Ашық сабақ. Қазақ тілі, Тіл тазалығы

Oinet.kz 06-10-2019 1294

Тіл тазалығы

  oquzaman  0 Comments

Есетова Ғалима Нағашибайқызы

Рудненский политехникалық  колледждің  қазақ тілі мен әдебиет пәнінің  мұғалімі  

Сабақтың мақсаты:
а) білімділік: білім алушыларға мемлекеттік тілдің мәні мен маңызын және мемлекеттік тілде таза сөйлеуді меңгерту;
ә) тәрбиелік: ана тілінің қадір-қасиетін түсіне білуге шақыру, халқына, тіліне деген сүйіспеншілікке баулу және шығармашылыққа бейімдеу;
б) дамытушылық: шығармашылық тапсырмалар орындату арқылы ақыл-ой, таным белсенділіктерін таныту.

Сабақтың түйінді ойы:мемлекеттік тілдің мәні мен маңызы, тіл тазалығын сақтау, шұбарлап сөйлеуге жол бермеуді жас жеткіншектерге жеткізе білу.

Сабақтың типі: жаңа сабақ

Сабақтың түрі: дәстүрлі-практикалық

Сабақтың әдістері: СТО стратегиялары (оқыту, сұрақ-жауап, мәтінмен жұмыс, пікір айту, талдау, шығармашылық жұмыс)

Стратегиялар: диалогтық оқыту, топпен жұмыс, тренинг”Сәттілік”, кері байланыс “Екі жұлдыз, бір тілек”.

Сабақтың көрнекіліктері: интерактивті тақта, слайдтар

Пәнаралық байланыс: құқық, тарих, орыс тілі

Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі: сыныптың психологиялық ахуалын тудыру,ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру.Шеңбер құру арқылы бір-біріне сәттілік тілейді.Сыныпты 2 топқа бөлу.
ІІ. Үй тапсырмасын пысықтау: “Ыстық орындық” стратегиясы арқылы үй тапсырмасы сұралады.

1.    1. Тіл мәдениеті дегенді қалай түсінесің?
ІІІ. Негізгі бөлім. Жаңа тақырыпты ашу. Тіл тазалыгы дегенді қалай түсінесіңдер, оның әдеби тілмен қандай байланысы бар?

2.    Қазақ тілінің әлемдегі бай тіл екендігіне ешбір шүбә келтіруге болмайды, солай бола тұрса да ұлттық тіліміздің әлі күнге дейін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеріле алмай келе жатқанын қандай мысалдармен түсіндірер едіңдер?

Тіл мәселесінің ішкі саясатқа қатысы бар ма? (Мемлекеттік тіл әлі күнге дейін қағаз жүзінде) 3.Тіл мәртебесін көтеріп, тіл тазалығын сақтау үшін қандай жагдайлар керек? Оны неден бастауға болады, өмірден ңақты мысалдар келтіріп, дәлелдеп көріңдер.

(балалардың жауабы тыңдалады). Әр топ өз білетіндеріні қағазға түсіреді.
«Біз бүкіл қазақстандықтардың басын біріктіретін басты фактор – Мемлекеттік тіл – қазақтардың туған тілін дамыту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз керек» (Н.Назарбаев)
Қазақ тілі – аса бай тіл, икемді тіл. Қалай исең, солай иіле береді. Орамын, бұрамын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, ағаш, текемет оюға болады-ау! Бұл тілден май тамады десе сияр. Халықтың тіліне, жырына құлақ салсаң, небір алуа, шекер балдай татитын нәріне, әріне әсте тоймайсың. Ғашықпын қазақ тіліне… осындай майса, сұлу тілді қалай өгейсітуге болады… (Нұртас Оңдасынов.)

Тіл мәдениетіне қажетті аса маңызды сапалардың бірі – тіл тазалығы.
Өзге тілден еніп, заңды түрде орныққан осы тәрізді сөздерден кейбіреудің дағдысына енген мүкістіктер (остановкаға барамын, субботада келді, звонит ет, т.б.) мүлде басқа.
Кейбір ұғымдар көшірме (калька) тәсілімен аударылып та алынады. Орыс тіліндегі земледелие сөзі, зерттеушілердің көрсетуінше, латын тілінен алынған көшірме (қазақша егіншілік), ал принять меры француз сөзінің көшірмесі (қазақша шара қолдану), т.б. Тілімізде көшірме сөздің небір түрлері бар: қанатты сөз (крылатые слова), қарулы күштер (вооруженные силы), жартылай қорғаушы (полузащитник), т.б.
Тіл мәдениетін сөз еткен мақалаларда аналық қой (дұрысы – саулық, саулық қой), елу бас қой (елу қой), мал өсірушілер (дұрысы — малшылар) тәрізді көзсіз көшірмелер тіл шұбарлау екендігі орынды көрсетіліп, дұрыс сыналып та жүр.

Тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болса да өз ортамыздан әлі күнге дейін тұрпайы сөйлейтін жастарды кездестіріп қаламыз. Тіліміздің лексикалық, фонетикалық, грамматикалық нормалары мен заңдылықтарын ескермейді, қазақ тілінен алған теориялық білімдерін пайдалана алмайды, сөйлегенде тыңдаушы өзінің ойын ұғып, сезіп тұрма, жоқ па, онымен санаспайды. Басқа тілдің сөзін араластырып, өз тілінің құтын қашырып сөйлеу мәдениетсіздік екенін аңғармайды. Белгілі жазушы Т.Ахтанов өз шығармаларында кейбіреулердің әңгімелесу кезінде бөгде сөздерді нормадан тыс араластырып сөйлейтін ерсіліктерін өткір сынаған.

Жазушы Д.Исабековтың да «Әпке» драмасынан қазіргі жастардың ана тілімізге немқұрайлы қарайтын кемістерін сынаған мынадай жолдарын кездестіреміз. Мысалы: Нәзила: «Білмеймін. Мен дұрыс жасамаған да шығарамын. Бірақ, әлгі қыздың тым еркінсіп, ар-ұятты естен шығарып бара жатқаны жаныма тиді», «Я так хочу» деп, Тимурды құшақтап апты. «Котенок мой» деп, бұл да өліп бара жатыр…» (Жастардың өз сүйгендеріне айтатын «жұлдызым, айым, күнім» деген теңеулері бола тұрса да) сонымен қатар, кейбір сөздерге тиісті қосымшалардың нормаға айналған түрлерін жалғамай , басқа түрлерін орынсыз жалғау да тіл тазалығына кесірін тигізеді. Мысалы:

1.    Жазда бұл жерде ыссы болады (ыссы есем – ыстық).

2.    Шешесі ауызғы бөлмеге шықты да, төсектегі жатқан жиенінің жанына келді. (ауызғы емес – ауыз бөлмеге, төсектегі емес – төсекте).

3.    Рабиға баласының бетін сүйді (бетін емес – бетінен).

4.    Абай жасында молдаға оқыды (молдаға емес – молдадан).

Сонымен қатар, сөздерді дұрыс байланыстырмай, орынсыз тіркес құрау, сөйтіп, сөйлем құрылысы мен мағынасын бұзатын кемшіліктерге көркем әдебиеттегі, газет-журналдағы әңгімелерден көптеген мысалдар келтіруге болады.

Кейінгі жылдарда тіл шұбарлайтын тіркестің мынадай түрлері ұшырай бастады: «Ол түнгі тосқауыл рейдіне қатысушылардың қоғам мүлкіне қол сұғушыларды қалай су бетіне шығаратынын соңғы екі-үш жыл ішінде көп естіп те, оқып та жүрді»; «Бүкіл адамзатқа келген қару ешқашан бір елдің ішкі ісі болмақ емес. Ондайды «ішкі іс» деп сылап-сипаушылар американ саясатының диірменіне жел береді», «Қаламқас поселкесінің аумағы ат шаптырым. Көшпелі вагондар, егіз тамшыдай ұқсас үйлер», «мәселені қабырғасынан қою», т.б. осы мысалдардағы су бетіне шығару, диірменіне жел беру, егіз тамшыдай тәрізді тіркестер, сырты қазақша болғанмен, мазмұны қазақша емес. Оқырман автордың айтпақ ойын зорға түсінеді.
Топтармен жұмыс. 1-топтың тапсырмасы. Төмендегі сөйлемдерді өз стильдеріңмен түзетіп көріңдер!

Үлгі: Бұны, өздеріне жәрдем етіп отырған совхоздың (біріккен шаруашылық) бірер сақпан қойын уақытша жайылуға колхозшылар рұқсат етіп, совхозға берген болатын.

а) Бұны, өздеріне жәрдем етіп отырған совхоздың бірер сақпан қойы уақытша жайылуға рұқсат етіп берген болатын.

б) Кейде нақ төбелерінен нажағай жарқ беріп, шарт еткенде дүрк беріп жарылып та кетеді.

в) Сол сәтте және де Дәрменнің түсінен бұның көзі өзгеше жайды аңғарып, сескеніп қалды.

г) Бұрын қалаға келіп үзақ жатқан шағында көбінесе өзінің нақты орнықты пәтерінде уақыт өткізетін.

2-топтың тапсырмасы: Төмендегі сөйлемдерді түзеп, әдеби тілмен қайта құрып жазыңыздар.

Лесницадан көтерілгенде, жүрегі аузына тығылады. Танзиметті алып тастауға совет береді. Ештеңеден қысылмаймыз, астымызда персональный машина. Өзіңіз қай округтансыз, тұрған жерлеріңіз грязь шығар, ә? Ну, как же это так, есікті ашып кетіпсің, что за безобразие. Ол туберкулез, онда заходить нельзя! . Кешегі алдымызда жүгіріп жүрген жігіт вдруг өзгеріп кетті.Біздің келгенімізге много болды, демалу деген вообще болмады.

Топтарға тапсырма.

Төмендегі сөздердің әдеби баламасын тауып, мағынасына толық талдау жасаңдар. Әрбір сөздің әдеби тілдегі қолданысына стильдік мәні жоғары бір-бір сөйлем қүраңдар.

а) емдеухана – аурухана, айыр – шанышқы, қарыз – дыкер – қарыздар, зиратнама – бейіт, қабір; желдік – желдеткіш, ажым – әжім, балау – палау, қартамыш – қартамыс, ибат – инабат; б) қаржымыс – қарымта, кәдуілгі – кәдімгі, айыл – әйел, ақтас – түйме, жер там – жер үй, жұмыстау – жұмыс істеу, жұмыстану; зиярат – зират, кәмәләт – кәмелет, кәззеп – кәззап, кәзір – қазір; жаһүт – жақұт, зәлім – залым, жаһил – жаһіл …

1. Облыс орталығындағы жарнама, хабарламалардың қате жазылуларына көңіл бөлу. (слайд)
2. Тіл туралы Заңның баптарын оқу. (Әр топқа алдын-ала берілген тапсырма)
7-бап. Тілдердің қолданылуына кедергі келтіруге жол бермеу
Қазақстан Республикасында тілек белгісі бойынша азаматтардың құқықтарын кемсітуге жол берілмейді.
Қазақстанда мемлекеттік тілдің және басқа тілдердің қолданылуына және оларды үйренуге кедергі келтіретін лауазымды адамдардың іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соқтырады.

8-бап. Тілдердің қолданылуы
Мемлекеттік тіл Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, ұйымдарының және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмыс және іс қағаздарын жүргізу тілі болып табылады, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.
Мемлекеттік емес ұйымдардың жұмысында мемлекеттік тіл және қажет болған жағдайда басқа тілдер қолданылады.

13-бап. Сот ісін жүргізу тілі
Қазақстан Республикасында сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал, қажет болған жағдайда, сот ісін жүргізуде орыс тілі немесе басқа тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылады.

17-бап. Тіл – ғылым және мәдениет саласында
Мәдени шаралар мемлекеттік тілде және қажет болған жағдайда басқа да тілдерде жүргізіледі.

ІV. Бекіту тапсырмалары
1-топқа. Мәтіннен кейіпкерлердің сөз саптауы мен сөйлеу мәнерін байқап, кейіпкерлердің сөйлеу мәдениетіне өзіндік талдау жасаңыз.
2-топқа. Төмендегі мәтінді оқып шығып, «Тілі шұбарланған қазақтарды кімдер деп ойлаймыз?» тақырыбында шағын эссе жаз.

Сергіту сәті. «Әріптер сөйлейді».
Мысалы: Жапсарбаев жарыстан жеңіспен жетті.
Ернар ерлігімен елін елең еткізді.
Берік – белсенді бала.

2-топқа. Суреттерге қарап, өзінің ой-пікірін, сипаттамасын айту. (слайд)

1-топқа. Әскери термин сөздерді қатыстырып, сөйлем құрау.
2-топқа. «Тіземнен сүріндірсең де, тілімнен сүріндірме!» деген сөздің мағынасын түсіндір.

V. Қорытынды.
1-топқа. Шығармашылық жұмыс. (өлең құру)
………………………. ана тілім,
……………………….баба тілім.
……………………….дана тілім,
………………………қазағымның.

2-топқа. 5 жолды өлең.”Синквейн” әдісі.

1. Зат есім. 2. Екі сын есім. 3. Үш етістік. 4. Сөйлем. 5. Синонимі.

Эссе. “Тілім бар да айтылар сөз ойдағы”

Кері байланыс “Екі жұлдыз, бір тілек”


Ашық сабақ. Тілім менің тұғырым
Ашық сабақ. Қазақ тілі. 9 сынып. Тұрақты тіркестер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу