Филология. Реферат. Киноаударманың түрлері: субтитр жəне дубляж

Oinet.kz 12-09-2020 986

Қай халықтың тарихына көз салып қарасақ та, ол өзінің мəдени, рухани байлығын ең басты екі негізден алып дамып отырған. Бірі — өзінің ішкі мүмкіндіктері болса, екіншісі — өзге жұрттың мəдени байлығын игеру. Осылай əр халық өзге елдің рухани дүниесімен сусындай отырып, өз мəдениетін өркендеткен. Осындай игі істің жандануына аударма айрықша қызмет атқарды.

Адамдар, халықтар, ұлттар арасындағы əлеуметтік, экономикалық, рухани, ғылыми, мəдени қарым-қатынастың алмасу, айырбастау, ел танудың құралы болған аударманың кино өнерінде де алатын орны айрықша. Кинодағы аударма оның мақсаты мен жұмыстың ерекшелігіне қарай синхронды жəне жазбаша жасалады. Бұл мол тəжірибе мен білімді қажет ететін күрделі үдеріс. Кино мəтінінің өзіндік көркемдік ерекшеліктері мол. Ондағы монологтар мен диалогтар арқылы көрермен жүрегіне жол табу үшін бейнелі көріністі ақпараттау образ, көңіл-күй, эмоциялар сөз арқылы жақсы, ұғымды əрі орынды жеткені дұрыс.

Кинофильм мəтіні диалогтар, кадр сыртындағы комментарийлер, əн сөздері жəне жазбалар түрінде көрсетіледі. «Басқа мəтін аудармаларымен салыстырғанда, оның бірқатар өзіндік ерекшеліктері бар: амплификацияны болдырмас үшін уақытша дыбыс рамкаларымен шектелген; аз уақытта қабылдауға негізделген, соған орай, көрерменге жеткілікті түрде ақпаратталған əрі түсінікті болуы тиіс. Сонымен қатар аударманың мүмкін болатын нұсқалар таңдауын шарттайтын видеоқатар да қоса беріледі».

Көркем фильмдер аудармасы — «мақсаты түпнұсқа мəтінді интерпретация жолымен басқа тілде жаңа мəтінде туындаған тіларалық, эстетикалық коммуникацияны іске асыру болып табылатын көркем аударманың ерекше түрі» [1]. Осыған орай кино аудармасында екі түрлі ерекшелікті атап өтуге болады: біріншісі, киноның өз тілімен айтылған ерекшелік, екіншісі көркем аударма критерийлерін сақтау қажеттігі. Ережеге сай, аудармашыға студияда монтажды қағаз, яғни диалогтар жазбасы жəне фильм түсірілген кассета, беріледі. Ол бұл мəтінді аударып, аударманы фильмнен шығатын репликаларымен қоса синхронды түрде дыбыстауы қажет.

Кино мəтінінің лексикасы күнделікті өмірде қолданылатын тіл, идиома, архаизм, вульгаризм, диалектизмдерге жақын. Кино аудармашысы үшін кино мəтінінің көркемдігін төмендетпеу, автор ойын дəл жеткізу, диалогтар сапасын, сөз ерекшелігін, стилін сақтау, сол дəуірдің өзіндік сипатын жеткізу оңай шаруа емес. Кино аудармасындағы басты қиындықтың бірі фильмдегі персонаждар аударма тілімен сөйлемейді. Сондықтан аудармашы тек мəтінге ғана емес, бейнекөрініске, ондағы айтылған əрбір сөз артикуляциясына, кейіпкердің іс-қимылдарына мəн беріп, сөздер мен сөйлемдердің дəл немесе мағыналық, балама аудармаларын табуы қажет. Ал балама табу аудармашының шығармашылық шеберлігіне, сөз табу жүйесіне, сөздік қорының байлығына байланысты.

Тілдердің сөйлеу қарқыны мен грамматикалық құрылысы əр түрлі болады. Испан тілі орыс тілімен салыстырғанда, грамматикасы жағынан анағұрлым шағын болып келеді. Оған қоса испандықтар, орыстарға қарағанда, жылдам сөйлейді. Бұл жағдай аздап қиындық тудырады. Себебі аударма мəтінін құрағанда, жайбарақат орыс тілін бетке ұстау лазым. Бұған қоса кадр сыртындағы аударманың ерекшелігі аудармада талап етілген сөз қарқыны фильмнің соңына дейін сақталуы керектігі болып табылады. Сондықтан аудармашы қос тілмен жұмыс істеу барысында тілдік құралдардың минималды мөлшері көмегімен ақпаратты максималды түрде толық жеткізу үшін, компрессия тəсіліне жүгінуі керек.

Киноаудармасында мəтін ақпаратын кескіндеумен де байланыс болу қажет, яғни вербалды жəне бейвербалды құралдар көріністеріне бірдей назар аудару керек. Алайда түпнұсқа тіліндегі фраза ым- ишаратпен қабаттасып келсе, эквивалент табу қиынға соқтырады. Əр түрлі мəдениет өкілдерінің ым- ишаралары сəйкес келе бермейді. Педро Альмодрованың «Женщина на грани нервного срыва» киносынан мысал келтірейік. Y que de la cara (И пусть за все ответит) сөзін айта отыра, кейіпкер өз бетінен алақанымен қағып қояды. Орыс мəдениетіне бұл ишара жат, сондықтан бұл көріністі ойнап шығу мүмкін емес.

Кейде аудармашы техникалық тұрғыдағы қиындықтарға соқтығысып қалады: монтажды қағаз толық болмайды, сол кезде есту қиындық тудыратын диалогтар — қуғын, ұрыс-керістер, сыбыр жəне т.б. аудару керек.

Киноаудармасының тағы бір ерекшелігі — əдеби шығармаларды аудару бір немесе екі аудармашының қатысуымен жасалатын болса, толық кинофильмді аудару үшін үлкен шығармашылық топ қажет. Олар: кино мəтінінің аудармашысы, дублер-актерлер, режиссер, дубляждың дыбыс операторы, редактор, монтаждаушы. Бұлардың əрқайсысы киноаудармасының сапасына өз ықпалдарын тигізбей қоймайды. Өйткені кино мəтінінің аудармасы қанша жақсы болғанымен, кино аудармасын дайындауға қатысушылардың біреуі өз ісін жөнді атқармаса кино- аудармасының сапасы төмендейді. Кинофильмді аудару барысында үлкен жүк қашан да режиссерге түседі. Көптеген режиссерлердің қанатын қатайтқан академик Сергей Герасимов былай дейді:

«... режиссер үшін ең бастысы — бұл өзгелер көре де, сезіне де алмайтынды көру жəне сезіну, ойындағыны образға айналдыра білу қабілетінің болуы».

Режиссер сөздің əуенін, сəулет əуенін, табиғат пен қозғалыстың əуенін, ой əуенін сезініп, осы барлық сезімдерді бір ортақ дүниетанымда тоғыстыра алуы қажет.

Дубляж режиссері жақсы кəсіби дайындығы бар əдеби шығармаларды аудару мен драматургия заңдылықтарын білетін, кино өндірісі, мəдениет тарихы жəне актерлер əлемімен жете таныс болғаны дұрыс. Сонымен қатар бірнеше тілдерді білуі қажет. Əрине, ол кино мəтінін аудармайды, бұл кəсіби аудармашылардың жұмысы. Бірақ экранда орындалып жатқан диалогтарды тыңдау, ондағы мағынаны ашатын əрбір сөз интонациясын байқап, түсіну үшін қажет. Мысалы, жай қарапайым «Мен сізді сүйемін» деген сөйлемді алып қарайтын болсақ, бір-біріне жақын келмейтін түрлі мағынада айтуға болады: ұнату, жек көру, қуану, я қайғыру, нəзік сезімін білдіру, не артынан қалмай мезі ету, шаттану, ренжу, өзін ақтау не кінəлау, т.с.с. Сондықтан əрбір сөздің интонациясына қарай кейіпкердің көңіл-күйі көрініп отырады. Режиссердің мақсаты — эмоциялық түрленудің бай қорын ұтымды, əрі орынды қолдана білу, ол үшін фильмнің түпнұсқадағы тілін түсіну, оны аудармада мағынасынан ауытқымай жеткізу өте маңызды.

Егер дублер актерлер рольдегі актерлердің деңгейінде орындай алмаса немесе дыбыс операторлары қажетті деңгейде жаза алмаса, жоғары сапалы аппаратуралармен студия цехы жабдықталмаса, қандай жақсы диалогтардың болмасын аудармасы дубляжда мүлдем көрінбей қалады. Ал талантты дублерлерсіз толыққанды фильмнің аудармасы болуы мүмкін емес. Дубляждың режиссері əр фильмде кездесетін жаңа образға тəн дублерларды орынды таңдай білуі керек.

Сондықтан фильмді аудару барысында қызмет жасайтын шығармашылық топтың əрқайсысы өз ісін мұқият атқаруы қажет. Тек осы ұжымның еңбегінің нəтижесінде көрермен назарына өзге тілде түсірілген кинотуындыларды өз ана тілімізде сөйлете аламыз.

Киноаудармасының бірнеше түрі бар. Олар:

  • субтитрлеу;

  • кадр сыртынан түсінік беру;

  • дикторлық орындау;

  • дубляж жасау [2].

Оларды таңдаудың да себептері бар: фильм ерекшеліктері, инженерлік-техникалық жəне шығармашылық кадрлардың сандық қажеттілігіне, экономикалық жетістіктеріне байланысты. Басында дыбысты фильмдердің аудармасы кадр арасындағы жазулар арқылы жасалатын. Содан соң субтитрлар пайда болды, яғни кадрдың төменгі жағында көрініске жазылған аударма жазулар. Кадр сыртынан түсінік беру, субтитрға қарағанда, əлдеқайда тиімді, өйткені көрермен субтитрді оқу үшін көріністен көзін алып əлекке қалмайды, түпнұсқадағы дыбыстар сақталады, жақсы аудармашы тек диалогтар мағынасын ғана емес, интонациясын сақтап, эмоциялардың бояуын беруге жəне аударылмайтын каламбурлерге, яғни қисық сөздерге де, мағыналық түсінік беріп отырады.

Ал дикторлық орындау арқылы берілетін аударма, əдетте, хроникалық, деректік, ғылыми, мəдени т.б. фильмдерде жасалады. Егер түпнұсқа тілінде сөйленетін синхронды көріністер болса, онда олар да кадр сыртынан түсінік беру жолымен көрсетіледі.

Біз осылардың ішінен қазіргі кезде кеңірек қолданылатын субтитрлеу мен дубляж жасау əдістерін салыстырып, тиімді, тиімсіз тұстарын саралап көрейік. Алдымен аталған түрлердің анықтамасына тоқталайық.

Киноаудармасын зерттеуші В.Е.Горшкова тіларалық субтитрлеуге: «Экранның төменгі тұсынан орын алып, басылған мəтін түрінде оның негізгі мазмұнын көрсететін фильмдегі диалогтардың қысқаша аудармасы», — деген анықтама береді [3].

Ал тіларалық дубляж түпнұсқа тілдегі актерлердің сөздерін аударылатын тілге толық ауыстыру болып табылады. В.Е.Горшкова аталған терминге берілген көптеген анықтамаларға сүйене отырып, дубляж жасаудың дыбыс жазу техникасының ерекше түрі екендігін айқындайды. Енді осы аталған түрлерді салыстырып көрейік. Бірінші субтитр туралы.

Субтитрді пайдаланудың тиімді тұстары:

  1. Субтитрлеуге жұмсалатын қаржы дубляжға қарағанда 10 есе аз. Сондықтан бұл əуесқой субтитрлеудің кең таралуына əкеледі.

  2. Дубляжға қарағанда, субтитрлеуге уақыт та аз кетеді.

  3. Субтитр жасағанда фильм түпнұсқасының дыбыстық жолы сақталып, дыбыс режиссері жасаған атмосфера сақталады. Сонымен қатар субтитрді оқығанда реципиент актерлердің дауысын естиді. Ал фильм дыбысталған кезде актерлердің дауысы көбінесе кəсіби емес дублерлердің дауысына ауыстырылатыны белгілі. Бұл, əрине, фильмнің дыбысталуының бұзылуына əкеледі.

  4. Субтитрлі фильмдер сонымен қатар білімдік қызмет атқарып, шет тілін үйренудің материалы болып табылады.

Алайда аударма сөздерді қою арқылы жасалатын субтитрлі кинофильм аудармасы оңай болғанымен, оның кейбір кемшіліктері де бар. Яғни, титрді оқу үшін экранда орындалып жатқан көріністен көп ауытқып отырасың, кейде жазылған титрлі сөздерді қайсысын қай кейіпкер айтып жатқанын түсінбей қаласың.

Субтирді пайдаланудың жағымсыз тұстары:

  1. Сапалы орындалған дубляжға қарағанда, аудиовизуалды мəтіннің аударма тілінде жасалғандығы туралы иллюзияның жоқтығы.

  2. Субтирді қабылдау реципиенттен көп күш қажет етеді. Субтитрді оқу арқылы реципиенттің киноға назар аударуы əлсіреп, визуалды ақпараттың кейбір бөліктерінің жоғалуына əкеледі.

  3. Субтитр жасағанда компрессия (сығымдау) пайдаланылады, себебі адамның сөйлеу темпі оқу жылдамдығынан жоғары, сондықтан мəтінді қысқартуға тура келеді. Сондай-ақ субтитрдің көлемі 30-40 белгіге дейін шектелген. Ал, жолдың саны 2-ден аспауы тиіс.

  4. Компрессия мен түсіріп тастауларды пайдаланғандықтан, субтитрлеу барысында түпнұсқа тілінің экспрессиясы жоғалады.

Енді дубляждың ерекшеліктеріне тоқталайық. Киноаудармасының ең көп тараған əрі күрделі түрі — дубляж. Дубляж «doublage» француз тілінен аударғанда қосарлану деген мағынаны білдіреді. Бұл жерде аудармашы идея, стиль, кейіпкерлер мінезіне көңіл аудара отырып, тек артикуляциясын емес, актерлердің іс-қимыл, қылықтарын бəрін қамтуға тырысады.

Дубляж — өз алдына бір дүние. Оның техникалық жəне шығармашылық бөлімдері бар. Шығармашылық бөлімнің ішіндегі аударма саласының өзі бір төбе. Былайша айтқанда, аудармашылар тобы мен əртістер тобы жəне техникалық мамандар тобы жұмыс істейтін, көпқырлы арнайы бөлім. Аудармашылар аударып береді, ал редакторлар өңдейді, режиссерлер ауызға түсіріп, емеурінге келтіру жағын реттейді. Ары қарай дыбыс актерлары сезімдік бояуын жеткізе отырып дыбыстауы керек. Сөздің мəнін білмесең, қалай болса, солай сөйлей салуға болмайды. Барлығы өз жұмысын жақсы істеуі керек. Техникалық жағы өте маңызды. Қосанжар дауыстар (интершум) деген бар, мəселен, табиғаттың дыбыстары, желдің соққаны, шөптің сыбдыры, сиырдың мөңіреуі, адамның жүрген дыбыстары т.б. бұларды да үйлестіре білу керек. Барлығының өз өлшемі бар, соның барлығын өз орнын тауып, үйлестіргенде ғана жақсы кино шығады.

Сонымен, дубляж жұмысы екі сатыдан тұрады. Əуелі аудармашы фильмдегі сөздерді ондағы бейнемен синхронды етіп аударып шығады. Ол фильмде ойнап жүрген актердің ауыз, ерін қимылына сəйкес жəне дəл мағынасына сəйкестендіріп ана тіліне аударады. Актердің еріндерінің жəне неше рет қосылғандығына дейін (б, в, п, ф, м — дауыссыз дыбыстары айтылған кезде) есепке алынады. Ол сонымен қатар фильмдегі барлық компоненттерге мəн беруі керек. Идея, стиль, кейіпкерлер мінезіне көңіл аудара отырып, тек артикуляциясын емес, актерлердің іс-қимыл, қылықтарын бəрін қамтуға тырысады. Сондықтан фильм аудармасын түпнұсқа тілі мен аударма тілін жетік білетін əдеби аудармашы жасағаны дұрыс.

Осындай ерекшеліктері сақталған аударма дайын болған соң, дубляждың екінші — шешуші кезеңі басталады. Əр рольді дубляж жасауға дайындалған актерлер, дубляж режиссері, аудармашы, дыбыс операторымен бірге бірнеше рет көреді. Мақсаты — фильмде ойнаған актерлердің сөйлеу мəнерімен танысу, оның айтқан сөздерінің дəлдігіне аудармашымен бірге көз жеткізу. Содан соң барып аударылған актер сөзі пленкаға жазылады. Тек жоғары кəсіби деңгейде жасалған дубляж көрермен жүрегіне жол тауып, өз тілінде түсірілген түпнұсқа фильмді көріп отырғандай ой тудыруы мүмкін. Бұл туралы Г.Заргарьян былай дейді: «Киношығарманың көркем аудармасы — бұл көркем шығарманың өзінше бір бөлігі жəне ол сол өнер жанрының заңдылықтарына бағынғанда ғана сапалы болуы мүмкін» [4].

Дубляжды қолданудың тиімді тұстары:

  1. Тыңдаушы аудиторияның үлкендігі, көруі нашар адамдар, балалар т.б.

  2. Аударылатын тілді қолданатын көрермендердің қабылдауына еш қиындық тудырмайды.

  3. Аудиовизуалды мəтін басынан-ақ аударылатын тілде жасалғандай болып көрінеді, яғни тілдік кедергі жойылады.

  4. Дубляждау кейіпкер тіліндегі диалектілік ерекшеліктерді көрсетпеуге септігін тигізеді, ал субтитр кезінде бұл мүмкін емес.

  5. Дубляж кезінде түпнұсқаның аудиожолы естілмейтіндіктен, көрермен байқамайтындай етіп, кейбір репликаларды ауыстыруға болады.

Сондай-ақ дубляж жасаудың тиімсіз тұстары да бар. Енді соларға тоқтала кетейік:

  1. Актерлік құрамның жұмысы мен құрал-жабдықтарға жұмсалатын үлкен шығын.

  2. Дыбыстау кезінде жəне аударма мəтінді түзеуге кететін уақыттың көптігі.

  3. Реципиентке түпнұсқадағы актерлердің дауысы естілмейді, ал дубляж актерлері мəтінді түпнұсқа актерлеріндей мəнерлеп оқи бермейді.

Дубляждың тілі — қарапайым сөйлеу тілі. Оның ішінде əскердің сөзі бар, қарақшының сөзі бар, дəрігердің сөзі бар, лауазымды тұлғалардың сөзі бар. Аудармашылар осының барлығын өз мағынасындағы бояуын бере отырып аударуы, ал дыбыс актері оны түсініп айтуы керек. Əуелі дыбысталатын сөздің мағынасын дұрыстап түсініп алу қажет, алдын ала дайындалу керек, қай жерінде күледі, қай жерінде жылайды, қай жерінде тыныс алады, соның бəрін алдын ала біліп тұруы керек. Мəселен, актер Шыңғысханның дауысын дыбыстауы керек болса, ол үшін алдын ала Шыңғысхан ақырып сөйлей ме, жай биязы сөйлей ме соны біліп алуға міндетті жəне əртістің түріне қарай дауысын бейімдеуі тиіс. Мысалы, ол денесі үлкен адам болса, жіңішке дауыспен шіңкілдеп тұрсаң, болмайды. Тойға барсаң, киініп баратының секілді, дыбыс берер алдында дыбысыңды дұрыстап, сахналық түрге келтіріп алу қажет. Актердің сөзі əрбір адамның құлағына нақты əрі жағымды естілуі тиіс. Дыбыстаушы дубляжшымыз сүле-сапа оқи салса, ертең халықтың алдына солай жетеді. Əдетте кинодағы барлық əртістердің əрқайсысына бір-бір адамнан дыбыс беру мүмкін емес. Сондықтан бір адам бірнеше дауысты дыбыстай білуі керек, сонда ғана ол нағыз дубляжшы бола алады. Ол үшін режиссерлер əртістерге бағыт бере отырып, жұмыс істеуі керек. Қосанжар дыбыстың бəрін беріп, актерлердің дауыс ерекшеліктеріне қарай дыбыстарды бөлу қажет болады. Бастыққа, балаға, шалға, кемпірге келетін дыбыс болады, соның барлығына өз рөлін тауып беру қажет. Жалпы əр нəрсені өз маманы істеуі керек. «Алтынды зергер соқсын» дегендей, дубляжды дубляжшының өзі істесе, сонда ол көрерменнің де көңілінен шығады.

Ары қарай дыбыстауға арналған мəтіндер мен субтитр мəтіндерінің ерекшеліктерін айқындауға тырысайық.

Түпнұсқаның жолма-жол аудармасы субтитрлеуге, ары қарай дыбыстауға да сəйкес келеді деген қате түсінік бар. Субтитрлеу мен дыбыстауға арналған аудиовизуалды мəтіндердің айтарлықтай айырмашылықтары бар екенін тəжірибе көрсетті.

Осы тұста дыбыстау туралы сөз қозғайық. Фильмге керекті түрлі дыбыстарды жазып алудың жəне оларды қолданудың бірнеше түрі бар. Оларды да қысқаша түсіндіріп кетейік.

Дыбысты синхронды жазу. Көркемсуретті жəне ойналатын көріністері бар ғылыми-көпшілікті, хроникалық-деректік фильмдер кейіпкерлерінің сөздері мен бейнелерін кинопленкаға бір кезде қоса түсіріліп жазылуы синхронды кино түсіру деп аталады. Дыбысты осылай бейнемен үйлестіре синхронды жазу көбінесе киностудия павильонында, не болмаса басқадай үй ішінде түсірілген жағдайда қолданылады. Ал, фильм ашық далада, көшелерде түсірілген жағдайда, қажетсіз көлденең шулар бөгет жасайтын болғандықтан, дыбысты синхронды көбінесе қолданыла қоймайды.

Кейін дыбыстандыру. Фильм кейіпкерлерінің сөздерін, музыканы жəне түрлі шуларды бұрын түсірілген бейнелерді экранда көріп отырып, оларға дəлме-дəл сəйкестендіріп жазу кейін дыбыстану процесі болып табылады. Бұл əдетте фильм түгел түсіріліп болғаннан кейін жəне түсірілген материалдар əбден іріктеліп, монтажы аяқталғаннан кейін жүргізіледі. Кейін дыбыстау, əсіресе фильм рольдерін орындаушы актерлерге пайдалы. Өйткені олар өз бейнелерін экраннан қарай отырып, сол тұста айтылған өз сөздерін асықпай, бабына келтіріп қайталайды да, кинопленкаға жаздырады.

Алдын ала дыбыстандыру. Бейнелер түсірілмес бұрын жазылып алынған фонограмманы фильм көріністерін дұрыс түсіру үшін, пайдаланудың бұл жолы алдын ала дыбыстандыру деп аталады. Алдын ала жазылып алынған фонограмма көбінесе фильмнің əн жəне би көріністерін түсірерде қолданылады. Өйткені алдын ала жазылған тиісті музыканы ести отырып, соған сəйкес билеу немесе естіліп тұрған əнге қосылып түсіру фильм рольдерін орындаушы актерлерге көп жеңілдік туғызады. Сондай-ақ бұл тəсіл фильмде əн айтушы актердің дауысы орнына əнді одан жақсы айтатын басқа адамның дауысын жалғап пайдалану үшін де қолданылады.

Қайта жазу. Бұл өте маңызды творчестволық жəне техникалық процесс. Фильмге керекті дыбыстар, атап айтқанда, кейіпкерлердің сөздері, музыка жəне түрлі шулар əуелде жеке-жеке жазылады. Оларды бейнелерге сəйкестендіре жəне біріне-бірін үйлестіре жүзеге асырады.

Ойлап табылған осы нəтижелі тəсілдердің іс жүзінде қолданылуы, жемісті болуы дыбыс жазу аппаратурасын жəне одан жеке дыбыс шығу аппаратурасын ойлап табуды қажет етті. Бұл жұмыс оңайға соқпаған болу керек. Біріншіден, дыбыс құбылысының табиғи қасиеттері, түрлі ерекшеліктері бұзылмастан таза, дұрыс жазылуы жəне сол қалпында қайта шығарылатын болуы қажет. Екіншіден, жазылған дыбыстың қайта шығуы, оның естілуі экрандағы көріністерге сайма-сай, дəл болуға тиісті. Үшінші, алдын ала жеке жазылған түрлі дыбыстардың (адам сөзі, музыка жəне соққан дауылдың, ағып жатқан судың, атылған мылтықтың, құлаған заттың т.б) естілуінде олар біріне-бірінің бөгет болмауы, сондай-ақ дыбыстардың барлығы үйлесімді түрде үн қосуы қалай да қамтамасыз етілуі керек.

«Фильмге тіл бітуі киноның стилистикасына, көркемдік тəсілдеріне көп өзгеріс енгізді, кейіпкерлерді сипаттаудағы, сондай-ақ өмір құбылыстарын бейнелеудегі оның шығармашылық мүмкіндіктерін орасан байытты. Осыған байланысты сценарий көркем əдебиеттің толық құқылы жанрына айналды жəне болашақ фильмнің идеялық-көркемдік бағытын алдын ала айқындайтын басты кешені болды. Дүние жүзіне аты əйгілі кинорежиссер Чарли Чаплин соңғы уақытқа дейін өз фильмдерін сөзсіз етіп жасап келді» [5].

Аталған типтегі мəтіндерді оларды жасау мен редакциялау (субтитр мен дубляжды жасау ережелеріне сəйкес) барысындағы көлемінің қысқаратындығы байланыстырады. Мəселен, дубляж кезінде аударманың дыбысталу уақыты түпнұсқаның дыбысталу уақытына байланысты, асып кетпеу керек. Мəтіннің көлемін қысқарту сюжетті түсінуде ақпарат бермейтін артық элементтерді түсіру, кейбір сөздерді қысқа синонимдермен алмастыру арқылы жүзеге асады.

«Белгілі бір ақпараттың қайталай берілуі салт-дəстүрге байланысты немесе хабарламаның сенімділігін арттыру үшін имлицитті жəне эксплицитті берілуі мүмкін» [6].

Субтитрлеуде дискурс элементтерін үш типке бөлу бар [7].

  1. Керек элементтер (аудармасы міндетті).

  2. Кейбір бөліктері қажет элементтер (қысқаша, сығымдалған формада берілуі керек).

  3. Артық элементтер (аударма кезінде түсіріп тастауға болады).

Керек элементтер — бұл мəтіннің мазмұнынан ақпарат беретін барлық элементтер. Оларсыз оқырмандар сюжеттің дамуын бақылай алмайды. Екінші, үшінші категорияға төмендегілер жатады:

а) Қайталаулар.

ə) Аппеляцияті құрылымдардағы жалқы есімдер. б) Интернационализмдер.

в) Еліктеуіш сөздер (ах!, ох!, т.б.).

г) Сəлемдесуді, келісуді, келіспеуді, таңдануды білдіретін ым-ишараларға байланысты одағайлар.

д) Фатикалық функциясы ғана бар, семантикалық жүгі жоқ байланыстырушы сөздер.

Бұл көрсетілген элементтердің көпшілігі аудиовизуалды мəтіндердің дыбыстық жолында кездесетіндіктен, түсіп қалуы мүмкін. Дубляждау кезінде аталған элементтерді түсіру міндетті емес, себебі мəтін аудармасын түпнұсқаның дыбысталуына үйлестіру керек. Бұның түрлі тəсілдері бар:

  1. Егер мəтіннің аудармасы түпнұсқа мəтіннен ұзағырақ дыбысталса, түсіріп тастау жəне компенсация əдісін пайдалана отырып, аударма мəтінді қысқарту.

  2. Түпнұсқада жоқ болса да мəтін мағынасына қайшы келмейтіндей фатикалық құрылымдарды, одағайларды, қыстырма сөздерді пайдалана отырып, аударма мəтіннің дыбысталу ұзақтығын арттыру.

  3. Дыбысталу үдерісінде қосымша түзетулер енгізу: ауыр айтылатын дыбыстардың қосындыларынан қашу немесе мəтінді фонетикалық, семантикалық, драмалық деңгейлерде синхронизмге жететіндей етіп редакциялау қажет [8].

Киноаудармасының негізгі түрлерін қарастыра отырып, субтитрлеу мен дубляждаудың əрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар екеніне көз жеткіздік. Бұл олардың аудармасына да қатысты. Бұл ерекшеліктердің əрқайсысының осал жəне мықты тұстары бар, алайда əр мемлекеттің киноаудармаға қатысты өзінің дəстүрлі басымдықтары бар.

Əдебиеттер тізімі

  1. Кузьмичев С.А. Перевод кинофильмов как отдельный вид перевода // Вестн. Моск. гос. лингв. ун-та. — М.: ИПК МГЛУ «Рема», 2012. — С. 45.

  2. Сиранов К. Киноискусство советского Казахстана. — Алматы: Жазушы, 1986. — 158 с.

  3. Матасов Р.А. Перевод кино/видеоматериалов: лингвокультурологические и дидактические аспекты. — М., — С. 141.

  4. Сапожников И. Дубляж и закадровое озвучивание фильмов. — М.: Наука, 2004. — С.

  5. Лось Е. 1 день с диктором: как озвучивают кино. — НашКиев.UA. — [ЭР]. Режим доступа: ua

  6. Валгина Н.С. Теория текста. — М.: Логос, 2004. — C.

  7. Особенности перевода фильмов с субтитрами // Вестн. Сиб. гос. аэрокосм. ун-та им. акад. М.Ф.Решетнева. —Красноярск, 2006. — C. 272.

  8. Чернов Г.В. Синхронный перевод: речевая компрессия. — М.: ИПК МГЛУ «Рема», 1969. 

Филология. Реферат. Семантикалық окказионализмдер
Филология. Реферат. Көркем мəтіндегі метафораның стильдік қызметі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу