Филология. Реферат. Шетелдегі қазақ баспасөзі

Oinet.kz 09-09-2020 1137

Шетелдегі қазақ баспасөзі – Қазақстан журналистикасының ажырамас бөлігі болып табылады. Сондықтан, қазақ диаспорасы баспасөзінің ұлттық журналистикамыздағы атқарған тарихи рөлін, орнын, қазіргі қызметін, келешектегі бағыт-бағдарын талдап, тану қазіргі кезде аса маңызды. Тағдырдың жазуымен шекара асып кеткен қазақтар атамекенінен жырақта жүрсе де, ұлттық құндылық пен салт-дәстүрімізді сақтап қалу үшін көптеген игі істер атқарып жүр. Сол мәселені мақалада сөз етпекпіз.

Қазіргі күні қоғамдағы тәрбиенің басты құралына айналған қазақтілді БАҚ-тың шетелдердегі жай-күйі қандай? Бұл жақта журналистер қауымы қазақтілді аудиторияға қандай үлгі-өнеге көрсетіп жүр? Осы сауалдарға жауап іздейтін болсақ.

Зерттеушілердің пікірінше қазіргі кезде әлемнің 40-тан астам мемлекетінде үш жарым миллиондай қазақ өмір сүріп жатыр екен. Олардың тарихи Отанынан қоныс аударуының әр түрлі жолы, себептері бар. Саяси ғылым шетелдердегі қазақтарды қоныстану, тарихи отанынан көшу себептеріне байланысты диаспора, ирридент және эмигрант деп қарастырады. «Диаспора – белгілі бір халық бөлігінің экономикалық, географиялық және саяси факторларға байланысты басқа елге күшпен көшірілуі», – деп Кеңестік энциклопедияда анықтама берілген [1, 239]. Ал эмигрант – өз Отанынан саяси, экономикалық, діни т.б. мәселелерге байланысты еріксіз қоныс аударушы болса [2, 162], ирридент – өзінің тарихи Отанында, яғни атамекенінде өмір сүріп жатқан, бірақ белгілі бір саяси жағдайларға байланысты өзге мемлекет құрамында қалып қойған халық бөлшегі. Осы анықтамаларды қазақ халқына байланысты айтар болсақ, Ресейдің Астрахань, Орынбор, Қорған, Омбы, Таулы Алтай автономиялық облысы, Қытайдың Алтай, Тарбағатай, Іле, Құлжа, Монғолияның Баян Өлгий аймағындағы, Өзбекстанның Сырдария, Шыршық, Қызылқұм, Мырзашөл аудандарында өмір сүріп жатқан қазақтарды ирриденттер деуімізге болады. Ал басқа шетелдердегі қазақтарды, сонымен бірге Қытайдан, Монғолиядан Еуропа елдеріне саяси, тарихи немесе басқа да жағдайларға байланысты қоныс аударуға мәжбүр болған қазақтарды эмигранттар деп атағанымыз дұрыс болар еді.

Ресей ғалымдары диаспора мен миграция мәртебесін бөліп қарастырып жүр. Тарихшы ғалым В.А.Тишков: «Диаспора – саяси ықпалдың әсерінен қоныс аударушылар болса, миграцияда – әлеуметтік жағдай басым»,дейді [3, 42-63]. Ал А.Зеленин: «Ресейден 1917 жылға дейінгі қоныс аударғандар мигранттар болса, 1917 жылдан кейін қоныс аударғандар эмигранттар. Бұлар ХХ ғасыр басындағы орыс диаспорасын қалыптастырды», – деген пікірді айтады [4, 30].

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 24 жыл ішінде тарих, мәдениеттану, этнография, философия, әдебиеттану, лингвистика ғылымдарында шетелдердегі отандастарымыздың өмір сүру салты, этнографиясы, тілі, әдебиеті және тағы басқа салалары зерттеле бастады. Ұлттық ғылымдағы мұндай өзекті мәселеден журналистика тарихын зерттеушілер де шет қалған жоқ. Р.Ш. Нуриденнің (Халықаралық радиожурналистика. Алматы, 2012), Р. Шәріпқызының (Қазақша хабар тарататын шетел радиолары. Алматы, 1997), Д. Баймолданың («Азаттық» радиосы. Тарихы мен тәжірибелері. Алматы, 2009), Н. Омашев пен Ш. Бегімтаеваның (Қазіргі шетел журналистикасы. Алматы, 2000) еңбектерінде шетелдерде шығатын және жарық көрген қазақ басылымдары туралы еңбектерінің жаңалығы мол зерттеулер деп атауға болады. Сондай-ақ, бұл тақырыпта бірнеше кандидаттық диссертациялар да қорғалды. Дей тұрғанмен, бұл шетелдерде жарық көретін қазақ басылымдары толыққанды зерттеліп болды дегенді білдірмейді. Журналистика тарихында әлі де жете зерттеу мен зерделеуді қажет ететін мәселелер жетерлік. Соның бірі – шетелдегі қазақ журналистикасы. Бұл бағыттағы алғашқы және тұшымды іргелі зерттеу тарих ғылымдарының докторы, профессор К.Есмағамбетовтің «Әлем таныған тұлға» атты монографиясын (Алматы, 2008) атауға болады.

Саяси ғылымдар шетелдерде өмір сүріп жатқан отандастарымызды диаспора, эмигрант, ирридент мәртебесі тұрғысынан қарастырып отырған кезде, шетелдерде жарық көретін қазақ тілді басылымдардың шығу тарихын, ұстаным-бағыттарын зерделеп көрелік. Эмигранттық басылымдар немесе шетелдердегі қазақтілді басылымдар тұрғысынан айтатын болсақ, олардың мәртебелерін анықтау – бүгінгі ғылым, соның ішінде журналистика тарихы үшін өте қажет. Өйткені шетелдерде шығатын, бұрын жарық көрген барлық басылымдарды бірдей эмигранттық басылымдарға жатқыза алмаймыз. Белгілі саясаттанушы ғалым, көші-қон үрдістері мен отаншылдық, елжандылық мәселелеріне бірқатар еңбегін арнаған демограф ғалым Мақаш Тәтімов «Саясат» журналының 1997 жылғы жетінші нөмірінде жарияланған «Тар өткелде» деп аталатын мақаласында: «1992 жылы Қазақстаннан кеткен орыс жерлестеріміздің көпшілігі Ресейге барғаннан кейін «босқындардың» заңды құқығын алу үшін жандарынан қосып айтқан көпірме сөздерін ол жақтағы және бұл жақтағы кейбір саяси партиялар мен қозғалыстар отқа май құйған өршітіп отыр», – деп жазады ол. – Өмір ағысындағы өткір мәселелерді табиғи құбылыс ретінде, сабыр сақтап, салиқалы адамгершілік жолымен шешкен жөн. «Суын ішкен құдығыңа түкірме» деген қазақтың дана сөзі осындайда айтылмаушы ма еді».Біздіңше, республикадағы қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ел зиялыларының оқырман қауымға осындай арнау сөз айтуы елеулі роль атқарғаны сөзсіз. Осы мәселелерге орай профессор М.Тәтімов бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында қалың әлеуметке мәселенің мән-жайын түсіндірген мақала жариялағаны мәлім. Әсіресе, оның «Жұлдыз» журналының 1990 жылғы 9-нөміріндегі «Саннан сапаға», «Халық конгресі» газетінің 1993 жылы 15 шілде күніндегі нөмірінде жарияланған «Елдің туы – тыныштық», «Дала дидары» газетінің 1992 жылғы 5 желтоқсан күнгі нөміріндегі «Ұлы мақсат – ұлтты ұйыту» деп аталатын ойы толғамдары шын мәнінде қалың оқырман қауымнан лайықты бағасын алды. Бұл жарияланымдардың қай қайсысын алсаңызда оларда ең алдымен, өзің табан тіреп отырған Отаныңды сүю керектігі, қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың кезек күттірмес мәселелері көші-қон мен демографиялық зерделеу тұрғысынан қарастырылған. Осы бағытта оның қаламынан туған «Дербестіміз – демографияда» деп аталатын күрделі зерттеу еңбегінің мәні зор екендігін атап өткен де орынды болмақ [5, 34-35].

2001 жылы Алматыдағы Ғалымдар үйінде М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен «Ұлттық әдебиеттанудың мәселелері: өткені, бүгіні, ертеңі» атты ғылыми конференциясы өткен болатын. Сол кезде Қытайдағы қазақ фольклоры қоғамының басшысы болған Оразамбай Егеубаев ақсақал қатысыпты.

Сол ол 1860 жылғы Петербург келісімінен кейін екі ірі империя – Цинь империясы мен Ресей патшалығы қазақ жерін екіге бөліп алғандығын айта келе, шекара бөлінісінен кейін, қазақтың байырғы қонысы – ең шұрайлы өлкелер кенді Алтай, Іле, Тарбағатай аймақтары Қытай жеріне қарап қалғандығын тағы да бір мәрте ел есіне түсірді. Демек содан бергі 1,5 ғасырдай уақытта Қытайдағы қандастарымыздың өзіндік дүниетанымы мен әдеби мәдени ортасы қалыптасты деуге болады.

Тарихи деректерге сүйенсек, 1949 жылғы революциядан кейін, коммунистік жүйені қабылдаған Қытай Халық республикасы Совет үкіметімен бір кездері қоян-қолтық араласып тұрды да, белгілі себептерге орай 50-жылдардың ортасында байланысын шорт бұзыпты. Осы жылдары басталған «Мәдениет төңкерісі» ондағы зиялы қауымның қай-қайсысына да оңай тимегені де анық. Әсіресе, ұсақ ұлттардың бас көтерер зиялыларының әрбір қадамы аңдуда болып, тіпті, аңдаусызда айтылған ұлт мәселесі жөніндегі кейбір оңды пікірлері үшін ғұмырының үштен бірін түрмеде өткізгендер қаншама десеңізші.

Оразамбай ақсақалдың өз аузынан естіген әңгімеміз осы«Мәдениет төңкерісі» жылдарындағы қуғын-сүргіннен басталды. Өйткені, ол кісі 1958 жылы басталған «стиль түзеу», «оңшылдық, солшылдыққа қарсы күрес» науқанынан бастап, талай күреске алынған, 22 жыл айдауда болған ұлт қайраткері. «Мәдениет төңкерісінің» ажырғысы ұлт қамын ойлаған азаматтардың мойнынан тек 80-жылдардың орта шенінде ғана алынды. Осы кезден бастап қана ұлттық мәдениетке, әдебиетке көңіл аударуға мүмкіндік туады. Қытайда ұлт саясатын жолға қойып, бұратана халықтардың әдебиеті мен мәдениетін дамыту тек 1982 жылы қолға алынды.

Қытайда ең алғашқы қазақ газетін 1930 жылы Таңжарық Жолдыұлы шығарған. Одан кейінгі баспасөздің дамуы 1949 жылдан басталса, қауырт дамуы 1982 жылдың еншісіне тиеді. 2001 жылдары қазақ тілінде оншақты журнал, жиырмаға тарта газет шығып тұратындығын жеткізіпті [6, 7].

Шетелдердегі БАҚ өкілдерінің ішінде Түркия баспасөзінде мерзімді басылымдары қай тілде халыққа ақпарат таратса да, баспасөз формальды түрде төртінші билік орнында болғанымен, негізінде бірінші орында тұр екен. Бұл жақта журналистер қауымы Sari basin kartin» карточкасын көрсетіп, кез келген жерге рұқсатсыз кіріп, қала аралық қоғамдық көліктерде тегін жүруге мүмкіндік алады [7, 222].

2011 жылы 11 қарашада Ташкент қаласындағы Өзбекстан Республикалық Қазақ Ұлттық мәдени орталығының VII құрылтайы өтті. Құрылтайға Науаи, Сырдария, Бұхара, Ташкент облыстары мен Қарақалпақстаннан сайланған делегаттар мен қонақтар қатысты. Құрылтайды Республикалық қазақ ұлттық мәдени орталығы төрағасының орынбасары Шералы Садықов ашты. Орталықтың төрағасы Марат Үкібаев 2008 – 2011 жылдары атқарған жұмыстары туралы есепті баяндама жасапты.

Баяндамашы: «Әсіресе, ел Тәуелсіздігінің арқасында өшкеніміз жанып, салт-дәстүрлеріміз қайта жандана түсті. Тәуелсіздік туының желбіреуі ата-бабаларымыз арман еткен ұлы істерді жалғастыруға мүмкіндік берді. Бұл дәуірде қазақ, өзбек халықтары арасындағы достық, әдеби-мәдени байланыстар жаңа деңгейге көтерілді. Республикалық «Нұрлы жол» газеті қазақ тілінде шыға бастады. Өзбекстан телерадиокомпаниясының «Дидар» бағдарламасы, қазақ радио бөлімі қазіргі күнге дейін халқымыз үшін сүбелі қызмет атқарып келеді. Ташкент, Гүлістан, Науаи және Нөкіс қалаларындағы мемлекеттік университеттерде қазақ тілі және әдебиеті кафедрасы жұмыс істеп, республикамыздағы 500-ге жуық қазақ мектептеріне ұстаздар дайындауда. Республикамыздың түрлі салаларында 300-ден астам қазақтан шыққан ғылым докторлары мен кандидаттары жұмыс істеп жүргендігін жеткізе келе, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филиалын Ташкент қаласынан ашу, Өзбекстандағы қандастарымыз үшін Ұлттық театр ашу, қазақ тілінде жарық көретін Республикалық «Нұрлы жол» газетіне жазылымды жандандыру жайлы да әңгіме өрбітті.

«Атамекен – тұғырым, ана тілім – тұнығым» атты халықаралық жыр мүшәйрасына әлемнің 15 елінен 90-дай ақын қатысқан дүбірлі дода Алматыда өткен еді. Сонда аталмыш мүшәйраның жеңімпазы, Монғолияның Баян-Өлгий аймағының Ақпарат орталығының жетекшісі Сұраған Рахметұлы Азаттық тілшісіне берген сұхбатында қазір Баян-Өлгий радиосының толқын жиілігі 15 квт-тан аспайтыны айтыпты.Демек, алыс ауылдар қазақ тіліндегі жалғыз ақпарат құралының үнін естуге зар. Сұраған Рахметұлы осы тығырықтан шығудың жолын қарастырып жатқандығын айтады:

– Келешекте радионы ұлттық деңгейге жеткізуді көздеп отырмыз, Ол дегеніміз – Моңғолия көлеміне шығару, уақытын да аздап көбейтуді жоспарлап отырмыз. Онда Шығыс Қазақстан облысының бірнеше ауданы Өлгий қазақ радиосын тыңдайтын болады. Сондай-ақ, Жапон мемлекетімен өзара келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Егер, осы келіссөздер жүзеге асатын болса, олар бізге 600 шақырымға дейін тарайтын радиопередатчик орнатып бермекші. Әзірге алыс ауылдарға тарай алмай отыр, – депті. Демек, ең қолайлы жағдай Түркиядағы тілшілерде қалыптасқан десек қателеспеспіз.

Қазақ ақпарат тілшісі Ерлік Ержанұлы Иран радиосындағы қазақ редакциясының жүргізушісі және аудармашысы Жапарбай Шаткаммен сұхбаттасқанда Иранға қоныс тепкен қазақтардың ана тілін сақтауы тұрмыста қолданылатын сөздердің аясында ғана шектелетінін анықтапты.

Ресми деректерге сүйенсек, Иран елінде қазір 5 мыңдай қазақ бар. Олар негізінен Горган, Бердітүрікмен, Домбат қалаларында шоғырланған. Қазақ тіліндегі хабарларды Иран мемлекеттік телерадио бірлестігінің 1 сағаттық қазақша бағдарламасынан алады. Жапарбай Шаткамның айтуынша, қазір Ирандағы қазақтар күнделікті тұрмыстағы сөздерді ғана қолданғандықтан, ана тілін сақтауы қиындап бара жатыр. Бұған соңғы жылдары Қазақстаннан жүйелі түрде мерзімді басылымдар алдырудың үзілуі өз ықпалын тигізуде екен.«Иран баспаларынан соңғы жылдары осы елде оқып жүрген қазақ жастарының парсы тілінен аударған 1-2 кітабы шықты. Сондай-ақ Қазақстан Елшілігінің қолдауымен Қажымұхамбет Шатқан деген азаматтың қазақшадан парсы тіліне аударған Абайдың қарасөздері жарық көрді. Енді оның 5 мыңнан астам сөзді қамтыған үлкен сөздігін Қазақстандағы «Арыс» баспасы шығарғалы отыр. Биыл сондай-ақ, Гүрдістан облысының орталығы саналатын Горган қаласында Қазақстан Елшілігі мен Консулдығы ашылды. Енді оның жанынан құрылған кітапханада түрлі мәдени шаралар қолға алынады деп үміт артып отырмыз», дейді Иран радиосы қазақ редакциясының жүргізушісі және аудармашысы Жапарбай Шатқам. Сол арқылы Ирандағы қазақтардың мәдени жағдайы бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда жақсаратынын жеткізіпті [8].

Ұлттық ой-сана – ұлттық мемлекеттік құндылықтарды сақтап дамыту бағытын ұстанғанда ғана, мемлекеттің іргесі берік болады. Осы тұрғыдан алып алғанда да мерзімді басылымдар мен журналист мамандардың қалыптасу тарихын жан-жақты зерттеудің, олардың қызметіне объективті тарихи баға берудің маңызы зор.

Бұл зерттеу жұмысының көтерер жүгінен әлдеқайда қомақты, сондықтан қазіргі тарих ғылымының алдына қойылып отырған талаптарға сай, әр түрлі кезеңдегі мерзімді басылымдарды жеке-жеке немесе сала бойынша тарихи дерек көзі ретінде ғылыми-методологиялық мынадай принциптерін игере отырып бөлуді ұсыныпты Д.А.Махат:

  • Қазақ журналистикасы мен журналист мамандардың қалыптасу тарихы мен жаңа методологиялық көзқарас тұрғысынан қайта зерделеніп, шынайы тарихи баға берілуі, осы мәселе төңірегіндегі ақтаңдақтары ашылуда;

  • Арнайы тақырыптық негізден жүйелі библиографиялық еңбектер жазылуы;

  • Тақырыптық негізде немесе кезеңдерге бөлініп мерзімді басылымдар деректерін, әсіресе, ХХ ғасырдың басынан – 40-жылдарына дейінгі араб, латын әрпімен шыққан мерзімді басылымдар деректерін жариялау;

  • Ғылыми зерттеу еңбектерде мерзімді басылымдар материалдарына, әсіресе тоталитарлық жүйенің орнығу тұсындағы басылымдардағы материалдарды ғылымға айналымға кеңіне енгізу;

  • Кеңестік әміршіл-әкімшіл социализм жүйесінің саяси-идеологиялық, экономикалық, мәдени-рухани, ұлт пен ұлттық тіл салаларын коммунистік партия саясаты мен идеологиясына бағындырудағы мерзімді басылымдардың рөлін алдағы уақытта да ғылыми тұрғыда зерттеп жазуды жалғастыру қажет.

Сөзімізді қорыта айтсақ, шетелдегі қазақ журналистикасы болашақта да өз жолынан таймай, сондағы қазақ қауымы үшін жұмыс атқара берсе бұл үлкен қуаныш. Әрі әлем қазақтарының арқа сүйер жалғыз Отаны – Қазақстан мемлекеті үшін де зор мақтаныш. Ағымдағы жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы «Жібек жолы» атты бағдарламаға қол қойылғаны белгілі. Осы келісімнің аясында қазақ телеарналары мен отандық арналардың да арасындағы өзара әріптестік байланыстары нығая түссе екен деген ниеттеміз.

Тағдыр тәлкегіне ұшырап, өзге елде өмір сүріп жатса да, тілегі бір болса да тіккен байрағы басқа қандастардың ұлт журналистикасын дамытуда қосып жүрген үлесі ауқымды. Алайда алпауыт елде орналасқан қазақтілді басылымдардың басым көпшілігінің кемшілігі – шетел саясатының жаршысы болғандығында. Бірақ, өзге елде қоныс тепкен соң сол жақтың билігіне қарсы шығу үшін қауқар керек-ау. Десе де, атажұрттағы ағайын осы саусақпен санап аларлық басылымдардың қазақ тілінде шығып тұрғанына қуанып, сол жақтағы қазақтың тілеуін тілеу керек деп ойлаймыз.

 

Әдебиеттер

  1. Совесткая энциклопедия. 8-том. – М.: Издательство БСЭ, 1972. – 230 с.

  2. Совесткая энциклопедия. 30-том. – М.: Издательство БСЭ, 1972. – 334 с.

  3. Тишков В.А.Исторический феномен диаспоры // ЭО. – 2000. – №2.– 121 б.

  4. Зеленин А. Язык Русской эмигрантской прессы (1919-1939). – 2007. – 740 с.

  5. Кенжалин Ж. Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз // Түркістан газеті. – 2001. – №29. – Б. 7.

  6. Қозыбаев С. Әлем баспасөзінің тарихы. – Алматы: Санат, 1998. – 253 б.

  7. Махат Д.А. Баспасөз сталиншілдік Қазақстанда орнығуы (1925-1956 жж.).

Филология. Реферат. «Қилы заман» романындағы дерек және дәйек
Филология. Реферат. Диаспора мен оралмандардың сөйлеу тілінің ерекшеліктері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу