Филология. Реферат. Қазақ фольклорындағы ислам негіздері

Oinet.kz 09-09-2020 1061

Ислам діні – тек қана араб халықтарының діні емес. Ислам – Алланың хақ діні. Ислам (араб.: اإلسالم – Аллаға мойынсұну, бағыныштылық) – Аллаһтың адамзатқа жіберген ақырғы діні саналатын дін.


Ислам негіздерінің қазақ фольклорындағы баяндалуы, жеткізілуі, алатын орны туралы танысып, әдебиетімізде қаншалықты деңгейде жеткізілгенінен хабардар болып, одан әрі мәліметке қанық бола аламыз.


«Фольклор» – ағылшын тілінен аударғанда ауызша шығарылған асыл, аталы, көркем сөздер, яғни, халық даналығы, халық білімі деген мағынаны білдіреді. «Фольклор» – ауыз әдебиеті ұғымының ғылыми, халықаралық атауы. Фольклор кең ауқымды ұғым. Ол миф, аңыз, әпсана, эпос, музыка, би, сурет, сәулет, археология, т.б. салаларды қамтиды. Осы сипатына орай фольклорды музыкалық және пластикалық деп тағы бөлеміз. Мұның біріне уақыт пен кеңістік шеңберінде ғана өмір сүретін(орындалатын) ән-әуен, би үлгілері жатса, екіншісін заттық-материалдық (археологиялық) мәліметтер кұрайды [1].


Фольклорлықмұраекітүрдесақталады. Бірі– шығармаларды ауызша сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын халық жады. Екіншісі –қолжазба мен кітап және осы күнгі жазып алып, содан соң қайта тарататын әртүрлі техникалық құралдар. Қазақ халқының ауыз әдебиетінің туындылары жайында сөз еткенде, ең алдымен, ауыздан-ауызға ауысып, жатталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келе жатқан тамаша эпостық жырларымызды, ұмытылмас ертегілер, нәзік лирикалы өлең-әңгімелер еске түседі [2].


Сонымен бірге, діни тұрғыда, Ислам дінін уағыздап, шариғатты насихаттап, Қасиетті Құран негізінде жазылған шығармаларды, жыр-дастандарды, діни туындыларды да еске аламыз. Діни дастандар – біздің рухани мұрамыз. Басқа халықтар секілді, қазақ халқының да ертеден келе жатқан діни ұғымдары, ескі наным-сенімі болған. Мұндай ұғым-дар қазақ арасында ертеде, Шоқанның айтуынша, шамандық дәуірде, көп құдайға сиынған кезде туған [3].


Қазақ даласына ислам діні VII ғасырдың басында арабтардың Орта Азияны бағындыруы нәтижесінде кіре бастады. Шындығын айтқанда, ислам діні Қазақстанға күштеп енгізілген жоқ. Қазақстанда сол дәуірде қалыптаса бастаған феодалдық қатынастарға ислам дінінің кері әсері болмай, қайта ол феодалдық қарымқатынастарды жандандыра түсетінін көре білген феодалдық үстем тап иелері ислам дінін қуана қарсы алды. Өйткені бұрыннан келе жатқан шаман діні феодалдардың талап-тілегін, мақсатмүддесін қанағаттандыра алмады. Ал ислам діні болса халықты рухани жағынан болсын, саяси жағынан болсын мығым ұстай алатын мемлекеттік дін бола алды. Қазақ ауыз әдебиетіне ислам діні тікелей әсер етті [4].


Қазақ-араб ауыз әдебиетінің байланысы IX-X ғасырлардан басталады. Араб әдебиетінің қазақ жеріне келуі Ислам дінімен тікелей байланысты. Орта Азияға, Қазақстанға X ғасырда келген Ислам діні өзімен бірге Ислам өркениетін, мәдениетін, сонымен бірге, араб әдебиетін жетелей келді.


Алла тағаланың Ислам дінін уағыздау үшін жіберген кітабы Құран кәрім – бүкіл адамзат баласына жіберілген арнау. Осы бүкіләлемдік, адамзаттық бірігу Ислам мәдениетін бір түйін етті. Бұл түйін әрбір халық және үмбеттің өнерін реттеді [5].


Қазақ жеріне Ислам діні келген кезеңде біздің жеріміздің тұрғындары түркілер еді. Ол кездегі әдебиет түркі халықтарына ортақ болды. Бір ғана мысал, Алпамыс батыр жырының қазақ, өзбек, түркімен, т.б. тілдердегі нұсқасын кездестіруге болады. Ислам дінінің келуімен қазақ жерінен де мұсылманшылықтан нәр алған ғұламалар, ақын-жазушылар, жыраулар шықты. Олар дастан-қиссаларды Құран Кәрімге, діни әңгімелерге негіздей отырып жазған. Мәселен, «Жүсіп-Зулайха», «Ухуд қиссасы», «Хайбар қиссасы», «Хазірет Осман (р.а.) қиссасы», «Хазіреті Әли (р.а.) қиссасы», «Бәдір қиссасы», «Қиссаи Айша (р.а.) туһматы» сынды қиссалар Құран Кәрімге негізделе отырып жазылған.


Бұл шығармалардың негізгі нұсқалары араб тілінде болған. Бүгінгі күнде қолжазба күйінен, араб тілінде кітап болып жарияланған. Бәйрут, Дамаск баспаханаларынан жарық көрген. Жырдастандар көбінесе діни туындылар және сүйіспеншілік, махаббат жырлары жайында болды. Қазақтың халық әдебиетінде сюжеті шығыстан келген сүйіспеншілік хикая-лары аз емес. Солардың ішінде қазақ тыңдаушыларының арасына көбірек жайылғандары: «Ләйлі-Мәжнүн», «Таһир-Зуһра», «Бозжігіт», «Жүсіп-Зылиха». Бұлар шығыстың кейбір классик ақындары жырлап өткен және халық романы болып кеткен көпке ортақ тақырыбы бар жырлар [6].


Дегенмен аталмыш туындылар біздің дәуірімізге, біздің күнімізге жеткенше біршама өзгерістерге түскен. Жыршы немесе шығарманы жазушы болсын шығыс елдерінде жырланған шығармаларды қазақ еліне, жеріне, тіліне сәйкестендіре отырып қайта жырлаған. Шығыста бір ақынның жырлаған тақырыбын және бір ақынның жырлауы, қайта әңгімелеуі ол ертеден қалыптасып келе жатқан дәстүр. Бұл жайын да М.О. Әуезов былай дейді: «Олар біреуінің тақырыбын біреуі алуды заңды жол еткен. Тек алдыңғының өлеңін алмай және көбінше алдыңғы айтқан оқиғаларды негізінде пайдаланса да, көп жерде өз еркімен өзгертіп отырып, тыңнан жырлап шығаратын болады….» [7].


Айта кететін жайт, Кеңес дәуірінде діни тұрғыда, шариғатты уағыздайтын шығармалар тұншығып жатты. 1917 жылға дейін жазылған көптеген шығармалар, оның ішінде Құран кәрімге негізделіп жазылған туындылардың жарыққа шығуы үлкен проблема болды.


Бірақ, Құдайға шүкіршілік, мұндай туындылар біздің күнімізге дейін сақталып келді. Халқымыз егемендікке қол жеткізуінің арқасында діни тұрғыда жазылған туындылар қара түнектен жарыққа шығып, ұзаққа созылған ұйқысынан оянғандай, дүниеге жаңадан келгендей болды.


Демек, қазақ-араб ауыз әдебиетінің байланысы, қарым-қатынасы ежелден басталады. Мәселен, «Мың бір түн» шығармасын біз араб, одан парсы тілдерінде жырланып, кейін біздің жерлерімізге жеткен дейміз. Дегенмен, кейбір арабтың ауылды жерлеріндегі қариялары ол хикаяны Орта Азия немесе парсы жерлерінен келген болуы керек деген пікір айтады.


Біздің тілімізде араб сөздері қолданғаны секілді араб сөздерінде де түркі сөздерін кездестіруге болады. Мәселен Ирақ, Мысыр (Египет) арабтары «көпір» деген сөзді қолданады. Араб тілінде көпір «жиср» деп айтылады. Дегенмен, олар жиср емес, «копри» деп айтады. Сириялық арабтар «дуғри» деген сөзді қолданады. Бұл тура деген мағына береді. Сондай-ақ, кейбір жер-су аттары түркі тілінде. Мәселен Палестина жерінде «Қайтбай» деген өзен бар. Қазақ жеріндегі діни дастандар негізін Қасиетті Құраннан алады. Мәселен: «Хазіреті Османның (р.а.) Пайғамбарды қонаққа шақырғаны», «Пайғамбардың Исра Миғражға қонақ болғаны», «Зәйд пен Зәйнәб қиссасы», «Бәдір қиссасы», «Ухуд қиссасы» және т.б. Бұл қиссалар ескі жазуда, яғни араб әрпімен жазылған, оқылуы қазақша күйінде Қазақ Ұлттық Ғылым Академиясының кітапханасында күні бүгінге дейін сақтаулы.


Қазақ ауыз әдебиетінде ертеден ауызша айтылып, жырланып келе жатқан діни қиссалар:


«Мұхаммед пайғамбар», «Әзіреті Әлінің Пұсайылды дінге салғаны», «Әмір Әмзе», «Әзіреті Әлі мен Дариға қыздың күресі», «Адһам мен Малика», «Құбыл», «Жаһаншаұлы Жаһангер жетім», «Раббана», т.б. ерлік және ғашықтық, дін үшін күрес, уағыз ретінде жырланатын жыр үлгілері [8].


Қазақ фольклоры – жанр жағынан да, түр жағынан бай мұра. Оның ғасырлар бойғы тарихы бар. Ол сонау алғашқы қауымның ыдырау кезеңінде туып, күні бүгінге дейін өмір сүруде. Көнезаманнанберіолжәйөмірсүріпқанақоймай, әрбір қоғамға, өмір шындығына сәйкестеніп, өзгеріп отырды. Қазіргі уақытта халқымыздың ғасырлар бойы сақтап келген мұрасын нағыз ғылыми түрде жан-жақты зерттеу және оның барлық күрделілігі мен қайшылықтарын ашып алу – актуальді мәселе болып тұр.


Қорыта келе қазақ халық әдебиеті мен діни туындыларды салыстыра зерттеу әлі де бүгінгі күннің мойнында тұрған міндет. Фольклорлық жазбалардың маңызы ең алдымен ұмытылған, яки ұмыт бола бастаған халықтың ауызекі шығармаларын мәңгілік сақтауында. Тек осы жазбаларды жинау мен бастырудың арқасында ғана қай халықтың фольклоры болса да бүкіл халықтық мәдениеттің бір бөлігіне айналады, ал ең жақсы үлгілері дүниежүзі мәдениетінің қазынасына енеді.


Әдебиеттер


Қазақ әдебиетінің тарихы. – Т. І. – Қазақ ССР Ғылым Академиясы. – Алматы, 1948. – 14 б.

Фольклор шындығы. Ғылым Академиясы. М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты. – Алматы: Ғылым, 1990.

Ғабдуллин М. Қазақ халық ауыз әдебиеті. – Алматы.: Қазақтың мемлекеттік оқу-педагогика, 1958.

Бартольд В.В. Сочинения. – Т. V. – М.: Наука, 1968. – 68 б.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10-жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның еңбектері. Қазақ-Кувейт университеті. – Шымкент, 2001.

Қазақ әдебиетінің тарихы. – Т. І. – Фольклор. Өнер және әдебиет институты. Редакциясын басқарған Қазақ ССР Ғылым Академиясының толық мүшесі, профессор М. Әуезов. Қазақ ССР Ғылым Академиясының баспасы. – Алматы, 1948.

Әуезов М.О., А. Құнанбаев. Мақалалар мен зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1967.

Ислам дінін уағыздайтын қазақ қиссалары. – Т. ІІ. – Құрастырған, алғы сөзі мен түсініктерін жазған Қ. Саттаров. – Алматы: Жазушы, 2007.

Филология. Реферат. Шыңғыс Айтматов және ауыз әдебиеті
Филология. Реферат. Қазақ және корей тілдерінің этномәдени ерекшеліктері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу