Филология. Реферат. Саяси лингвистика саласындағы зерттеулер
«Саяси лингвистика» мәселелерінің бастауында түрлі зерттеушілер болды. 1949 жылы Гарольд Лассуэлдің редакциясымен «Тіл және саясат» кітабы шықты, мұнда ол Чарльз Морристің ұсынысына сүйене отырып, «саяси семантика» және «саяси синтаксис» деген екі ұғымды ажыратады. Біріншісі тірек ұғымдарды, ұрандар мен доктриналарды қалай түсінілсе, солай зерттейді. Екіншісі логикалық грамматикалық арақатынасына қатысты болады.
1976 жылы Гаага и Парижде «Тіл және саясат» деген атаумен мақалалар жинағы шықты. Түрлі салалар мамандары, оның ішінде саясаттанушылар жан-жақты материал негізінде тілдік және саяси мәселелерді байланыстыра зерттеудің өзектілігін негіздеді.
П. Коркоран «Новые направления в политической коммуникации» атты монографиясында «философиядағы лингвистикалық төңкеріс» және осыған ұқсас «саяси ғылымдағы лингвистикалық төңкеріс» феноменін толығымен қарастырады [1].
Саяси лингвистиканың зерттеу пәні саяси дискурс болып табылады. Дискурс ұғымының мағынасы әртүрлі. А.Н. Баранов саяси дискурсты дискурсивтік практиканың жиынтығы ретінде қарастырады. Дискурсивті практикаға нақты саяси субьектіге тән немесе саяси коммуникацияда берілген тақырыпты талқылауға қажетті тілдік құралдардың тұрақты тобы жатады. Саяси лингвистика бағыты дамыған ең бір белгілі дискурстың мысалы – ұлттық национал-социализм тілі (Klemperer, 1947), кеңестік дәуірдегі орыс саяси тілі, оны француз лингвистикасында «ағаш тіл» – langue de bois (Seriot, 1985) деп атаған [2].
О.А. Толпыгина дискурс ұғымын анықтаудың екі негізгі бағытын бөліп көрсетеді. Бірінші бағыттың өкілдері (Дж. Покок, Кв. Скиннер) дискурсты шындық өмірдің уақыт жағынан ұзаққа созылған, өрістеу логикасы (сюжет) тән болатын дамыған көріністері ретінде түсіндіреді. Бұл жердегі талдаудың міндеті, құбылыстың ішкі логикасын тану және шындық өмірдегі сюжет дамитын тәсілдерді анықтау болып табылады. Мысалы, Президент сайлау дискурсы, консерватизм дискурсы т.б.
Келесі бағыттың өкілдері дискурсты сөйлеуші мен тыңдаушының арасында өтетін коммуникацияның ерекше түрі ретінде түсіндіреді.
Тойн Ван Дейк осы әдісті «расизм» ұғымын анықтауға және қоғамда расизмді тудыру және қайта тудыру үдерісін талдауға қолданады. Зерттеу барысында ол дискурстың келесі деңгейлерін бөліп көрсетеді:
Күнделікті коммуникацияда қолданылатын сөйлеу қарым-қатынасы: өсек, анекдоттар, талқылау т.б.
Билік иерархиясының барлық деңгейлерінде жасалатын және аз ұлттарға қатысты жағымсыз (кейде жасырын) көқарас, дискриминация жасау түрінде кездесетін ресми дискурс.
Түрлі топтар мен әлеуметтік институттар арасындағы коммуникация үдерісінде үлкен роль атқаратын бұқаралық ақпарат құралдары. Олар идеологияны жасау мен таратуда маңызды факторлар болып табылады.
Осы екі негізгі бағыттан басқа алдыңғы екеуін бірге қосатын интегративті бағытты көрсетуге болады. Бұл бағыт дискурстың түрлі аспектілерін бөліп көрсетеді:
«Таңбалық жүйені» (тіл, жест, образдар) көрсететін семиотикалық аспект
Түрлі әлеуметтік әрекеттерді көрсететін іс-әрекет аспектісі.
Әлеуметтік өзара ықпалдың «қоршаған ортасын» көрсететін: уақыт, орын, жағдай материалдық аспект.
Қоғамдағы өктем қарым-қатынасты қалыптастыратын және тудыратын саяси аспект.
Жеке, әлеуметтік және мәдени білімнің өзара ықпалын көрсететін әлеуметтік-мәдени аспект.
Бұл бағыттың артықшылығы, ол дискурстың қалың бұқараға әсер етумен сипатталатын саяси аспектісін бөліп көрсетеді [3].
Б.А. Ахатова «саяси коммуникация – саяси партиялар мен қозғалыстардың ақпаратты алмасу және оны қабылдау арқылы жүретін өзара ықпал етуінің күрделі және көп аспектілі үдерісі» екенін атап өтеді [4].
Саяси ақпаратты қалың көпшілікке жеткізу каналы бұқаралық ақпарат құралдары болып табылады. Демек, саяси дискурсқа БАҚ-тағы саяси тақырыпқа жазылған материалдар кіреді.
Саяси дискурсты және саясаттануды лингвистикалық зерттеулердің негізгі салалары БАҚ-тағы саяси мәтіндердің мазмұндық жағын талдаумен байланысты болып келеді. Бұл үшін арнайы әдістемелер мен әдістер – контент-талдау және когнитивті картирлеу әдістері жасалған.
Контент-талдаудың мәні мынада, мәтіннің сөз бен сөз тіркесі деңгейіндегі сандық сипаттамалары бойынша оның мазмұны туралы болжам жасау, яғни автордың ойлау ерекшелігі, ниеті, тілегі туралы тұжырым жасауға болады.
Саясаттануда контент-талдау әдетте мәтін авторының когнитивті ұстанымын – оның қандай да бір жағдайға, ұғымға, құндылық категориясына деген қарым-қатынасын зерттеу үшін қолданылады.
Х. де Ландсхеер 1831-1981 жылдар аралығындағы голландық саяси дискурс материалында контент-талдау жүргізді. Жүз елу жылдық мерзімді үш бөлікке бөлді: 1831-1914, 1919-1939 және 1965-1981. Зерттеудің мақсаты саяси дискурста саяси метафораларды қолдану жиілігі мен саяси-экономикалық дағдарыстар кезеңдері арасында мүмкін болатын корреляция орнату болып табылады. Мәліметтер корпусы ретінде парламенттік репортаждар, саяси комментаторлардың бағаны, газет-журналдардан редакциялық мақалалар таңдалды.
Зерттеу барысында нақты метафоралық модельдер анықталды: Соғыстар, Өлім, Ауру. Х. де Ландсхеер келтірген сараптама метафоралардың сананың дағдарыстық жағдайымен, проблемалық жағдаятпен және мәселені шешу ізденісімен байланысты екені туралы болжамды бекіте түсті [2].
Саяси лингвистика саласындағы зерттеулерге шолу жасай отырып, Ресейдегі саяси тілді зерттеудің А.П. Чудинов ұсынған талдауын береді. XVIII ғасырдың соңы – ХІХ ғасырдың бірінші жартысында тілді әлеуметтік салада қолдану мәселесі негізінен риторика шеңберінде зерттелді. ХІХ ғасырдың екінші жартысы
– ХХ ғасырдың басында саяси сөздер мәселесі ең алдымен публицистикада, төңкерістік, либералдық және консервативті көзқарастарды жақтаушылар арасындағы өткір саяси пікірталастар көрініс тапқан газеттерде қозғалды. Кеңес дәуіріндегі саяси тілді зерттеу тарихын А.П. Чудинов үш кезеңге бөледі:
Бірінші кезең 20–30-шы жылдарды қамтиды, бұл кезде Г.О. Винокур, С.И. Карцевский, Е.Д. Поливанов орыс әдеби тіліндегі 1917 жылдан кейін болған өзгерістерді зерттейді. Лексикалық және стилистикалық жүйеде елеулі өзгерістер болғандығы анықталды: көптеген аббревиатуралар пайда болды, варваризм мен диалектизмдің экспансиясы басталды, қарапайым сөйлеу тілінің әсері елеулі түрде күшейді, көптеген сөздердің семантикасы мен эмоционалды бояуы қалыңдап, кеңейе түсті;
Екінші кезең 30–40 жылдарда жалғасады, Н.Я. Маррдың жолын ұстанушылар «қанаушылардың тілі» мен «еңбекшілердің тілін» бөліп алып, ұлттық тілдің шеңберіндегі жеке жүйелер тәрізді бөлек сипаттауға ұмтылды;
Үшінші кезеңге 50–80 жылдар жатады, бұл кезде саяси сөздің мәселесі шешендік өнер мен лекторлық шеберліктің теориясы мен практикасы бойынша мақалаларда қарастырылды.
Автор саяси лингвистиканың дамуындағы жаңа кезеңді ерекше атап өтеді, ол қоғамның әлеуметтік жүйесін қайта құру кезеңінде басталды. Бұл кезеңнің басты сипаты ретінде саяси лингвистика саласындағы зерттеулердің елеулі түрде кеңеюін атауға болады. Тілді деңгей (лексика, фонетика, сөз тудыру, морфология, синтаксис) бойынша талдауды; жеке саяси жанрлар, стильдер мен мәтіндерді, саяси жанрларды жеке зерттеу; коммуникативтік рольдерді, стратегия мен тактиканы дискурсивті зерттеу; түрлі елдер мен дәуірлердегі саяси дискурстардың жалпы және ерекше белгілерін салғастырмалы зерттеу [5].
Қазіргі саяси лингвистиканың жедел түрде дамып келе жатқан бағыттарының бірі – саяси метафораларды зерттеу. Қазіргі саяси дискурста метафоралардың жиі қолданылып отыр, себебі олар қоғамдық санаға қатты әсер етеді. Дәстүрлі ұғымда метафора – сөзді зат, құбылыс, іс-әрекеттің ұқсастығы негізінде қолдану болып табылады.
Когнитивтік аспектіден алып қарағанда, метафоралану білімнің екі құрылымының – «түпнұсқаның»(source domain) когнитивті құрылымы мен «мақсаттың» (target domain) когнитивті құрылымының өзара әсеріне негізделеді. Түпнұсқаның саласы – адамның шындық өмір мен өзара әрекеттесуінің тікелей тәжірибесінен алынған нақты білім. Бұл «таныстық бойынша» білім. Мақсат саласы – онша айқын емес, онша нақты емес, анық емес білім. Метафоралану үдерісінде мақсаттың кейбір салалары түпнұсқаның образы бойынша қайта құрылады, басқаша айтқанда, «метафоралық проекция» жүзеге асады. [6: 75-76].
А.П. Чудинов когнитивті теория аспектісінде метафора «ойлаудың ерекше түрі, адам ойлауының ұқсас мүмкіндіктерімен негізделетін тілдің күнделікті шындығы.» екенін айтады. Абстракцияның күрделілігімен және жоғары деңгейімен ерекшеленетін саяси саланы метафоралық модельдеу кезінде, адам өзіне жақсы таныс және түсінікті саладағы қарапайым да нақты образдарды қолданады [5: 124].
Мысалы, sell көп мағыналы етістігінің тікелей мағынасы сату, ал the European Commission president, yesterday reiterated Brussels’ call for Britain to surrender its national veto in key policy areas, undercutting his own and Labour’s latest at-tempts to sell more pro-European message to the British electorate.(Gary Duncan. Prodi repeats call for veto surrender. The Scotsman Now 7, 2000: 8.) контексінде сайлаушыларға европалық жолдауларды насихаттау мағынасын береді.
Метафоралық проекция аналогия принципі бойынша іске асады: адам ойлауының ассоциативті сипаты туынды мағына образын бірте-бірте нақтылайды. Күнделікті өмірден таныс бірдеңені сату деген мағына саясат саласына көшеді де, белгілі бір көзқарастарды насихаттау, тарату ұғымын береді. Насихаттау сендіру арқылы, адресатқа әсер ету жолымен жарнаманы қолдану, сол нысанды тиімді жағдайда көрсету арқылы іске асады.
Адамның әлемді тану үдерісі өзіне дейінгі ұрпақтың жинаған тәжірибесімен тығыз байланысты іске асады. Жаңа құбылыстарға тап болған адам оларды өзіне бұрыннан таныс және жақын атаулармен атайды. Демек, метафора, адамның креативті ойлау қабілетінің нәтижесі ретінде, әлемді танып білу үдерісінің материалдық көрінісі болып табылады.
Саяси метафориканы орыс тілі материалында талдаудың үлгісі ретінде «ұлттық идеяны» контент-талдауды алуға болады. Материал ретінде 1996-1997жж. газет мәтіндері пайдаланылды. Талдаудың бірінші кезеңінде массивтен тірек сөздер бойынша құжат таңдау жүргізілді. Алынған мәтіндер корпусы DIALEX бағдарламасымен өңделді, ол «ұлттық идея, Ресейге арналған идея, ресейлік идея, орыс идеясы» тіркестерінің әр қолданысына конкорданс жасауға мүмкіндік береді. «Ұлттық идея» концептісін талдау нәтижесінде 13 метафоралық модель табылды. Метафоралық контексте жиі қолданылатын бейтарап және жағымды-бағалау метафоралары – персонификация, құрылыс, өсімдік/ағаш.
«Ұлттық идеяға » қатысты метафоралардың қолданылу жиілігі өте аз, себебі бұл концепті пікірталастың тақырыбы бола бермейді [2].
П. Чилтон өз еңбектерін саяси дискурс метафорикасына арнады және түрлі когнитивті сызбалар негізінде жеке саяси дискурстар қалай құралатынын көрсетті. Көптеген зерттеулердің саяси метафораға арналатындығының себебі, метафора «билікті жүзеге асырудың құралы және оның сана мен мінез-құлықты жаулап алу мүмкіндігі мол» [7] болып табылады.
Ағылшын жазушысы Дж. Оруэлл өзінің атақты «1984» романында және ағылшын тілі туралы мақалаларында тіл мен саясаттың өзара ықпал етуінің маңызды заңдылықтарын анықтады. Оның негізгі жетістігі ретінде саяси мінезқұлықты реттеп отыратын дискурстың ерекше түрі – новояз (newspeak) деп аталатын концепция болып табылады.
Когнитивті картирлеу саясаттану және әлеуметтік ғылымдардың әдістемесі ретінде Р.Аксельродтың және оның әріптестерінің еңбектерінде дамыды. Бұл әдістеме саяси мәтіннің каузальды, себептік құрылымын анықтауға мүмкіндік береді, бұл дағдарыстық саяси жағдаяттарды талдауда, сондай-ақ, саясаткердің ойлау жүйесін модельдеу үшін қолданылады. Когнитивті карта саяси жағдаят көрсетілген саяси мәтін үзіндісінің сызбасы болып табылады. Бұндай карта оқиғалар арасындағы себептік байланыстарды, жағдайлардың бір-біріне ықпалын көрсетеді. А.Н. Баранов «лингвистикалық тұрғыдан когнитивті карта мәтіннің шағын бөлігінің мазмұнын анықтауға мүмкіндік береді» [2].
Саяси мәтіндердің мазмұндық жағын талдаудың қарастырылған әдістері мен әдістемелері тілдің дискурс арқылы саясатқа әсерін көрсетеді, яғни саясат тілінің прагматикалық бағыттылығын анықтайды.
60–70 жылдары зерттеулердің елеулі бөлігі тілдің ұлттарды дамыту мәселесімен өзара ықпалына арналды. Бұл саладағы зерттеулер саясаттың, билік пен идеологияның тіл мәселесімен өзара әсерін көрсетті.
Е.И. Шейгалдың атап көрсеткеніндей, саяси лингвистиканың пәнаралық сипаты айқын да басым: мұнда әлеуметтік лингвистика, мәтін лингвистикасы, когнитивті лингвистика, нарративті талдау, стилистика и риториканың жетістіктері аралас келеді. Саяси лингвистикадағы дискурсталдау биліктің әлеуметтану, мәдени, тұлғааралық және когнитивті аспектілерінің арасында көпір жасауға мүмкіндік береді [8].
Осылайша, жоғарыда қарастырылғандардан шығатын қорытынды, саяси лингвистиканың басым болатын екі құрамдас бөлігі бар – тіл және саясат. Демек, тілдің дискурс, коммуникация арқылы саясатқа әсер етуін ғана емес, саясаттың да тілге әсері қарастырылуы керек.
Әдебиеттер
Мухарямов Н.М., Мухарямова Л.М. Политическая лингвистика как научная дисциплина // Политическая наука. – №3. – 2014. – C. 44-60.
Баранов А.Н. Введение в прикладную лингвистику. – М: Эдиториал, УРСС, 2001. – С. 246-257.
Толпыгина О.А. Дискурс и дискурс-анализ в политической науке // Политическая наука. – № 3. – 2002. – С. 72-86.
Ахатова Б.А. Особенности политической коммуникации // Вестник КазУМОиМЯ, серия «Филология». – № 3 (9). – 2004. – С. 23-32.
Чудинов А.П. Политическая лингвистика: Учеб. пособие. – М.: 2006. – 256с.
Баранов А.Н. О типах сочетаемости метафорических моделей // Вопросы языкознания. – 2003. – № 2. – С. 73-94.
Опарина Е.О. Метафора в политическом дискурсе // Политическая наука. – 2002. – № 3. – С. 24.
Шейгал Е.И. Семиотика политического дискурса. Дисс…докт. фил.наук. –Волгоград, 2000. – 431 с.
Герасимов В.И., Ильин М.В. Политический дискурс-анализ // Политическая наука. – 2002. – № 3. – С. 61-71.