Ашық сабақ. Қазақстан тарихы. Қабанбай Қожақұлұлы туралы
Қабанбай Қожақұлұлы, Қаракерей Қабанбай, Дарабоз - қазақ батыры. Азан шақырып қойған аты - Ерасыл.
XVIII ғасырда жоңғар басқыншыларына қарсы күрестің бел ортасында жүрген қолбасшылардың бірі. Халық арасында оны Қаракерей Қабанбай деп атаған. Найман ішіндегі Қаракерей руының Байжігіт тармағынан. Қабанбайдың жеті жасында әкесі Қожағұл, он алты жасында ағасы Есенбай жоңғарлар қолынан қаза тапқан. 16 жасар бала жау арасына жасырын барып, ағасын өлтірген жоңғар батырын өлтіріп, кек алған. Осыдан кейін ол 5 - 6 жыл Зайсандағы Керей ішіне кетіп, әпкесі Меруерт пен жездесі Бердәулеттің қолында болады. Осында жүріп жылқыға шапқан жабайы қабандарды жайратып, "Қабан батыр" атанады. 1717 жылы Аягөз шайқасында ерекше көзге түсіп, Қабанбай батыр атанады. 1723 жылы Түркістан қорғанысына, 1726 жылы Бұланты шайқасына, 1730 жылы Аңырақай - Алакөл шайқасына, кейін Шыңғыстау, Ертіс бойындағы шайқастарға қатысып, Абылай ханның бас батырларының біріне айналады.
1741 жылы Шыңғыстаудағы Шаған шайқасында ақбоз атпен топ жарып, жауға шапқаны үшін Дарабоз атанады.
1751 жылы Арқадан Оңтүстік Қазақстанға - Ханбаба (Барақ сұлтанның үлкен ұлы) жорығы жасалды. Ұлы жүз жасағын өзіне қосып алған 2 түмен қазақ әскері, Сыр бойы, Шымкент, Сайрам, Ташкент қалаларын жоңғарлардан тазартып, Ташкентте Төле бидің билікке келуіне көмектесті. Шыршық өңірінде Жоңғарияға айдалып бара жатқан бірнеше мың қарақалпақты құтқарып қалады.
XVIII ғасырдың орта шенінде қазақ хандары билік үшін жүргізген күрес шиеленіскен шағында Барақ сұлтан Кіші жүздің ханы Әбілқайырды өлтірген. Қабанбай батыр Барақ сұлтанға кінә тағып, оның Жоңғар хандығымен жақындасуына қарсы әрекет жасады. Осыған орай Қабанбай батыр тек Орта жүздің ішкі жағдайларына ықпал етіп қана қоймай, Кіші жүзде болып жатқан тарихи оқиғалардың да бел ортасында болды.
1752 - 1754 жылдары Жетісу, Тарбағатай, Алтай өлкелерін жоңғарлардан азат ету жорықтарында Қабанбай басқарған қазақ әскері алдымен Іле, Балқаш, Қаратал өңірлерін жаудан тазартуға қатысқан. Осыдан кейін қазақ жасақтары Тарбағатайдың күнгейі мен теріскейінде екі бағытта шабуылға шыққан. Күнгейдегі әскер тобын басқарған Қабанбай сарбаздарымен Қаракөл мен Нарынды, Үржар мен Қатынсуды, Алакөл мен Барлықты азат етіп, терістік бағыттағы Бөгенбай әскеріне қосылған.
Баспан - Базар, Шорға, Маңырақ шайқастарына қатысып, Зайсан, Марқакөл, Күршім өңірлерін азат еткен.
Қазақ жері басқыншылардан азат болғаннан кейін Қабанбай батыр 1756 жылы жоңғар билеушісі Әмірсананы қуып келген қытай әскерінің бетін қайтаруға ат салысты. Шығыс аймақтарға ел көшіру, қоныс бөлу ісіне араласты. Жоңғар үстемдігі кезінде қолдан шығып кеткен Шонжы, Нарынқол, Кеген өңірлерін қырғыздардан қайтарып алуға қатысқан.
Қытаймен бітім жасалғаннан кейін, 1758 жылы қыркүйекте Барлықтан Үрімжі қаласына 300 жылқы айдап барып, қазақ - қытай саудасын бастап берді.
Әкесі Әтеке жырықтың кегін алу үшін 500 адамдық қолмен келген қырғыз батыры Қарабекке ауырып жатқанына қарамастан қол бастап қарсы шығып, Қабанбай жекпе - жекте Қарабекті өлтірген. Сол сәтте өзі де ат үстінен құлап түсіп, қазаға ұшыраған.
Қабанбай батыр есімі ел есінде сақталған. Алматы облысындағы бұрынғы Андреев ауданында, Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында, Жарбұлақ ауданында, Алматы, Семей, Өскемен, Талдықорған қалаларындағы бір - бір көшеге, сондай - ақ Аякөз қаласында орналасқан танк дивизиясына Қабанбай есімі берілген. Алматы облысының Алакөл ауданының орталығындағы Үшарал қаласында батырға ескерткіш орнатылған.
1992 - 1993 жылдары бұрынғы Талдықорған және Семей облыстарында Қабанбай батырдың 300 жылдығы аталып өтіліп, үлкен ас берілді.
Астана қаласының іргесінде батырға ескерткіш - монумент орнатылған.
Стамбулдың Бахыркөй ауданы, Атакөй алаңындағы Киікті саябағында батыр бабамызға еңселі ескерткіш орнатылды. Көрген жанның көзі тойып, көңілі қуанар туынды. Бұл - әуежайға таяу, қаладағы аса көрнекті жер. Ескерткіш жобасын жасаған Әзірбайжан мүсіншісі Руғи мырза. Мерекелік шара үстінде аудан әкімі Атеш Унәл мырза Қабанбай ескерткіші қойылған Киікті саябағын бұдан былай Қазақ саябағы деп атау жөніндегі шешімін жария етті.
Батыр туралы жыр - дастандар, зерттеу еңбектері аз емес. Қабанбай батырдың өмірі мен ерлік күресі Бұхар, Ақтамберді, Үмбетей, Дулат, Тәтіқара т. б. халық ақындары жырларына арқау болған. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының көне қолжазбалар бөлімінде Қабанбайға арналған жырлардың төрт нұсқасы, Қытай қазақтарында онға тарта нұсқасы сақталған.
Бұл жырларды жинауға Ш. Уәлиханов, С. Торайғыров, Қ. Халидұлы, Қытайда тұратын қазақ ғалымдары З. Сәнік, Б. Садықан т. б. көп еңбек сіңірген. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы Қабдеш Жұмаділов "Дарабоз" тарихи романын жарыққа шығарды.