Ер азаматқа арналған бата

Oinet.kz 06-10-2020 1395

Ойың көсем болсын,
Сөзің шешен болсын!
Осының бәрі —
Сөзімнің нәрі
Құдайымның құлағына шалынып,
Тілеуім қабыл болсын!
Құдай жолынды оңдасын!
Бес жүз саулық қоздасын,
Сексен інген боталап,
Сегіз келін қомдасын!
Айдап келген жылқыңнан,
Алпыс айғыр азынасын,
Жиып келген түйеңнен,
Жетпіс інген боздасын!
Өзіңнен байлық озбасын!
Ағайынның жарлысы,
Бөтен жақта тозбасын!
Жанкүшіктің биесін берсін,
Жансүгірдің түйесін берсін,
Нұржанның қойын берсін,
Кім жақсы болса, соның ойын берсін,
Бермейтұғын сараңның,
Екі қолы байлансын!
Сөйтіп соры қайнасын,
Бермегеннің жаманын
Көр ішінде ойласын!
Ұзақ етсін жасыңды,
Берекелі берік қылсын,
Малың мен басынды!
Тандамахшар күнінде
Шәрбат етіп қайтарсын,
Бізге берген асыңды!
Өзің жүзге келгенде,
Тоқсанға келсін алғаның!
Кемпір, шал болып қалғыған,
Шайқы фани болғаның!
Сол жастарға келгенде,
Құмған болсын қолында.
Бола гөр хақтың жолында,
Он бес ұл мен он бес қыз
Еріп жүрсін соңыңда!
Жүзге жетсін түйеңіз,
Үш жүз болсын биеңіз.
Жығылғанды сүйеңіз,
Тарығып келген адамға,
Бермесек, отқа күйеміз.
Бір Алланы сүйеміз.
Әр жерлерде жар болсын,
Хақ жасаған иеміз!

* * *

Абырой бер, аман сақта.
Оттан, судан сақта.
Тілсіз жаудан сақта,
Күле кіріп,
Күңірене шыққан дүшпаннан сақта,
Дос болып, қас болғаннан сакта.
Өсек, өтірік бәледен сақга,
Арамнан жиналған кәдеден сақта.
Желіккен жеңгеден сақта,
Пәле әкелер теңгеден сақта
Қыдыр Баба қолдасын,
Басыңа бақыт орнасын, әумин!

* * *

Бисмилляһи-ир-рахман-ир-рахим
Уә, Жаратқан ием құдірет,
Тілегімізді қабыл ет,
Иманымызды кәміл ет!
Достың көңілін аша көр,
Дұшпанның көңілін баса көр!
Әділдікті бұрғаннан сақта,
Қайырымсыз туғаннан сақта.
Өтпес пышақ, шабан атыңнан сақта! Көқдолы, шайпау қатыннан сақта!

* * *

Ғайып ерен қырық шілтен,
Назарыңды салып өт.
Тар жол, тайғақ кешуде,
Жәрдемдесіп алып от.
Бақыт, дәулет, перзентте
Еш болмасын қасірет.
Ықыласпен тілек тілеген
Тілекті, Алла, қабыл ет, Әумин!

* * *

Түздегіні түзде сақта.
Жаратушы жан Ием,
Әрқашанда бізді сақта.
Кедергі мен кеселден
Бір Алла өзің сақта!
Айтқанымды қабыл етсін бір
Әумин! Аллаһу акпар!

* * *

Уа, Жаратқан, жарылқа,
Бақ-дәулетін аумас қыл!
Ала ауыздан алас қыл,
Қарғағаннан қалас қыл!
Ниеттері ақ болсын,
Бейнеттері пәк болсын!
Әумин!

* * *

Далақтаған даудан сақта,
Жалақтаған жаудан сақта!
Ашыққан бөріден сақта,
Ашынған ұрыдан сақта!
Дауылдың кәрінен сақта,
Жыланның зәрінен сақта!
Аяқ астынан кезігер —
Бәле-жаланың бәрінен сақта!
Әумин!

* * *

Өрендерің ер болсын,
Отырғаның төр болсын,
Көре алмаған бағынды,
Сындыра алмай сағыңды,
Қара ниет дұшпаның,
Бетін басып жер болсын!
Әумин!

***

Қонысың өрісті болсын,
Еккенің келісті болсын.
Еңбегің жемісті болсын!
Жарың жібектей болсын!
Арың түлектей болсын!
Өнерің өрлей берсін,
Өмірің төрлей берсін!


Ер азаматқа арналған бата
Ер азаматқа арналған бата
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу