Күн, Ай және Қораз
Бұл өте ертеде болыпты, содан бері қанша жыл өткенін есептеп айтуға сан жетпейді. Ағайынды үшеу: Күн, Ай және Қораз аспанда тұрыпты. Бірде ең үлкені Күн адамдарға жарық сәуле шашуға кеткенде, үйде Ай мен Қораз қалыпты. Ай барып тұрған сотанақ екен. Қоразға тыным бермей, ақыры тәжінен ұстап алып, Жерге тастап жіберіпті. Қайта оралған Күн болған оқиғаны біліпті. Ойланып отырып, былай депті: «Менің байқауымша, сенің ешкіммен де сыйысып, тыныш отыра алатын түрің жоқ екен. Қайтып бетіңді көрмейін. Бұдан былай мен аспанда күндіз ғана жүремін, ал сен тек түнде шығасың».
Содан бері Қораз қызарып, шығып келе жатқан Күн ағасын көргенде: «Қо-қо-қоқ!» – деп айғайлайтын болыпты. Онысы: «Қайырлы таң, мейірімді аға!» – дегені екен. Ал Күн батып, Ай көріне бастағанда, Қораз үйшігіне тезірек кіріп алуға асығады екен.
«Бабалар сөзі». Жүз томдық, 78-том