Филология. Реферат. Мазмұн мен мән гармониясы

Oinet.kz 09-09-2020 827

Абай поэтикасы туралы көп жазылды...

Абай поэтикасы әлі толықтай зерттелмеді ... Теріске шығару – логиканың даму заңы.


Адам баласы дүниетанымы дамуының бір жолы, мүмкін, теріске шығарудан басталатын болар. Бұрыннан қалған дәстүрлі жол-жоба бар, ол өз дәрежесінде жоғары да лайықты бағалануы тиіс. Оған сөз жоқ. Алайда тек бір соқпақпен жүре берсең, дүниенің шеті мен шегі белгісіз мол болмысын тани алар ма едік? Дәстүрден шығу, бұрынғы танымды теріске шығарып, жаңадан жол салу, із салу, іздену, ұмтылыс – өмірге жаңалық сыйлайды, жаңалықпен бірге жаңа сипатты тіршілік, жаңа сипатты дәстүр, жаңа салт қалыптасады. Американы ашу орта ғасырда өмір сүрген энциклопедист ғалым, ойшыл Абу Рейхан Мухаммед ибн Ахмед Аль-Бирунидің ғылыми нақты ізденуінен (бұл туралы американдық профессор, Орталық Азия тарихының маманы Фредерик Старр жазған арнайы ғылыми зерттеу бар), итальян текті испан теңізшісі Христофор Колумбтың 1492 жылы Еуропалықтарға ашуы бораннан адасып, жер табуынан басталмап па еді?!


Кісінің өмірден көргені мен байқағандарының түйіні, өз тәжірибесінен және өзгелердің тәжірибесінен түйгені, әртүрлі күрестер пен қарсылықтардан алған сабағы, бағалауы – теріске шығару арқылы да өрнектеледі. Теріске шығару – бұл келіспеу, қарсылық, қарама-қайшылық, белгілі бір пікірмен, көзқараспен келіспей, өзіндік пікірін, көзқарасын ұсыну. Теріске шығару – дамудың басты да қажетті шегінің бірі, жаңалықтың бастауы, танымның жаңа белесі. Осындай жалпы теріске шығару факторлары данышпан Абай шығармашылығында мол кездеседі.


Жалпы көркем шығармадағы теріске шығару – өзіндік ерекшелігі мол, күрделі де кешенді құбылыс. Теріске шығарудың лебіздегі бейнесінің өзіндік ерекшелігін саралау, тағы да сөздегі мағыналық және мәндік қрылымын зерделеумен тікелей байланысты. Лебіздегі модальдылық, эмоционалды-экспрессиялық, бағалауыштық, байланыстылық, шарттылық мағыналар кейде теріске шығарумен қойындаса жымдасып, араласып кетеді. Қазақ тілінде семантикалық теріске шығарудың бірнеше грамматикалық тұлғалану жолдары бар:


Іс-әрекет пен қимылдың орындалмайтынын таңбалайтын тұлғалардың өзіндік жасалу жолдары бар:


а) синтетикалық тәсіл: түбір, негізгі және туынды етістіктерге -ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе болымсыздық мағынасын білдіретін жұрнақтың жалғануы: кетпе, жүрме, тұрма, отырма, оқытпа, айтқызба, ой салма, көз салма, дірілдетпе, сөйлеткізбе, ойлантпа, айта салма, бара қалма, сартылдатпа, сыртылдатпа т.б.


ә) аналитикалық тәсіл: есімшеге жоқ, емес сөзінің тіркесуі арқылы жасалады: білген жоқпын, тұрған жоқпын, ой салған жоқсың, алып болған жоқпын, тұрып кеткен жоқсыз, келген жоқ, оқыған жоқ, келген емес, білген емес, жатып жүрген емес т.б.


Болымсыздық тұлғалары етістік түбіріне не негізіне жалғанғанда, оның мағыналық құрылымына айтарлықтай семалық өзгеріс енгізеді. Іс-қимылдың болмайтынын, орындалмайтынын білдіру арқылы атаудың мағынасына жаңа сема қосып, танымдағы болымдылық пен болымсыздықты таңбалауда үлкен рөл атқарады. Болымсыздық тұлғаларының күрделі етістікке жалғану сипатында айтарлықтай ерекшелік бар: кейде күрделі етістіктің бірінші сыңарына жалғанады (айтпай жүр, оқымай келді, барғызбай қойды, сөйлетпей жатыр, бітіртпей отыр, келмей кетті, ойланбай айтты, білмей сөйледі т.б.); кейде күрделі сөздің екінші сыңарына жалғанады (айтып қойма, күліп жіберме, білдіріп қойма, сөйлеп отырма, ойнап жүрме, беріп жіберме, керіп қойма, ойланып отырма т.б.). Болымсыздық тұлғаның бірінші немесе екінші сыңарға жалғануында стильдік мән бар. Егер болымсыздық мағына беретін тұлғалар күрделі сөздің екі сыңарына бірдей жалғанса, онда бірін-бірі теріске шығару нәтижесінде болымдылық мән туғызады: келмей қалма, оқымай қойма, білмей келме, сұрамай болмайды, түсінбей қойма, шығармай қойма, келмей кетпе т.б. Терістеу мағынасы болымсыздық есімдігі еш сөзінің кейбір есімдіктерге жалғануы арқылы да: еш, ешкім, ештеңе, ешқашан, ешбір, ешқандай, ешқайсы, дәнеңе; болымсыздық демеуліктері – түгіл, тұрсын, тұрмақ арқылы да жасалады; Теріске шығарудың түрлері әртүрлі: белгілі бір ақпаратты ғана теріске шығару бар да, кумулятивтік мәнді жалпы терістеу бар.


Абайдың мына өлеңіне назар аударалық:

Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге.

Военный қызмет іздеме, Оқалы киім киюге.


Бос мақтанға салынып, Бекер көкірек керуге. Қызмет қылма оязға, Жанбай жатып сөнуге. Қалай сабыр қыласың, Жазықсыз күнде сөгуге? Өнерсіздің қылығы – Тура сөзін айта алмай, Қит етуге бата алмай, Қорлықпенен шіруге.


Аз ақшаға жалданып, Өнбес іске алданып, Жол таба алмай жүруге. Алыс та болса іздеп тап, Кореннойға кіруге,

«Талапты ерге нұр жауар», Жүріп өмір сүруге.

Я байларға қызмет қыл, Ерінбей шауып желуге. Адал жүріп, адал тұр, Счетың тура келуге.

Жаныңа жақса, соңынан Жалқауланба еруге.

Қисық болса, закон бар Судьяға беруге.

Ол да оязной емес қой, Алуға теңдік сенуге.

Я өз бетіңмен тәуекел, Занимайся прямотой. Жеңіл көрме, бек керек Оған да ғылым, оған да ой,

Қалайынша қайда енуге? [1, 71].


Сіз, әрине, бұл өлеңді бұрыннан білесіз, оқығансыз, мүмкін мұғалімнің талабымен жаттадыңыз да. Енді ешкімнің талабынсыз, емтиханға дайындалып баға алу үшін де емес, жай ғана оқып шығыңыз. Өлеңде қолданған туынды сөздердің негізгі семалары арқылы теріске шығару мәні орындалған.


«Пайда ойлама, ар ойла!» – құрмалас сөйлеміндегі екі жай сөйлемнің орнын ауыстырып жазсақ, ар ойла, пайда ойлама болып шығар еді. Мәселе, бұл жердегі өлеңдегі ырғақта немесе ұйқаста ғана емес, мәселе, автор ұсынып отырған келелі ойдың санаға құйылуында, әсерінде.


«Аласы ішінде» пенде баласының пайда ойламаған күні аз. «Пайда ойламаның» бірінші келіп, келесі кезекте «ар ойла» тіркесінің келуінің кумулятивтік мәні тереңде. Терең білуге талап еткен жан оқиды, білім жинайды, Алланың ақ жолына ұмтылады, демек, ар ойлауға бір табан жақындайды, ұмтылады, нәпсісін тыя алады. Ал нәпсі тыйылған жерде ар ойлау қиын емес.


Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге.


Өлеңдегі терістеу бұйрық рай сипатында беріліп, жай ғана терістеуден, асып, риторикалық айтылым деңгейіне көтерілген. Лебіздің басынан аяғына дейін бұйрық мәнді етістіктер жұмсалған. Автор өз айтарының оң екеніне, дұрыстығына толық сенімді де және осы сенімділік пен туралық өлеңге ерекше шабыт пен көркемдік береді. Өлеңнің ішкі композициясы берік, сондықтан аяғына дейін жылдам оқып шығасыз да, тағы әр сөйлемге, әр сөйлемдегі айтылған ойдың төркініне қарап, шұқшия ойланасыз. Өлеңнің субъектілік-объектілік-предикаттық қатынаста берілуі тыңдаушыға нақты әсер етеді. Тыңдарман бар, іс бар, әрекет бар. Әрекет таңдауға байланысты, таңдауға тіреледі. Нені, қалай таңдау – тек тыңдаушы субъектінің өзі ғана шеше алатын жеке шаруасы. Өлеңде шиеленіс жоқ, таңдау бар. Оң мен сол бар, дұрыс пен бұрыс бар, әділдік пен әділетсіздіктің күресі бар. Бұл – мәңгіліктің күресі. Күнделікті тіршілікте кездесіп жататын әділдік пен әділетсіздік, дұрыс пен бұрыс, жақсылық пен жамандық. Терістеу – жалпы емес, нақты. Автор нақты сөйлеп, белгілі әрекетті, мүмкін болатын немесе болған жағдайды анықтай отырып терістейді. Терістелетін кез келген әрекет – уәжді.

Военный қызмет іздеме, Оқалы киім киюге.


Бос мақтанға салынып, Бекер көкірек керуге. Қызмет қылма оязға, Жанбай жатып сөнуге.


Оқалы киім кию үшін ғана военный қызмет іздеу – теріс; жанбай жатып сөну үшін, оязға қызмет қылу – теріс. Автордың терістеуінің артында күшті уәжі бар. Терістеу – негізді, жүйелі ойға құрылғандықтан, кумулятивтік сипат алады.


Өлең – терістеудің биік үлгісіндей! Мұнда жекелік (жеке бір кісіге арнау мағынасы) сипат жоқ, әлеуметтік негізі ерекше терең. Қай тілде оқылса да, берер түсінік ортақ, терістеудің эмоциялық қабылдануы – ортақ. Авторлық интенция нақты ақпараттарға сәйкес құрылғандықтан, ортақ қабылдау мен ортақ түсінікке оңай қол жеткізіледі. Оның тұлғалық сипаты – екінші жақтық бұйрық рай формасы. Мұндағы тыңдаушы субъект тағы да анық, ол – сен!


Өнерсіздің қылығы – Тура сөзін айта алмай, Қит етуге бата алмай, Қорлықпенен шіруге.


Авторлық интенцияда «өнер» сөзінің мағынасы қазіргі біздер түсінетін «искусства» ұғымынан тереңірек. Білім алған, оқыған адам – өнерпаз! Ойлағанын, ішкі түйгенін айта алмай, туралықты бетің бар, жүзің бар деп айта алмай, іштен тынып, қорлыққа көніп, пікірін үнсіздікпен ішке бүгіп, қорқақтау, сөйтіп қорлықпен шіру – «өнерсіздің қылығы», білімсіз наданның ісі.


Аз ақшаға жалданып, Өнбес іске алданып, Жол таба алмай жүруге.


Бұл да – өнерсіздің ісі. Абай өлеңде «Сен» деп көрсетпегенімен, етістіктіктің тұлғасы арқылы жақты сөйлем құрап, субъектіні нақты атайды,


Қызмет қылма оязға, Жанбай жатып сөнуге. Қалай сабыр қыласың, Жазықсыз күнде сөгуге?


Грамматикалық жағынан осылайша әде мі ұйымдасып, орайласып келген мәтіннің ішкі композициялық бітімі де бүтін. Әрекет бірінен кейін екіншісі келіп, сенің жан-жағыңнан қамалайды, атаудың семантикалық құрылымы арқылы да, грамматикалық тұлғалардың берілуі арқылы да терістеу сені әділдікке бұрылуға, жақсылықты, еріктілікті іздеуге бастайды, тіршілік үшін күрес жамандықпен, әділетсіздікпен еншілес болу емес, «өмір сүру – тек еңбек ақы алғаныңа мәз болып қол қою емес» (Өмір сүру қол қою ма, тек қана, Еңбек ақы алғаныңы мәз болып. Қадыр М.), жанбай жатып сөнемін демесең, қалыптасып қалған жаман әдетке қарсы шық, теріске шығарып, әділдігіңе көш, шындыққа, адалдыққа қарай көш. Ал оның жолы бар ма? Әрине, бар! Мұны Абай данышпан нұсқайды, анық көрсетеді:


... Я өз бетіңмен тәуекел, Занимайся прямотой.

Жеңіл көрме, бек керек Оған да ғылым, оған да ой, Қалайынша қайда енуге?


Ескіден келе жатқан тіршілік-таным қалыптастырған модельді бұзу оңай емес. Санаға семсер жүрмейді. Санаға сіңген құнды да игі дәстүр бар да, артында надандықтың қолаңса исі шығатын ескілік ізі тағы бар. Абай данышпан мұның арасын ашып алып, неден бас тарту керек және не үшін бас тарту керек екенін анық жазады. Терістеу – жүйелі де уәжді. Ақылдың сәулесі дарыған адам түсінеді, келіседі. Абай жасаған модель – осы. Терістеуге де ғылым керек, оған да ой керек.


Терістеудің альтернативі – мақұлдау. Таңдау – тыңдаушыда.


Өлең шумақтарында көп қайталанып, тұжырымды да нақты ойдың көрінісі ретінде айқындалған жолдар қазіргі қолданыста тұрақталып, еркін тіркестен гөрі тұрақты тіркеске жақындағанын да айту орынды болмақ. Күнделікті қолданыста тұрақты қолданатын «пайда ойлама, ар ойла» тіркесін осы тұрғыдан да бағалау лазым.


Терістеу өлеңде негізінен «ма, ме» сөз туғызушы тұлғалар арқылы берілген. Бәлкім терістеуді эмоциялық қабылдауда бұл тұлғаның өзіндік бір ерекшелігі бар болар (мұны психолингвистердің еншісіне қалдыралық). Болымсыз етістік арқылы жасалған терістеу сөйлемде кейде предикаттық, кейде пысықтауыштық қызметте жұмсалып, ойды тиянақтап, пысықтап, негізгі ойға ерекше мән беруге жетелейді.


Өнерсіздің қылығы – Тура сөзін айта алмай, Қит етуге бата алмай, Қорлықпенен шіруге. Аз ақшаға жалданып, Өнбес іске алданып, Жол таба алмай жүруге.


Жүрек шымырлатар Сөздер! Шындық! Біздің кейдегі күйбең де күйбең, күйгелек, күйрек тіршілігіміздің шындығы! Тура сөзді айта алмай, қит етуге бата алмай, қорлыққа көніп, алған шамалы ақшаға мәз болып жүргеніміз ... Біз өзімізді наданбыз деп ойлаймыз ба? Әсте қазір оқымаған наданнан, оқып, әріп таныған надандық артып бара ма, кім білсін? Білімі бар, әйтсе де «ақылға сәуле түсіру» жетпейді-ау, шіркін. Шағын өлең жолдарында әрекеттің кеңейтілген семантикасы бар. Бахтиннің терімсөзімен айтсақ, өлеңдегі мекеншақ тек Абай заманымен, өзіміз айта беретін ескі заманның сарқыншағы ретінде ғана шектелмейді. Қай заманға да, қай елге де, қай тілге де аударып осы өлең жолдарын талдап, шындық өмірдегі кейіпкерлерін тауып алуға болар еді. Бізде жоқ деп кім айта алар? Бәлкім Абай данышпандығының бір қыры осында жатқан болар.


Мәтіндегі әрекеттің кеңейтілген семантикасында сөздердің қызметі әртүрлі өзгеріп отырады:

Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге.

Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге.


Өлең жолдарындағы ой мазмұны сабақтас құрмалас сөйлемге сыйғызылып, баяндауыш барыс септігімен аяқталып отырады. Барыс септігімен буын аяқтау өлеңнің соңына дейін сақталып, өзіндік ішкі жүйе мен өлеңнің басты композициялық бірлігін құрайды. Абай стиліне тән басты ерекшелік деп өлеңдегі сөздердің қолданысындағы нақтылықты, айқындылықты айтар едік. Мұнда, негізінен, сөздер негізгі және өзек мағыналарын сақтай жұмсалып, авторлық интенцияны барынша айқын жеткізуге қызмет етеді. Мәтіндегі мәннің айқын болып, халыққа жеңіл жетуі – басты мақсат болған деп пайымдаймыз. Ел өмірінің шындығы – ащы, ащы шындық кімге ұнайды, кімге ұнамайды. Бастысы, шындыққа қатысты ой ашық айтылды, әсер етті, ой салды. Әсер етті, ой салды, эмоция туды...


Айта кету керек, тегінде, кейбір әдебиет зерттеушілері еңбектерінде кездесетін «Абай өз заманының ғұламасы», «Абай өз заманының шындығын жазды», «Абай өз заманының ...» осы «өз заманының... » деген анықтамалармен келісу қиын. Кеңестік кезеңнің қадамды аңдыған қиындығында кеңесте ғана кеңдікке жеткен қазақ қоғамын көрсету маңызды болып, сол уақыттағы ғалымдардың жазғандарын түсінуге толық болады. Өйткені, бастысы Абайдай дананың Сөздерін кеңестік «пешке» салып жіберуден сақтау, оның дана сөздерін халыққа жеткізу – басты мақсат болған еді.


Біздіңше, әркім-ақ, өз заманының жыршысы, жаршысы бола алады. Заманында көргенін, білгенін түйіндеп жазу жай тарихшының да қолынан келмек іс. Ал Абай жазған ақиық ой, ақиқат шындық тек сол замандікі ғана ма? Тек кешегі ХІХ ғасыр ортасы мен ХХ ғасыр басында өмір сүрген біз бен сіздің ата-бабаларымыздың уағында «Ар ойлайтын адам азайып, пайда ойлайтын сабырсыз, арсыз, көрсеқызар, жалмауыз жандар шықты. Сырттансымақ, қусынбақ, өршілденбек бұлардың ажарын ашатын көрікке айналды. Алашқа сыртынан күліп, ішінде жаулық сақтады, жақынын тіріде аңдып, өлсе өкіріп жылайтын әдет тапты. Терін сатпай, телміріп көзін сатып, теп-тегіс аларман болды. Ұрлықпен мал табатын, егессе ауыл шабатын құдай атқандар, бойы бұлғаң, сөзі жылмаңдар, басында ми жоқ, өзінде ой жоқ, күлкішіл кердең надандар қатар түзеді ...» ме? («Абай Адам мен заман туралы», 23 ақпан, 2012 жыл, Абай институты сайты) [2. 23]. Осыншама «жамандық» тараған ел арасынан Абай мен Шаһкәрім, Мәшһүр Жүсіп пен Дулат, Бөлтірік пен Сүйінбай, солардың ізін баса Әуезовтер мен Жамбыл бабалар қалай шықты екен? Абай өз заманының ғана жыршысы болса, «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген үн-ұранды айтар ма еді? Пайда ойламай, ар ойлау сол заман үшін ғана қажет болды ма? Немесе «ғылым таппай мақтанба» қазір керек емес пе? Бұл тек қазақ қоғамы үшін ғана орындалатын ақиқат па?


Әсте де ОЛАЙ ЕМЕС!


Абай өз заманының ғана емес, заманалардан асып туған, бір елдің емес, адамзаттың Абайы болған ғұлама. Абай айтқан әлгіндегі ғалым дар санамалаған надандық қай елдің баласында жоқ екен? Немесе қай елдің баласы надандықтан арылып, барлығы толық адам деңгейіне жетіпті. Ел болған соң, оның ішінде еркесі де, серкесі де, тоғышары да, ақылдысы да, наданы да болатыны тіршіліктің өз заңдылығы емес пе? Яғни, Абай данышпан тек қазақ қоғамын айтып отыр деу бекершілік. Ия, негізгі дереккөз қазақ ортасы, қазақ болмысы екені анық. Алайда бұл қасиет адам баласына түгел ортақ қасиет десек қателесеміз бе? Адамзаттық мәселені көтерген ұлы Абайдай данышпанды өз көкжиегінен көру, өз деңгейінде бағалау қажет. Ол жүрек бірді емес,


миллиондарды сүйіп, «мыңмен жалғыз алысты»,

«адамзаттың бәрін сүюге» шақырды.

«Распенен таласпа мү’мин болсаң, Ойла, айттым, адамдық, атын жойма!» –

дейді ғой Абай.


Адамзатқа сөз арнаған Абайдай данышпан бір рудың немесе бір елдің жоғын жоқтап, өзгелердің бәрін қаралап сөз арнады деу – түсінбеушілік.. Абай заманында сыналған жандар, қазір жоқ деуге келмес, олар қай заманаларда да болған, бар, бола бермек. Бұл қарама-қарсылықтың бірлігі мен күресі дейтұғын диалектика заңдылығына сыятын, адам баласының пешенесіне жазылған тіршілік-ғұмырдағы тағдыры. Адамдық пен надандықтың тартысы әлмисақтан бері келе жатыр, тартыс жүре бермек. Қызғаныш, бәсекелесу Адам атаның бел баласынан бастап, бүкіл ұрпағына мирас етілді, бұл да даму үшін болатын қажеттілік, бәлкім ...


Коммуникативтік қызмет атқарушы кез келген мәтін сияқты, өзіндік эмотивтік, аппелятивтік, прагматикалық қызмет атқара отырып, терістеу идеясы үнемі алдыңғы сапта қолданылып, жалпы ішкі мазмұн бірлігінің үндестігін, гармониясын құрайды.


Әдебиеттер


Абай. Екі томдық шығармалар жинағы: Өлеңдер мен аудармалар. – Алматы: Жазушы, 1995. – Т. 1. – 335 б.

Дәдебаев Ж. «Абай. Адам мен заман туралы», 23 ақпан, 2012 жыл, Абай институты сайтынан.

Филология. Реферат. Қазақ ертегілеріндегі уақыт және кеңістік ұғымдарының концептуалдануы
Филология. Реферат. Саяси лингвистика саласындағы зерттеулер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу