Ашық сабақ. Қазақ әдебиеті. Фариза Оңғарсынова өмірі мен шығармашылығы
Фариза оқулары іс-шара жоспары
0 Comments№1 В.И.Ленин атындағы орта мектеп
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Аққалиева Гүлзинат Ерболатқызы
Атырау қаласы
«Өлең, мен сені аялап өтем…» Фариза оқулары
Мақсаты: оқушыларға қазақ ақыны, халық жазушысы, журналист
Фариза Оңғарсынованың өмірі, шығармашылығы туралы мәліметтер беру. Оның шығармаларын дәріптеу, өзіндік ерекшеліктерін анықтау, ақынның туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін жеткізу, балаларды поэзияны сүюге, түсіне білуге дағдыландыру, мәнерлеп оқу дағдыларын жетілдіру.
Жүргізуші: Қайырлы күн құрметті ұстаздар, оқушылар, әдебиет сүйер қауым! Бүгінгі «Өлең, мен сені аялап өтем…» Фариза оқулары атты поэзия кешімізге қош келіпсіздер! Бүгінде ақын көп. Ақынның көп болмағы –әдебиет үшін табыс. Бірақ осы өлеңдердің қалай оқылып жатқанын ешкім саралап жатпаса да уақыт атты тамаша таразы бар. Жүректен шыққан туындыларды халық жүрегіне жеткізетіні белгілі. Ұлттық поэзия бағының шоқ гүлдерінің ішінде отты жырларымен дараланған Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын, ірі тұлға, біртуар суреткер Фариза Оңғарсынова.
«Поэзия – әйелдей жұмбақ әлем,
Сиқыр сырын түсінер тұлға де кем.
Жаны –тұнған тұңғиық тереңдік те,
Қимылы –ырғақ, әуен.
Поэзия арудай құпиясын ұқтырар жылдап әрең..» деп өзі жырлағандай, жыр құпиясынан бұрын өмір дерегіне көңіл бөлсек.
Жүргізуші: Фариза ғасырдан ғасырға жалғасқан қазақ поэзиясындағы мәңгілік махаббат тақырыбын жырлады. Ал махаббат, сүйіспеншіліктің шалқар шыңы Отанға, туған жерге деген сезім емес пе? Фариза апамыз туған ауылын әр кез есінен шығармай ойлап жүретінін өлең жолдарында айтады. Баяғы сағымдай болып кеткен балалық шағы өткен жерін көз алдына елестетіп бір тебіренеді.Ақынның туған жер деп тебіренген жүрекжарды жырларымен таныс болыңыздар.
Жүргізуші: Фариза жырларын оқыған сайын көз алдымызға шыңның басындағы мұңлы шынар және кәусар бұлақтың сұлулығы мен мөлдірлігі келеді. Фаризаның сирек бақытқа ие болуының ең бастысы тарихпен тамырлас, халықпен тағдырлас жандардың ғана несібесіне бұйыратын, адамгершілік шалқарынан бастау алып жатқан жан мөлдірлігіне лай түсірмей жүре ала білгендігінде шығар. Оның жырларындағы тұңғиық тереңдік пен айна көлдей айқындықтың қос қайнары өткеннің өзек өртер өкініштері мен келер күннің үмітті үздіктірер пәк арманы болса керек. Фариза жыры- айдын көл, шалқар теңіз емес, тылмыс мұхит.
Жүргізуші: Фариза –аспанға алау атып, шоқ шашыратып жатқан рух жанартауы. Өшпейтін де сөнбейтін өжеттік қайнары. Ол –қоғам қайраткері, халқының ардақтысы. Атаның қаны, ананың сүтімен сіңген адал қасиетінен еш жаңылған жоқ. Ақын жайында айтылған замандастар пікіріне кезек береміз.
Жүргізуші:
Замандастар көзімен
«Фариза Оңғарсынованың өлеңдерінде Махамбет өлеңдерінің екпіні, Махамбет өлеңдерінде ғана кездесетін, лирикамен қатар жүретін ашу-ыза екпіні бар».
Әкім Тарази.
«Фариза прозасындағы эссе –қара сөз дегені болмаса, баяғы сол есіліп тұрған поэзия» Шерхен Мұртаза.
«Фаризаның шығармашылығын түсінуге ерекше бір талғам керек»
Ақұштап Бақтыгереева
Жүргізуші: Биылғы мектепішілік Фариза оқуларына қатынасып, қалалыққа байқауға көрініп келді. Фариза оқулардың шартымен таныстырып өтейік.
1 – кезең: «Өлең, мен сені аялап өтем…» – Фариза шығармаларын жатқа, мәнерлеп оқу конкурсы.
2 – кезең: «..Не деген керемет ең!» Фариза Оңғарсынова сөзіне жазылған әндерді орындаушылар конкурсы.
3 – кезең: «Жырым қалсын жанымның ұшқынындай..» – жас дарындылар конкурсы.
Жүргізуші: -Ендігі кезекті Фариза өлеңдерін жаттап, жаттап қана қоймай әр көрерменнің жүрегіне ой тастайтын, әр көрерменнің қазақтығын оятатын өлеңдерін алып келген, өзінің білімін сынауға, алғырлығымен, өнерін шыңдауға келген оқушыларға береміз.
Жүргізуші: Қазылар орнықтырар әділдікті,
Кімдердің өнерлері кәміл шықты.
Бүгінгі Фариза оқулары жарысында,
Жеңіске жетер дейміз нағыз мықты.
Жүргізуші: – Әділ- қазылар алқасымен таныс болыңыздар.
Тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: Мурзахметова В.Б.
Орыс сыныптарындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Айтқали Зульфия Мерседенқызы
Жүргізуші: – Қарап тұрмай бәйгіге еріңіз,
Шәкіттерге әділ шешім беріңіз.
Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығарар,
Бәйге, бәйге, бәйгелерді көріңіз.
-Бақ пен бап сыналар бұл жарысқа қатысып отырған оқушыларға сәт сапар тілей отырып «Шыңдарға биік қонғайсың» демекпіз. /бірге/
І–кезеңімізді бастаймыз. Бұл сынақ- нақышына келтіріп, ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, оның табиғатын танып, өзіндік қабілетін көрсететін жарыс. Олай болса, Фариза өлеңдеріне кезек берейік!
ІІ–кезең: «..Не деген керемет ең!» өзі шығарған өлеңін мәнерлеп оқып, өзіндік қабілетін көрсететін жарыс.
ІІІ–кезең: «Жырым қалсын жанымның ұшқынындай..» – жас дарындылар конкурсы.
Қорытынды.
Жүргізуші: Мектебімізде өтіп отырған Фариза оқулары өз мәресіне жетті. Қатысып, өнерлерін шындаған оқушыларға рахмет айтамыз.
Жүргізуші: Алдағы уақытта, жылма –жыл Фариза оқулары өтетін болады. -Әділ-қазылар алқасына қорытынды сөз береміз!
Жүргізуші:
Сенде өткен әрбір күнім сайран маған,
Сайран керек асауға байланбаған.
Суырсаң қынабыңнан қылышыңмын,
Балтаңмын тот баспаған, қайралмаған.
Жүргізуші:
Бүгінгі іс –шарамыз өз мәресіне жетті.
«Өлең, мен сені аялап өтем…»
мектепішілік Фариза оқулары байқауының ережелері:
Байқауға 3-9 сынып оқушылары қатыса алады.
І кезең: «Өлең, мен сені аялап өтем…»
1.Мәнерлеп оқып, өзіндік қабілетін көрсететін жарыс
2.Мақсаты: Мәнерлеп оқуға машықтану, сөздің мәнін жете түсіну, оның табиғатын тану және Фариза өлеңдерің мәнерлеп, нақышына келтіріп оқу қабілетін дамыту
3.Шарттары:
-Қатысушы Фариза өлеңін жатқа мәнерлеп оқуы керек
-Мәнерлеп оқуға берілетің ең көп уақыт мөлшері -5 минут
«Өлең, мен сені аялап өтем…» кезеңі бойынша бағалау ұпайы
Шығарманың сөздерін анық және тіл табиғатын сақтап жеткізу | 1) Дауысы мен дене әрекеттерінің үйлесімділігі 2) Сахнада өзін ұстау мәнері | 1) Киімі 2) Жатқа оқуы 3) Әуені(фон) |
5 ұпай | 5 ұпай | 5 ұпай |
ІІ кезең: «..Не деген керемет ең!»
1.Ақынның сөзіне жазылған әндерді орындаушылар жарысы
2.Мақсаты: Мәнерлеп оқуға машықтану, сөздің мәнін жете түсіну, оның табиғатын тану және өз шығармашылығын нақышына келтіріп оқу арқылы таныстыру
3.Шарттары:
-Қатысушы Фариза сөзіне жазылған әндерді орындау керек.
-Қатысушылар қазақ ұлттық киімімен шығу керек
-Мәнерлеп оқуға берілетің ең көп уақыт мөлшері -5 минут
«..Не деген керемет ең!» кезеңі бойынша бағалау ұпайы
Өлең құрлысын сақтап өлең жазу,жазған өлеңі тақырыпты ашу керек | 1)Дауысы мен дене әрекеттерінің үйлесімділігі 2)Сахнада өзін ұстау мәнері | 1) Киімі 2) Жатқа оқуы 3) Әуені(фон) |
5 ұпай | 5 ұпай | 5 ұпай |
ІІІ кезең: «Жырым қалсын жанымның ұшқынындай..» – жас дарындылар конкурсы.