Фарс дегеніміз не?
Фарс (фр. farce, лат. farcіo — бастаймын; орта ғасырда мистериялық ойындардың комедиялық кіріспемен “басталуына” байланысты шыққан): 14 — 16 ғасырларда Батыс Еуропа елдерінде көп тараған халық театрының бір түрі. Фарс көңілді әрі сатиралық бағытқа құрылуымен, өмірді шынайы бейнелеу тәсілінің нақтылығымен ерекшеленеді. Фарс кейіпкерлері, негізінен қалалықтар. лықтар. Ұсақ дворяндар дәрежесіндегі шаруалар да Фарста әжуашылар ретінде көрініс берді. Фарстардағы маска-образдардан (ақымақ еркек, бетпақ әйел, көрсоқыр сот, алдамшы дәрігер, ғалымсымақ, т.б.) әлеуметтік тип жасаудағы алғашқы бетбұрыс бой көрсетті. Фарста буффонада тәсілі кең орын алған. 15 ғасырда “Лохант”, “Патлен адвокат” сияқты француз Фарстары кең тарады. Фарстардағы халық дәстүрі француздың демократиялық бағыттағы актерлік өнерінің өрістеуіне (17 ғасырдың фарсшы актерлері Табарен, Гро-Гильом, Готье-Гаргиль, Тюрлюпен, т.б.), сонымен қатар Ж.Б. Мольер шығарм-на да игі әсер етті. Фарс италиялықтардың дель арте комедиясына негіз болды; Англияда У.Шекспир комедияларында, Испанияда М.Сервантес интермедияларында көрініс тапты; неміс Фарсы (фастнахтшпиль) Г.Сакстың шығармасынан орын алды. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырда А.Жарри, Б.Брехттің пьесаларында (“Швейк екінші дүниежүзілік соғыста”, 1943) Фарс ішінара көрініс берді.
19 – 20 ғасыларда халықтық дәстүрлерден қол үзген Фарс театрларда тек көңіл көтеру мақсатымен қойылатын, мазмұны тайыз жалаң комедия жанрына айналған.