Филология. Реферат. Тыйым жəне тыйым сөздер

Oinet.kz 12-09-2020 1370

1 Тыйым жайлы қысқаша түсінік

Тыйым ғылым саласында «табу» деп аталады, əжелгі мағынасы «киелі, «атауға, соқтығуға тыйым саланған» дейтін ұғымдарды білдіреді. Кезінде Тынық мұхиттың орта бөлігіндегі Полинезия топ аралдарында тұратын жергілікті тайпалар тілінде кейбір сөздер белгілі бір əлеуметтік топтарға ғана тəуелді болып, ол сөздер өз атымен емес, басқаша аталатын салт болған. Бұл құбылысты алғаш рет ағылшын жиhанкезі Джеймс Кук (1728–1779) байқайды, əрі тіл білімі ғылымы саласына енгізеді. Соңғы зерттеулер бұл құбылыстың дүние жүзіндегі халықтардың көпшілігінде бар екендігін дəлелдеді, «табу» ұғымы қазақ тілінде «тыйым» деп аталады.

Тыйым — қауымдық дəуірдегі адамдардың мифтiк-дiни наным-сенімі негізінде, табиғаттағы ие- киелердің, табиғи жұмбақ күштердің, тылсым заттар мен құбылыстардың белгісіз қатерінен, пəле- жаласынан, түрлі кесапаттан сақтандыру, олар туғызған үрейден арылу немесе мейіріне ие болып, қолдауына жету мақсатында қалыптасқан, сөзсіз орындауға тиісті қағида-ережелерінің жиынтығы. Атап айтқанда, тыйым адамдарға нені атауға, нені істеуге, неге соқтығуға болмайды дегенді үйретіп, оларды оғаш сөз-қимылдан тежеп, белгісіз қатерден сақтану мақсатымен алдын ала жасалған іс-шара болып табылады. Тыйым, əдетте, тыйымдық субъекті (тыйымды орындаушы адам), тыйым нысаны (тыйылатын нəрсе немесе іс-қимыл) жəне тыйым мақсаты (белгісіз бақытсыздықтан сақтану) сынды үш фактордан құралады [1].

Тыйым алғашқы қауымдық қоғамда наным-сенімнің туындысы болып, өркениет үрдісінің əр кезеңінде толығып, кемелденіп отырған. Бағзы дəуірде адамдар тек табиғатқа сүйеніп, ғұмыр кешетін, тіршілік тəсілі аса қарапайым да əлсіз еді. Түрлі табиғи апаттар екінің бірінде оларға қауіп төндіріп отыратын. Десе де, адамдардың өмір тəжiрибесi біртіндеп молая түсті де, неден тыйылуды тəжiрибе жүзiнде ұғына бастады, бір-ақ не себептi тыйылатынын бiле бермедi. Сөйтіп, бұл жұмбақтың жауабын мифтiк, дiни қисыннан іздеді. Олар табиғаттағы барлық заттардың ие-киесі бар, өмірге, тіршілікке қауіп-қатер төндіріп отырған осы ие-киелер деп жорыды, оған əрі үрейлене, əрі ізетпен қарады. Сонымен ие-киелердің қатерінен сақтану немесе мейіріне ие болып, қолдауына жету, іс-қимылдарын сол ие-киелерге үйлестіру, үндестіру мақсатында алуан түрлі тыйымдарды ойлап тауып, тұрмыста қолдана бастады. Бұл дəуірде қалыптасқан тыйымдар негізінен ие-киеге табыну, табиғатқа табыну, тотемге табыну, аруаққа табыну немесе шамандық наным-сенімге қатысты тыйымдар еді. Олар ізгі рухтардан жəне кесірлі рухтардан тыйылу болып екіге бөлінетін. Демек, бағзы дəуірдегі қолайсыз табиғи орта, мешеу тіршілік тəсілі, сондай-ақ адам танымының таяздығы тыйымның пайда болуына негіз болған.

Тiршiлiк үрдiсi күрделенген сайын, табиғатпен етене болып ғұмыр кешетiн, көшпелi өмiр салтын арқау еткен ата-бабаларымыздың неден, не себепті сақтану, тыйылу жөнiндегі тəжiрибесi барған сайын молығып, табиғи құбылыстардың себеп-салдарлық қатынасы жайлы логикалық түсінігі тіпті де тереңдей түсті. Сөйтіп, нақтылы өмiр талабымен саналы түрде санасуға бейiм, əлеуметтік заңды мəнге ие көптеген жаңа тыйымдар пайда болды да, адамдардың ендігі ұстанымы рухтар емес, ақ- қара, пəк-күнə, обал-сауап категориясы негізінде өрбіді [2]. Қысқасы, тыйым қалыптасуындағы мифтiк-дiни сипат бара-бара көмескi тартты да, оның орнына нақтылы өмiр талабынан туындаған тыйымдар келді. Десе де ата-бабаларымыз тарихта түрлі себептерге байланысты ілгерінді-кейінді зороастризм, мəнихеи, будда, несториан жəне ислам діндеріне сенді. Бұл діндердің діни уəжіптері уақыт оза келе, ұлттық салт-дəстүрімізге ауысып, қазақ тыйымдарының құрамдас бөлгі ретінде қалыптасты. Алайда бұл тыйымдардың негізі де ұлттық салттағы дүниетаныммен ұштасып жатты.

Қорытып айтқанда, қазақ тыйымдары өркениет үрдісінің əр кезеңінде ұдайы толығып, сараланып, кемелденіп отырумен бірге, ұлттық тұрғыда барлығына ортақ, адам мен табиғат, адам мен адам, адам мен қоғам арасындағы қатынастарды реттеп, сол арқылы қоғамдық тəртіпті сақтап, жарастықтың орнауына қызмет ететін, тежеп-шектеу күшіне ие, əлеуметтiк қағида-ереже болып қалыптасты. Тыйымды қоғамдағы адамдар барлығы қатаң сақтауы, бұлжытпай атқаруы қажет, олай болмағанда, өздерi өмiр сүрiп отырған қоғамдық-əлеуметтiк өмiрдiң талғам-талабымен санаспағандық болып есептеледi. Адамдар тыйымды бала кезден бастап естіп, үйреніп біледі, əрі өле-өлгенше орындауға міндетті болады.

Қазақ тыйымға бай халық. Əдетте қазақ тыйымдары мазмұнына қарай наным-сенімге жəне салт- дəстүрге байланысты тыйымдар деп екі үлкен салаға бөлінеді. Наным-сенімге байланысты тыйымдар өз ішінен ие-киеге байланысты тыйымдар, табиғатқа байланысты тыйымдар, тотемге байланысты тыйымдар, ата-бабаға, аруаққа байланысты тыйымдар, тағдырға байланысты тыйымдар деп бөлінеді.

Ал салт-дəстүрге байланысты тыйымдар өз ішінен күнделік тұрмысқа байланысты тыйымдар, жол-жосынға байланысты тыйымдар, түрлі кəсіпке байланысты тыйымдар, зат-құбылысқа байланысты тыйымдар, дене мүшелеріне байланысты тыйымдар, сөз-қимылға байланысты тыйымдар деп бөлінеді. Демек, тыйым сөздер сөз-қимылға байланысты тыйымдарға жатады.

  1. Тыйым сөздер

Қазақ өмірінде бір бөлім сөздер ежелгі мифтiк, дiни наным-сенімге байланысты өз атымен тура аталмай, басқаша мағынада аталады. Міне, тілде осындай атын тура айтуға тыйым салынған сөздер тыйым сөздер (табу сөздер) деп аталады [3]. Тілдегі тыйым сөздер — ата-бабаларымыздың зат пен оның атауының арасында табиғи байланыс бар, «тіл киелі», «тілдің де иесі болады» деп қарайтын ежелгі мифтiк наным-сенімнің бейнесі болып, тілде реалды өмір сүріп отырған дəстүрлі мəдени құбылыс. Тыйым сөздер де, жалпы тыйымдар сияқты қоғамдық өмірді, іс-қимылды үйлестіру, үндестіру, ретке салып, тəртіпке келтіру рөлін ойнаумен бірге, тілдің əдепті, қимылдың ибалы да ізетті болуы сынды қоғамдық моральдың қалыптасуына, жарасымдықтың орнауына қызмет етеді. Қазақ тіліндегі тыйым сөздер қолданылу мақсатына қарай мынадай төрт түрге бөлінеді:

  • Жөн-жосық, салауатқа қатысты тыйым сөздер

Адамңың жөн-салауатына қатысты атаулар, əдетте, адамдар арасындағы туыстық жəне басқа əлеуметтiк қатынастардан мəлімет беріп, тергелушінің салауаты, кəсібі, жасы, жынысы кім екендігін көрсетеді, əрі аса зор мəдени-моральдық жүк арқалаған болады. Бұл топтағы атаулар — туыстық қатынасты білдіретін атаулар. Мысалы: əке, шеше, аға, қарындас т.б. жəне əлеуметтiк салауатты білдіретін атаулар молда, би, төре, сұлтан, мұғалім, меңгеруші т.б. болып бөлінеді.

Ежелгі көшпенді қазақ халқында туыстық-қандастық қатынас пен рулық бауырмалдық қатынас қоғамдық-əлеуметтік қатынастарды реттеп отыруда негізгі рөль атқарған. Отбасында ортағасырлық тəртіп сақталса, ру-тайпалар ара бауырмалдық қатынас баса дəріптелді. Ал адам мен адам арасындағы қатынаста салауат түзімі үстем орында болып, адамдар тегіне, мəртебесіне, дəрежесіне қарай жіктерге бөлініп, сол негізде мəмле жасалды. Бұл түрдегі қоғамдық түзіліс қазақтың отбасы көзқарасын, қоғамдық салауат көзқарасын, сондай-ақ моральдық-этикалық қағидаларын ретке келтірді. Ол көзқарастар мен қағидалар бара-бара ата-бабаның бағзы дəуірлердегі мифтiк-дiни дүниетанымымен ұштасты да, адамның жөн-салауатына қатысты тыйым сөздерді қалыптастырды.

Қазақтың жөн-салауатқа қатысты тыйым сөздері іштей мынадай екі топқа бөлінеді. Бірінші, дəстүрлі қоғамдық салауат көзқарасына байланысты тергеу сөздер. Қазақтың дəстүрлі салауат көзқарасы бойынша, адам мен адам арасындағы қоғамдық-əлеуметтік қатынаста тергелушінің өз аты- жөні тура аталмай, тегі, мəртебесі, дəрежесі қатарлы жақтардағы салауатына қатысты атаулар қолданылады. Мысалы: қаған, хан, сұлтан, би, төре, профессор, мұғалім, меңгеруші т. б. Екінші, əдеп сақтап, ізет білдіруге қатысты тыйым сөздер. Қазақ халқында бағзы замандардан бері үлкенді сыйлап, кішіні құрметтейтін, ата-баба аруағын қадір тұтатын тамаша дəстүр бар. Дəстүр бойынша соңғы жас буын алдыңғы аға буын адамдардың атын төте атауына тыйым салынады, əдетте, мейлі қандастық қатынасы бар немесе жоқ болсын, егде адамдардың бəрі де жасына, жынысына қарай өз аты-жөнімен емес, туыстық атаумен ауыстырып атайды [4]. Мысалы: атай, əжей, шешей, ағай, апай, жеңеше, əпке, бауыр, қарындас т. б. Демек, тұыстық атаулар негізгі тура мағынасында туыстық қатынасты атап көрсетсе, ал ауыспалы келтірінді мағынасында таза тыйым сөз ретінде, əдеп сақтап, құрмет білдіру қызметін атқарады.

Адамңың жөн-салауатын тергеп сөйлеу əдептілік саналады. Қоғамдық қатынаста орнын тауып қолданылған жөн-салауатқа қатысты тыйым сөздер туыс пен туғанды, үлкен мен кішіні, жоғары- төменді жақындатып, бір-біріне болған меншіктеу-меншіктелу қатынасын дəл бейнелеп береді. Онда ізет білдіру, жақын тарту, өз орнын тану, басқалардың назарын өзіне қарату сынды міндеттер болады. Ата-бабаларымыз жөн-салауатқа қатысты тыйым сөздерді қолдануға ерекше назар аударған, олар ұқсамаған ортаға, ұқсамаған жағдайға қарай, түрлі нысандардың қасиетін дəл басып көрсететін, сыпайы да жағымды, шынайы да табиғи тыйым-тергеу сөздерді тауып қолданған. Сөйтіп, артына өшпес үлгі-ғибраттар қалдырған.

  • Қазақ əйелдерінің тыйым сөздері

Қазақтың дəстүрлі салты бойынша жаңа түскен келіндер күйеуінің туыс-туғандарын, нағашы- жиендерін, өзі түскен рудың үлкен-кішісін өз атымен тура атамайды, қатаң ат тергейді. Олардың есімін тіке атаса, көргені аз, əдептен озған, ибасыз келін есептеледі. Сол себепті олардың жолына, жасының үлкен-кішілігіне қарай əрқайсысына лайықтап басқадай ат қояды, аузына берік болып, өле- өлгенше солай атап өтеді. Егер абайсызда оқыстан аузынан шығып кетсе, ұят санап, қатты өкінеді. Қазақ əйелдерінің тыйым сөздері пайда болу тегі жағынан байырғы мифтiк-дiни наным-сеніммен, ежелгі жол-жосықпен сабақтасып жатады, бірақ қоғамның дамуына ілесіп, тың мазмұндардағы ұғымдарды бойына сіңіріп, кемелдене түсті де, əдептілік пен тектіліктің бейнесі, нышаны ретінде ұлтымыздың ерекше құндылықтары қатарынан орын алады.

Қазақ əйелдерінің тыйым сөздері тілде ешқашан ыңғайсыздық тудырған емес. Оның арнаға түскен заңдылығы, қалыпқа айналған тəртібі болады. Келін екінші атты кездейсоқ, қалай болса, солай қоя салмайды. Əуелі ат қоятын адамдардың жолы, жасы, жынысы, жөн-салауаты, мінез-құлқы, түр- тұрпаты, өнер-талабы қатарлы қасиеттерін жан-жақты тексеріп, анықтайды. Сол негізде қойылатын ат белгіленеді де, оған өзінің үлкенді үлкен тұтып құрметтеу, сыйлау, кішіні кішірейтіп аялау, жақсы көру, өзімсініп жақын тарту, тіпті кемсіну, қомсыну, бөгдесіну қатарлы субъектівтік позциясы мен көзқарасын үстейді. Сөйтіп, объективтік қасиеттер мен субъективтік бояу сəйкесін тапқан, үйлесімді де жарасымды ат тергеу сөз қолданысқа енеді.

Əдетте, келіндер атасы мен енесін ата, апа деп, қайнағаларын аға, үлкен аға, кіші аға, тете аға, мырза аға, молда аға деп, қайындарын інім, мырза жігіт, молда жігіт, тетелес, кекілдім, айдарлым, тұлымдым, тентегім деп атайды. Абысындарын ақылдас деп, қайын бикелері мен қайын сіңілілерін еркем, қаракөз, бикеш, шырайлым, еркежан деп атайды. Өзі түскен рудағы жасы үлкен адамдарды жөн-салауатына, мінез-құлқына қарай би ата, жақсы ата, жақсы апа, шабан апа деп атаса, ал жасы кішілерін күйгелек қайын, бөспе қайын деп те атай береді. Қазақ келіндері ешқашан тете емес кайнысын тетелес деп, тұлым қоймаған қайнысын тұлымдым деп атамайды.

Тергелетін ат басқа зат атауларымен аттас болып немесе дыбыстық жақта белгілі үндестік болса, келіндер ол адамдарға тергеп ат қоюдан сырт, аты кетеді деген түсінік бойынша, ол заттарға да, үндес дыбысы бар сөздерге де басқаша ат қояды. Мысалы, тергелетін есім Жылқыбай болса — жылқыны мініс деп, Бүркітбай болса — бүркітті үлкен құс деп, Тышқанбай болса — тышқанды қап тесер деп, Қарабай болса — қараны баран деп, Ақберген болса — ақты шаңқан деп, Сарыбай болса — шикіл деп атаған. Тергелетін ат басқа біреудің атымен аттас болып келсе, ол адамды аттеріс деп, күйеуімен құрдас болса, құрдас деп атаған.

Келінге өзі түскен орта қаншалық бейтаныс, дəстүр қаншалық қатал, жол-жосын соншалық тосын болса да, олар өздерінің тергеу сөздері арқылы, біріншіден, сөз құдіретін түсіне алатын зерделі, ортаға қарай бейімделе алатын зерек, жол-жосынға берік, ибалы да ізетті тектілігін əйгілесе, екіншіден, олар тапқырлығын тергеу сөздер өзінің тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін қасиеті, дəуірдің қилы сынынан өте алатын өміршеңдік қуаты арқылы, қазақ тілінің сөздік қорына қосылып, қазақ келіндерінің жасампаздығы ретінде танылды. Сөзіміз дəйекті болу үшін мына мысалдарға үңіліп көрейік.

Бірінші мысал, қазақ келіндері жасы бір мүшелге толмаған қайындарын, əдетте, тентегім деп тергейді. Бұл сөздің астарында мынадай ұғымдар жатады: біріншіден, ол бала бұзық, кəзеп бала емес; екіншіден, əлжуаз, ынжық бала емес; үшіншіден, келін тəуелдік жалғауы бірінші жағының қосымшасы «-ім» арқылы ол баланы өзіне меншіктейді. Сөйтіп, объектінің тетік те қағылез, əрі сүйкімді, əрі азырақ сотқарлығы бар қасиетін дəл де шынайы бейнелеумен бірге, оны інім деп өзіне балайды, жақын тартып, сүйіспеншілігін де білдіреді.

Екінші мысал, халық аңызы бойынша, баяғыда бір қыз бір ауылға келін болып түсіпті. Оның Қамысбай, Өзенбай, Қойлыбай, Бөрібай, Бəкібай, Қайрақбай деген аталары бар екен. Күндердің бірінде ағайынды ақсақалдар үйде əңгіме-дүкен құрып отырғанда, келін су алғалы өзен бойына барады. Ол өзеннің ар жағында, қамыстың бер жағында бір қойды бір бөрі жеп жатқанын көреді де, бəкіні қайраққа қайрап-қайрап алып, қойды бауыздап қайтып келеді. Сонда жөн сұраған енесіне, қолма-қол: Сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр екен, жаныманы білемеге білеп-білеп жіберіп, бауыздап келдім, — деп жауап береді. Бұл мысалдар қазақ келіндерінің жасамаздығын, шешендігін, тектілігін толық көрсете алады [5].

  • Киелі ұғымдарға қатысты тыйым сөздер

Қазақ халқының ежелгі мифтiк жəне дiни наным-сенімі бойынша бүкіл ғаламды бір жаратушы жаратқан, ол жаратушы Тəңір деп аталады. Ғалам үстінгі, ортаңғы жəне астыңғы қабат деп үшке бөлінеді. Үстінгі қабат — аспан, онда жаратушы жəне аруақтар тұрады, ортаңғы қабат — қара жер, онда адамдар тұрады, астыңғы қабат — жер асты, онда жын-ібілістер тұрады деп қараған. Бағзы дəуірлердегі ата-бабаларымыз тəңірдің кəрінен сақтанып, қолдауына жету үшін, оның атын да, тұрағы аспанды да тура атауға тыйым салған. Тəңірді — жаратушы, немесе жаратқан деп, атаса, ал аспанды көк деп атаған. Көк сөзі бірте-бірте тəңір сөзінің баламасына ауысып, одан көктің кəріне ұрынды, көк соққыр, көкке көтер, күлін көкке ұшыру, ақ сүтін көкке сауу, тағы басқа тұрақты тіркестер қалыптасқан.

Сол сияқты, тотем мəдениеті де адамзаттың ең көне, ең сиқырлы мəдениеттердің бірі. Ата- бабаларымыз бағзы дəуірде көктəңірге табынып, көкбөріні өз тотемі етумен бірге, бүркітті де, аққуды да, үкіні де өз тотемі еткен. Бірақ қоғам ілгері басқан сайын, қазақ тотемдерінің тотемдік мəні, тотемдік құны солғындап, адамдар жадында тек оның сарқыншағы ғана сақталып қалды. Десе де, тіл мəдениетті тасымалдауға қызмет етеді. Осы тұрғыдан алып қарағанда, бүгінгі қазақ тілінде тотемнің атын тура атауға тыйым салу салты əлі сақталып келеді, мəселен, малшылар көкбөрінің, немесе қасқырдың, атын атасақ, естіп қойып, «малымызға шабады» деп қорқып, оны итқұс, ұлыма т. б. деп атайды.

  • Тылсым күштерге, ауруға, өлімге қатысты тыйым сөздер

Бағзы дəуірдегі ата-бабаларымыз табиғаттағы тылсым күштердің, ауру мен індеттің, туылу мен өлудің сырын түсіне бермеген, олардан қатты қорыққан, үрейленген. Табиғаттағы тылсым күштердің, ауру мен індеттің ие-киесі бар, оны шамдандыруға болмайды деп қараса, ал адамның рухы болады, адам өлгенмен рухы өлмейді деп сенген. Сөйтіп, бұл наным-сенім негізінде алғашқы діни таным мен аруаққа табыну көзқарасы пайда болады. Қазақтың байырғы түсінігі бойынша нажағай — тəңірдің оғы, оның атын тура атауға болмайды, атын атап, оны шамдандырса, адамға нажағай түседі деп сеніп, нажағайды жай, немесе жасын деп, атаған. Сол сияқты шешек ауруының атын тура атаса, жұғады, жабысады деп қарап, оның атын əулие, қонақ, немесе мейман деп, атаған. Жыланның атын тура атаса, шағып алады деп қорқып, оны ұзын құрт, немесе абақай деп, атаған. Ежелгі ата-бабаларымыз үшін өлім тіпті де сиқырлы, қорқынышты болған, олар өздерінің шамандық нанымы бойынша, адам — бір түрлі объект, ол жан мен тəнен құралады, жан көзге көрінбейді, тəн көзге көрінеді, адам өмірден өткенде жан көкке ұшып кетеді де, тəн табиғатқа қайтады деп сенген. Сол себепті «жан — тəннің қонағы» деп қарап, өлді деудің орнына, қайтыс болды, ұшты, дүниеден көшті, көзі жұмылды, опат болды, түңілігі ашылмай қалды т.б. деп атайтын болған.

  1. Эвфемизм сөздер

Бір затты не құбылысты өз атымен тұра атамай, басқаша атау тек тыйым сөздермен шектеліп қалмайды, эвфемизм сөздер де бір сөзді екінші бір сөзбен алмастырып атай береді. Адамдар күнделік өмірде, белгілі бір затты не құбылысты сөз еткенде, зат пен құбылыс өз атымен тура аталса, дөрекі, қолайсыз сезіліп, ағаттық, ұғыспастық тудыратын жағдайда, мағынасы тұрпайы сөздің орнына ол ұғымды жұмсартып, жеңілдетіп жеткізетін сыпайы, жұмсақ сөздерді алмастырып қолданады. Мұндай алмасып қолданылған сөздер тіл білімінде эвфемизм сөздер деп аталады. Эвфемизм сөздер мен тыйым сөздерде белгілі ортақтық болады, олардың бəрі де тілде ежелден бар құбылыс, бəрі де зат пен құбылысты өз атымен тура атамай, басқа бір сөзбен алмастырып атайды. Бірақ бұл ортақтыққа бола оларды шатыстыруға, бір нəрсе деп қарауға болмайды. Тыйым сөздер ежелгі мифтiк, дiни наным- сенімге байланысты, тылсым заттар мен құбылыстардың белгісіз қатерінен сақтанып, олар туғызған үрейден арылу мақсатында атын тұра атауға тыйым салынған сөздер болса, ал эвфемизм сөздер сөйлесу үстінде əдептілік, ізеттілік танытып, қажетсіз ұғыспастық туудан сақтану, оның алдын алу, лайықты сөздер арқылы адамдар арасындағы қатынасты іреттеп, үйлестіріп отыру мақсатында жұмсартып, сыпайылап айтылатын балама сөздер болып табылады [6].

Десе де тыйым сөздер мен эвфемизм сөздер өзгермейтін, жеке дара өмір сүретін нəрсе емес, олар да бір-біріне алмасып, ауысып отырады. Мысалы, жоғарыда ауру-індетке, өлім-жітімге қатысты деп қаралған тергеу сөздер, бүгінгі таңда халқымыздың ежелгі этикалык, эстетикалық нормалары негізінде қалыптасқан эвфемизм сөздерге ауысты да, ендігі жерде тыйым сөз ретінде қаралмайтын болды. Дəстүр бойынша науқас адамның көзінше ауырудың нақ аты тұра аталмай, оны жұмсартып, жеңілдетіп айтады. Əдетте, туберкулез, немесе құрт ауру, деудің орнына өкпе аурурак немесе қылтамақ, деудің орнына өспе деп жұмсыртып, жеңілдетіп айтады. Əке-шешең өлген бе? — деп сұрамайды, Əке-шешең бар шығар? немесе Əке-шешеңнің қалы қалай? — деп сұрайды. Демек, бұл сөздер бір замандарда маңызды рөл атқарған тыйым сөздердің сарқыны болса да, қазір эвфемизм сөздер ретінде қаралады. Қазақ тілінде жұмсартып, сыпайылап балап айту тəсілімен қалыптасқан эвфемизм сөздердің мынадай түрлері бар:

  • Адамның дене мүшелеріндегі кем-кетікке қатысты эвфемизм сөздер

Қорлау, адамдық ар-намысқа тиісу сынды ұғыспастық туылып, көңілсіз жағдайдың орнауынан сақтану үшін, əдетте, адамның дене мүшелеріндегі кем-кетікті білдіретін атаулар жеңілдетіп жеткізетін сыпайы, жұмсақ сөздермен алмастырылады. Мысалы: саңырау, керең деген сөздер құлағының мүкісі бар, сараң естиді, құлағы тосаң деген сөздермен, ақсақ деген сөз аяғының ақауы бар» деген сөзбен, шолақ деген сөз қолының мүкісі бар деген сөзбен алмастырылып айтылады.

  • Жағымсыз, дөрекі естілетін атауларға қатысты эвфемизм сөздер

Адамның тасалап, жасырып-жабатын дене мүшелерін жəне сыртқа бөліп шығаратын керексіз заттарын білдіретін атаулар, əдетте, құлаққа түрпідей тиіп, жағымсыз, дөрекі естіледі. Сол себепті бұндай атаулар сыпайы, ұнамды сөздермен алмастырып айтылады. Мысалы: омырау, бөксе, нəжіс, несеп, дайрақ, үлкен дəрет, кіші дəрет, дəрет сындыру, етек кір дегендердің бəрі де белгілі контексте сыпайылық мəн тудырады.

