Сапарға шығарда айтылатын бата

Oinet.kz 06-10-2020 1105


Көштерің көлікті болсын,
Жолдарың көрікті болсын,
Қоныстарың құтты болсын,
Босағасы мықты болсын,
Ауру-сырқаудан аман болыңдар.
Бастарыңа айырылмас бақ қонсын,
Мейірбанды Алла сендерге жақ болсын!
Әумин.

Оң болсын, балам, сапарың,
Молықсын дәмің, татарың,
Туған елің тапсырған,
Парызын өте Отанның.
Барып келіп жатыр ғой,
Өзіңдей жастар – қатарың.
Халықтың сүйген тірегі,
Сом темірдей білекті,
Арыстандай жүректі,
Анаңның сүтін ақтай біл,
Бере гөр деп тілекті!
Әумин.

Жолыңды Алла қолдасын,
Жаманшылық болмасын.
Серті мен сөзде тұратын,
Сенімді болсын жолдасың.
Жолыңды кесем дегендер
Ешқашанда оңбасын.
Сәтті болып істерің,
Жақсы болсын түстерің,
Жортып бір жортып жеткенде,
Жомарт болып төсегің.
Жұғымды болсын ішкенің
Көрмеген жерді көріп қайт,
Қайрылып сәлем беріп қайт.
Ырзығың сыртта шашылса,
Оны да түгел теріп қайт.
Айдарыңнан жел есіп,
Желіп барып, желіп қайт.
Бақ қосылып басыңа,
Дақ түспей ар мен бағыңа,
Сау-саламат өзіңмен
Кездесейік тағы да.
Әумин.

Оралуың тез болсын,
Қасқа жолдың бойында.
Қыдыр бабам кез болсын,
Өзің жайлы жат елде.
Жылы-жылы сөз болсын.
Көре алмаған дұшпанның,
Екі көзі без болсын.
Кесілмесін тұлпарыңның тұяғы,
Қайырылмасын сұңқарыңның қияғы,
Барған жерде құшақ жая қарсы алсын,
Жақсы адамдар, жайсаң жандар зиялы.
Жалпақ емес: жақсы жермен танысқын,
Алла жебеп ұшқан құспен жарысқын.
Көңілің шат, ат-көлігің арымай,
От басыңмен аман-есен табысқын.
Әумин.

Бақытты бол, қарағым,
Қара көзім маралым.
Алтыннан болсын тарағың,
Күмістен болсын жарағың.
Қуаныш, күлкің тыйылмай,
Жарқырай берсін қабағың.
Мақтанышы бола біл,
Ата менен анаңның.
Тілегіңе жете бер,
Оңыңнан есіп самалың.
Әумин.

Бес қаруың сайлы болсын,
Жортқан жолың жайлы болсын.
Күнің шығып, жарқырап,
Түнің тыныш, айлы болсын,
Ішкенің зәмзәм суы боп,
Ұртың толы майлы болсын,
Бір Алла өзі жебесін,
Аруақтар демесін.
Ғайып Ерен, қырық Шілтен,
Тигізсін дәйім себесін.
Нұх пайғамбар алдыңнан,
Теңізде тоссын кемесін.
Алтын күнде алты айлық,
Арымай-талмай жол алғын,
Аман-есен оралғын,
Қазіргідей қол алғын.
Әумин.


Жастарға арналған бата
Ер азаматқа арналған бата
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу