Баяндама. Етістіктің грамматикалық категориялары

Oinet.kz 28-09-2020 1019

1)      Рай категориясы: а) ашық рай, ә) шартты рай, б) бұйрық рай, в) қалау рай.

2)      Шақ категориясы: а) осы шақ, оның түрлері, жасалуы. ә) келер шақ, түрлері мен жасалуы. б) өткен шақ, түрлері мен жасалуы.

3)      Етістіктің жіктелу ерекшеліктері. Жақ категориясы.

4)      Етістіктің сөйлемдегі қызметі.

 

Етістік түбірі білдіретін жалпы гамматикалық мағынаға ешбір өзгері енгізбей, оған қосымша грамматикалық мағына үстейтін және жіктелуге негіз болатын белгілі бір грамматикалық тұлғалар жүйесінің жиынтығы етістіктің таза грамматикалық категориялары болып табылады.

Етістік қимылды, іс-әрекетті білдіретіндіктен, сөйлемде көбінесе қимыл иесі – субъектінің пікірі, іс-әрекетті шындыққа қаншалықты қатысты екенің көрсетіп, модальділік мәнге ие болып отырады. Етістіктің жалпы грамматикалық мағынасының үстіне үстелетін осындай модальділік мәндер рай категориясының жеке түрлері негізінде іске асады.

Ашық рай қимылдың, іс-әрекеттін белгілі бір негізде болу-болмауымен, яғни шақтық ұғыммен байланысты. Басқаша айтқанда, үш шақтың бірінде қолданылған етістік ашық рай тұлғасында тұрған болып есептеледі.

Шартты рай қимылдың, іс-әрекеттін болу-болмау шартын білдіріп, етістік түбірлерге, етістіктің етіс, күшейтпелі, болымсыз етістік тұлғаларының    үстіне  -се, -се жұрнағы жалғану арқылы жасалады да, жіктеліп қолданылады. Мысалы: Осы мен, тегі, ақын болсам керек.(Ә) 1. Мен бар+са+м. 2. Сен барсаң. Сіз барсаңыз. 3.Ол барса.

Бұйрық рай қимылдың, іс-әрекеттін орындалу-орындалмауында біреуге бұйыру, тілек ету, түрткі болу сияқты мағыналарды білдіреді. Бұйыру мәні ІІ-жақта айқын болады да, ІІІ-жақта бұйыру, өтіну мәні басым болады, ал І-жақта бұйрықтан гөрі сөйлеуші қимылды, іс-әрекетті өзі ниет етіп орындайтынын білдіреді.

Қалау рай айтушының қимыл, іс-әрекетті жүзеге асыруға бағытталған ниетін, тілегін, ынтасын білдіріп, етістік түбір мен етістіктің  күшейтпелі, болымсыз етістік тұлғаларына –ғы/гі, -қы/кі қосымшалары үстеліп, оның үстіне тәуелдік жалғауы қосылып  «кел» көмекші етістігі тіркесіп немесе етістік түбірге -са (-се) игі еді, -ғай (-гей), -са екен тәрізді аналитикалық форманттар тіркесу арқылы жасалады. Мысалы:

1. Менің барғым келеді.

2.Сенің барғың келеді.

   Сіздің барғыыңыз келеді.

3.Оның барғысы келеді.

Етістіктің шақ категориясы.

Шақ іс-қимылдың, жай күйдің орындалу мезгілі мен сөйлеп тұрған уақыт арасындағы қарым-қатынасты білдіретін грамматикалық категория.

Шақ категориясы сөйлеп тұрған сәтпен байланысты қимылдың өту мерзімін, кезін білдіреді, бірақ ол мерзімдік мән жеке сөздер арқылы емес, грамматикалық жолдарымен беріледі. Шақтың үш түрі бар.

Осы шақ сөйлеп тұрған сәтпен байланысты қимылдың, іс-әрекеттің болып жатқанын, өтіп жатқаның  білдіреді. Осы шақ мағыналық мағыналық ерекшелігіне қарай нақ осы шақ, ауыспалы осы шақ болып бөлінеді. (199-б)

Нақ осы шақ – қалып етістіктің тікелей жіктелуі арқылы не көсемшенің –ып, -іп, -п, -а, е, й, тұлғасындағы негізгі етістікке  осы қалып етістіктің тіркесіп келуі арқылы жасалады.

Ауыспалы осы шақ – а, е, й тұлғалы етістіктің жіктеліп келуі арқылы жасалады: барады, айтады т.с.с. Оны бір грамматика ауыспалы осы шақ деп берсе, енді бірі, жалпы осы шақ. Мысалы: құс ұшады, әнші ән салады (Ы.М. ҚҚТ, 34-б).

Өткен шақ – қимылдың, іс-әрекеттін сөйлеп тұрған сәттен бұрын болып кеткенің (немесе болмай қалғаның) білдіреді.

1. Жедел өткен шақ (-ды, -ді, -ты, -ті) қимылдың, іс-әрекеттің сөйлеп тұрған уақыттың алдында ғана болып өткенін білдіреді.

2.Бұрынғы өткен шақ - қимылдың, іс-әрекеттін сөйлеп тұрған уақыттан әлдеқайда бұрын, ертеде болып өткенін білдіреді. Оның айғақты түрі есімшенің –ған/ген қосымшасы арқылы, айғақсыз түрі –ып, іп, п арқылы жасалады.

3. Ауыспалы өткен шақ есімшенің –атын, етін, итін, (баратын, баратын кім?) -ар, -ер,- р және еді көмекші етістігі тіркесу арқылы жасалады.

Келер шақ - қимылдың, іс-әрекеттің сөйлеп тұрған уақыттан кейін болатынын білдіреді.

1. Болжалды келер шақ – ар, ер, р, с.

2. Мақсатты келер шақ – мақ, мек.

3. Ауыспалы келер шақ – а, е, й .

4. Сенімді келер шақ – ғалы, гелі (отыр, жүр, жатыр).

Етістіктің жіктелу ерекшеліктері. Жақ категориясы.

 

Етістіктің жіктік жалғауларын қабылдап, қимылдың қай жақтағы субъектіге тән екенін көрсетуін – етістіктің жіктелуі дейді. Жіктік жалғаудың үш жағы болады:      

І – сөйлеуші жақ.

ІІ – тыңдаушы жақ.

ІІІ – бөгде жақ.

Морфологиялық көрсеткіш ретіндегі жіктік жалғау үш жақтың әр жағында бөлек-бөлек болып түрленіп, сол арқылы, бір жағынан, бір тектес грамматикалық (жіктік) мағына білдіріп, екінші жағынан, әр жақты (жекеше, көпше) әр түрлі грамматикалық формалар арқылы бір-біріне қайшы грамматикалық мағына білдіріп,  морфологиялық түрлену жүйесінің жиынтығын құрау арқылы грамматикалық категория болып танылады.

Сонымен бірге жіктік жалғаудың синтаксистік қызметі мен сөйлем құраудағы сипаты ерекше. Ол сөйлемді тиянақтап, бір жағы қимылдың иесі – бастауышпен (субъектімен) қиыса байланысып тұрса, екінші жағынан, ойды тұжырымдап, тиянақтап, сөйлемді аяқтап тұрады.

Жақ деген ұғым мен жіктелу бір-бірімен толық балама емес. Өйткені, жіктік жалғау тек жақтың мағынамен ғана шектеліп қоймайды, онда жіктік жалғаудың тәуелдік жалғаудан бөлек грамматикалық категория боларлықтай ерекшеліктері, айырмашылықтары болмас еді. Өйткені жақтық мән жіктік жалғауда да, тәуелдік жалғауда да бар.

Жақ ұғымы қимыл, іс-әрекеттің қай жақ арқылы іске асатынын білдіреді де, субъекті мен предикат арасындағы семантикалық және грамматикалық қатынасты көрсетеді. ІІ жағынан жіктік жалғау, ІІІ жақта (жекеше, көпше) әрқайсысына тән арнайы грамматикалық тұлғалары бар парадигмалық түрлену жүйесі болып табылады.

Жіктік жалғау көбіне етістікпен байланысты сипатталады. Бірақ жіктелетін тек етістік емес. Әдетте жіктік жалғау етістік түбіріне тікелей жалғанбайды, ал есім сөздерге тікелей жалғанады. Сондай-ақ етістіктің жіктелуі біркелкі емес.

 

Етістіктің жіктелу ерекшеліктері.

1. Етістіктің түбір тұлғасы тікелей жіктелмейді, ал есім сөздер тікелей жіктеледі.

2. Етістіктің жіктелетін тұлғаларының өзі бірдей, біркелкі жүйемен жіктелмейді. Қазақ тілінде етістік 5 түрлі жіктеледі, 4 түрлі жіктік жалғау жалғанады.

1. Етістіктің есімше (-ған, -ген, -атын, -ар, -р, -с), қалып етістіктері, есім сөздер біркелкі жіктеледі. -уда, уде тұлғалы тұйық етістіктер есімдерше жіктеледі.

2. Етістіктің көсемше тұлғалы түрі (-а, -е,- й, -п, -ып, -іп) І-ІІ жақтарда есімдерше жіктеледі де, ІІІ жақта арнайы –ды/ді жалғауы болады.

3. Шартты рай (-са, -се), жедел өткен шақ (-ды,-ді) тұлғасының түрлері шағындалған қосымшалар жалғану арқылы жіктеледі.

4. Етістік бұйрық рай тұлғасында ерекше жіктеледі.

5. Етістіктің ерекше жіктелетін түрі – қалау рай. (Ысқақов. 132-б).


Т Е С Т

1.Жіктік жалғауының қысқа түрімен жіктелетін етістік формасы:

А.шартты рай, жедел өткен шақ.

В.есімше, көсемше

С.бұйрық рай

Д.қалай рай

2.Етістік шақ, рай  тұлғасында қандай сөйлем мүшесі бола алады?

А.пысықтауыш

В.баяндауыш

С.толықтауыш

Д.анықтауыш

3.Ашық рай тұлғасында тұрған етістікті табыңыз:

А.Келемін тау ішінде түнделетіп.

В.Құс та болғым келмейді қанаты бар.

С.Ән айтылып, жыр төгілсін.

Д.Тыңда, дала, Жамбылды.

4.Жедел өткен шақ тұлғасында тұрған етістікті табыңыз:

А.жаңбыр жауады

В.жаңбыр жауды

С.қырды жауды батырлар.

Д.жауды аяған жаралы.

5.Ауыспалы өткен шақтың жасалуы:

А.-атын, -етін жұрнағына жіктік жалғауы қосылады.

В.-ып, -іп  тұлғасында жіктелуі арқылы

С.-ты,-ті жұрнағына жіктік жалғауы қосылады.

Д.-ғалы,-гелі жұрнағымен  көмекші етістік тіркеседі.

6.Болымсыз түрі –с жұрнағы  арқылы жасалатын етістік түрі:

А.шартты рай тұлғасы

В.болжалды келер шақ

С.өткен шақ етістік

Д.осы шақ

7.Бұйрық райдың жіктелуін көрсетіңіз:

А.ол отыр

В.барайын

С.біз барсақ

Д.барғай еді.

8. «Тыңда, дала, Жамбылды» сөйлеміндегі етістік қай тұлғада тұр?

А.өткен шақ етістік

В.бұйрық рай тұлғасы

С.ІІІ жақ жіктік жалғаулы етістік

Д.қалау рай.

9.Етістіктің грамматикалық категориялары:

А.сабақты, салт, болымсыз, етіс.

В.көсемше, есімше, тұйық етістік.

С.рай, шақ, жақ категориясы

Д.күрделі етістік

10. «Мектептен келді» дегендегі –ді қандай қосымша?

А.жіктік жалғауының ІІІ жағы.

В.жедел өткен шақ

С.табыс септік

Д.сөз тудырушы жұрнақ.

11. Барайын, сөйлейік, айтайық етістіктері қай тұлғада тұр?

А. Күшейтпелі етістік

В.бұйрық рай.

С.қалау рай

Д.салт етістік

12.Рай категориясы дегеніміз не?

А.ашық, шартты, қалау рай.

В.грамматикалық мағынаның грамматикалық формаға қатыстылығын білдіретін категория.

С.модальділікті, іс-әрекеттің субьектіге қатысын білдіретін грамматикалық категория.

Д.қимыл, іс-әрекеттің атын білдіретін сөздер.

13. ІІІ жақта жіктік жалғауының нольдік формасында тұратын етістіктің түрі:

А.бұйрық рай

В.жедел өткен шақ

С.қалау рай,

Д.көсемше


Әдебиеттер:

     1. Қордабаев Т. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің шақ категориясы. А,1953. 39-114-б.

     2. Омарбеков С. Қалау рай және оның кейбір түрлері жөнінде. ҚазССР ҒА-ның хабарлары,  филология және өнертану сериясы. 1960. №1.

3. Оралбаева И.  Бұйрық райдың синтетикалық және аналитикалық формасы және қазақ мектебі. 1971. №4. 89-92-б.

4. Оралбаева И. Етістіктің жіктелуі және қазақ мектебі. 1963, №2.

Баяндама. Грамматика
Реферат: Сөйлем мүшелеріндегі бастауыш пен баяндауыштың рөлі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу