Қойдың жаралуы (аңыз-әңгіме)
21-12-2019
Көркем шығармаларда окказионализмдер жазушының бейнелі ойын жеткізуде бірден-бір таптырмас құрал болып табылады. Кез келген жазушы айтайын деген ойын нақты, қысқа түрде ықшамдап жеткізу мақсатында окказионал қолданыстарды пайдаланады. Көркем əдебиет тілінде окказионализмдердің қолданылуы белгілі бір əдеби-эстетикалық, идеялық мақсатты көздеуден туған құбылыс болып табылады.
Окказионал қолданыстар — автордың белгілі бір жағдайға байланысты сөз тудыру қажеттілігі арқылы өмірге келген жеке авторлық сөздер мен тіркестер.
«Окказионализмдер — əдеби тілде өзіндік мəні бар, нормаланбаған сөздер. Бірақ стилистикалық бояуы бар болғандықтан, стилистикалық нормаға сай қолданылады», — дей келіп, А.Бейсенбай оларды тіл білімінде фонетикалық окказионализмдер, семантикалық окказионализмдер, сөзжасаушы окказионализмдер деп топтастырады [1; 10].
Окказионализмдер белгілі бір жағдайға байланысты жеке автордың қолданысында пайда болатын, тілдік нормаға, сөздіктерге кіру қабілеті шектеулі, контекст қалауына қарай қызмет атқаратын сөздер болып табылады. Осы окказионал сөздердің поэзияда жиі ұшырасатын түрі — семантикалық окказионализмдер. Семантикалық окказионализмдер — тілдегі узуалды сөздердің белгілі бір контексте жаңа мағынаға ие болуы [2; 21].
Сонымен, семантикалық окказионализмдер дегеніміз — тіліміздегі мағынасы жағынан бір- бірімен қабыспайтын қалыпты сөздерден жанасып, мəнмəтінде жаңа мағынаға ие болған қолданыстар.
Тіл білімінде семантикалық окказионализмдерді кейбір зерттеушілер синтаксис саласының нысаны деп санаса, кейбіреулері фразеологияға жақындастырады. Біздің ойымызша, семантикалық окказионализмдерді тек фразеологияға жанастыру қисынсыз болып келеді. Бұл қолданыстарда контексте жымдасып келіп, бір мағына беру ерекшелігі байқалғаныменен, тіркес тиянақтылығы, қолданылу тиянақтылығы байқалмайды жəне де тұрақты тіркестер ұзақ дəуірдің жемісі болып табылады. Олар тілдің дайын единицасы ретінде қызмет атқарады. Ал жеке автордың қолданысында пайда болған тың, жаңа тіркес тұрақтылық қасиетке ие болу үшін ең бірінші əдеби тілімізден тұрақты орын алуы керек. Сонымен қатар бұл қолданыстарды синтаксис саласының да нысаны деуге болады.
Бұл жөнінде В.Г.Ковалевскаяның пікірі өзгеше: «Необычные сочетания слов не являются предметом исследования синтаксиса, так как речь идет о нарушении синтаксической сочетаемости, а о соединении несоединимых понятий» [3; 12].
Семантикалық окказионализмдер жеке автордың шығармашылығында пайда болып, əр ақын немесе жазушының өзіндік жазу мəнерін көрсететін қолданыстар екендігі мəлім.
Семантикалық окказионализмдердің мынандай өзіндік ерекшеліктері бар:
дайын тілдік бірлік ретінде қолданылмайды;
құрамындағы сөздердің бастапқы лексикалық мағынасы мүлдем жойылып кетпейді; жеке автордың таным-түсінігімен пайда болады;
мəтін ішінде ғана байланысқа түсіп, өзіндік мағынаға ие болып қолданылады. Демек, семантикалық окказионализмдер сөздің контекстік мағынасына негізделеді.
Тілдегі көркемдеуші құралдар — теңеу, эпитет, метафора, метонимия, синекдоха, эвфемизм — бəрі де көркем суреттің, образды жасаудың, жазушының, ақынның шеберлігінің көрсеткіштері. Қазақ тіл білімінде осы көркемдеуіш құралдардың басым көпшілігі азды-көптi зерттелді. Осындай көркемдеуіш құралдарды пайдалануда жазушы өзінен бұрынғы əдебиет майталмандарының, халық тілінің мол қазынасын кеңінен пайдалана отырып, оларды қолдануда өзіндік нақыш, жаңа тіркесім əкеледі, кей жағдайда жаңа сөздер мен морфологиялық құрылымдар туындап жатады.
Семантикалық окказионализмдер кез келген жазушының тілінде ең көп қолданылатын тың қолданыстар болып табылады. Біз семантикалық окказионализмдердің көркем шығармада қолданылуын, жасалу ерекшелігін қарастыра отырып, былайша топтастырдық: 1) окказионал метафора; 2) окказионал метонимия; 3) окказионал эпитет; 4) окказионал теңеулер.
Бейнелеу құралдары бұл ұғым сөз қолдану тəсілдері, бейнелеу сөздер, мысалы, құбылту деп аталатын метафора, метонимия, əсірелеу, тұспалдау, астарлау, теңеу, эпитет, дыбыстық қайталамалар деген мағынада қолданылады. Бейнелеу тəсілдері, əрине, бұдан əлдеқайда кең, мол. Кейіпкерлерді мінездеу, сөйлету, портрет жасау, табиғат көріністерін суреттеу, уақиғаны əр түрлі өрістету — осының бəрінде бейнелеу тəсілдері қолданылады. Əдеби тілдегі сөз байлығы — түгелдей бейнелеу құралы [2;15].
Тіліміздегі семантикалық өзгеріс сөздің ауыспалы мағынада қолданылуынан пайда болады. Семантикалық окказионализмдер жазушының сөз қолдану ерекшелігін, өзіндік жазу мəнерін танытатын құбылыс болып табылғандықтан, стилистика ғылымының зерттеу нысаналарының біріне айналды.
Тіліміздегі семантикалық өзгерістер сөздердің ауыспалы, яғни метафоралық, метонимиялық, қолданыстарында байқалады. Метафоралық қолданысты Аристотель: «...говоря о действительном, соединять с ним невозможно», — деген болатын [3; 17]. Сөздердің ауыспалы мағынада қолданылуы негізінде тілімізде жаңа ұғымдар пайда болады. Жəне де мұнда бір нəрсені екіншісіне балап немесе мəндес құбылыстарды ұқсатып қана қоймай, сөзге өзгеше бір өң беріп, құбылтып қолданады. Метафора — адамның ойлау ерекшеліктеріне байланысты туындайды. Егер ойды əдейі өзгертіп айтса, онда метафора қажет болғандықтан емес, онсыз болмайтындықтан пайда болады, ол адамның ойлау қабілеті мен тіліне тəн деп айтуға болады. Ал ақындар «қажеттілікті ізгілікке» айналдыра отырып, өз шығармашылығында қолданып пайда табады [3; 17].
Метафораны жасау немесе жасай алмау бұл ойлаушы, сөйлеуші адамды сипаттайтын критерийлердің бірі ретінде танылады. Зерттеушілер сөзімен айтқанда, метафора əлемнің жеке тілдік көрінісін бейнелейді, себебі индивидуалдылық жеке адамның белгілі тілдік құралдарды таңдауына байланысты, яғни əр адамға, сөз суретшісіне арнайы тек соған ғана тəн қасиет бар.
Сөз жасауда, сөздік қорды байытуда мағына өзгерушілігі жетекші орын алады. Жаңа мағына жасау тілдегі бар материалдардың негізінде болса да, екінші жағынан, сол жаңа мағынаны көрсету мұқтаждығы сол сөздің мағынасының дамуына, сол сөзден жаңа сөз жасауға себепкер болады.
Сөздің мағынасының өзгеруіне əсіресе ішкі себептерден гөрі, сыртқы себептер көбірек əсер ететіндігі байқалады. Сөз мағынасының ішкі (лингвистикалық) өзгерістерінің бір себебі, жаңа сөз немесе жаңа мағына сөздік құрамға келіп қосылғанда бұрыннан тілде бар сөздердің мағыналарынан өзара қарым-қатынасқа түсіп, солармен синонимдік байланыста жұмсалады. Мұндай жағдайда байланыс екі жақты болуы мүмкін. Сөздік құрамға келіп қосылған жаңа сөз не жаңа мағына бұрыннан тілде қолданылып келе жатқан байырғы сөздер мен байырғы мағыналардың жаңа сөздер мен жаңа мағыналарға сондай əсер етуі ықтимал [3; 7].
Зерттеушілердің пікірінше, кез келген жазушының шығармасында немесе авторы белгісіз халық туындыларында метафораның екі түрі кездеседі екен. Біріншісі — барлық халыққа түсінікті, тұрақты ауыс мағына алған, дəстүрлі қолданылып келе жатқан метафоралар болса, екіншісі — əлі жалпыхалықтық сипат алмаған, жеке тұлғаның сөздік қорынан шыққан метафоралар болып келеді. Олар көбіне əдебиетте қолданылатын жəне лингвистикадағы метафора деп ажыратылып, екеуі екі ғылымның нысаны ретінде саналады.
Тілімізде метафораларды екі топқа бөліп қарастырады:
дəстүрлі метафора (кейбір еңбектерде «тілдік (сөздік) метафора» деп беріледі);
поэтикалық (сөйлеу кезінде туындайтын контекстік) метафора немесе индивидуалды метафора (метафоралық окказионализмдер).
Тілдік (сөздік) метафора сөзге жаңа мағына үстеп, оның семантикалық шеңберін кеңейтіп, əрдайым үздіксіз дамытып отырады. Тілдік метафораның мағынасы халықтың таным-түсінігі, ой- өрісі, тіршілігі мен тұрмысына байланысты. Олар — мағынасы көпшілікке түсінікті, жиі қолданысқа түсетін бейнелі метафоралар. Тілдік метафораның авторы жоқ. Олар — мақал-мəтелдер тəрізді халық қазынасы. Сөз айшығы ретінде тілде тұрақты қолданылады. Бірте-бірте тілдік метафоралардың бейнелілік қасиеті солғындап, күңгірттенеді. Тілдік метафоралар поэтикалық метафоралар тəрізді, негізінен, көркем əдебиетте қолданылады.
Поэтикалық метафора — саналы түрде белгілі мақсат үшін көркемдік құрал ретінде көркем əдебиет пен көсемсөз стилінде қолданылады. Поэтикалық метафораны кейде индивидуалды- авторлық (жеке қолданыстағы) метафоралар деп атайды. Жеке қолданыстағы метафора грамматикалық тұрғыдан келгенде тілдік жүйеге негізделген, тек мағынасы жағынан ғана окказионалды болып келетін қолданыстар. Көп жағдайда индивидуалды метафораларда мағынасы жағынан бір-бірімен байланыса қоймайтын ұғымдардың өзін байланыстырып, ерекше бір бейнелі суреттер береді.
Суреткердің бейнелі ойын əсем де əсерлі жеткізуде окказионализмдер бірден-бір таптырмас құрал болып табылады. Мысалы:
Момын жауын ағыл-тегіл бұршақтап,
Сыртта ақырын əйнегімді қағады [4; 35].
Бұл өлең жолдарындағы окказионал тіркес — ақынның өзіндік қолданысы. Тілдік қолданыста ақ жауын, нөсер жауын т.б тіркестер кездесіп жатады, алайда момын жауын деген тіркес қаламгердің өзіндік метафоралық қолданысы болып табылады. Мəнмəтіннен ақынның момын жауын деп жай, ақырын, жылы жаңбырдың түрін адамның мінез-құлқына байланысты айтып отырғаны белгілі. Бұл қолданыс жалпы қолданыста жүрген нөсер жауынға қарама-қарсы қолданыс деуімізге болады. Кейін бұл қолданыс (момын жауын) жалпыхалықтық қолданысқа айналып кетуі де ғажап емес. Жазушы ойын қысқа да нақты түрде ықшамдау мақсатында қолданылған төмендегідей окказионал қолданыстарға тоқтала кетсек: Мысалы: Тасбақаның дауылы басылғаны таяуда ғана емес пе еді [4; 5].
І. Кеңесбаевтің «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде» тасбақа сөзі арқылы жасалынған мынандай тіркестерді келтіреді: тасбақа жүріс (тым баяу қимыл, əрекет) жəне жергілікті қолданыстағы тасбақаның аузынан шөп алған адам (өте айлалы, епті, қу адам) мағынасында айтылған. Ал тасбақаның дауылы қолданысы «Қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігінде» де, «Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігінде» де еш кездеспейді. Демек, бұл қолданыс автордың қаламынан туған жаңа тіркес болып табылады. Қаламгердің тасбақаның дауылы қолданысы арқылы ұзақ, апталап, айлап, тоқтамсыз болған дауылдың нышанын байқауға болады.
Жеке авторлық қолданыстағы (индивидуалды) метафора белгілі бір ақынның я жазушының туындысында өмір сүреді. Белгілі мəнмəтінде ғана ұшырасатын сөздің келтірінді мағынасы қашанда əр автордың өзіндік ерекшелігін көрсетеді. Сондықтан келтірінді мағына əрдайым құбылмалы болады. Мысалы:
Қазақтың бағы жүрсе — кəукілдеген мақтан əңгімесі, гулеген өсегі, кеңірдегін күнге, кіндігін айға ілген кердең жүрісі көбейіп, қараптан-қарап іші жарылып, бұтқа толы болады [4; 140].
Бұл сөйлемдегі кеңірдегін күнге, кіндігін айға ілген кердең жүріс деген окказионал қолданысы адамның мінез-қылығына байланысты пайда болған жүріс-тұрысты бейнелеп тұр. Жазушы «шалқайып, шіреніп жүру» мағынасындағы жүрісті суреттеу мақсатында бір-бірімен үйлеспейтін сөздерді өзара байланыстырып, окказионал қолданыс жасаған.
Сондай-ақ окказионал метафора — метафора құрылысы оның түрлері арқылы танылады. Метафоралық мағынасы күңгірттенген — сағаттың тілі, иненің көзі, бейнелі метафоралар — Күн мені шомылдырған асыл анам, жан-жағым ақ моншақтар шашыраған (М.Мақатаев), концептуалдық метафоралар — ми қатпары, семантикалық өріс; тұрақты метафоралар — қара алтын, сары алтын. Соңғы мысалдар метафораның жасалу жолына қарай перифразға ұқсастығын көрсетеді. Метафора ойлау мен болмыстың арасындағы күрделі қатынасты көрсетеді жəне үнемі сөздің ауыспалы мағынасына негізделген жəне тілдік қызметі де сан алуан троптың түрі.
Сол сезіміне қоса балдай қымыздың бойды балқытар қызуы қосылғанда, мүлдем қыз қойнынан шыққандай жариясы жоқ қанағат күйімен келіп атына мінді [5; 71]. Шашырай жайылған көп жылқыны қоғамдап, кеу-кеулесе қайырмалаған дауыс кешкі тымық ауада саңқылдай шығып, қазіргі сəтте ағаш тасасында тұрған Наймантайларға да есітіліп жатты [5; 72]. Кешікпей-ақ шыны тегененің ернеуін сүйіп сары қымыз келді [5; 85]. Бірақ Жалғызтөбенің бауыздау алқымы тіптен өр болып көтерілген жерінде Наймантайдың шұбары шын ұзаққа шабатын күшін танытып, жақындай түсті [5; 91]. Осыған дейін барлық мейірім атаулыны өктемдік пен үстемдікке жеңдіріп, сол үстемдік перзентке деген махаббатын тұншықтырып келсе, қорлық атаулыны əкеден көріп, əкеден безген баланың мына сөзі мейірімге қақпақ болған қырсық мінезді сетінетіп өткендей болды [6; 91]. Ақын метафораларды дəл тауып жұмсап, өлеңнің экспрессиясын күшейтіп береді. Мұндағы метафора — бейнелер заттық ұғымда жұмсалған ақынның өз қолтаңбасы, контексте ғана мағынасы ашылатын, терең ойлы окказионал (бірқолданар) метафоралары болып табылады.
Мұндай метафоралық қолданыстар жазушының өзіндік қолтаңбасын танытады. Сондықтан да бұл тəрізді метафоралар жалпы халықтық емес, жеке қолданыстағы (индивидуалды) метафора деп аталады. Мысалы: Бұған дейін сыр алдырмаған сəнді сарайлардың да бөксесі жалаңаштана бастады [4; 65].
Жазушы қолданған «сарайлардың бөксесі» метафоралық тіркесі белгілі бір ғимараттардың төменгі жақ бетін сомдау мақсатында пайда болып тұр. Сарайлардың бөксесі окказионал қолданысының оқырман сезіміне əсер ететін экспрессиялығы мен эмоционалдылығы мол.
Бұрынғы сылбыр тірліктің үлбіреп-мөлдіреп қалған сылқым пердесін айдын көлде бір шоршыған ақ сазандай ақ тəнінің бір рахатымен күлпаршалап күлге лақтырмақ [4; 65]. Бұл сөйлемдегі сылқым перде окказионал метафоралық қолданысы автордың өмір құбылысына өзінің идеялық-эстетикалық көзқарасын айқындау негізінде жасалған.
Сылқым перде окказионал қолданысының мағынасы өткен өмірдің парағын ашып, еске түсіру мақсатында жасалып тұр. Мұнда жазушы өмір ақиқатын өткен өмірдің болмыс сырын сырлы сөзбен бейнелеп, адамның сезім күйі арқылы өмір шындығын бір сəттік ойлау нəтижесіннен пайда болған метафоралық тіркес.
Көркем шығармадағы əрбір кейіпкердің образын ашу оның жеке мінезі, жан дүниесі, сезім- түйсігін айқындайтын тілдік құралдар арқылы анықталады. Ол кейіпкер болмысын танытатын тұтас «əлемнің» ішкі жан дүниесін бейнелейтін бір үлгі іспетті.
Көркем шығармада ұлттық мəдениетке сай халықтың тіл байлығын танытатын қолданыстар жиі кездеседі. Жоғарыда көрсетілгендей, сөзде заттың өзі белгіленбейді, аталмайды, зат туралы адамның санасында бейнеленген түсінік, қандай да бір концепт аталады. Автордың туындысынан кездесетін мұндай метафоралардың белгілі бір жəне əр түрлі жағдаяттарға байланысты көп туындағанын байқауға болады.
Жеке авторлық қолданыстарды талдау барысында көріктеу құралдарының бірі — метонимиялық окказионализмдер. Мысалы:
Басымыз ғой алдымен ілігетін назарға, бара қалсаң базарға.
Кезекте,
Тақиясыз шықпайды журнал менен газет те [4; 63].
Бұл өлең жолындағы көшіп жүрген тақия, əзілдесіп тұрады тақия, күйбеңдеген ақ жаулық, ұршықты, ақ жаулықты ертегі деп отырғаны адамдар жайында айтылып, адамның орнына киімді алмастырып қолдану арқылы ол адамның ұлтын, жас мөлшерін көрсетеді. Осындай қолданысқа байланысты Г.Я.Томилина: «Метонимический перенос «одежда — человек»... служит средством индивидуализации лиц, а также их характеристики по специальному положению, национальности, профессии, возрасту, полу и другим признакам», — деп айтқан болатын (Семантическое развитие названий одежды на основе метонимии в русском языке Русское языкознание. — 1984. — 9-бас. — 70-б).
Бұл өлең жолындағы тақия сөзі өзбек халқына байланысты айтылған қолданыс болып табылады.
Сонымен қатар Қадір Мырзалиев өлеңдерінде көкіректермен сөйлессем, ұйықтатпайды ұйқастар, ақ жаулықты ертегі сияқты тағы да басқа өзіндік қолданыстар көп кездеседі.
Авторлық қолданыста кездескен окказионал метонимияның мағынасы көбінесе тікелей мəнмəтінмен байланысты болып келеді. Мысалы: Осы бір өңшең мүлəйім жанар бұны бір түрлі мүсіркеп келе жатқаннан сау ма? [4; 171]. Бұл сөйлемдегі мүлəйім жанар адамдар жайында айтылып тұр. Мұнда адамның орнына оның мінез-құлқын алмастырып қолдану арқылы оның аянышты, мүсəпір халын көрсетіп тұр. Бұл қолданыс арқылы жазушы жұрттың еш күнəсіз, жазықсыз екендігін сомдап тұр.
Ұлт тілінде жазылған шығармада ұлт дүниетанымына қатысты сөздердің шығарма тілінің көркемдігін арттыруға негіз болуы тілдік тұрғыдан заңды құбылыс болып табылады. Бұл сол тілді немесе əр тілді қолданушының тілдік тұлға ретіндегі даралықтарын айқындай түспек. Мысалы: Қырқылғандарын əнеукүні көш басшы болған қыл иектер аралап көріп, қол-аяғы серейген ұзындарын, құйрықтары төңкерілген үлкендерін, сүйек бітімі, ет алымы дұрыстарын, маңдай тұсы дөң келгендерін, жүні ақ, бозғылттарын, ақ мүйізді ор қасқаларын қошқар қылмаққа бөліп ап, қалған еркек қозыларды мықындарын таянып, алақандарына түкіріп, жалынып тұрған тартқыштардың алдарына көлденең тосады [4; 130]. Сөйлемде қозыны сипаттауда қазақ тіліндегі сөздерді қолдана отырып, қой шаруашылығына байланысты оқиға барысын сол қалпында беруге тырысқан. Көркемдік жағынан болсын, ойды жеткізудегі жазушының мақсаты тұрғысынан болсын, шығарма тіліндегі сəтті шыққан құйрықтары төңкерілген үлкендерін деген бейнелі тіркесі жазушының өзіндік қаламына тəн қолданыс екендігі дау тудырмасы анық. Жазушы бұл қолданыс арқылы қазақы қойларға құйрықтары төңкерілген деген өзіндік атау беріп тұр.
Жеке авторлық қолданыстағы окказионал метонимиялардың ерекшелігі — біреуінің орнына екіншісін алмастырып қолдану арқылы екі заттың арасынан байланыс тауып ерекше бейнелі, əсерлі, тың қолданыстарды ойлап тапқан.
Жеке авторлық қолданыста ерекше орын алатын бейнелеуіш құралдардың бірі — окказионал эпитет. Окказионал эпитеттер жазушылардың шығармашылығында автордың толғанысын, əлемдегі құбылыстарды қабылдауының, ұғынуының сан қилы əдіс-тəсілдерін, адами танымдағы көріністерін байқаймыз. Д.Исабеков тудырған окказионал эпитеттер бір-екі сөзден құралған емес, керісінше, бірнеше лексемаларды тіркестіре отырып жасалған тың оралымдар. Кемпірі желінді ешкінің бір сауым сүті мол сыятын зерен тостақты лып еткізіп шалының созылған қолына ұстата қойды [6; 339]. Етегі мəсісінің қонышын иіскеген сырма шапан қарсы желге қамазау бола алмаған ба, бет-жүзі етікшінің пышақ жанатын қайысындай қарайып, түтігіп кетіпті [6; 330].
Қаламгерлер қолданған окказионал эпитеттер — көркемдік, əсерлік үшін жасалған, шығарма тілінің көркемдігін арттыратын амалдардың бірі. Мысалы:
Жанжал мен күнəсі көп, желбас дəурен,
Жалғаннан жалғыз сенсің тілегенім [4; 51].
Мұнда ақын ертеден қалыптасқан қазақ халқының ар, ұят, иман тəрізді қасиеттерін сипаттаумен қатар, заманның, уақыт пен кеңістіктің келеңсіздігін суреттеу арқылы окказионал эпитет жасап отыр. Бұл өлең жолдарындағы желбас дəурен окказионал эпитетті образдың бейнелі, əсерлі болуын, экспрессиясын күшейтіп тұр.
Окказионал эпитеттерді ақын белгілі бір кезеңді айқындауда, кейіпкер портретін жасауда, табиғат құбылысын танытуда сəтті қолдана білген. Мына өлең жолдарына көңіл аударсақ:
Желінсау бұлт түк тамызбай көшеді,
Ерте салды қыр гүлінің шешегі [4; 18].
Желінсау сөзіне Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде мынандай анықтама берілген: мед. Желіннің ісіп, талаурап кетуіне байланысты айтылған, көбінесе қой малында кездесетін ауруға байланысты айтылған. Ал мəнмəтінде автордың суреттеуінде бұлттың бозарып, табиғат құбылысының реңсіз бейнесін суреттеген.
Окказионал эпитеттер көркем шығармада жазушының толғаныстарын, əлемдегі құбылыстарды қабылдаудың, ұғынудың сан қилы əдіс-тəсілдерін, адами танымдағы көріністерін байқатады. Сондай-ақ адамдардың сан қилы көңіл-күйі мен жағдайларын, яғни психологиялық жағдайы, сенімдері мен күйініштері, қуаныштары эмоциялық реңкпен жан-жақты көрсетіледі. Дүниенің, қоршаған ортаның адами-мəдениленген бөлшегі ретінде социумдағы адам өмірін, қоғамның тарихи дамуындағы өзгерістерді, құбылыстарды суреттеу үшін окказионал эпитеттер қолданылады.
Енді қайтып көзге түспей қойған соң көкірегінде сайрап тұрған күлімкөз елес те бірте-бірте солғын мұнар ортасына шегіне түскендей [4; 71]. «Күлімкөз» деген атауға қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде мынандай анықтама берген: Күлім — күлім қақты — жайдарлана жымыңдады, құлпырыпжайнай түсті. Күлім көз — жарқыраған, күлімдеген, жайдарлы, сүйкімді көз жақсылықтың концепциялары ретінде қолданылады. Біздің түсінігіміз бойынша, елес сөзі өткен күннің көрінісі, шым-шытырық суреті, бір көрініп сағымға айналуы болып саналады. Əрине, елес əр түрлі жағдайға байланысты болып келеді. Оның жағымды немесе жағымсыз болып келуі мүмкін. Бұл жерде қаламгер күлімкөз тіркесін біріккен сөз ретінде қарастырып, оған елес сөзін тіркестіру арқылы өзіндік жаңа тіркес жасап тұр. Негізінде, күлімкөз сөзі қазақ халқының түсінігінде, танымында сұлулықтың, əдеміліктің, жақсылықтың нышаны ретінде қолданылады. Осы түсінікті негізге ала отырып, қаламгердің бұл жердегі күлімкөз, елес семасын жайдарлы, қуанышты жағдай ретінде танимыз.
Жеке авторлық қолданыстарда кездесетін окказионал эпитеттер əсерлік, көркемдік, бейнелілік үшін жасалған, шығарма тілінің көркемдігін арттыратын көріктеу амалдарының бірі болып табылады. Окказионал эпитеттер де өзінің сонылығымен ерекшеленеді. Мұнда құбылыстың не заттың белгісін, сыр-сипатын беруде тың тіркестер пайда болып отырады. Окказионал эпитеттер жасалу ерекшелігіне қарай екі топқа бөліп жіктеледі: 1) есім сөздердің тіркесуі арқылы (зат есім + зат есім; сын есім + зат есім); 2) етістік пен зат есімнің тіркеуі арқылы (көсемше, есімше + зат есім).
Есім сөздердің тіркесуі арқылы жасалған қолданыстарының тобын табиғат құбылыстарына қатысты эпитеттер құрайды. Мысалы: желін бұлт, бие бұлт, жабағы бұлт, шабан бұлт, жүн бұлт т.б. Жалпы əдеби тіліміздегі: ақша бұлт — ашық күндері аспанда қалқып жүретін түйдек-түйдек ақ бұлттар; қаз бауыр бұлт — ұсақ мұз кристалдарынан пайда болатын ондаған шақырым биіктіктегі жұқалаң тұнжыр бұлт; шарбы бұлт — жер бетінен екі-үш шақырым биіктікте болатын селдір бұлт. Жазушы қолданыстарының негізінде бейнелі сурет жатыр. Шабан бұлт өте баяу қозғалып бара жатқан бұлттардың көшін елестетсе, жабағы бұлт көкті жаппай торлап, тұтасып тұрған бұлттардың көрінісін елестетеді. Бие бұлт, желін бұлттар аспанның ала бұлттанып келіп, енді-енді жаумақ болып тұрған кезін суреттесе, жүн бұлт аспанның ашық кезіндегі қалқып жүрген ақ мамықтай бұлттарды атаймыз.
Етістік пен есімнің тіркесуі негізінде жасалған окказионал эпитеттердің қатарына сауған фонтан, тырсиып піскен тыныштық т.б. жатқызамыз. Р.Сыздықова: «Тек есім сөздерден жасалғандары емес, өзге тұлғалармен, əсіресе есімшелермен келген эпитеттердің қызметі бұдан да зор. Бұлар əрі эпитет, əрі поэтикалық сурет болып келеді», — деген болатын [7; 18]. Қаламгер жоғарыдағы мысалда окказионал эпитет жасауда сол затты немесе құбылысты жай бейнелеп, айқындап қана қоймай, оны ерекше образды түрде ұсыну мақсатын көздеген.
Қазақ тілінде теңеудің бүкіл лингвистикалық болмысын ашып, оның жасалу жолдары мен синтаксистік құрылымын, түрлерін жан-жақты қарастырып зерттеген ғалым Т.Қоңыров. Ғалымның теңеуге берген анықтамасы: «...теңеу дегеніміз — ұқсас, ортақ белгілердің негізінде бір затты екінші затқа салыстыру арқылы сипатталушы нəрсенің бейнелілік, көркемдік, эмоционалды-экспрессивтік сапасын күшейтетін, сол нəрсені жаңа қырынан, поэтикалық қырынан танытатын əрі стильдік тəсіл, əрі таным құралы [8; 7].
Окказионал теңеуге мысал келтіре кетсек: Содан Маңадырдың иығынан қақтаған жез сияқтанып ай көтерілгенде өңшең сүліктей қара мінген он шақты жігіт Қарағаш елін артқа тастады [5; 79]. Дəстүрлі теңеулерде айды күміске, табаққа, алтын теңгеге теңеп жатады. Ал А.Сейдімбековтің қолданысындағы ай қақтаған жез сияқты. Сондай-ақ автордың жас келіннің алдынан керілген шымылдығы жаңа өмірдің жаршысы ретінде ақ ниеттей деп теңеу табады: Кешікпей-ақ ақ ниеттей ақ шымылдық керіліп, ауылдың жігіт-желең, қыз-келіншегі қызылды- жасылды болып, Ақшоқыны өрлеп бара жатты [5; 13]. Етегі мəсісінің қонышын иіскеген сырма шапан қарсы желге қамазау бола алмаған ба, бет-жүзі етікшінің пышақ жанатын қайысындай қарайып, түтігіп кетіпті [6; 13]. Бұл теңеудің де басқа авторлардан кездесе бермейтіндігі рас. Беттің түтіккенін сипаттағанмен, оның қандай дəрежеде түтігіп тұрғанын суреттеу кездесе бермейді. Киеванның: «Нағып жатпағансың?» — деген ақырын шыққан даусының өзі жалғыздыққа ұйыған денеге қырық жуалдыз сұққандай əсер етіп, кемпірі «көтек» деп баж ете қалды [6; 13]. Жуалдыз — оңтүстік диалектіде тебен, үлкен ине. Ендеше, тыныштыққа мүлгіген кемпірдің денесіне шалының сыбыры қырық ине сұққандай əсер еткен.
Т.Əбдіков шығармаларында адамға қатысты теңеулерді жиі қолданған. Мұндай теңеулердің өзін бірнеше тақырыпқа бөліп қарастыруымызға болады.
Жазушы шығармаларында ата, əке іс-əрекетіне теңелген теңеулер көрініс тапқан.
Мысалы, Алманы көргенде, марқұм Рысмағамбетті көргендей боламын, əкесінің аузынан түскендей [9; 76], Əкесі өлгендей тұлан тұтып, ыдыс-аяқты салдырлатып жүр [9; 93], Ұлдай да əкесі базардан келгендей арсалақтап қуанышты [9; 85]. Бұл мысалдардың алғашқы үшеуінде кейіпкердің бет-пішінін суреттеуде «əкесінің аузынан түскендей», кейіпкердің ашу- ызасын беруде «əкесі өлгендей», қуаныш сезімін көрсетуде «əкесі базардан келгендей» деген тіркестер ұтымды қолданған.
Ер, еркек сөздерінің теңеу жасауда қолданылуы. Мысалы, Орыс əйелдерінің ішінде зор денелі, ажымды, қайратты жүзі бар, қолы, кеудесі еркектей кесек, орта жастағы келіншек жүр [9; 92],
Бəріміз боп бас қосқан байлауға көнбесең, адамша, еркекше неге сол жерде ашып айтпадың? [9; 102], Ерше барып, итше қашып жүріп, малын, басын жаудан қорғаудың да мəнісін білмесе керек [9; 103]. Бірінші сөйлемде еркек сөзі кейіпкердің портретін беру үшін жұмсалса, екінші, үшінші сөйлемдерде бұл сөз адамның қасиетін сипаттауда қолданылған.
Қарт, шал, үлкен сөздерінің теңеу жасауда қолданылуы. Мысалы, Оның оң жақ, сол жақ қапталындағы арса-арса тастары беттерін басқан кем иек шалдар сияқты [9; 68], Бұл төбе кəрі қарттай қашаннан бері бар [9; 69], Ол көп нəрсені үлкендерше пайымдай бастаған [9; 130], Бала емес, ысылған, ашық үлкендерше сөйлейді [9; 73]. Бірінші, екінші сөйлемдерде шал, қарт сөздері табиғатты суреттеуде қолданылса, үшінші, төртінші сөйлемдердегі үлкендерше теңеуі кейіпкерді мінездеуде жұмсалып тұр.
Əйел, қатын сөздерінің теңеу жасауда қолданылуы. Мысалы, Кербез əйел секілді жүрісің [9; 124], Буаз қатындай шермиген жездемнің ішін көргенде, ол үшін жұрттан мен ұяламын [9; 152],
Өсекші қатынша жаман сөз жиғанша, құдайға тəубе қылсаңшы, — деймін [9; 156]. Бірінші мысалда кейіпкердің жүрісі кербез əйелге теңелсе, екінші мысалда теңеу адамның сырт-пішінін суреттеуде жұмсалған. Үшінші мысалда теңеу адамның жаман қасиетін беруде қолданыс тапқан.
Ана, əже, ене, шеше сөздерінің теңеу жасауда қолданылуы. Мысалы, Анамдай қымбат жеңгеміз, Нұрыш мүшелге келіп жатыр [9; 138]. Анамыздай қымбат Отан үшін олар жандарын қиды [9; 128]. Маған мына дүние əжемнің омырауындай көрінді [9; 155]. Оның мына сөзі енемнің жылы көзқарасындай сезілді [9; 161]. Торғай өзені шешемнің бесігіндей тербетеді [9; 163]. Бірінші сөйлемде кейіпкердің ең жақын адамын туған анасына баланса, екінші сөйлемде Отан анаға теңелген. Қалған мысалдарда теңеулер ауыcпалы мағынада келіп тұр.
Т.Əбдіковтың бала қылығына теңеген теңеулері де кездеседі. Мысалы, Алма менің мойнымнан құшақтап, жылап қоя берді. Кішкентай балаша көз жасына малшынған бет-аузын бетіме үйкеді» [9; 330], Содан кейін жасөспірімдерге тəн аңқаулықпен тебірене: — Соның ішінде «Дауыл» деген өлең бар екен, — деді кəдімгідей қатуланып [9; 331]. Нəрестедей уылжыған аңқау, үндемейтін Айгүлді мəңгілік сəбидей көретін [9; 358].
Т.Əбдіков шығармаларында эмоционалды-экспрессивті теңеулерді де қолданған.
Жазушы шығармаларында адамның ішкі дүниесінің өзгерісін айқын беру мақсатында жоғары эмоциялық реңкті білдіретін теңеулер қолданылған. Мысалы, Ішіме тұз құйып жібергендей удай ашытып, қаным басыма шауып, бар тамырым сыздап жарылып кетердей жаным шығып барады [9; 312]. Кейіпкерлердің қимыл іс-əрекеті мен жай-күйін беру үшін қолданған. Мысалы, Енді қазір жыланға арбалған бақадай аурудың ықпалынан шыға алмай жатыр. Қозғалғысы келеді — қозғала алмайды, сөйлегісі келеді — үні шықпайды. Əбеннің жан тері шықты. Беймəлім дерт ағаш кескен арадай төзімін жұқартып, біржола тауысуға жақындап қалған секілді [9; 296]. Сірке суын ішкендей қолқасына дейін ашытып, тесіп барады [9; 296].
Автор тілінде теңеулер өңдеуден өтіп, жаңаша қырынан көрініс береді. Мысалы: Мен Сұлтанның мұншалық жаны тəтті жарқанат екенін біле қойған жоқ едім [Б.С.] т.б. тілдік тəсілдердің барлығы да көркем шығармада белгілі бір стильдік мақсатқа орай қолданылады. Т.Əбдіков теңеу жасауда əсіреленген сөздерді қолданбаса да, қандай да бір зат не құбылыс болмасын сол заттың не құбылыстың сапасын, белгісін айқын, оқырман қабылдауына əсер етерліктей етіп береді. Салыстырылып отырған құбылыстың сапасын, белгісін нақты бере алатын заттарға теңейді. Жазушы табиғатта болып жатқан құбылысты, қимыл-əрекетті ата, əже, ер, еркек, қарт, шал, үлкен, əйел, қатын, ана, ене, шеше, балаға балау арқылы теңеу формасының негізгі міндеттерін орындай алған. Көркемдігі жоғары əдемі теңеулер сирек болғанмен, қолданылған теңеулер шыншылдығымен, нақты құбылыстарды сипаттауымен ерекшеленеді.
Сонымен, қорытындылай келе, көріктеуіш құралдар шығарманың өңін кіргізетін ең ұтымды тəсіл болып есептеледі. Көріктеуіш құралдар кейіпкердің мінез-құлқын, психологиялық ахуалын, эмоциясын дəл беруде таптырмас құрал болып табылады. Жалпы, ақын-жазушылар өлеңдерінде кездесетін семантикалық окказионализмдерді қарастыра отырып, олардың қолданылу ерекшелігін былайша түсіндіруге болады:
күнделікті қолданылатын тіліміздегі қалыпты немесе дағдылы тіркестерді қайталамау мақсатында;
өз ойын, белгілі бір құбылысқа көзқарасын білдіру үшін;
өзгеше бір тың бейнелі сурет жасау мақсатында қолданылады.
Əдебиеттер тізімі
Бейсенбай А.Б. Əбіш Кекілбаев шығармаларындағы окказионалдық қолданыстар: Филол. ғыл. канд. ... дис. —Астана, 2008. — 24 б.
Еспекова Л.Ə. Қадір Мырзалиев поэзиясындағы окказионализмдер: Филол. ғыл. канд. ... дис. — Алматы, — 30 б.
Аристотель. Поэтика. — М.-Л., 1936. — 348 с.
Кекілбайұлы Ə. Он екі томдық шығармалар жинағы. — 4-т. — Алматы: Өлке, 1999. — 464 б.
Сейдімбеков А. Аққыз: повестер, əңгімелер жəне ертегілер. — Алматы: Жазушы, 1991. — 365 б.
Исабеков Д. Тіршілік: повестер мен əңгімелер. — Алматы: Жазушы, 1975. — 254 б.
Сыздықова Р. Абайдың сөз өрнегі. — Алматы: Санат, 1995. — 208 б.
Қоңыров Т. Тұрақты теңеулер сөздігі. — Алматы: Арыс, 2007. — 480 б.
Əбдіков Т. Əке. Повестер мен əңгімелер жинағы. — Алматы: Қайнар, 2005. — 384 б.