Филология. Реферат. Диаспора мен оралмандардың сөйлеу тілінің ерекшеліктері

Oinet.kz 09-09-2020 1186

Қазақстан тәуелсіздік алғанннан бергі уақытта (25 жыл) әлемнің әр мекенінен оралған қазақтар саны миллионнан асып кетті. Күні бүгінге дейін бұл сан толығып келеді. «Диаспора» деген грек сөзі, «шашыранды өсу» мағынасын білдіреді. Осылайша басқа жаққа кетіп, шашыранды жүргендердің немесе шоғыр болып отырғандардың өз атамекендеріне қайтып оралғандарын репатрианттар дейді. Диаспораны қазақша шашыранды шоғыр(колония), ал репатрианттарды еліне қайтқан «оралмандар» деп атау қалыптасты. Отанына оралғандарды терминдік мағына беріп, ерекше атау қажет болды. Оралман атауы осындай номинациялық қажеттіліктен туса керек.

Тұрған жерінде диаспора аталған, атамекенінде оралман аталаған қазақтардың ауызекі сөйлеу тілінде тіл ерекшеліктерінің кездесуі заңды құбылыс. Бұл туралы лингвистика, социология, психология, мәдениеттану сияқты ғылым салаларында зерттеу жүргізудің қажеттігі бар. Жалпы қазақ халқының үштен бір бөлігін құрайтын қазақ диаспорасы бүкіл әлемнің 40 шақты елінде шашырай қоныстанғанымен, оны әрқашан біріктіретін – тек тіл ғана екені белгілі.

Әлеуметтік тіл білімін зерттеуші Б.Хасанов шет елдерде шоғырланған қазақтардың тілін, өмірін зерттеу қазақ тіл білімі үшін ғана емес, дүниежүзі әлеуметтік лингвистикасы үшін мәні зор екенін айта келе былай дейді: «Әлемнің әр жерінде қоныс тепкен қазақтың «қазақ» болып қалуының бірден-бір куәсі – оның сақталған тілі. Бұған дәлел сол – оның ана тілінің көптеген елдерде қазақ өмірінің негізгі төрт саласында, атап айтқанда: тұрмыста, қоғамдық өмір мен көркем шығармашылық, ауыз әдебиеті саласында тиянақты қолданылуы. Демек, қазақ шоғырына байланысты зерттеудің бір бастауы – тіл» [1, 8].

Әрбір халықтың тілін, оның өткені мен олардың тіршілік еткен географиялық, қоғамдық-әлеуметтік ортасы, рухани мәдениеті, діни наным-сенімдері, өзге ұлттармен қарым-қатынасы сияқты факторлармен байланыстыра зерттеу қазақ тіл білімі үшін қажетті деректер алуымызға мүмкіндік береді.

Ауызекі сөйлеу тілінде сақталып, әдеби тілде көп кездесе бермейтін сан алуан фонетикалық, грамматикалық, лексикалық құбылыстар, кездейсоқ пайда болмайды. «Тіл – әрқашан белгілі бір этностық генеологиясымен, азаматтық тарихымен, өмір сүрген ортасымен, қоғамдық даму дәуірімен, материалдық және рухани мәдениетімен, шаруашылық кәсіп түрлерімен, салт-сана, әдет-ғұрпымен тікелей байланысты», – дейді академик Ә. Қайдар [2, 66].

Әр өлкеден келген оралмандардың тілі осындай айырмашылықтармен ерекшеленуі әдеби тілдің қолданысымен қарым-қатынас жасайтын жергілікті ұлт өкілдерінің назарын аудартады.

Қазақстанға келген оралман қазақтардың ауызекі сөйлеу тіл ерекшеліктерін анықтау үшін және фонетикалық, грамматикалық және лексикалық ерекшеліктер негізінде диаспора тілінің сипатын білу үшін мына мәселелер есте болу керек. Бірінші: диаспора, оралмандар тілінің қалыптасуына әсер еткен тарихи фактілер; Екінші: сол өңірдегі көршілес халықтар тілімен салыстырып, олардың өз тарапынан тигізген әсері арқылы диаспора тіліндегі кірме элементтерді ерекшеліктерін көрсету; Үшінші: оралман қазақтар тіліндегі ерекшеліктерді қазақ тілінің басқа сөйленістерімен салыстыра отырып ортақ және өзгеше белгілерін анықтау.

Алыстан келген оралмандардың тарихи жағдайы мүлдем басқаша. Олар байырғы қазақ тілінің қаймағын бұзбай қайтадан әкелушілер.

Демек, олармен бірге қазақ тілі, ата-баба салты ғана емес, әлемдік өмір, тәжірибе, ақпарат, білім көшіп келіп жатыр деуге болады. Оралман бауырлардың жат елде жинақтаған, түйіндеген, игерген мәдени құндылықтары қазақстандықтарға өте қажет. Мысалы, Қытайдағы қа зақ ханзудан, Монғолиядағы қазақ моңғолдан, Ирандағы қазақ ираннан көп нәрсе үйренді. Бұл – байлық, бұл – дереккөзі – қазақ еліне қызмет ететін қатпарлы қазына. «Әр елдегі қазақ әр елдің тілін мықтап игерсе, ол – білім» дейді Н. Назарбаев.

Моңғол жерінде өмір сүрген қазақтар 1992 жылдан бастап, Қазақстанға көшіп қоныстана бастады. Моңғолиядан келген қазақтар тілінде де диалектілік ерекшеліктер сақталып қалған, себебі олар отбасында өзара сөйлескенде дағдылы тілінде еркін сөйлейді, тілдеседі. Моңғолия жеріндегі қазақтардың тілі негізінде бір аймақ көлемінде шоғырланғандықтан территориялық диалект деп қарастырылатын болса, соңғы кездері Қазақстан территориясының әр жеріне шоғырланып орналасқан оралмандар тілінің мәртебесін, соның ішінде әлеуметтік мәртебесі қалай деген сұрақ тууы заңды.

Ауған мен Иран қазақтарының қиыншылық кезінде Ауған мен Иранға ауа көшіп, сол жерді 80 жылға жуық мекен етіп, туған отаны Қазақстанға қайта көшіп келе бастады. Қазақтардың онда көшіп бару тарихы 1917 жылғы Қазан төңкерісінен басталады да, 30-жылға дейін созылады. Ауғанстанға көшіп барғандар орта жүз – арғын, қоңырат, одан соң кіші жүз – адай, табын, кете, шөмекей тайпалары. Көптеген тарихи деректерден зерттелініп отырған өлке қазақтарының пұштулармен, парсылармен, өзбектермен, түркмендермен көп жылдардан бері бірге өмір сүріп келгендігін көреміз. Соның нәтижесінде бұл өлке қазақтары біраз тілдік этнографиялық ерекшеліктерге ие болған.

Ауғанстан, Иран қазақтарының тарихын, этнографиясын, этникалық тобы мен тілдік ерекшеліктерін зерттеу жұмысы 1993 жылдан бастап, Қазақстанға көшіп келе бастаған күннен жүргізілді. Ауған, Иран қазақтары туралы сол елдерде қызмет істеген, іссапарларда болған қазақ ғалымдары мен мәдениет, ғылым қайраткерлерінің публицистикалық мақалалары газет беттері мен кейбір жинақтар материалдары бұқаралық ақпарат беттерінде көріне бастады.

Ал Қарақалпақ өңірінен келген қазақтарды екі топқа бөліп зерттеуге болады. Бірінші топқа өте ертеден қарақалпақтармен бірге Сыр бойынан көшіп барып, Солтүстік аудандардағы қарақалпақтармен аралас отырған қазақтар, екінші топқа Батыс Қазақстаннан көшіп барып, өзбектер мен түрікмендердің арасына қоныстанған оңтүстік аудандардың қазақтары жатады.

Тәжік тұрғындарының этникалық құрамы Кіші жүз қазақтары болғанымен, тіл ерекшелігі жағынан ауызекі тілінде негізінен оңтүстік сөйленістер тобына тән сөздердің басым екенін аңғаруға болады [3, 35].

Диаспора мен оралмандар тіліне екі тілдік (билингвизм) сипат тән, себебі, өздері мекендеген ел, орта тілін еркін меңгеру мен өз ана тілінде сөйлеу, әлеуметтік фактор ретінде саналады. Біз осы мақалада тек Қытай қазақтарының тілдік ерекшеліктеріне ғана тоқталамыз.

Қытайдағы қазақтардың тіліне екі түрлі фактор әсер еткені байқалады. Оның бірі – сыртқы фактор, яғни ғасырлар бойы қоян-қолтық аралас өмір сүріп отырған қытай, ұйғыр, азды-көпті моңғол тілдерінің игі әсері болса, екіншісі – жалпы халықтық тілді негіз ете отырып, тілдің ішкі даму заңдылығы бойынша дамуы.

Қытай қазақтары тіліне біршама көңіл бөлген ғалымның бірі – профессор Гың Шымин. Ғалым өзінің «Қазақ тілі грамматикасы» деген еңбегінде осы өңірде тұратын қазақтар тіліндегі ерекшеліктерге егжей-тегжейлі тоқталған [4, 59]. Ғалым Қытайда тұратын қазақтар тілінде аса үлкен тілдік ала-құлалық жоқ екендігін, Қытай қазақтары негізінен тілдік тұтастығын сақтап қалғандығын атап көрсетеді. Соған қарамастан тілдік ерекшеліктер мүлдем жоқ еместігін атай келіп, ғалым Қытай қазақтары тілін шығыс-солтүстік сөйленіс аймағы мен батыс-оңтүстік говор аймағына бөліп қарастырады. Екі сөйленістегі аймақты салыстыра отырып, Гың Шымин шығыс-солтүстік сөйленіс аймағының территориясының кеңдігін, халқының саны да молдығын ескере отырып, Қытай қазақтары әдеби тілінің қалыптасуына негіз болып отырған осы шығыс-солтүстік сөйленісі екендігін айтады.

Қытай қазақтары тілі туралы жазған зертеушілердің бірі – Жақып Мырзаханұлы. Ол қазақ тілі ерекшеліктерінің қалыптасу тарихы көне рулық, тайпалық кезеңнен басталатынын, бірақ қазақ тілі біртұтас халық тілі болып қалыптасқандығын, сондықтан аздаған дыбыстық, лексикалық өзгешеліктерге ұшыраған ру тілдері бар екенін айтады [5, 4].

Қытай қазақтарының тіліне көңіл аударған – Нұрғабыл Солтан Шәріпұлы. Ол «Жунго Шыңжаң қазақтары мен Қазақстан қазақтары тілінің фонетикалық өзгешеліктері» атты мақаласында екі аймақ халқы тіліндегі біршама дыбыстық ерекшеліктеріне тоқтаған [6, 8-20].

Чын Янян былай дейді: «Қазақ халқы тарихи себептер салдарынан, екі елге бөлініп қоныстанғандықтан, қазақ тілі шекара аттаған тілге айналды. Екі елге бөлініп қоныстанған қазақ халқында тегі бір тамырдан тараған көптеген ортақтықтар болса да, бірақ өздері қоныстанған екі елдің қоғамдық, экономикалық мәдениет дамуының деңгейі әркелкі жүргізіп отырған ұлт саясаты мен ұлттық тіл-жазу саясатының басқаша болу себебінен, сондай-ақ өзге ұлт тілінің ықпалына ұшырау дәрежесі ұқсамағандықтан Қытай қазақтары тілі мен Қазақстан қазақтары тілінде кейбір ерекшеліктер пайда болды. Әрине, бұған тағы екі елдің географиялық ортасы мен қоғамдық мәдениетінің де өзіндік ықпалы болады» [7, 239].

Қазақ тілшісі Ж.Болатовтың «Қытайдан келген қазақтар тіліндегі жергілікті ерекшеліктер» атты еңбегін де айта кетеміз. (Алматы: Ғылым, 1990. – 38 б.)

Қытай қазақтары тілінің зерттелу сипатын жинақтай келе айтарымыз, біріншіден, Қытай қазақтарының тілі жан-жақты ғылыми тұрғыдан бүгінге дейін арнайы қарастырылуда. Қытай қазақтары тіліндегі ерекшеліктер негізінен Қытай ғалымдары тұрғысынан едәуір зерттелген. Алайда, бұл зерттеулер біртұтас емес. Көбінесе шашыраңқы түрде қарастырылған. Олай деуімізге себеп, кейбір ғалымдар Қытай қазақтарының тілін Қазақстан қазақтарының тілімен жалпылай салыстырады.

Олардың тілдік ерекшеліктерінің пайда болуына әсер еткен төмендегідей үш факторды атап айтуға болады:

Біріншісі – атамекеніндегі жергілікті тіл ерекшеліктерінің белгілері; Екіншісі – жергілікті қытай, ұйғыр, дүнген сияқты халықтармен араласудың әсерінен болған кірме сөздер мен тілдік құбылыстар; Үшіншісі – басқа тілдік сөздердің бұл «сөйленіске» тікелей емес, ұйғыр тілі арқылы жанама өтуі.

Сөйлеуші өзінің тілінде жергілікті ерекшелікті ендіріп сөйлеуі, әдеби тілдегі толық айтылатын тұлғаларды қысқартып айтуы – осының бәрі ауызекі сөйлеу тіліне жатады. Ауызекі сөйлеу тілі стилі бойынша сөйлемде сөйлем мүшелерінің толық болуы шарт емес, сөйлеушінің айтайын деген ойы, ым, қимыл, интонация арқылы да толықтырылып отырады. Фонетикалық ерекшеліктер ішінде оралмандар тілінде қазақ сөздері жұмсақ әрі жіңішке естіледі. Мәселен а дыбысының оралман қазақтар тілінде кейбір сөздерде жіңішке айтылу жағдайы ұшырасады. Мысалы:

жаңағы – жәңегі асылы – әсілі шашу – чәшу жаңа ғана – жәңе ғана мысалы – місәлі мазақ – мәзәқ

түрінде айту Қытай қазақтары тілінде басым. Бұл құбылыс жергілікті қазақтар тілінде де кездеседі. Ауызекі тілде қытай тілінен қабылданған сөздердің фонеманың бірігуінен буын , яғни қытай тілінде шыңму, иұнму, дыбыс ырғағы сияқты буынды құрайтын бөлшектер арқылы фонетикалық өзгерістермен дыбысталады. Мысалы,

Гүпүңжи – Gufengji – жел үрлеуіш – gypyŋʤɨj 鼓风机 ; Тоба – toba – еден сүрткіш – Tuoba 拖把;

Пәйсүр – paichusuo – сақшы бөлімшесі – pаjsur 派出所.

Фонетикалық ерекшеліктер қазақтардың жас ерекшеліктері мен әлеуметтік жағына қарай да өзгеріп, сөз варианттары пайда болуы мүмкін. Себебі жасы үлкендер кірме сөздердің дыбысталуын неғұрлым өз тілінің заңдылығына қарай бейімдесе, жастар жағы сол ұлт тіліндегі дыбысталуын сақтауға ұмтылады.

Дүниеде барлық ұлттар түлі мәдени-экономикалық қарым-қатынастар негізінде сөз алмасады. Қытай тілінен қабылданған сөздердің лексикалық ерекшеліктері туралы айтқанда мына мәселе есте болу керек. Кірме сөздердің барлығы лексикалық қабаттарды толықтыра бермейді. Кейбір кәсіби және терминдік лексика қолданыста жүреді. Мысалы: шай (茶), сәй (菜), жусай (韭菜), лобы (萝卜), борми (苞米), жың (斤), жозы (桌), хуасың (花生), шақай (鞋子), лазы (辣子), му (亩), газыр (瓜子), жоса (朱砂), дазыбау ( 大字报), т.б. Осындағы шай сөзінен басқасы сәй, жусай, борми, жозы, лазы Қазақстанда да диалектизмдер қатарында қолданыста бар.

Қытай сөздері тұлғалық жақтан өгермейді. Ал Қытай қазақтарының әсіресе жастар тілінде тіліне кірме сөз ретінде енген сөздерге ауызекі сөйлеуде морфологиялық түрленулер тән Мысалы: Шужи (手机) :шужи+ым; сәй +лер (很多菜): юпан +мен juwpan U盘,(优盘).

Тіл мәдениетінің ең маңызды мәселелерінің бірі – сөз варианттары.

Сөз варианттары сөйлеу, жазу нормасынан ауытқуына байланысты абсолюттік және қатысты деп бөлінеді. Абсолюттік вариант: тіл – тіл, қыз – қыз, ұл – ұл, су – су т.б. Ал, қатыстық вариантқа мағыналары бір-біріне жақын, стильдік айырмашылықтары бар сөздер қатарын оралмандар сөйленісінен жиі байқалады. Қытай қазақтары тілінде: қимыл оздыру – іс-шара өткізу; далаң – коридор; бөгенайбелгі; сабақтан түсу – сабақтан шығу; жалғасты оқу –жалғастырып оқу. т.б. ҚХР-дан келген студенттер тілінде қолданылып жүрген бірқатар сөздерде қытай және ұйғыр тілдерінің элементтері ұшырасады. Мысалы: уақыт тошты, қыжалат болу, зауфан қылу т.б. Бұл ретте оралман жастардың қазақ әдеби тілінің нормасына бейімделуі алдымен жазу мәдениетін игеруден бастайды.

Қорыта келгенде, Қытай қазақтары тілінде ханзу тілінің басымдығы кірме сөздер қатарының орынды-орынсыз қолданысқа ие болуы тіл тазалығы мен сөз және сөйлеу мәдениетінің орасан өгерістерге түсуі белең алып бара жатқаны байқалады.

Қытай қазақтары жастарының тілі қалалықтар арасында (ауыл-қыстақта да солай) ханзу сөздерін қазақ тілінің заңдылықтарына икемдеп, грамматикалық түрлендіру амалдары сөйлеу мәдениетінің жұпынылығын көрсетеді.

Сондықтан да, қай кезде болсын сауатты адамдар өз заманының әдеби тіл нормасын сақтауға міндетті, егер оны бұзып, ауызша әдеби тіл үлгісінде не ауызекі сөйлеу тілімен сөйлеп және жазатын болса, тіл мәдениетіне орасан зиян жасайды. Сол тілдің иесі өз тіліне деген азаматтық жауапкершілігін жоғалта береді. Ал бұл құбылыс тереңдей берсе, онда өзінің келер ұрпағына табыстайтын ана тілінің қасиеті қалмайды.

Диаспора мен оралмандар тілінің болашақтағы жағдайы туралы ұсыныс ретінде айтарымыз: әр дәуірдің әдеби тіл нормасы бүгінгі тіл нормасындай емес, әр кезеңнің әлеуметтік жағдайына байланысты, әдеби тіл нормасы да өзгеріп отырады. Сол себепті Қытайдағы қазақ диаспорасының әдеби тілі туралы түбегейлі ғылыми зерттеу қажеттігі проблема болып тұрған мәселе. Кешегі көшпелі кезден бері сақталған тұрмыстық мәдени лексика және көнерген сөздер қолданысы туралы зерттеулер тіл тарихы мен ұлт мәдениеті үшін аса маңызды екенін ескеру керек.

 

Әдебиеттер

  1. Хасанұлы Б. Ана тілі – ата мұра. – Алматы: Жазушы, 1992. – 250 б.

  2. Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. – Алматы: Ана тілі, 1998. – 304 б.

  3. Нақысбеков О. Қазақ тілінің оңтүстік говорлар тобы. – Алматы, 1982. – 166 б.

  4. Гың Шымин. Қазіргі қазақ тілі грамматикасы. – Пекин: Орталық ұлттар университеті, 1998. – 291 б.

  5. Мырзаханұлы Жақып. Қазақ халқы және оның салт-санасы. – Үрімжі: Шыңжаң халық баспасы, 1992. – 598 б.

  6. Солтаншарыпұлы Н. Шыңжаң қазақтары мен Қазақстан қазақтарының тіліндегі кейбір дыбыстық айырмашылықтар // Тіл және аударма. – Үрімші, 1993. – Б. 8-20.

  7. Чын Янян. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясынан зерттеулер. – Пекин: Ұлттық баспа, 2000. – 242 б.

Филология. Реферат. Шетелдегі қазақ баспасөзі
Филология. Реферат. Номинация үдерісінің психолингвистикалық аспектісі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу