінен, Жетісу жеріндегі Верный және Жаркент уездеріне орналастырылды.

  Ұйғырлар мен дүнгендер егіншілік, түрлі қолөнер кәсіптері, саудамен айналысты. Ұйғыр көпесі У.А. Юлдашев Англиядан алдырған пароходын Іле өзеніне алғашқылардың бірі болып жүргізді. Қазақстан аумағындағы ұйғырлар мен дүнгендердің саны бірте-бірте арта түсті. 1897 жылы Қазақстанда 56 мың ұйғыр, 14 мың дүнген болды.

  8. Қазақстанға басқа халықтардың жер аударылуы. Қазақстан аумағына ХІХ ғасырдың аяқ кезіне қарай жоғарыда көрсетілген этностық топтардан басқа да халықтар ағылып келе бастады. Ресейдің еуропалық бөлігінен келген неғұрлым елеулі диаспора мордвалықтар болды. 1897 жылы Қазақстанда олардың саны 12 мыңға жуықтады. Олар, негізінен, Ақмола облысының Көкшетау және Петропавл уездерінде, Торғай облысының Қостанай уезінде тұрды. Уақыт өте келе бірқатар шағын ұлыстар орыс халқымен араласып, ассимиляцияланып кетті.

Ізден

Елімізге басқа да ұлт өкілдерінің қоныс аудару себебін анықтаңдар.

  Қазақстанның барлық қалаларында еврей ұлтының өкілдері де тұрды. Олар Ақмола және Сырдария облыстарында жинақы қоныстанды. Ресейдің еуропалық бөлігіндегі еврейлердің кәсіп түрлерін таңдауына шек қойылуы және еврейлерді қырып-жою оқиғалары ХХ ғасырға дейін олардың Қазақстан қалаларындағы санының едәуір арта түсуіне жеткізді.

  Қорыта айтқанда, Ресей империясының отаршылдық саясатынан басталған өзге халықтардың Қазақстан жеріне қоныс аудару үрдісі XX ғасырдың басында өлкенің ұлттық құрамын үлкен өзгеріске жеткізді.

Ашық сабақ. Қазақстан тарихы. Қазақстан Республикасы экономикасының дамуы
Ашық сабақ. Қазақстан тарихы. Кеңестік кезеңде Қазақстанда полиэтникалық қоғамның қалыптасуы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу