Филология. Реферат. Номинация үдерісінің психолингвистикалық аспектісі
Лингвистиканың жеке бір саласы ретінде тілдің аталымдық қызметін зерттейтін номинация теориясы ХХ ғасырдың 70-жылдары қалыптасты. Номинация теориясының зерттеу пәні ̶ тіл-ойлау-болмыс бірлігінің нәтижесінде атаудың түзілу жолдарын қарастыруға негізделеді. Қазіргі тілдік зерттеулер тілдік құбылысты, оның ішінде, номинация теориясын көпаспектілік қырынан тануға бағытталып отыр.
Зат, құбылыс, іс-әрекетке атау беру, оларды сөздің көмегімен таңбалау мәселесі тіл ғылымында ХХ ғасырдың ортасынан бастап ономасиолигиялық бағытта зерттеле бастады. Бұл бағытта ғылыми зерттеулер жүргізген В.Н. Телия, А.А. Уфимцева, Е.С. Кубрякова, Н.Д. Арутюнова, Г.В. Колшанский, Б.А. Серебренников; қазақ тілші-ғалымдарынан Ә. Қайдар, Р. Сыздық, Т. Жанұзақ, Ж. Манкеева, Б. Сағындықұлы, Б. Қасым, Е. Керімбаев, А. Салқынбай, М. Гинатуллин, Қ. Рысберген сынды ғалымдардың есімдерін атауға болады. Ономасиологиялық бағыттағы зерттеулер номинация процесін қоршаған ортаға қатынасы тұрғысынан жүргізеді. Номинативті парадигма мәселесін қарастыру барысында сөздің тек затпен ғана емес, белгілі бір дәрежеде сана, ойлау, дүниетаным жүйесімен де байланыстыра қарастыру қажеттілігі туралы көзқарас пайда болды. Бұл идея Фрегенің семантикалық үшбұрышында көрініс тапты. Сөз мағынасын құраушы негізгі элементтерді сипаттай отырып, Фреге концепциясы бойынша сөз мағынасының тілдік жүйеден тыс көптеген жекелік мәнге ие ұғымдық қатынастар жүйесін түзетіндігін айқындаймыз. Осыған орай, сөз бен оның мағынасы қазіргі таңда психологиялық аспект тұрғысынан қарастырылуда. Номинация теориясы лингвистикалық бағытта зерделенyімен қатар, аралық пәндердің де нысаны бола алады. Тілді биологиялық құбылыс ретінде таныған А. Шлейхер, М. Мюллер номинация процесі ментальді-сезімдік қабылдау арқылы түзілетіндігін атап көрсетеді. Г. Шухардт зат, құбылыс атауларының шығуы мен қалыптасу тарихы тілді тасымалдаушы ұжымдық сананың дүниетанымымен тікелей байланысты екендігін айтады. Ол номинация процесін қайсыбір халықтың қоршаған ортаны қабылдау, болмысты санада категориялау, концептуализациялау жүйесімен тікелей байланыста қарастыруды ұсынады. Жалпы лингвистикадағы «әрекет» ұғымы атау беру қызметін қоршаған орта туралы аялық біліммен, экстралингвистикалық факторлармен байланыста қарастыруға мүмкіндік береді. Себебі зат, құбылыс, сапа, әрекет белгілеріне атау беру халықтық дүниетаныммен, ой-сананың өсуімен, ұлттық психологиясы мен діліне байланысты айқындалуы тиіс. Дүниедегі заттар мен құбылыстар жоғарыда көрсетілген ментальді-сезімдік қабылдаулар арқылы адам санасында таңбаланады. Сөз негізгі семантикалық қызметі арқылы мағына тасымалдаушы таңба ретінде сөйлеу әрекетінің минималды ұғымдық немесе мағыналық бірлігі ретінде қызмет атқарады. Сөз тілдік жүйенің, әрі сөйлеу тілінің бірлігі ретінде өзара диалектикалық бірлікте болады. Индивидтің сөйлеу тілінде сөздің түрлі мағынадағы қолданысы интеллектуалды әрекет ретінде танылады. Өйткені сөз мағынасы психолингвистикада ойлау әрекетінің бір аспектісі ретінде қарастырылады. Мұның өзі онтогенез процесінде сөйлеу және интеллектуалды әрекеттің маңыздылығын көрсетеді, өйткені бұл әрекеттер адам танымының дамуында негізгі аспект болып табылады. Ағылшын зерттеушісі Дж.Томастың ұстанымында «әрекет» теориясы арқылы сөйлеуші мен адресаттың бірлескен әрекеті нәтижесінде лексикалық мағынаға ие жаңа сөз туындайтынын алға тартады. Мәселен, ағылшын тілінде компьютерлік дискурсқа байланысты коммуникативті әрекет пен субьектінің атау беру шығармашылығы байланысының нәтижесінде материнская плата, мышка, окно, проводник, скачивать сияқты атаулар пайда болған. Яғни адресант пен адресаттың бірлескен әрекет процесінде атау беруде зат не құбылыстың қандай да бір белгілері номинацияға негіз болады.
Психология мен философияда ұғым адам санасында қоршаған ортадағы қабылданған заттар мен құбылыстардың сезімдік-көрнекі белгілері болса, тілдік жүйеде ұғым адам санасындағы мағынаны репрезентациялау тәсілі ретінде көрініс береді. Белгілі бір зат, құбылыс, сапа не әрекет туралы ұғым қалыптастыру ‒ адамның танымдық қызметінің бірі. Ал танымның жоғары сатысы ретінде ойлау әрекеті шындық өмірдегі заттар мен құбылыстардың, іс-әрекеттердің жалпы қасиеттерін, мәнді белгілерін бейнелендіріп, олардың арасындағы нақты байланыстар мен жаңа қатынастардың ашылуына үлкен септігін тигізеді. Қоршаған ортаны тану, оны қабылдау әрекеті уәжділікпен байланысты. Ал уәжділік сезімге, эмоцияға қатысты болғандықтан, психология ғылымында да қарастырылады. Себебі психология ғылымында адамның барлық іс-әрекеті, мінез-құлқы белгілі мөлшерде уәжделген болып саналады.
Затқа, құбылысқа, іс-әрекетке атау беру әр халықтың материалдық және рухани мәдениетінің, ұлттық ойлау жүйесі мен ұлттық ділінің ерекшелігін танытады. Затқа атау беруде, ең алдымен, оның мәнді және мәнсіз уәждік белгілері айқындалады. Анықталған уәждік белгілер затқа атау беруге негіз болады. Атау беру үдерісі сол ұлттың өмір сүру тәжірибесіне байланысты. Сондықтан тілдік таңбалар ұлттың дүниетанымы мен тұрмыс-тіршілігінің тілдегі бейнесі болып табылады. Белгілі бір затқа атау бергенде адам баласы бір нысанды ұқсас нысаннан ажыратып тұратын белгісін негізге алып таңбалайды. Мұндай белгілер түрліше болуы мүмкін: түсі, көлемі, формасы, қызметі, материалы, екінші бір нысанға қатысы т.б. Тіл білімінде бұл белгілер уәждер деп аталады. Таңба мен таңбаланушы арасындағы осы уәждік белгілер экстралингвистикалық факторларға негізделеді. Мәселен, қызылсу – өзен бетіне мұз жарығынан шыққан су [1, 508-509]. Көбіне қысы қатты аймақтардағы суы мол өзендерге тән. Қызылсу өзендегі су ағымының күрт көбеюінен, мұз астындағы қысымның жоғарылауынан пайда болады, кейде жер асты сулары мол өңірлерде де байқалады. Ойымыз дәлелді болу үшін, бұқаралық ақпарат құралдары тілінен деректер келтірейік. Мысалы: Шығыс Қазақстан облысында күннің күрт жылынуынан қар еріп, қызылсу аулаларды басып қалды. Шығыста күн күрт жылынып, қызылсу көтеріле бастады. Ұзаққа созылған қыстан соң, Орталық Қазақстандағы бірқатар елдімекендер көктемгі қызылсудың астында қалу қаупі төніп тұр.
Әрбір халық, этностық топ қоршаған ортадағы түр-түс ұғымын өздерінше танып, этномәдени дүниетанымында тұжырымдайды. Қызыл түс о баста күннің, оттың түсіне байланысты қабылданып, қазақ халқының санасында әлі күнге дейін символдық мәні (қасиеттілік, махаббат, билік) сақталған. Жалпы алғанда, от, сезім, көңіл қызыл түспен байланыстырылады. Қазақтың ұлттық мәдениетінде қызыл түстің жағымды бағалауыштық мағыналары түрлі сезімдік коннотацияға байланысты әдемілік, махаббат, жастық, қуаныш, шешендік сияқты ұғымдармен ассоциациялық байланысқа түсіп, тілдік санада қызыл шырайлы, қызыл тіл, қызыл алма тіркесімдері арқылы таңбаланған. Сонымен қатар қызыл түстің қызыл кеңірдек болу, қызыл өңеш болу, қызыл көз пәле, қызғаныштың қызыл түлкісі сияқты жағымсыз коннотациялық мәні бар екендігін тіл бірліктері айқындайды. Сондай-ақ, қызыл түс стереотиптік қолданыс ретінде терминдік тіркесімнің құрамында қолданысқа түсіп, қызыл бұрыш, қызыл ағаш, қызыл түйіршік, қызылсу, қызыл әскер, қызыл отау сияқты екіншілік номинацияның түзілуіне әсер еткен.
Қазақ халқының санасында қызыл түс отпен ассоциацияланатын болса, оттың белгілі бір дәрежеде жан-жағына қауіп-қатер төндіретіндігі белгілі. Осындай ассоциациялық қатынас негізінде қызыл ↔ от ↔ қызылсу атауы туындаған. Халықтың тілдік санасында өзен, көл суының өз арнасынан асып-тасуы, осылайша жан-жағына қауіп-қатер төндіруі қызысу ұғымымен таңбаланған. Сонымен қатар тілімізде қызылсу ұғымымен байланысты қалыптасқан қызылсудай жүру тұрақты тіркесі «баса-көктеп ойлағанын істеді, әмірін жүргізді» деген ауыс мағына да екіншілік номинация жасалған [1, 509-510]. Өзен, көл суының өз мөлшерінен асып-тасуы қоршаған ортаға белгілі бір дәрежеде қауіп-қатер төндіретіндігі, өз ернеуінен асқан судың жолдағының бәрін таптап, шайып өтуі суға тән физикалық құбылыс екендігі белгілі. Судың өзіне тән табиғи уәждік белгілер негізінде адам бойындағы жағымсыз қасиеттерді бейнелеуде адам
↔ табиғат оппозициясы негізінде метафоралық жолмен қызылсудай жүру тіркесі қалыптасқан. Адам дүниені сезім мүшелерінің көмегімен танып біледі, осы танылған нәрсенің нәтижесі дерексіз ойлау жүйесі арқылы екіншілік номинацияны қалыптастырады. Адамның белгілі бір ұғымды танытуда ақпарат адам санасында қалай қабылданса, сол күйінде жадыда сақталып, сол ұлтқа тән тіл арқылы көрініс табады. Кез келген дүниені қарап тани отырып, санада қалыптасқан ассоциацияны немесе сол дүние туралы ұғымды тіл арқылы жеткізу үшін адам біліми, мәдени, рухани танымына сүйенеді. Ол тілдік қордағы лексикалық, фразеологиялық және паремеологиялық құрылымдар арқылы көрініс табады. Мысалы, қойға қатысты момындық, жуастық, қоңыр тіршілік, байлық, сұлулық сияқты қазақ халқының ұлттық санасында стереотипке айналған қарапайым ассоциацияларды құраса, ақынжазушылар танымында ассоциативтік білім көздері бейнелі түрде көрініс табады.
Когнитивті теория тұрғысынан алғанда, тіл ‒ таным құралы, аялық білім жүйесінің құралы, сонымен қатар сана әрекеттерін жүзеге асырудың тәсілі. Адам әрекетінің тез қарқындап дамуы оның тілінде көрініс табады және лексикалық жүйеде бейнеленеді. Осылайша, адамның түрлі әрекеті арқылы түзілген контексте тілдік бірліктер өзара қатынасқа түсе отырып, болмыс-
ты бейнеледі. Е.С. Кубрякова: «Функционалды лингвистикада атау нәтижесі ғана емес, атау жасау процесінің өзі де негізге алынуы тиіс» деген ғылыми-теориялық пікір білдіреді [2, 54]. Яғни, номинация теориясында таңбалаушының таңбаланушыға еркін қатынасы аталымның шығармашылық негізі болып табылады. А. Потебня өз концепциясына В.Гумбольдт тұжырымдамаларынан тілге сөйлеу әрекеті ретінде қарау көзқарасынан басқа, жаңаша ойлау негізінде «ішкі форма» терминін енгізеді. А. Потебняның түсінігінде ішкі форма ̶ сезім мүшелері арқылы қабылданған зат, құбылыс, іс-әрекеттің субьективті мәнді белгісі, соған орай мағынаның ең негізгі белгісі [3, 68]. Сөздің ішкі формасы ойды қалыптастыру құралы ретінде сезім мүшелері арқылы қабылданған негізгі белгілерді біріктіре отырып, оның санада бейнеленуіне негіз болады. Атау беру актісіне үш компонент қатысады: таңбалаушы, таңбаланушы және атау-таңба. Сөз затты, нәрсені, құбылысты, әрекетті атай отырып, сол зат арқылы алынатын ақпаратты қодқа түсіреді. Тілші-ғалым А. Салқынбай: «... атау тілдегі лексикалық бірлік ретінде ғана емес, әлем бейнесін жасауға қызмет ететін номинативтік қызметімен бағалануы қажет. Тіл дамуы әлем бейнесін танып-біліп, олардың әртүрлі белгісі мен қасиеті, сапасы мен саны, қимылы мен әрекеті, амалы мен сипатына атау беру арқылы орындалады» деген пікірін айтып өту орынды [4, 89]. Өйткені, заттар мен құбылыстардың белгілерін таңбалау қызметі халықтың этномәдени дүниетанымымен, ой-санасының өсуімен, ұлттық психологиясы және ділімен астасып жатады.
Белгілі бір затқа, құбылысқа, нәрсеге тән белгі-қасиеттің жиынтығы заттың сапасын құрайды. Заттың бойында өмір сүретін белгілер мен қолданыс үстінде айқындалатын сапаны тілдік бірлікпен атау адамның таным әрекетімен байланысты. Таным үрдісі екі деңгейден тұрады. Алғашында адам затты таниды, белгілерін анықтайды, ал келесі деңгейде анықталған белгілерге қарай оны қолданудың жаңа жолдарын іздейді. Қолданыста зат жаңа сапаға ие болады.
Ғалам бейнесін категориялар, концептілер жүйесі негізінде тану ‒ танымның нәтижесі. Логикалық категориялар мен абстрактілі ойлау жүйесі таным процесінде бірте-бірте қалыптасады. Мәселен, сапа категориясы затқа тән сынсипатты анықтайды. Адам баласы, ең алдымен, затқа тән мәнді және мәнсіз белгілерді айқындайды, танылған мәнді белгілердің негізінде санада пайымдау арқылы дерексіз ойлау деңгейіне жетеді. Соның негізінде адам санасында екі зат, екі құбылыс не екі іс-әрекет арасында ассоциациялар қалыптасады. Заттың бойында өмір сүретін белгілер мен қолданыс үстінде айқындалатын сапаны тілдік бірлікпен атау адамның таным әрекетімен байланысты. Мәселен, әуе жолы, тас бауыр құрамындағы зат есімдердің тұрақты қолданысы сөздің атауыштық қызметін қалыптастырған.
Таудың қатты жынысы, соның үлкенді-кішілі бөлшектері мағынасын иеленетін тас сөзі өн бойындағы қаттылық белгісі негізінде адам ағзасында зат алмасудың бұзылуынан пайда болатын түйір затты да метафоралық тәсіл негізінде тас деп атаймыз, адам санасындағы қатты заттың (тастай қатты) қатал, қатыгез ұғымымен ассоциациялануы негізінде ауыс мағынада тас бауыр; тастың ауырлық белгісінің негізінде зіл қара тас; қатты заттың бойындағы беріктік ұғымдық белгісі тастай берік сынды тілдік бірліктердің қалыптасуына әсер еткен. Сонымен қатар тастың суықтығы сөйлеу тілінде тастай суық, мұздай ұғымында қолданылады. Тілдік жүйеде мұндай тілдік бірліктердің қалыптасуы адамның ойлау, пайымдау, болмысты тану әрекеттерімен тығыз байланысты. Сөйлеу тілі негізінде тас сөзімен байланысты қалыптасқан терминдік атаулар қаншама: шұбар тас (гранит), су тас (хрусталь), ақ тас (кварц), жанғыш тас (көмір), отты тас (пирит), шақпақ тас (кремень), асыл тас, бағалы тас. Жоғарыда берілген атаулардың негізінде бұл белгілердің тастың өн бойында бар екендігін білеміз. Берілген термин сөздердің көпшілігі қазақ халқының санасында қалыптасқан, жалпыхалықтық сипат алған сөздердің негізінде жасалып, ономасиологиялық тұрғыдан екінші дәрежелі номинация қатарын құрайды.
Әдебиеттер
Қазақ әдеби тілінің түсіндірмелі сөздігі. – Алматы: Арыс, 2011. – 15 т. ̶ 575 б.
Кубрякова Е.С. Номинативный аспект речевой деятельности. – М.: Наука, 1986. ̶ 159 с.
Потебня А.А. Из записок по русской грамматике. – Л.: Изд-во Академии Наук СССР, 1958. ̶ Т. І-2. ̶ 320 с.
Салқынбай А. Тарихи сөзжасам (семантикалық аспект). – Алматы: Қазақ университеті, 1999.