Филология: Қазіргі қазақ прозасындағы мифтің поэтикалық қызметі
Мақалада қазіргі қазақ прозасындағы мифопотикалық ізденістер жан-жақты сараланды. Миф пен жазба əдебиетінің арақатынасы, мифопоэтика мен экспрессияның байланысы, мифопоэтика мен дүниетанымның байланысы туралы көзқарастар жүйеленді. Қазіргі қазақ қаламгерлерінің дүниетанымдық негіздері мен көркем ойлау жүйесіндегі мифтік сарындардың алатын орны айқындалды. Ежелгі мифтердің қазіргі поэтикалық жүйедегі қолданыстарының əдіс-тəсілдері нақтыланды. Мифологизмнің реализммен, романтизммен байланыстары ғылыми тұрғыдан талданды. Əлемдік əдебиетте бой көрсетіп, қазір іргелі ағымға айналған неомифологизмнің идеялық- эстетикалық сипаттары көрсетіліп, типологиялық қырлары ашылды.
Қазіргі қазақ прозасында модернистік эстетиканың əбден орнығуы неомифологизммен тығыз байланысты. Қазақ əдебиетінде ескі аңыздары қайта жандандыра отырып көркем игеру, мифтік сюжеттерді көркем сюжетке айналдыру тарихы ХІХ ғасырдан басталады. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде аңыздарды көркем құралдар арқылы игеру дəстүрін қалыптастырған М. Жұмабаев, С. Сейфуллин шығармашылықтарында поэмалық сюжет жасаудың үлгілері түрінде көрінді. Ұлттық прозада бұл орайдағы Ғ. Мүсіреповтің сəтті бастамалары («Ер Қаптағай», «Жеңілген Есрафил» тəрізді əңгімелері) мифологиялық ойлаудың, мифологиялық мəтіндерге, кейіпкерлерге иек артудың мысалдары ретінде көзге түседі. Біз қарастырып отырған кезеңдегі проза ертедегі жəне классикалық аңыздарды көркем шығарма құрылымына батыл енгізе отырып, оларды трансформациялау, стилизациялау арқылы жаңаша мəн үстеуге деген ізденістерімен айрықшаланды.
Қазіргі əдеби даму əдебиеттану ғылымының алдына күрделі міндеттерді шешуді қоюда. Сондай міндеттердің бірі əдебиеттанудағы мифологизм мəселесі. Фольклорлық санамызға берік орын тепкен, қазіргі прозада ұлттық негізбен байланыстырылатын рухани байлығымыздың бір қайнар көзі мифтер болып табылады. Қазіргі қазақ прозасындағы миф — бұл өте таңғажайып сан қырлы құбылыс. Қазіргі таңда ежелгі мифтердің жаңа дəуір əдебиетінде қайта түрлену үрдісі байқалуда. Осыған орай мақаламыздың басты мақсаты қазіргі қазақ прозасындағы мифопоэтикалық ізденістер мəселесін жан- жақты талдап көрсетуге бағытталады.
Əдебиет пен мифология байланысы əлемдік əдебиеттанудың ХХ ғасырдағы өзекті мəселелерінің біріне айналды. Жалпы əлемдік əдебиеттануда миф жаратылысты түсінудегі, дүниені танудағы адамзаттың рухани мəдениетінің алғашқы формасы түрінде түсіндіріледі, яғни, мифологизм, мифопоэтика ұғымдары туралы пайымдаулар əлемдік əдебиеттануда өзінің бастауын əріден алады.
Д.Досжановтың «Тілегімді бере гөр» атты повесінде Шалқардың шалғай түкпірінде жас журналист жігіт Дана сол маңнан мемлекеттік қорық аштырмақ болады. Жергілікті «Охотсоюздың» қорықшысы, өкіметтің байлығына қолын салып, тегін ішіп-жеп отырған араны ашылған Молдаберді зиянкестік əрекет жасап, жас жігітті ай далада соққыға жығып тастап кетеді. Біраз жыл өткен соң Молдаберді ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Бұл повесте автор «аш бөрідей» деп қазақ айтпақшы өмірінде «тою» дегенді білмей, өмірі ашкөзденіп, аш қасқырдай жалаңдап өткен Молдабердінің образын символмен ұтымды берген. Автор неліктен кейіпкерін қасқырға айналдырды? Бұл ретте ел арасында тараған танымал аңыз желісімен келетін болсақ, халық қарғысына ұшыраған Қарынбай сараңның суырға айналуын тілге тиек ете кетуге болады. Молдабергеннің қасқырға айналуы оның аш көзділігінің салдары болса керек. Д.Досжановтың тағы бір «Қызылқұмның желі не деп жырлайды» атты əңгімесінде түйеден өзге уайымы жоқ қария алдындағы малды совхоз басшысы басқа кісіге алып бермекші болғанда, шарт ашуланып, түйесіне мінеді де, құмға сіңіп, ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Автор бұл жерде кейіпкерін неліктен түйеге айналдырып отыр? Көзін ашқалы көргені түйе, бар ынта пейілі өзінің алдындағы аз ғана түйесінің қамы болған, адамдардан гөрі түйемен тіл табысу оңайырақ тиетін Мүсіркеп шалды түйе малынан басқа малға айналдырудың жөні жоқ сияқты.Көркемшығармалардағы фольклорлық жанрлардың шығармашылықпен пайдаланылу үлгісі Т.Ахтановтың «Алыстан жеткен сарын» əңгімесінің тұтас желісіне арқау болған фольклорлық аңыздан байқалады. Жазушы фольклорлық əңгіме жанрына тəн шарттылықтар мен əңгімешілдік қабілеттің қыр-сырын тани білгендігін көрсеткен. Бұл əңгімеде фольклорлық ұғымдар мен түсініктер авторлық айналымға түскен. Т.Ахтановтың талданып отырған туындысындағы əрбір оқиға нақтылы өмір шындығы іспетті баяндалады. Хан уəзірінің баласы мен елден ерек батыр тұлғаларының арасындағы сұлу қыз үшін тартыс — талай фольклорлық əңгіме-аңыздың сюжеттік негізі. Намыс алаңында айқасқан екі жігіттің сынға түскен ерлігі мен ездігінің, ақылы мен парасатының қозғаушы күші — Айбарша сұлу. Фольклорлық образдарды сомдаудың поэтикасына сəйкес Айбаршаның азғындық пейілі мен тұрақсыз көңілін шегіне жеткізе көрсету үшін автор жазба əдебиетке суреткерлікпен келеді. Тəн сұлулығы мен əке байлығына жəне мансабына мастанған Айбаршаның адамдық болмысынан гөрі қанағатсыздық пен нəпсіқұмарлық ісі кең суреттелген. Ол ер-азаматқа ғана емес, туған жер мен ел-жұртына да қайырымсыз мінез иесі ретінде бейнеленген. Фольклордың басқа жанрларына қарағанда, ауызекі əңгіме қандай да бір оқиғаға негізделіп туындайды. Болған оқиғаны бейнелеп шығады. Жазушы фольклорлық жанрдың осы ерекшелігін сақтай білген. Аярлық пен қулықтың құрбаны болған жігіттің батырға тəн аңғалдығымен қоса аңғырттығы эпостық жырлардағы батыр тұлғаларын еске түсіреді. Батырлық пен ерлік мінездермен жарыса өлермендікпен жасалған зұлымдық та шығарма соңына дейін сақталған. Қаламгер талантының бөлекше бітімі осы жазаға ұрындыру үшін кейіпкер мінезін қилы оқиғамен, шешуші іс-əрекеттермен сабақтастыра бейнелеудің амал-тəсілдерінде жатыр. Əңгіменің «Алыстан жеткен сарын» аталуының да мағынасы терең. Сол сарынның бүгінгі жас ұрпақ, жалпы адам баласы үшін де айтар ұлағаты мен тағылымы айқын. Ол — əділет үшін өмір сүру идеясы.Перзенттің ата-анаға, туған отаны мен еліне озбырлығы неге жеткізеді, сатқындық, аярлық түбі қайда апарады дейтін мəңгілік сауалдарға жауап беруде автор өзіндік шешім тапқан. Бұдан шығатын қорытынды шеберлікпен пайдалана білгенде аңыз, əңгімелер қашан да өміршең ой идеялар берудің құралы бола бермек.
Белгілі жазушы А.Алтай өзінің «Алтай балладасы» атты шығармасының жанрына қатысты роман-миф терминін қолдануы тегін емес, өйткені онда қазақ халқының тотемдік, шамандық мифтері пайдаланылған, көне түріктердің, оның ішінде қазақтардың, үш сатылы əлем туралы наным-сенімдері кеңінен көрініс берген. Аю мен адамның арасындағы жақындық туралы халық шығарған, бізге ертегі немесе аңыз пішінінде жеткен жəне оның тотемдік миф болып табылатынын анық аңғартады. Аюдың дене-тұрқында жəне күн көру тəсілдерінде де, тұрмысында да адамға ұқсас жайттар көп екенін қарастырылып отырған туындымен танысу барысында айқын сезінеміз. Жазушының бұл туындысында ерекше көңіл бөлген мəселесі — Алтай өлкесінде бұрын болған қызыл қасқырлардың тағдыры. Қызыл қасқырлардың жер бетінен жоғалғаны да Ұлардың жанын жегідей жейтіні аңшы жігіттің: «Кешегі Марқакөлді мекен еткен қызыл қасқырлар секілді бұл...Тұқым қалмаған», –деген ішкі монолог түріндегі естелігі арқылы аңғарылады. Қызыл қасқырлардың қайта оралуын «Алтай балладасының» бас кейіпкері де аңсайтыны сол туындыдағы Ұлардың көрген түстерінің бірінен байқалады.
Сонымен қатар осы автордың «Туажат» роман — модернінен мына бір сəтті мысалға келтіре кетуге болады:
«Аңшы жігіт қанша уақыт алаңсыз ұйықтағанын білмейді, кенет бетін желпіген əлдеқандай қанат лебінен оянып кетті. Жүзін желпіген де торғындай жұмсақ, сəби деміндей майда леп. Қамасқан кірпіштерін аша алмай, түйсікпен ғана сезіп жатыр.
Қарқ еткен қарға дауысы кенет құлақ түбінен естілді. Сонда ғана Байбура қой көздерін ашып қалды. Кеудесінде қаздиып қара қарға отыр да, бейіт ішін боз сəуле кеулеп кетіпті. Кенет тіксініп қалған аңшыдан сақ қарға жалп етіп ұша жөнелді. Ол мұның көз алдында зират күмбезін шеңберлей көтеріліп, төбедегі тақиядай тесіктен шығып кетті.
Байбура өңі екенін, түсі екенін түсінбеді. Аң таң күйі тіктеліп отырды. Тыста түн түнегі айқара басып, алақаншық боран бебеулей түссе де, төребейіт іші бозаң түске ұйып, бар маң анық көзге шалынып тұрғанына аңшы айран-асыр. От баяғыда сөніп қалыпты. Бойы да қара терден дегдіп, бұла қуатын жиып алыпты. Тап жамбасы жанында жатқан «32» нөмірлі мылтығын сипап қойды. Құндағы кесілген шолақ қаруы орнында екен.
Байбура арқасын қабырғаға тіреген күйі басын шалқайта көзін жұмды. Жарғақ құлағынан баяғы бір боранның ұлы сарыны шықпай қойды. Ұйқы қашып кетіпті. Шалқайған күйі жанарын ашты. Сол бір сəт Төребейіт күмбезі төбесіндегі тақиядай тесіктен аппақ нұр ішке қарайсаулай құйылды. Əлгі бір боз нұр Байбура кірпік қағып үлгерместен қарсы алдына ақ сəулеге шомылған бөрі сұлбасына енді.
Бұл ұлылық қана орын тебетін ғарыш көгінен көктей өтіп, боз боран билік құрған байтақ жер төсінде иненің жасуындай жарықтан саулай түсіп, тəңірі иесі құдіреті мен аң киесі — Ана-Бөрі сұлбасы боп оралған ғажайып құбылыс еді... Бөрі болмысты Бозие еді.
Аңшы бозбаланың үні үрейден өшіп қалды...
Ақ сəулеге бөккен боз бөрі құйрығы сөлеңдеп, оты өшкен ошақ басында олай-былай жүзіп, бұған кесе көлденеңдей керіле тұрды. Бауыр тұсындағы емшектері салақтап, өзі терісін тірідей сыпырған қаншық қасқыр — Ана-Бөрі екенін аңдатты... Мұндай қияметте ғана кездесетін жұмбақ құбылысты өңі түгілі түсінде де елестете алмайтын Байбураның тілі байланып қалды.
Аңшы алдында Бозиесі — Ана-Бөрі сұлбасы ақ сағымдана алшайып тұрды...
Төребейіт ішін боз тұманға бөктіріп, көк төрінен боз сəулеге малынып түскен Ана-Бөрі алшиған бойы аңшыны барлайды. Тек шоқтай жанған көздері ғана сол қалпы. Жалын атқан көк жасыл жанары Байбураның қой көздеріне қандауырдай қадалып қалған. Нұры таймаған жанары бозбаланың өңменінен өтіп, өзіне арбай ұйытып тастаған. Есін аудыра, ал сезімін болса суынта елтіткен.
Байбураның бойында да үрей басылып, үркініш сейілді. Түсініксіз бір таңдану басым! Санасыз күйде орнынан көтерілді. Аппақ сəулеге оранған Ана-Бөрі де бауырындағы ақ мамалары салпылдай сыртқа беттеді. Бозбала өз еркінен тыс күй билеп, соңынан ерді. Бойына Бозиесіне деген кəміл сенім ұялаған.
Тыста түлей таңның бозғыл реңі еніпті. Боз боран абынып күбініп тұр. Бет қаратар емес. Ана Бөрі құйрығы бұлғаңдап, алдына қарай бет түзеді. Боз шидің басы жығыла майысып, Байбураның алдын орады. Оған бірақ бозбала аңшы бой берген жоқ, оталулы мотошанасын сүйемелдей итеріп, бөрінің артынан еріксіз ере берді.
Алай-дүлей ақ кебін ораған тамұқ дүниеде Ана-Бөрі аңшының алдына түсті. Бозаң бөрі бұлаңдап келеді. Байбура бөріден бөлініп қалмауға тырысты. Енді адаса қоймасын да аңшылық түйсікпен сезді.
Ал бұла дүние булығып, буырқанған дауыл ұйытқып тұр. Көк төрінен көк тəңірісінің көктей түскен боз сəулесі — бөрі болмыс Бозие құрық салым жерде бұлаңдап барады» [1; 9, 10].
Мəтіндегі тағы бір көрініске назар аударалық: «... бас терісі мен тізеден төмен терісін, қызыл шақа бұтына қысқан құйрығын ғана өзіне қалдырып босатып жіберді... Қатты аязда тоңазыған қызыл шақа тəнінен көтерілген аппақ бу өзімен бірге ерді. Бөрі шалма лақтырым жерге дейін буы бұрқырап, сенделіп барды да, сылқ құлап түсті» [1; 21].
Осы мəтін туралы сыншы Дулат Тұрантегі былай дейді: «Бір кезде бүкіл аспан тұтасып, аласапыран Тесікұяның дүлей дауылы басталып кетті. Байбура аққұйын боранмен алысып, көп қиындықтар кешіп Төребейітке жетіп, соны паналады. Талықсып ұйықтап кеткен жігітке таң алдында түстей болып ақсəуле бейіт күмбезіндегі кішкене тесіктен саулап құйылып, бөрі кейпіне еніп, мұны сыртқа бастап алып жүрді. Осыдан кейін романның өн бойында кейіпкердің қысылған, тығырықтан жол таппаған, енді қайтсем екен деген шарасыз шақтарында көктен, алыс ғарыштан түсіп, жол көрсетіп, аман алып шығып жүрді. Байбура оны шақырмайды. Бөрі ана өзі келіп, қамқор пейілін ақ сəуле болып бұған беймəлім жағдайлардан түсіне еніп, хабардар етіп жүреді. Бұл бір ғажап құбылыс. Қисын бойынша өзі қуып ұстап алып, тірідей терісін сыпырып алған қасқыр кектеніп қалса керек еді. Бірақ бұл олай емес. Өйткені ол өлген жəй бір қасқыр. Ал одан бу болып ұшып, ақ сағымға айналған жалпы қасқыр атаулының жиынтық, баяғы...баяғы Бөрі Ана кейпі екенін сезіп біз кейіпкеріміз құсап шошына, түршігіп қаламыз. Бəлкім адамдармен қатар тіршілік ететін параллель дүние деген осы болар. Бəлкім суға кетіп бара жатқан адамдарды құтқарып жататын дельфиндердегі түйсік пен мына құбылыстың арасында байланыс бар ма екен? Жо-жоқ, дельфиндердікі құтқару түйсігі ғана. Кие емес!» дей келе: « Мемлекеттік тұрғыдан байбураның қазіргі жағдайы қылмыскер. Бірақ, сонда да болса оқушы оны қорғаштап, оған жанашырлық білдіріп отырады. Тосыннан бір ашық сот отырысы бола қалса, кім де болса кітап кейіпкерінің жағында болып, оны ақтап алғысы келіп тұрары сөзсіз деуге болады.
Негізінен «Туажат» романы биылғы жыл басындағы қазақ прозасының ұтымды беташары іспетті. Алдағы кезде лəйім да осындай көркем дүниелер көп болғай» депроман жайындағы пікірін түйіндейді [2; 173].
А.Алтайдың бұл туындысында қасқырлар мəселесін көтеруінің символдық мəні бар, себебі, роман-миф жарық көрген кезде түркі халықтарының басым көпшілігі егемендік алып, түркілік идеялар осы заманның ең өзекті мəселесі ретінде көтеріле бастағаны белгілі. Құрып кеткенқасқырлардың бір туындының бас кейіпкерінің түсінде, я өңінде көрініп барып, аңшы жігіт Байбураны өзімен бірге ертіп əкетуін бейнелеу арқылы автор түркі халықтарының ежелгі біртұтастығын қалпына келтіруге кедергі келтіріп тұрған шешуін таппаған мəселелердің молдығын мегзеп тұрғандай. Жазушы байырғы қазақ дүниетанымындағы қасқыр тотемінен туындаған мифтік образды қазақтың жаңа прозасына өзінше трансформациялайды.
Жазушы Б.Сарыбайдың «Ертегі» əңгімесінің фольклорлық сипаты композициялық құрылым мен жалпы стиліне ғана емес, негізгі кейіпкердің іс-əрекеті мен ой-санасына толық сіңірілген. Халықтық тəрбие құндағында өскен бала санасының нені көксейтінін автор жеріне жеткізе суреттейді. Əңгіме кейіпкері — Адалбектің адал жолдан айнуына себеп болған түрткі де фольклорлық ұғымдармен байланысты. Ол себеп — арғымақ атын сұрау үшін өтірік айтуға мəжбүрлілік. Өйткені ол ойына алған батырлық, жігіттік ерлігін ұнатқан қызы алдында дəлелдеу эпостық жырлар мен ертегілеріміздегі батырлық сынақ алдындағы тұлпар жарату мотивін еске түсіреді. Əңгіме түйінінде автор кейіпкерін өз тəлім-тəрбиесінің бесігіне қайта оралтады. Атасы үйреткен өмірлік қағидалардан ауытқудың жақсылыққа апармайтынына көз жеткізген бала көңілінде еріксіз айтылған бұл өтірік өмір бойы сақталып қалады. Сондай-ақ, А.Сейдімбек «Аңшы өтірік айтпайды» атты əңгімесінде əңгіме ішіндегі əңгіме арқылы аңшылық өмірдің қызық жағы ұтылу, ұту, ерлік пен естілікті, қару сайысы мен қабілет сайысының тартысы болып табылатынын аңғартады. Əңгімедегі Жəкен қарттың жүйрік тазыларының түлкі аулаудағы қимыл-əрекеті арқылы жазушы ит жүгірту кəсібін бүге- шүгесіне дейін көрсетуге ұмтылған. Мұндағы түлкінің айлакерлігі, оның тіпті бірнеше рет тазыларға ізін көрсетпей кетуі қызғылықты əңгімеленеді.
Мифтік таным негізінде туындаған оқиғалар мен сол негіздегі бейнелер адамзаттың эстетикалық мұраттарына қызмет етіп келе жатқанына арғы-бергі дəуірлердегі фольклорлық мұралар, ауыз əдебиетінің үлгілері жəне қазіргі көркем əдебиет туындылары яғни жазба əдебиеті мысал бола алады. Əлем əдебиетіндегі классикалық дəуірден басталып, бүгінгі постмодернистік əдебиетке дейін жалғасқан, жаңашыл əдебиетте жаңаша жаңғырған мифтік дүниетаным сан алуан бейнелілікті, көркемдік қалыптарды түзіп, өзінің мүмкіндігін танытуда. Адамзат санасының терең де мəнді «қабаты» болып саналатын мифтік таным өз бойына тылсым сырды, киелілік пен қасиет, ең əуелі адам болмысы турасындағы мағыналы ойларды жинақтаса, сол мифтік таным адам атты күрделі болмыстың «ішкі əлемін» бейнелеуде де маңызды көркемдік тəсілге айналды.
Қазіргі жазба əдебиетіндегі жаңа белестер көркемдік көкжиектің кеңеюіне əкелері анық. Əлемдік əдеби үдерістен шет қалмаған қазақ прозасында М.Əуезов шығармаларында алғашқы белгілері көрініс беріп, ХХ ғасырдан ХХІ ғасырға дейінгі аралықта жаңаша прозаның туындауына негіз болды. Тіршілік заңдылығы, өмір мен өлім, ізгілік пен зұлымдық, жақсылық пен жамандық, ақ пен қара арасындағы бітіспес қарама-қайшылық постмодернизм əдебиетінде мүлде жаңа қалпымен мүсінделді. Фəнидің қас қағым сəттілігі мен бақидың мəңгіліктігін көркемдік танымында жаңаша түрлендірген жазушыларымыз бұл заңдылықты табиғат құбылысымен астастыра бейнеледі.
Фольклорлық мұралардан нəр алып, қазақ əдебиетінің классиктері қалыптастыра алған мифологиялық ойлау жүйесі із-түзсіз жоғалып кеткен жоқ. Ол дəстүр қазіргі қазақ прозасында жаңа мəн иеленіп, реалистік принциптер аясынан табыла бермейтін сипат алды. Енді аңыздық желілер, мифологиялық кестелер тарихи-реалды уақытқа негізделген түрде ғана емес, шығарма логикасынан шет тұра да беретін автономдық мағынасын күшейте бастады. Сонымен қатар мифологияланған образдар архаикалық сананың қайта жаңғыруы ғана емес, түрленуі кейпінде көрініс тапты. Мифологизмді енді қазақ жазушылары болмыс жұмбақтары мен өмірдің мəнісі туралы философиялық ой айтудың тəсілі тұрғысынан өрістетті. Бір сөзбен айтқанда, неомифологизм құбылысы аталмыш кезеңнің модернистік сипатын толықтыра түскен тəуелсіз əдеби ағымдардың біріне айналды.
Əдебиеттер тізімі
1 Алтай А. Туажат: роман- модерн / А. Алтай // Жұлдыз. — 2012. — № 1. — Б. 10–86.
2 Тұрантегі Д. Туажат романы хақында бірер сөз / Д. Тұрантегі // Жұлдыз. — 2012. — № 6. — Б. 173–176.
Автордың аты-жөні, тегі: Ж.Ж. Жарылғапов, Б.Е. Сыздықова