Филология. Реферат. Антонимияның когнитивтік бағытта зерттелуі
Адам танымындағы әлем бейнесі оның өмірлік тәжірибесі мен түсінігіндегі қарама-қайшылықты қасиеттерден құралған дүние болып табылады. Қарама-қарсылық дүниені, болмысты, өмірдегі заттар мен құбылыстарды танып білудің нәтижесінде қалыптасады. А.Ә. Жаңабекова «тілдің қызметі қоғамдағы адамдардың қарым-қатынас құралы, адам ойының материалдық көрінісі» деп атай келе, тілдің аталған екі қызметі де әлемді, дүниені танушы белсенді субъект, сол дүниенің тілдік бейнесін жасаушы басты тұлға адамға бағытталатындығын айтады [1, 3]. Әр халықтың ұлттық санада қалыптасқан стеоротиптер жүйесі ғаламның тілдік бейнесін жасайды. «Адам – тіл дамуының қозғаушы күші, яғни тіл тек ауызекі сөйлесудің, қарым-қатынастың құралы ғана емес, тіл адамның ішкі дүниесінің, дүниетанымының, ұлттық болмысының, аялық білімінің, көркемдік әлемінің, менталитетінің, талап-талғамының көрінісі» [1, 4]. Тілдік санада қалыптасатын тілдің терең құрылымдары логикалық, философиялық, психологиялық, әлеуметтік т.б. негіздер арқылы санада абстркцияланып, когнитивтік модель арқылы тілде көрініс табады [2, 3].
Қазақ тіл білімінде антонимия когнитивтік бағытта арнайы зерттелмесе де, кейбір қарама-қарсы мағыналы жұптардың когнитивтік мәндері айқындалып, концепт тұрғысынан зерделенген еңбектер бар. Когнитивті концептілер ретінде зерттеліп жүрген аққара, өмір – өлім, байлық – кедейлік, жақысылық – жамандық жұптарының оппозициялық концептілер де екені дау туғызбаса керек. Б. Ақбердиева: «Адамдар үшін ең әуелі аспан мен жерді, оңы мен солын, алды мен артын, яки дүниенің тараптарын тану өмірлік қажеттілік еді. Осының бәрі сана арқылы сараланып, тілде көрініс табады» – дейді [2, 65]. Ол адамдар айналасындағы дүниені жақсы-жаман, пайдалы-зиянды принципі бойынша бөлгеннен кейін олардың арасындағы буынды іздейтінін айта келіп, үш дүниенің негізгі символы ретінде ақ – ала – қара үштігін атайды. «Ала орта дүниенің, жер бетінің символы ретінде көптеген ұлттық әдет-ғұрыптарда маңызды орын алады» – дейді [2, 100].
Ақ түс – жоғары дүние – тәңірлер мекені, тазалық пен пәктік символы;
ала – орта жер беті – екі шеткері дүниелер арасындағы медиатор – ол ақ пен қараның, жоғары мен төменнің сипаттары мен қасиеттерін араластыра сіңірген тіршілік, от, аласапыран;
қара түс – төменгі дүние, жер асты, су – зұлымдықтың ордасы, өлім, о дүние [2, 103].
Ұ.Б. Серікбаеваның зерттеу жұмысында да «ақ» және «қара» атауларының мағыналық даму аясына тоқталынып, негізгі және әр түрлі когнитивтік мағыналары айқындалып, нақты контекстер арқылы дәйектеледі. Ол «ақ» және «қара» түр-түс атауларының қарама-қарсы мағынада жүйелі түрде қолданысы олардың өздеріне ғана тән, ерекше құбылыс ретінде қарастырады. Ғалым: «Бұл құбылыс – белгілі логикалық жүйеде өзара қалыптасқан жұп ұғым, табиғат пен қоғамдық өмірдегі ылғи екіұдай болып, бір-бірімен контрастивті, қарама-қарсы тұру арқылы сипатталатын заттар мен құбылыстардың ішкі сырын ашуға қажет дүниетанымдық мәні бар фактор», – деп қорытындылайды [3, 122]. Сондай-ақ, тілде кездесетін «ақ» және «қара» атауымен тіркесуі арқылы жасалған күрделі сөздерді қарама-қарсы мағынасы контрастивтік жүйеде өз алдына қолданылатын тіркестер, контрастив жүйеге енген, қарама-қарсы мағыналары ортақ бір нысанға тіркелген жұп тіркестер, контрастив жүйеге енген, ортақ нысанды, қарама-қарсы мәні ауыспалы мағынада қалыптасқан жұп тіркестер деп үш топқа жіктеген[3, 45].
Ұ.Б. Серікбаеваның пайымдауынша, адам баласының өзін қоршаған дүниені танып-білуі о баста осы түстерге байланысты екен. Ол «әлемдегі заттар мен құбылыстарды бір-бірінен айырып жіктеуге ең қолайлы осы екі түс, басқа түстерге ұйытқы болады» дей келе, «ақ» пен «қара» түстерді бір тәулікті екіге бөліп тұратын күн мен түннің символына теңейді [3, 3]. Оның «ақ» және «қара» түс атауларына таңылып жүрген қосымша (когнитивтік) мағыналардың біразы бір тілде кездессе, екінші бір тілде кездеспеуі де мүмкін, кездесе қалса сәйкес болмауы мүмкін» деген пікірі өте орынды [3, 13]. Ол «ақ» атауы сүт тағамдары деген мағынаны жеке тұрып та, мәтін құрамында тұрып та бере алатынын айтады. «Ақ» түсі «қара» түске қарама-қарсы мағынасында барша түркі тілдерінде бірдей десе де болатындығын айтып, қазақ тілінде ақтың номинативті мағынасына жүздеген фразеологизмдер мен мақал-мәтел бар екендігін тілге тиек етеді.
«Ақ» атауын этностың өзіндік болмысына, салтдәстүр, дүниетанымына байланысты талдап-тарату турасында Ә. Қайдар, З. Ақтамбердиева, Б. Өмірбеков, Ф. Ахметжанова, Қ. Қайырбаевалардың еңбектері бар. Бұған дейін Ә. Қайдар, З. Ахтамбердиева, Б. Өмірбековалар «қара» атауын арнайы зерттеп, 24 түрін көрсетсе, Ұ. Серікбаева осы атаудың ауыспалы мағыналарының 33 түрін атап, оның когнитивтік мағыналарын анықтаған. Когнитивтік мағыналарының бірі – майсыз, қатықсыз дайындалған ас. Оған мысал ретінде оның келесі келтірген тұжырымын алсақ, көшпелі малшы қазақтың ертеден қалыптасқан салтдәстүр, әдет-ғұрпында негізгі қорегі сүт, май, ет, қымыз, қымыран, шұбаттан тұрған. Барша тамақты үлкен екі топқа бөліп, майлы тамақтардың баршасы ақ, сары түске баланып, ал майсыз тамақтар қара түске баланғандығын байқауға болады. Осыдан қара түс барша майсыз, сүтсіз тамақтың ауыспалы мағынасына ие болған [3, 24]. Өзімізге таныс қара кесек ет (майы жоқ ет), қара талқан, ақ май сияқты тіркестер Ұ. Серікбаеваның пікірінің дұрыстығына дәлел болса керек. Ғалым «ақ», «қара» түстері қазақ ру-тайпаларының өмір сүрген аумағын білдіретіндігін «әдетте күннің шығатын жағы ашық, жарқын болып келеді де, «ақ» түспен белгіленеді, ал күн батыс жақ қара түске ауыса бастайды да, «қара» атауымен аталады» деген пікірмен жеткізеді [3, 29]. Сондай-ақ, Ұ. Серікбаева Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс деген мысалды келтіріп, «қара» сөзінің астарында өтірік, айыптаушы, жазғырушы, кінәлі деген пікір жатқанын айтады. Шындығында да, алғыс сөзіне ақ атауының телінуінде мән бар, халқымыздың дәстүріндегі ақ батада ризашылық, жақсылық тілеу мәні жатса, «қараға» реніш, жамандық атаулыны телитініміз рас. Зерттеушінің «қара» түсті қазақтың наным сеніміне сай жын-шайтан, албасты сияқты «қара күш» иелеріне қосып айтады» деген пікіріне қосыла отырып, «ақ» түсті осы мағынаға қарсы мәнде аруақ, періштелерге теңейтіндігін айтқымыз келеді. Зерттеу жұмысында «ақ» және «қара» атауларының тілдік болмысы, этнолингвистикалық сипаты ғана қамтылып қойған жоқ, біздің ойымызша, ұлтымыздың осы түстер негізінде дүниетану құндылықтарын ашып берді.
Түр-түс арқылы халық өзіндік эстетикалық көзқарасын, эмоциялық қалпын, адамгершілік түсініктерін білдіретіндігін С. Қанапинаның да еңбегінен де көре аламыз: «Басқа халықтардағыдай қазақ халқы үшін де әлем екі түске ақ пен қараға бөлінген. Оның бірі ақ түс – күллі игі, жақсы қасиеттер бейнесі болса, көп жағдайда қара түс – жамандық біткеннің бедеріне ие: «Ақ» дегені – алғыс, «Қара» дегені – қарғыс», «Ақ» пен «Қараны» шындық айырар» [4, 101]. Зерттеуші «ақ бата», «ақ жол», «ақ тілек» символдық мағыналарына мысалдар келтіріп, Қыдыр атаның сипаты ақ сақалды, ақ сәлделі, ақ шапанды қария ретінде қабылданатындығын айтады. С.Қанапина ақ жаулықтың әлеуметтік-гендерлік ерекшелігін көрсетіп, оның ұлтымызда жас келіншектің, әйелдің символын беретіндігіне тоқталады. «Ақ байлау» сөзі де ұлттық символға ие екендігін бесіктің басына ақ байлау, ашытқысы жоқ адамдардың, қымызы бар үйлерден сабасына ақ байлап, қымыз құйып алу сияқты салтдәстүрлер арқылы ашып түсіндірген. Ал қара түске қатысты ұлттық танымды қара жамылды, қара қағаз, қаралы ат, қаралы дауыс, қаралы күн сияқты сөз оралымдары арқылы көрсетеді. С. Қанапина «қазақ мәдениетінде ақтың антиподы ретінде қара түс қолданылып, ақ – қара бинарлық жүйесін құрайды. Сонымен бірге, ақ – күннің, қара – түннің символдық бейнесі» дей келе, дүниеде қарама-қарсылықсыз еш нәрсе жоқ екендігін, қарама-қарсылықсыз дамудың жүзеге аспайтындығын айтады. Ол: «Өмірдің мәні қарама-қарслықтың бірлігі мен күресін тану, жеңу болса, сол түсінік қазақ ұғымында ақ пен қара айналасынан орын алады. Сонда қуаныштың, адалдықтың, сән-салтанаттың, жақсылықтың символына айналған ақ түске қарама-қарсы қайғы-қасіреттің, жамандықтың белгісі ретінде қара түс» – деп тұжырымдайды [4, 103].
Қазақ тілінде өмірдегі қарама-қарсылыққа негізделген құбылыстарды қамтитын концептілердің жүздеген түрі бар. Қазақ тіл білімінде қарама-қарсылыққа негізделген концептілерді С.А. Жиренов, Ж.Т. Қошанова, А.Ж. Шалбаева және т.б. зерттеу объектісі етіп алды. С.А. Жиренов зерттеу жұмысында «өмір – өлім» концептісінің танымдық табиғатын ақын-жыраулар поэзиясын негізге ала отырып айқындаған. Ол когнитивтік лингвистиканың басты категориясы концепт дей келе, концептке келесідей анықтама береді:
«этностың аялық білімін жүйелейтін, реттейтін, жіктейтін логикалық модельдердің жиынтығынан пайда болатын өзара синонимдік, ассоциативтік, бинарлық т.б. қарым-қатынастағы тілдік модельдердің біртұтастығын көрсететін тілдік құбылыс» [5, 144].
Зерттеуші концепті лингвокогнитивті танымдық бірлік ретінде алады да, «өмір – өлімді» этностың өзіндік менталитетіне сай ерекше «концептілік мәнге ие доминант» деп түйіндейді [5, 144]. Ол өмір концептісінің танымдық табиғатын бірден тікелей тану адамның когнитивтік механизмдеріне ауыр соғатындығын айта келе, адам өмірді бөлшектеп таниды деп түйеді. Сондықтан, жұмыста жыраулар шығармашылығын-
дағы «Өмір» макроконцептісінің мәнін құрамдас компоненттері дүние, дәурен, заман, тағдыр, тіршілік сияқты микроконцептілерінің фреймдік тізбегі арқылы лингвофилософиялық тұрғыдан зерделейді [5, 93]. С.А. Жиренов Өмір – уақыт, Өмір –мектеп, Өмір – қызық, Өмір – сәуле, Өмір – күрес, Өмір – қымбат, Өмір – опасыз т.б.логикалық модельдерді анықтап, оларды түзуші тілдік модельдер екенін айтады. Ол ұлттық– мәдени концепт «Өмір мен Өлімді» қамтитын аралық концепт ретінде «Жан мен тән» бинарлық жұбын атайды. Зерттеуші «Жан мен тән» бейнелеуінің астарында этностың ойлауы жатқанына сенімді. Ғалым этнос дүниетанымында «Өлім» макроконцептісін адамзат атаулыға ортақ лингвофилософиялық бірлік деп қарап, оның ажал, қаза сынды құрамдас бірліктерін атайды. Жұмыста «жоғары мен төмен», «бұ дүние мен о дүние», «жоғарғы – ортаңғы – төменгі» әлемдерді қамтитын әмбебап құбылыс «Өлім» концептісі ақын–жыраулар поэзиясында «өлім болмай қоймайтын құбылыс», «адамзатқа ортақ процесс», «мәңгілік сапар» т.б. логикалық модельдерді білдіретіндігі нақты мысалдар арқылы дәлелденеді. С.А. Жиренов зерттеу нәтижесінде «жыраулар поэзиясындағы «Өмір–Өлім» концептілерінің ішкі құрылымындағы этномәдени танымдық соқпақтар адамзат дүниетанымымен астасып жатыр, этносқа тән ерекшеліктерді жекелеген индивидтердің дүниетанымы арқылы танып білуге болады» деп тұжырымдайды. Қарама–қарсы мәнді өмір – өлім антонимдік жұптарының танымдық мәні ашылған бұл ғылыми жұмыстың антонимияны когнитивтік бағытта зерттеуге белгілі дәрежеде үлес қосты деп есептейміз.
Ж.Т. Қошанованың зерттеу жұмысында «байлық – кедейлік» концептісінің танымдық негіздері когнитивтік сипатта зерттелген. Зерттеуші бай – кедей, байлық – кедейлік қарама-қарсы ұғымдары әлеуметтік теңсіздіктен туғандығын айта келіп, осы ұғымдарды этнолингвистикалық, танымдық, когнитивтік теориялар тұрғысында оппозициялық концепт деңгейінде қарастырған. Ол «бай – кедей» сөздерінің қарама-қарсылық тұрғыда зерттелуіне тарихи тұрғыда келіп, осы мәнді беретін сөздерді түркі тілдерімен салыстыра отырып, шығу тегін саралаған еңбектерге жүгінеді. Жұмыста этнолингвистикалық тұрғыдан «байлық – кедейлік» концептісін қарастырған Ә. Қайдардың, оппозициялық концепт ретінде талдаған А.Н. Самойлович және т.б. ғалымдардың, танымдық тұрғыда В. Гумбольд ілімін негізге ала зерттеген ғалымдардың еңбектеріне шолу жасалған. «Байлық – кедейлік» сөздерінің тарихын А.Н. Самойлович төрт кезеңге бөліп қарастырса, Ж.Т. Қошанова ХХ ғасырдың басынан осы кезеңге дейінгі кезеңді «байлық – кедейлік» қарама-қарсы концептісінің бесінші кезеңі деп көрсетеді [6, 41]. Ол зерттеу еңбегінде «талданған концептілер индивидтер санасында ғасырлар бойы сәулеленген сезімдік-заттық, танымдық тәжірибенің негізінде қалыптасқан концептілердің ядросы болып табылатын сезімдік-заттық бейнелер (кодтар) белгілі бір нысандарды жан-жақты түсінуге мүмкіндік береді, соның нәтижесінде концептілердің мазмұны кеңейіп, концептілік өрісі ұлғаяды» дей келе, мысалға «байлық» сөзін ядро ретінде алып, бай, би, бек, төре, сұлтан т.б. ядроның концептілік компоненттері, яғни өрісі деп көрсетеді [6, 48]. Бұдан басқа зерттеуші осы сөздің жанама (текті, күшті, мал, дәулетті) және ассоциативті қатысты атаулар (құт, береке, ас) сияқты ядро қабаттарын атайды. Ол қазақ тілінде бай, байлық ұғымын білдіретін сөздерге қарағанда, соларға қарама-қарсы кедей, кедейлік ұғымын білдіретін ақпараттық сөздерде аяушылық, есіркеушілік, жаны ашу сезімін білдіретін эмоциялық қосалқы мағыналар айқын сезіледі деген пікірде. Сонымен қатар, ғалым «байлық» және «кедейлік» концептілерінің фреймдерін, яғни қосалқы бөлшектерін көрсетеді. Жұмыста «байлық – кедейлік» концептісі қарама –қарсылық сипатта жүргізіледі де, осы концептіге жататын тіл бірліктерінің тура мағынасында градуалды оппозицияға жатса, бірқатары эквиполенттік оппозицияға жататындығы анықталған. Ж.Қошанова сатылы оппозицияға мысал ретінде зерттеліп отырған концептінің жанама атауларын алып, келесі ортаңғы мүшелерді атайды: дәулетті – дәулеті шамалы – дәулетсіз, бар – тапшы – жоқ, бар – аз – жоқ. Ол эквиполентті концептілік оппозициялар ретінде хан – құл, төре – қара, ақсүйек – қарасүйек, ақсүйектер – тобырлар, шенеунік – қарапайым адам, қалың – қалыңсыз мысалдарын ұсынады [6, 18]. Зерттеуші:
«байлық –кедейлік» оппозициялық концептісін жасайтын ақпараттық тіл құралдары бір деңгейдегі, атап айтқанда, лексика-семантикалық деңгейдегі тіл бірліктері болып табылады. Олар түбір сөздер, туынды сөздер немесе тұрақты тіркестер түрінде кездеседі», – дейді [6, 16].
Ж.Т. Қошанова «байлық – кедейлік» оппозициялық концептісінің кумулятивті қызмет атқаратын, қазақ халқының тіршілік, кәсіптік бейнесі мен болмысын білдіретін ақпараттық тілдік бірліктерді талдауға баса мән берген. Ол «байлық», «кедейлік» концептісіне жататын жеке атаулардың концептілік қызметін талдап, көркем шығармалардан мысалдардың мол қорын жинаған. Сондай-ақ осы концептіні жасауға ассоциативті, жанама түрде қатысатын әр түрлі ақпараттық тіл бірліктерінің қорын жинастырып, концептіге байланысын айқындаған. Ж.Т. Қошанова «байлық – кедейлік» концептісіне жанама қатысты ақпараттық тілдік бірліктерді оппозициялық лексикалық бірліктер: тарлық – кеңдік, тапшылық – баршылық, аш – тоқ, мықты – әлсіз, рақат – бейнет, күйлі – күйсіз, жуан – жіңішке, ырыс – сор, азаттық – құлдық, текті – тексіз т.б. және жұптық оппозициялық фразеологизмдік бірлік: жалғанды жалпағынан басты – жапа шекті, аузынан ақ май ақты – аузы асқа жарымады деп екіге бөледі [6, 78].
Ж.Т. Қошанованың зерттеу жұмысы «байлық – кедейлік» концептісінің танымдық-теориялық негіздерін жасап, оппозициялық сипаты мен кумулятивтік қызметін айқындаған, антонимияның когнитивтік бағытында зерттелген елеулі еңбек екені сөзсіз.
А.Ж. Шалбаеваның зерттеу жұмысында қазақ және орыс тілдеріндегі жақсылық/жамандық ұғымдары салғастырмалық бағытта зерттеледі. Жұмыста концепт ұғымына анықтама беріліп, оның лингвокогнитивтік және лингвомәдени бағыттары анықталады. Осы бағыттарға А.Ж. Шалбаева келесідей анықтама береді: «лингвокогнитивтік концепт – бұл индивидуалдық санадан мәдениетке бағыт, ал лингвомәдени бағыт – мәдениеттен индивидуалды санаға бағыт» [7, 100].
А.Ж. Шалбаева қоршаған әлемді ұлттық қабылдауы мен бейнелеуі ақиқат болмысты әр түрлі кодтауға алып келетіндігіне, сондықтан да жақсылық/жамандық концептілерінің тілдік сипаты фразеологиялық, паремалогиялық қордан, фольклорлық мәтін мен көркем әдебиетте толық көрініс тапқанына сенімді. Ол: «Жақсылық/жамандық концептілері әрбір этникалық мәдениетте әмбебап категория болып табыла отырып, аталмыш концептілердің ұғымдық және басқа компоненттерінде көрінетін ұлттық ерекшеліктері бар» – дейді [7, 100] . Бұл концептінің басты белгісі бір нәрсеге деген қарым-қатынасы, бағалау көзқарасы екенін айта келе, бағалаудың ең басты мақсаты негізінен жақсы немесе оған қарама-қарсы жаман түсінігін беру екенін айырықша айтады.
Зерттеуші жақсылық/жамандық концептісін барлық этникалық топқа ортақ жалпы адами таным парадигмасына жатқызады. Десек те, ол аталмыш концептілердің екі тіл иелері санасына ортақ және өзгеше ассоциалық өрістерін ажыратып топтастырады. Жұмыста жақсылық/жамандық концептісінің бейнелік, символикалық бөліктерін арнайы кестеге салынған, онда жақсылықтың жан, жүрек, сұлулық, оң жақ, жарық нұр, ақ түс символдарына жамандықтың жанның жоқтығы, жүрексіздік, сұрықсыздық, сол жақ, қараңғылық, қара түс сияқты символдары қарсы қойылып, екі тілде ортақ мағына деп беретіндігін анықтайды. Ұлттық ерекшелік ретінде қазақ тілінде жақсылық символына Қызыр ата берілсе, жамандық символына дию, пері берілген [7, 73].
А.Ж. Шалбаева қарама-қарсы мағынада берілген сөздерде халықтың дүниетанымдық ойсүрлеуі жатыр дей келе, мақал-мәтелдерде жақсылық/жамандық лексемаларының жұп құрап жиі кездесетіндігін келесі мысалмен дәйектейді: Жамандықты көп қуған бір пәлеге жолығар, Жақсылықты көп қуған бақ, дәулетке молығар [7, 76]. Ол «халық даналығы қандай да бір болмыстың, құбылыстың қарама-қарсылықта дамитынын аңғара білген, жамандықты көрсете отырып, жақсылыққа шақырған» деп ой түйеді [7, 75].
Зерттеуші ассоциациялық өріс құрамын талдау ұлттардың дүниетанымынан, психологиясынан, тұрмыс-тіршілігінен, салт-дәстүрінен мол ақпарат алуға жол ашатындығын айтып, екі ұлт өкілдеріне ассоциациялық эксперимент жүргізеді. Эксперимент нәтижесінде қазақ халқының ұлттық менталитеті бойынша өзін емес, өзгені бірінші орынға қою қасиеті басым деген қорытындыға келеді [7, 81]. Экспериментке қатысушылардың берген жауаптарын көрсете отырып, тек қазақ ұлттық танымындағы ұғымдарды былайша талдайды: «Қазақтарда ата-ананы құрметтеу, сыйлау, бағалау жақсылық өрісінің аясына кіреді. Бұдан халық дүниетанымындағы бауырмалдық, үлкенді сыйлау ерекше көрінеді» [7, 82];
«Жақсы сөз, жақсы ой, ақ тілек, ізгі ниет тіркестердің ұшырасуы қазақтың сөзге мән беретіндігін, сөз құдіретін түсінетіндігін, аталы сөзге тоқтай білетіндігін көрсетеді [7, 83]. Зерттеуші қазақта жақсылық пен жамандық егіз ұғым деп, жамандық сөзінің тек қазақ тілдік санасында орын алған ассоциациялық өрісіне,тәжірибе қорытындысына сүйене отырып, өтірік айту, біреуді алдау, қайғы-мұң, қасірет, жаман сөз, өлім мен сатқындықтарды жатқызады. А.Ж. Шалбаеваның зерттеу жұмысында қарама-қарсылық мәнге ие жақсылық/жамандық концептілері қарастырылғандықтан, зерттеудің қазақ тіліндегі антонимия мәселесінің когнитивтік бағыттағы зерттеулеріне еңбекте келтірілген тұжырымдар үлес қосады деген ойдамыз.
С.Ғ. Қанапина зерттеу еңбегінде мақал-мәтелдің танымдық бейнелілігін зерттеліп, олардың халықтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, наным-сенімі, рухани мәдениеттің негізі екендігін зерделенген. Зерттеуші «мақал-мәтелдердегі антоним, синоним, омоним қарапайым сөздер семантикалық сыйымдылығына қарай әр түрлі сөздермен тіркесіп, жаңа мағыналық реңктерге ие болады» дейді де, сөз-символдар ұлттық-танымдық, ұлттық-мәдени, фондық мағыналарға ие болатындығын айтады. Ол «Атадан жақсы ұл туса, есіктегі басын төрге сүйрер. Атадан жаман ұл туса, төрдегі басын есікке сүйрер» деген мақалды алып, ұлттық ұғымдағы төр символына тоқталады. Ол «төр» мен «есік немесе босағаны» қарама-қайшылықта қарастыру жоғарытөмен моделі бойынша динамикалық дамуды – жас мөлшеріне байланысты өмір жол, балалар төменде, ал үлкендер жоғарыда –төрде орналасу моделін де көрсетеді» дей келе, жоғарыдағы мақалда «төр» құрмет символын, «есік» сөзі құрмет, абырой, беделден айырылу мағынасын білдіретіндігін, қарама-қайшылықты ұғымда жұмсалып отырғандығын айтады [4, 45]. Зерттеу жұмысында антонимия мәселесі арнайы көтерілмесе де, мақал-мәтелдердегі қарама-қарсылық ұғымы тұрғысында айтқан пікірлері құнды. Б. Ақбердиева күн – түн, от – су, ақ – қара, көк – жер, оң – теріс, аталық – аналық сияқты жұп символдардың танымдық мәнін ашып, фразеологиялық тіркестер беріп, көркем шығармалардан мысалдар келтіреді. Мысалы, абстрактілі ұғымдағы бақ – сор жұп символдарына бағы ашылды – бағы жанбады, бағы асты – бағы кесілді деген фразеологиялық жұптарды ұсынады. Ол «оң жақтың мәні маңызды, жақсы болса, сол жақтың мәні жаман, нашар» деген пікір айтады да, оңға басты – оңға баспады мысалын келтіреді [4, 76]. Қос тағанды фразеологизмдер таған аралық компоненттердің контрастивті мағынасы негізінде жасалса, мифтік танымның негізгі құрылымдық белгісі бинарлық қарамақарсылықтан тұратындығын айтып, қос тағанды фразеологизмнің А+В моделін ұсынады: аз да болса // көптей көр, күле кіріп // күңірене шығып т.б. Зерттеуші антитеза тәсілімен жасалған жұп фразеологизмдерге торқалы той – топырақты өлім, тілінде шоқ – ұртында мұз тәрізді сөз үлгілерін жатқызады. Ол антитеза жолымен жасалған жұптардың бір-біріне қайшы келуі антонимдік параллель туғызып, көркемдік әсерлікті күшейтетініне сенімді. Оксюморонға ақсақты тыңдай, өтірікті шындай қылу, өлгені тірі ліп, өшкені жану сияқты мысалдарды беруі өте орынды. Б. Ақбердиева жұмысында тұрақты сөз орамдарындағы қарама-қарсы мәнді мифтік таным негізінде ашып талдаған.
Жоғарыда талданған еңбектер қарама-қарсы мағыналы тілдік бірліктерді когнитивтік бағытта зерттеу қолға алынғандығын, антонимияның когнитивтік аспектісі қалыптасу үстінде екенін көрсетеді.
Әдебиеттер
Жаңабекова А.Ә. Қазақ тіліндегі «уақыт» ұғымының тілдік парадигмасы: филол. ғыл. док. дисс... – Алматы, 2010. – 348 б.
Ақбердиева Б.Қ. Лексика-фразеологиялық жүйедегі мифтік-танымдық құрылымдар: филол. ғыл. канд. дисс... – Алматы, 2000. – 119 б.
Серікбаева Ұ.Б. Қазақ тіліндегі «ақ» және «қара» түр–түс атауларының этнолингвистикалық сипаты: филол. ғыл. канд. дисс... – Алматы, 2005. – 143 б.
Қанапина С.Ғ. Қазақ тіліндегі мақал-мәтелдердің танымдық бейнелігі (Ғ. Мұстафин, С. Мұқанов шығармалары негізінде): филол. ғыл. канд. дисс... – Алматы, 2006. – 143 б.
Жиренов С.А. ХҮ–ХІХ ғ.ғ. ақын – жыраулар поэзиясындағы «Өмір – Өлім» концептісінің танымдық табиғаты: филол. ғыл. канд. дисс... – Алматы, 2007. – 165 б.
Қошанова Ж.Т. Қазақ тіліндегі «байлық – кедейлік» концептісі: танымдық сипаты мен қызметі: филол. ғыл. канд. дисс... – Алматы, 2009. – 148 б.
Шалбаева А.Ж. Жақсылық/жамандық концептілерінің танымдық көрінісі (қазақ және орыс тілі материалы бойынша): филол. ғыл. канд. дисс... – Алматы, 2010. – 133 б.