  • Үйлену, балалы болуға қатысты эвфемизм сөздер

Қазақтың дəстүрлі салты бойынша үйленуге, балалы болуға қатысты атауларды өз атымен түра атау əдепсіздік, дөрекілік есептеледі. Сол себепті ол атаулар сыпайы сөздермен алмастырылады. Мысалы: қатын алу немесе байға шығу деген сөздер үйлену, отау тігу, бас құрау, тұрмысқа шығу деген сөздермен, баласына əйел алып беру немесе қызын күйеуге беру деген сөздер баланы үйлеу, отау тігу, құтты орнына қондыру деген сөздермен, буаз болу деген сөз екі қабат болужүкті болу деген сөздермен алмастырылады.

  • Жағымсыз іс-қимылға қатысты эвфемизм сөздер

Ағаттық, ұғыспастық тууынан сақтану үшін, қоғамдағы жағымсыз іс-қимылға қатысты атаулар үнемі сыпайы, ұнамды сөздермен алмастырып айтылады. Мысалы: өсекші деген сөз аузы жеңіл деген сөзбен, ұры деген сөз қолының сұғы бар деген сөзбен, өтірікші деген сөз қосып айтады деген сөзбен, ұрысты деген сөз бет жыртыстысөзге келді деген сөздермен алмастырылады.

  • Мақтау - мадақтау сипатты эвфемизм сөздер

Адамдар арасындағы қарым-қатынаста кейде əдептілік сақтау немесе көтермелеп, жақсылығын асыру тұрғысынан, кейбір атаулар мақтау-мадақтау мағынасындағы сөздермен алмастырылады.

Мысалы: келбетті деген сөз ару деген сөзбен, азулы да адуын адам деген сөз арлан деген сөзбен, жүректі де батыл адам деген сөз сұңқар деген сөзбен алмастырылып айтыла береді [7].

Қорыта айтқанда, тыйым жəне тыйым сөздер — бағзы дəуірдегі ата-бабаларымыздың мифтiк жəне дiни наным-сенімі негізінде қалыптасқан, тілде шынайы өмір сүріп отырған дəстүрлі мəдени құбылыс. Онда ұлттық, жалпы халықтық, наным-сенімдік жəне дəуірлік қасиеттер болады. Тыйым жəне тыйым сөздер адамдардың іс-қимылын үйлестіріп үндестіру, ретке салып, тəртіпке келтіру рөлін ойнаумен бірге, тілдің əдепті, қимылдың ибалы да ізетті болуы сынды қоғамдық моральдың қалыптасуына үлкен ықпал жасайды.

Əдебиеттер тізімі

  1. Қазақ грамматикасы. — Астана: ҚҒА А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты,

  2. Қазіргі қазақ тілі. ШҰАР тіл-жазу комитеті. — Үрімжі: Шинжяң халық баспасы,

  3. Қазіргі қазақ тілі. — Алматы: ҚҒА А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты; ҚҒА баспасы,

  4. Болғанбайұлы Ə., Қалиұлы Ғ. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. — Алматы: Санат,

  5. Су Шінщүн. Тіл жəне мəдениет. — Пекин: Шет тілдерді оқыту жəне зерттеу баспасы,

  6. Ліу Жің. Тіл мен мəдениет жайлы зерттулер. — Пекін: Жоңхуа кітап мекемесі баспасы,

  7. Сəмет Ə. Тыйым жəне ұйғыр тыйымдары. — Үрімжі: Шинжяң халық баспасы,

Филология. Реферат. Толғау поэтикасының ерекшелігі
Филология. Реферат. Семантикалық окказионализмдер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу