Сабақ жоспары: Жақсылық жолымен жүреміз. 1 сынып

Oinet.kz 07-09-2020 2104

«Өзін - өзі тану» сабағының жоспары 1 сынып

Құндылық: Тыныштық

Қасиеттер: ізгілік, риясыздық, саналылық

Сабақ мақсаты: Оқушыларға адам өміріндегі жақсылықтың маңыздылығын жеткізу арқылы тыныштық құндылығының мәнін ашу

Сабақтың міндеттері:

- Оқушыларға жақсылықтың мәнін ұғындыра отырып, ізгілік қасиеті туралы беру

- Оқушыларды ізгі қарым - қатынас жасауға баулу арқылы риясыздық қасиетін дамыту.

- Оқушыларды ізгілік, риясыздық, саналылық қасиеттеріне тәрбиелеу Ресурстар: (құралдар, мәлiметтер)


Сабақ барысы:

1. Ұйымдастыру кезеңi. 5Т. ережесі (тәртіп; талап; тыныштық; тазалық; татулық)

2. Тыныштық сәтi.

Балалар, тыныштық сақтап, қолымызды жүрегімізге қойып, жүрегімізді тыңдап көрейік. Жүрек әр түрлі сезімдерге толы. Олардың арасында жанашырлық, қамқорлық, аяушылық сезімдері басым екенін сезініңдер. Сездіңдер ме, сезген болсаңдар, сендердің жүректерің жылы да мейірімді. Олай болса, сендер де көп қайырымды істер жасап, қамқорлық көрсете аласыңдар.

- Бірге оқимыз


3. Үй тапсырмасын тексеру

№18 «Қамқорлық» 82 бет

- Басқаларға көмегің тиген жағдайда қандай сезімге бөленесің? Неліктен?

- Өзгелер саған көмектескенде не сезіндің?

- Айналаңдағыларға қалай қуаныш сыйлауға болады деп ойлайсыңдар?

Ескерту


4. Дана сөз

Жақсылық – жан азығы

Мақал

- Дәйексөздің мағынасын қалай түсінесіңдер?

5. - Әңгімелесейік


Тату ағайындылар

Өте ертеде бір патшалықта екі ағайынды өмір сүріпті. Екеуінің үйі таудың екі жағында болса да, олар бір - біріне көмектесіп, тату - тәтті өмір сүреді.

Бір күні ағайындылар егінді жинап алып, теңдей бөліп алады. Сол күні түнде үлкен ағасы ойлайды: «Біз егінді бірдей етіп бөліп алдық, бұл дұрыс емес. Інім жаңа ғана шаруашылығын бастап жатыр. Оған маған қарағанда көбірек керек».

Ағасы тұрып, түнде інісіне бір қап бидайды апарып тастайды.

Ал бұл кезде інісі жатып, олда ойлап жатады: «Жоқ, біз егінді дұрыс бөліскен жоқпыз. Ағамның отбасы үлкен, жасы да менен үлкен. Оған маған қарағанда көбірек керек».

Таңға жақын інісі де білдіртпей бір қап бидайды ағасына апарып тастайды.

Таңертең ағайындылар өз қамбаларына қарап, таң қалады: «Бұл қалай? Кеше бір қап бидайды ағама апарып беріп едім ғой, ал бидай азаймапты». Олар қаптарды қайта - қайта санайды да, таң қалады: «Бұл не ғажайып?!»

Түн болысымен ағасы мен інісі бір бидай қапты арқалап, үйлерінен шығады.

Толық ай туады жарықтандырып тұрған. Осы жерде қарағайдың түбінде екі ағайынды кездесіп қалады. Ағасы сұрай бастайды:

- А, бұл сен бе? Кештетіп қайда бара жатырсың?

Інісі айтады:

- А, бұл сен бе едің? Ал сен қайда бара жатырсың?

Екеуі де үндемей қалды, бір - бірін түсіне қояды да, қарқылдап күліп жіберді. Осыдан кейін екеуі бір - бірін одан да қатты жақсы көріп кетеді.


Сұрақтар:

1. Екі ағайындының іс - әрекеттері дұрыс па?

2. Сен болсаң не істер едің?

3. Әңгіменің соңында ағайындыларды не біріктірді?

4. Осындай дұрыс әрекет жасап отырсақ, риясыз сүйіспеншілікпен көмектесіп отырсақ ішкі тыныштығың жай табады. Мысалы өздеріңнің өмірлеріңде осындай жағдай кездесті ме?


Ғаламтор желісінен

6. Шығармашылық іс - әрекет, топтық жұмыс.

Оқушыларды үш топқа бөлу. Сахналау

Бірінші топ: Сөзбен жақсылық жасау

Екінші топ: Іспен жақсылық жасау

Үшінші топ: Оймен жақсылық жасау


7. Жаңаны білеміз

Жақсылық жасау дегеніміз – адамдарға, айнала қоршаған ортаға, табиғатқа деген қайырымдылық пен қамқорлық. Жақсылық жасау – риясыз қызмет ету дегенді білдіреді.

Жақсылық жасау адамдарды достастырады. Адамға қол ұшын беру, жәрдем ету, жанашырлық таныту, көмек көрсету, қолдау жақсылыққа жатады. Адам жасаған жақсылығын міндет етпеуі керек.


8. Топпен ән айту. «Жақсы адамдар» әнін орындау

Әні: А. Оралов

Сөзі: Ж. Оспанұлы

Сендер аман болыңдар жақсы адамдар,

Жақсы адамдар – бұзылмас тас қамалдар.

Табаныңның астында жатады әлі

Пенделіктен өресі аспағандар

Қайырмасы:

Жақсы адамдар, жақсы адамдар,

Сендер аман болыңдар жақсы адамдар.

Жақсы адамдар, жақсы адамдар,

Сендер аман болыңдар жақсы адамдар.

Жақсы адамдар.

Жақсы көрем сендерді жақсы адамдар,

Жүрегіңде өйткені аппақ ар бар.

Сендер жайлы шырқалар асқақ ән бар,

Күйіп кетсін көре алмас бәтшағарлар

Қайырмасы:

Жақсы адамдар, жақсы адамдар,

Күйіп кетсін көре алмас бәтшағарлар

Жақсы адамдар, жақсы адамдар,

Күйіп кетсін көре алмас бәтшағарлар

Жақсы адамдар.

Сендер жайлы шырқалар асқақ ән бар,

Күйіп кетсін көре алмас бәтшағарлар

Сендер аман болыңдар жақсы адамдар,

Қарап өтсін сендерге басқа жандар.

Қайырмасы:

Жақсы адамдар, жақсы адамдар,

Қарап өтсін сендерге басқа жандар.

Жақсы адамдар, жақсы адамдар,

Қарап өтсін сендерге басқа жандар.

Жақсы адамдар.


9. Үй тапсырмасы.

№19 «Мейірімнің күші» 87 бет

10. Сабақтың соңғы тыныштық сәтi.

Баяу әуен қойылады.

Көзімізді жұмып, еркін жайғасайық. Енді, бүгінгі өткен сабағымыздан нені түсіндік, қандай жақсы нәрселерді үйрендік, өзімізге нені алдық сол жөнінде ойланайық. Осының барлығын жүрегімізге салып, көкейімізге түйіп алайық. Жайлап, көзеріңізді ашуға болады. Бүгінгі керемет сабақ үшін сіздерге көп рахмет!


Мектеп: Подстепный қазақ ЖОББМ

Мұғалiм: Сакипкалиева Р. А.

Шығарма. Арақ, темекі зияны туралы
Тәрбие сағат: Отбасы жарастығы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу