Кенесары қырғыздарға неге барды?
06-11-2023
Тілдің шығу тарихы бойынша қазақ және корей тілдері бір-бірінен алшақ жатқан тілдер тобының бірі. Сол себепті де қазақ және корей тілдеріне тән тілдік қасиеттердің де ерекше болары сөзсіз. Бірақ тілдің онтологиялық зерттеу бағыты әлем тілдерінің ортақ белгілерін ажыратуда соңғы жылдары белсенділік танытып келеді. Мұндай үрдістің қазіргі тіл білімінде кең өріс алуы туралы Ә.Б. Айтбаева өзінің «Корей және қазақ тілінің салғастырмалы фразеологиясының ерекшеліктері» атты мақаласының кіріспе бөлімінде айғақтап өтеді: «Бүгінгі таңда тіларалық қарым-қатынастардың дамуына байланысты әртүрлі тілдік топтарға жататын және типологиялық құрылымы жағынан мүлдем алшақ тілдерді салғастыра зерттеу тіл ғылымында дәстүрге айналып келе жатыр» [1, 32-36].
Осы тұрғыдан келгенде, қазақ және корей тілдерінің этномәдени ерекшеліктерін зерттеп-зерделеу қазақ тілі білімі үшін де, корей тілі білімі үшін де орынды ізденіс болып табылады деген сенімдеміз.
Тіл – адам баласының болмысынан бөлек жат құбылыс емес. Ол сан ғасырлар бойы қалыптасып, адам санасымен қоса дамып, түрленіп келеді. Тілге тән барлық қасиеттердің жиынтығы жалпы тіл мәдениетінің де көрсеткіші десек, әр тілдің өзіне тән ментальдық белгілері сол тілге тән жалпы қасиеттердің құрылымдық бөлшектері болып табылады. Мұндай бөлшектер жинақтала келе әлемдік тіл мәдениетінің жалпы сипатын танытады.
Әлемде тілге қатысты анықтамалар өте көп. Соның ішін де тілдің «мәдениет бірлігі» ретіндегі қызметі тілдің қыр-сыры мен табиғатын толық тануға бағдарланған жаңа парадигма десек те адаспаймыз.
Кез-келген тілдің этномәдени ерекшеліктерін анықтау үшін, алдымен тілдің – мәдениет бірлігі ретіндегі сипаттарын ашып аламыз. Мұны С.Б. Бектемірова ғылыми мақаласында былай тұжырымды ой айтады: «Тіл – мәдениетті танытушы ғана емес, сол мәдениеттің негізін салушы. Өйткені тіл рухы халықтың ой-санасында, дүниетанымында, мінез-құлқында, әлеуметтік өмірінде, табиғатында сақталған. Осылар арқылы тұтастай бір мәдениет өмірге келеді. Тілді қоршаған ортадан, болмыстағы шындықтан, адам санасы мен ойынан тыс өмір сүруі мүмкін емес. Мәдениет қоғамдық сананың бір бөлшегі, ал тіл – сол мәдениеттің шындығы, әрі көрінісі. Халықтық мәдениеттің ең нәзік ұшқындары, өрнектері тілде көрініс табады» [2, 226-234].
Тілдің этномәдени ерекшеліктерін жан-жақты талдап көрсететін сала ғылымда – лингвомәдениеттану деп аталады.
Осы саланың Қазақстандағы өкілдері қазақ тіліне тән ментальдық белгілер туралы, тілдік таным мен әлемнің тілдегі көрінісі жайлы біраз еңбектер жазды. Атап айтқанда, профессор, ғалым Ә. Қайдар, Э.С. Дүйсенова, Ж. Манкеева, Г. Смағұлова, А. Ислам, т. б. зерттеушілердің еңбектері осы тақырыпта жан-жақты ізденіс жүргізуде басты құралдар болмақ. Дегенмен, қазақ және корей тілдеріндегі этномәдени ерекшеліктер туралы қазақ тілінде жазылған зерттеу жұмысы жоқ екенін алға тартып, осы мақаланың ғылыми маңыздылығын ерекше атап өтуге тиіспіз.
Корей тілі – әлемде жиі қолданылатын тілдердің бірі. А. Муханбекқызының «Корей тілінің кірме лексикасы» деп аталатын мақаласында қазіргі корей тілінің лексикасын төмендегідей жікке бөліп қарастырады [3, 73-78]:
еліктеуіш сөздерге толы корей төл сөзі;
ханмундық немесе қытай тілінен енген кірме сөздер;
көне санскрит, моңғол, чжурчжэн және манжұр тілдерінен енген кірме сөздер;
орыс, ағылшын, жапон және еуропа тілдерінен енген кірме сөздер.
Корей төл сөздік қорының көп еместігіне қарамай, бұл тілдің этномәдени ерекшеліктерін көрсететін мәдени концептілер аз емес.
«Концепт дегеніміз – этномәдени санада сақталған, белгілі бір ұлттың ұрпақтан-ұрпаққа берілетін, ықшам әрі терең мағыналы шындық болмыс, ұлттық мәдени құндылықтары жөніндегі сан ғасырлық түсінігін білдіретін құрылым», дейді зерттеуші А. Ислам [4]. Осы тұрғыдан келгенде, концепт – әр ұлттың өз тілінде дүние, әлем туралы түсініктерін көрсетуде қолданылатын ең басты құрылым екендігін тілші-ғалымдар түгелдей қолдайды. Ал мәдени концепт – белгілі бір ұлттың мәдениетінен дерек беретін ақпарат құралы. Корей тіліндегі мәдени концептілер олардың тұрмыс салтынан бастап қоғамдық салтына дейін кездеседі. Әсіресе, корейлердің сөйлеу мәдениетіндегі өз халқына, қала берді шығыс халықтарына тән ерекше сыпайылық белгілерін сақтауы ерекше мәдениет үлгісінің өкілі екендіктерін білдіреді. Бұл туралы ғылыми мақала жазған зерттеуші Н.И. Абдипатаева корей тіліндегі туыстық атаулардың айтылу әдебіне мән бере келе, корей халқына тән сұхбаттасудың заман өзгерістеріне төзімді әдепке айналғандығын мойындайды [5, 55-62].
Корей тілінде күнделікті қарым-қатынас кезінде айтылатын сыпайы тілдік амалдарының өзі корей халқының мәдениетін, корей халқының табиғаты мен болмысын таныта алады.
Корей халқында «ғафу етіңіз» сөзі «미안합 니다» (ми ан хам ни да), одан да сыпайырақ түрде «실례합니다» (силе хам ни да) деп айтылады.
«Алғыс білдірудің» екі түрлі көрсеткіші бар: біріншісі «고맙습니다» (го мап сым ни да), одан да сыпайы түрі «감사합니다» (гам са хам ни да).
Осы тіркестен кейін корей халқы міндетті түрде «천만에요» (чон ман е ё), «оқасы жоқ» деп
айтуға машықтанған.
Тіпті, корей тілінде «сыпайы» тілдік амалдар бірінен соң бірі қатар тұрып сөзлеу әдебінің ғажап үлгісін тудырады:
«당연히», «당연하게» (данг ён хи, данг ён хаге). Қазақша баламасы: « Әрине», «әлбетте» дегенді білдіреді.
«Келісім бергенде» қатар қолданылатын сөз әдебінің тілдік амалдары: «알겠습니다» (ал гет сым ни да), «반드시» (бан ды си); қазақшасы – «жарайды», «міндетті түрде».
«Мақұлдау» мәніндегі сыпайылық тілдік амалы: «저는 당신의 의견에 동의합니다» (зо нын дангсин ы ыгёне доң ы хам ни да); аударғанда «мен қарсы емеспін/ келісемін» түрінде беріледі.
Демек, Н.И. Абдипатаева айтып өткеніндей, сұхбаттасының алдында өзін және өз отбасы мүшелерін төмендетіп, сұхбаттасы мен оның туыстарын жоғарылату корейлердің айнымас сыйлау мәдениеті болып табылады.
Ал қазақ халқының күнделікті тұрмыс-тіршілігінде мұндай «сыпайы тілдік амалдар» атадан келе жатқан салт бойынша бата-тілек негізінде жүзеге асып отырады. Бұл – көбіне түркі тектес халықтардың өмір салтында кездеседі. Ердің халыққа істеген ерлігі мен айтқан дана сөзі үшін ақсақал болсын, жасы үлкен қауым болсын қол жайып бата беру салты әдеп-ғұрпымыздың айқын көрінісі.
...Ал, жолың болсын, Ғайып Ерен, Қырық Шілтен шылауыңнан демесін! Тілеген мұратыңа жет! Аумиін! («Қазақтың би-шешендері»).
...Кішкентай жарықшағын емізіп отырған Нұрила:
Ендеше қолдарыңды жайыңдар!
Құдай оңдасын, әруақ қолдасын, Адал жүріп, адал тұрыңдар, Алдарыңнан жарылғасын! –
деп, оң бата береді. Сонда төрде отырған би:
Үй баласы ма деп едім, Ел баласы екенсің.
Ай маңдайлы арысым, Талабың алдан өтелсін. Ауылыңның таңы бол, Маңдайындағы бағы бол! – деп бала Төлеге бата берген екен.
Сонымен қатар «сәлемдесу» салты қазақ халқында жай ғана тіркестен тұрмайды. Оның астарында үлкен мән-мағына бар.
Ассалаумағалейкум, хан біткеннің қазығы, бұқара жұрттың азығы! – деп сәлем береді («Қазақтың би-шешендері»).
Мұнда амандасу салтының ерекше дәріптеу қисынының бар екені аңғарылса, «Қай елдің баласы боласың?» деп берілетін тіркестерде сұраса білу, баланың қасиеттері мен парасатын байқау мақсаты басым келеді.
Бұдан шығатын қорытынды қазақ халқының тұрмыс салтындағы мұндай сыпайы тілдік амалдар арқылы «сөз қадірін» түсінген қазақ халқының тарихында «сөз құдіретінің» орны өте жоғары болған.
Жоғарыда атап өткеніміздей, мәдени концептілер тек сыпайы сөйлеу амалдарында ғана байқалмайды. Қазақ және корей тілдеріндегі этномәдени ерекшеліктерді олардың тұрақты сөз тіркестерінен және мақал-мәтелдерінен кездестіреміз.
Соңғы он жылдықта корей тілінің этномәдени ерекшеліктерінің кей қырларын танытатын ғылыми мақалалар баспа бетінде жарық көрді. Атап айтқанда, осы бағыттағы зерттеушілердің Н.И. Абдипатаева «Корей тіліндегі сөйлеу мәдениетіндегі туыстық атаулар мен қаратпа сөздер» (2006); Ким Л.Ф. «Мотивационный аспект исследования корейских топонимов» (2008); Қалаубекова А.Д. «Корей мақал-мәтелдерінің шығу тарихына жалпы шолу және паремиология саласы» (2008); Айтбаева Ә.Б. «Корей және қазақ тілінің салғастырмалы фразеологиясының ерекшеліктері» (2008); Абаған А.Б. «Корей тіліндегі соматикалық фразеологизмдердің антропоөзектілік аспектісі» (2012), т. б. ғылыми зерттеу, ғылыми шолу жұмыстарымен треңінен таныстық.
А.Б. Абаған ғылыми мақаласында корей соматикалық фразеологизмдерін тұжырымдай келе, корей және қазақ тілдеріндегі соматикалық фразеологизмдерде көптеген мағыналық ұқсастықтары болғанымен, мағынасы әр түрлі, ерекше тұрақты тіркестер тобы кездесетіндігін айтады. Ол ұқсастықтардың себебін халықтың дүниені танудағы әлемнің біртұтас тілдік келбетін жасаудағы қызметі бар екендігімен түсіндіреді. Корей тіліндегі соматикалық фразеологизмдер де қазақ тіліндегі соматикалық фразеологизмдер беретін мән-мағынаға ие болып келетіндігін, олардың ішінде ең көп кездесетіні «көз», «бас», «дене», «бауыр», «құлақ», «ауыз», «жан» сияқты концептілердің жиі кездесетіндігін, ең бастысы мысалға келтірілген соматикалық фразеологиздер «адам» және «адам сезімі» концептілерінің мәнін ашатындығын айтып өтеді [6, 70-74]. Мысалы:
Корей тіліндегі туыстық атаулар 한국어와 관련이 있는 단어 | Корей тіліндегі туыстық атаулардың концептілік мағынасы 한국어와 관련이 있는 단어의 개념 의미 |
| «Ана» концептісі 어머니 개념 |
| «Әке» концептісі 아버지 개념 |
| «Аға» концептісі 형제 개념 |
1) Нағашың – нақ сүйерің 2)어머니의 친척은 의지이다 | «Нағашы» концептісі 어머니의 친척 |
Корей тілінде мақалды «кйогон», ал мәтелді «ион» деп атайды. Корей мақал-мәтелдерінде корей халқының әдеп-ғұрпы мен наным-сенімдері бейнеленген. Бұл туралы зерттеуші А.Д. Қалаубекова «Корей мақал-мәтелдерінің шығу тарихына жалпы шолу және паремиология саласы» атты ғылыми мақаласында жан-жақты баяндаған [7].
Соған сәйкес, корей мақал-мәтелдерін жинақтау ісі корей фольклорын зерттей бастаған кезеңімен байланыстырылады да, корей мәдениеті мен тарихы жайлы азды-көпті мәліметтер беріледі. Солардың бірі корей халқының жалған наным-сенімін бейнелейтін көне мақалдарды алға тартады: «Сонсанэ ккочхи пхетта» – ата-бабалар зиратында гүлдер жайнайды; «Гупын наму сонсан джикхында» – қисық ағаш ата-бабалар зиратын күзетеді.
Мұндай дана сөздердің шығу тегі корей халқының көне ата-баба рухына табыну салтынан басталады. Ата-баба зиратында гүл шығуы – даңқ пен өркендеушіліктің белгісі болса, зираттың басына ағаш отырғызу – қамқор ұлдың атаанаға істеген құрметінің бірі ретінде саналады.
Дәл осындай танымнан туған наным-сенім үлгілері қазақ халқында көптеп кездеседі. Мысалы, «ерте көктемде ағаш отырғызсаң – ырысың бүтін болады, сол жылы үйде отырған қыз сыңарын табады»деген наным бар. Ал, гүлге байланысты «бәйшешекті жұлма – жастай кетесің, «сыйлар гүлдің саны тақ болмасын – ол жамандық шақырады» деген нанымдар бар. Қазақ халқының тұрмысына бұл наным-сенімдердің сіңіп кеткені соншалық, ескі наным мен сенімнің дұрыс-бұрыстығына қарамай халық қолдану әдетін тастай алмайды.
Қорытындылай келгенде, қазақ және корей тілдеріндегі этномәдени ерекшеліктер ұлттың мәдени-ұлттық ерекшеліктерін көрсетіп қана қоймайды, ол тілдің тұтас логикалық бейнесін саралап, оны әлемнің озық үлгілерінің қатарына қосуда таптырмас құрал болып есептеледі.
Әдебиеттер
Айтбаева Ә.Б. Корей және қазақ тілінің салғастырмалы фразеологиясының ерекшеліктері // ҚазҰУ хабаршысы. Шығыстану сериясы. – 2008. – № 1. – Б. 42.
Бектемірова С.Б. Лексикалық бірліктердің этномәдени табиғаты (түркі тілдеріндегі кинологиялық атаудал негізінде) // ҚазҰУ хабаршысы. Шығыстану сериясы. – 2011. – № 1. – Б. 54.
Муханбекқызы А. Корей тілінің кірме лексикасы // ҚазҰУ хабаршысы. Шығыстану сериясы. – 2008. – № 1. – Б. 42.
Ислам А. Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті (салыстырмалы-салғастырмалы лингво-мәдени сараптама): филол. ғыл. док. дисс. – Алматы, 2004. – 228 б.
Абдипатаева Н.И. Корей тіліндегі сөйлеу мәдениетіндегі туыстық атаулар мен қаратпа сөздер // ҚазҰУ хабаршысы. Шығыстану сериясы. – 2006. – № 4. – Б. 37.
Абаған А.Б. Корей тіліндегі соматикалық фразеологизмдердің антропоөзектілік аспектісі // ҚазҰУ хабаршысы. Шығыстану сериясы. – 2012. – № 1. – Б. 58.
Қалаубекова А.Д. Корей мақал-мәтелдерінің шығу тарихына жалпы шолу және паремиология саласы // ҚазҰУ хабаршысы. Шығыстану сериясы. – 2008. – № 1. – Б. 42.
Төреқұлов Н., Қазбеков М. Қазақтың би-шешендері. Т. 1,2. – Алматы: Жалын, 1993. – 400 б.