Ашық сабақ. Цифрландыру қызмет сапасын арттырады
Цифрландыру қызмет сапасын арттырады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі цифрландыру күнін өткізді. Шара ЭКСПО қалашығындағы Astana Hub аумағында ұйымдастырылды. Оған вице-министр Нариман Мұқышев қатысты.
Жиынға ІТ саласының бизнес өкілдері мен өз істерін жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлер, бірқатар ІТ мамандары шақырылған екен. Шарада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі өздері тарапынан цифрландыру бағытында атқарып жатқан жұмыстар жайын баяндады. Соңында сұрақ-жауап форматына ауысып, келушілермен өзара пікір алмастырылды. Қатысушылар IT-технологиялар саласындағы өз тәжірибелерімен де бөлісті.
«Біз саланы цифрландыру мәселесінде ІТ компаниялармен тығыз жұмыс істейміз. Себебі автоматтандыру-цирфландыру мәселесінде ІТ-нарықтағылардың тәжірибесі мен ұсыныстары аса маңызды. Мұның қарапайым мысалы ретінде Электронды еңбек биржасын (ЭЕБ) атауға болады», деді вице-министр.
Н.Мұқышев Электронды еңбек биржасының жұмысы және электронды еңбек келісімшарттарын енгізу туралы кеңінен әңгіме өрбітті. Ол база – бүгінде құрылған, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының алғашқы іске асырылған жобасы. Оның аясында азаматтарды жұмысқа орналастыру процесі электронды форматқа көшіріліп, жұмыс іздеушілер мен вакансиялардың ірі базасы қалыптасқан. Министрліктің ақпаратына сүйенсек, бүгінгі күні ЭЕБ қызметін 58 мың жұмыс беруші мен 225 мың жұмыс іздеуші пайдаланған. Сондай-ақ ЭЕБ арқылы 203 мың азамат жұмысқа орналастырылып, оның базасында 36 мың бос орын мен 91 мың түйіндеме жарияланған.
«Электронды еңбек биржасы қазір жұмыс істеп жатыр. Енді соның аясында бірқатар жаңа бағыттар ашудамыз. Мысал ретінде «сағаттар аутсорсингі» жобасын атауға болады. Біз жұмысқа орналастыру тетігі бойынша лот арқылы нарыққа шығарамыз. Яғни, «Егер мына азаматтарды жұмысқа орналастыратын болсаңыз, біз сізге ақша төлейміз» дейтін боламыз», деді Н.Мұқышев. Вице-министрдің айтуынша, аталған жоба шамамен осы жылдың қазан айында іске қосылмақ.
«Сондай-ақ еnbek.kz сайтында біліктілік дәрежесі көрсетілген азаматтарды жұмысқа орналастыруға арналған белгілі бір лот орналастырылады. Азаматтар тұрақты жұмысқа орналастырылған жағдайда мемлекет төлейтін қаражат көлемі де көрсетіледі. Олардың тұрақты жұмысқа орналастырылуы маңызды. Бір-екі ай жұмыс істеп, одан соң жұмыстан босатылуы жарамсыз», деді министрдің орынбасары.
Мәлім болғандай, қазіргі уақытта 45 жекеменшік жұмыспен қамту агенттігі Электронды еңбек биржасын қолданып отыр. 2018 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында олар 8182 бос орынды жариялаған.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»
Толығырақ: https://egemen.kz/article/172797-tsifrlandyru-qyzmet-sapasyn-arttyrady