Үйлену тойға арналған тілек

Oinet.kz 05-10-2020 1409

Қос аққудай қос ғашыққа төрдегі бар бақытты мен тілеймін жердегі! Жалын атып жүректері сөнбесін, Ібілістің арбауына көнбесін! Бір-біріне серік болсын жалғанда, тау шыңындай биік болсын талғам да! Сүйіп өтсін бірін-бірі мәңгілік, ғұмыр кешсін өмірлерін ән қылып!!!
Алтыннан ардақты, күмістен салмақты құдалар!
Төрге шығыңыз, сырласып жанымыз қосылсын!
Досымыз қуанып, дұшпанымыз тосылсын!
Төреленіп төрге шыққандарыңыз құтты бола берсін!
Әрдайым денсаулығыңыз мықты болсын!

Бір күні бақ келіп жаңа отаудың есігін қағыпты:
– Кім-ей бұл? – депті жаңадан түскен жас келін.
– Мен Бақпын ғой, үйіңе кіргіз, – депті Бақ.
– Жоқ, есікті аша алмаймын: төргі үйде атам жатыр, ауызғы үйде өзіміз жатырмыз, – дейді келін.
Екінші күні есік тағы да тықылдапты.
– Бұл кім?
– Мен – Дәулетпін ғой, үйіңе қонып кетейін, – депті есік сыртынан Дәулет.
– Жоқ үй бос емес, – деп тағы да есігін ашпайды.
Үшінші күні есік тағы тықылдайды.
– Кім екен дейді? – дейді келін.
– Ынтымақ едім. Келін есікті ашып, Ынтымақты үйіне кіргізіпті. Барлығын естіп жатқан атасы сонда:
– Дұрыс жасадың, шырағым, ынтымақ орын алған жерге бақ пен дәулет өзі-ақ келеді, – деген екен.
Біз де отауларыңыздан өмірлік ынтымақ кетпесін деп тілегіміз келеді.

Шарықтап бақыттың жүр өмір көгін,
Қосылған қос бәйтеректей, армысыңдар!
Той үстінде гүлдесін көңілдерің
Ақ ниетті көпшілік алңысынан!Бұл жүрек қуанышқа тойған емес,
Сол алғыстан гүлдесін дала мынау.
Марат та сабау басты бойдақ емес,
Сен енді күйеу болдың, қарағым-ау!
Күтеді сыбағасын алдан көп күн,
Жаныңның оты мәңгі жалындасын.
Киноға жеке барар халден кеттің,
Сен енді келін болдың, қарындасым.

Кешегі ұяң Жанат қыз да бүгін келін атанды,
Енді адал ана болсын, адал сүйсін Отанды.
Марат-інім қос жұлдызға әке болсын ақ шашты,
Сол болашақ ұрпақ үшін берейін мен батамды.

Той бастап жатып сыйлас, дос адамым,
Жақсы сөз-лебіздерді қош аламын.
Тілейміз биіктігін шаңырақтың,
Тілейміз беріктігін босағаның.Шырқаса шабыттанып ақын бүгін,
“Тойбастар” деп айтайық атын мұның.
Мәңгілік екі жастың бақыты мен
Тілейік құдалардың татулығын.

Өмір-тойы, көңіл-тойы – үйлену,
Үйлену, бұл – мәңгі көктем күйге ену.
Жаңа отаудың қабырғасы қаланып,
Дүниеге тағы да бір үй келу.

Білімің қатарыңнан асып өтсін,
Бақытың абыроймен тасып өтсін!
Артыңнан өлмейтұғын ат қалдырып,
Жалғанда жалпағынан басып өтсін!
Нұрланып жол ашылсын қадамыңнан,
Мерейің үстем болсын талабыңнан,
Ұл мен қыз қуанышы қабаттасып,
Көркейсін келініміз балағынан!


Үйлену тойға арналған тілек
Қыз ұзатуға арналған тілек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу