Қазақстан тарихы. Мустье мәдениеті
Мустье мәдениеті, мустье дәуірі – палеолитке (ежелгі тас ғасыры) жататын, ашель мәдениетін ауыстыратын археологиялық кезең. Оңтүстік-батыс Францияның Везер өзені жағалауындағы Ле-Мустье үңгірінің атымен аталған. Мустье мәдениетін 1872 ж. француз археологі Г. де Мортилье Брюссель қаласында өткен антропология мен тарихқа дейінге археологияға арналған халықаралық конгресте жасаған баяндамасында бөліп көрсеткен. Мустье мәдениеті жекелеген айырмашылықтарына қарамастан бүкіл Еуропада, Африкада, Таяу Шығыс пен Орта Азия елдерінде кеңінен тараған. Көп жерде оны ежелгі (төменгі) палеолитке қосады. Қазіргі уақытта зерттеушілердің басым бөлігі бұл дәуірді “ортаңғы (орта) палеолитке” жатқызып, жеке кезең ретінде сипаттайды. Ол шамамен б.з.б. 150 – 120 мыңжылдықтардан б.з.б. 35 – 30 мыңжылдықтар аралығын қамтиды. Оған өтер тұста адамның физиологиялық құрылысында елеулі өзгерістер болды. Архантроптарды палеонтроптар ауыстырды. Бұл кезеңде еңбек құралдарын жасау техникасы жетілдірілді, адамдар тұрғын үй салуды, өлгендерді жерлеуді үйрене бастады, діни көзқарастар мен палеолиттік өнердің алғы шарттары қалыптасты. Дегенмен көпшілігі әлі де болса табиғи үңгірлерді мекендеді. Мустье мәдениетінің тас құралдарын дайындау техникасы ежелгі палеолиттегі екі жағы өңделген (абвиль, ашель, микок) және бір жағы түзетілген тас жаңқаларынан (клектон, тейяк, микок) бастау алды. Кейбір ғалымдар (Ф.Борд, т.б.) бұл кешендерді біріктіріп леваллуа-мустье техникасы деп атады. Осы кезеңде тастан жасалған түрлі құралдар саны 60-тан асқан. Бұйымдардың көпшілігі дөңгелек келген өзектастан (нуклеустен) уатылып алынған ірі тас жаңқаларынан дайындалды. Ал негізгі еңбек құралдарын қырғыш пен үшкіртастар құрады. Орташа ұзындығы 6 см үшбұрыш пішіндес үшкіртастар соғатын және кесетін құралдар ретінде пайдаланылды. Оның шеттері ішкі жағынан соғу және қыспа техникасы арқылы түзетілді. Мұндай заттар таяқтың бір шетіне найза ұшы секілді бекітілді. Бір қыры түзетілген қырғыштардың орташа ұзындығы 5 – 14 см болды. Олар тері, ағаш пен сүйек өңдеуде қолданылды. Бір құралдың өзі бірнеше міндеттер (жону, кесу, т.б.) атқарған. Қазақстанда Мустье мәдениеті (хронологиясы, кезеңдестірілуі мен корреляциясы) басқа дәуірлерге қарағанда жақсы зерттелген. Бірқатар ескерткіштерден (Шыңғыс, Қошқорған, Ақтоғай, Семізбұғы – 10, Хантау, Бұрма) алынған техникалық және типол. көрсеткіштер Қазақстанда леваллуа-мустье, ашель дәстүріндегі мустьелік леваллуа және бейлевуаллуалық фациялар, тісті және типті мустье секілді мустье индустриялары бар екенін көрсетеді.