Эссе: Абайдың «Он тоғызыншы қара сөзінен» қандай ой түйдім?

Oinet.kz 05-09-2020 1134

Қара сөздердің тәрбиелік мәні туралы айтылып келеді және олар бүгінде жан-жақты зерттелген. Бүгінгі талап – нақты көзқарасымды, пікірімді білдіру. Олай болса, «Он тоғызыншы қара сөзден» мен адами келбетімді толықтыратын, жеке тұлға ретінде бойымда жақсы қасиеттер қалыптастыруға мүмкіндік тудыратын өмір бағдарын алдым дер едім.


«Адам болмысының қалыптасуы неге әртүрлі?», «Неге адамдардың мінезі, іс-әрекеті бірдей емес?», «Жақсы қасиеттерге қалай қол жеткізуге болады?» деген сұрақтар мені үнемі ойландыратын. Абай сөзі осы сұрақтарға жауап берді, ой тастады. «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады» дейді. Демек, бірінші түйін: оқу, білу – істің басы ғана, ары қарай сезіну, жасап көру, мәнін түсіну керек.


Екінші түйін – зейін қою, естігенді, білгенді қорыту. «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды... Сөзді есіткенде шайқақтап, шалықтанып не салбырап, салғырттанып есітсе, не есіткен жерде қайта қайырып сұрап ұғайын деп тұшынбаса, не сол жерде сөздің расына көзі жетсе де, шыға беріп қайта қалпына кетсе, естіп-есітпей не керек?» Өкінішке қарай, осы қасиет – ынта-зейінмен қабылдау, көп жағдайда жетіспей жатады. Оны өзімнен де байқаймын. Оның алдын алуды Абай атамыздың сөзінен аңдадым: ықыласпен тыңдау, түсінбегенді анықтау және ұмытып қалмас үшін жазып отыру. Осы екі түйін менің ұстанымыма айналмақ: білімді тәжірибемен бекіту және әр ақпаратқа мұқият болып, ой түйіндеу.


Ой түю, өзіңе қажет дүниені талғаммен қабылдау –  тың идея, тапқыр шешім, өмірдегі зор жетістіктер бастауы. «Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады». Мен үшін Абайдың бұл сөздері – саналы адам болу сабағы, менің өмірлік ұстанымым.

Ертегі. Аяз би
Эссе: Абай өлеңдеріндегі табиғат суреттері саған қалай әсер етті?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу