Қазақстан тарихы. Маңғыстау көтерілісі

Oinet.kz 05-09-2020 1111

Маңғыстау көтерілісі, 1870 жылы Маңғыстау өңірінде патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы бағытталды.

Себебі

Көтеріліс патша өкіметі 1868 жылы қабылдаған “Уақытша ережеге” (“Далалық облыстарды бас-қару жөніндегі Ереже”) сай туындады. Ресей империясы адай руларын 19 ғасырдың 30-жылдарынан бағындыра бастады. 1866 — 67 жылы адай руларынан Жоғарғы адай (Баймәмбет Маяев басқарды) және Төменгі адай (Ғафур Қалбин басқарды) дистанциялары құрылды. Екі билеуші Орал обл. басқармасына шақырылып, жаңа ережелермен танысты. Жаңа реформа бойынша салықтың мөлш. 1 сом 30 тиыннан 3 сом 50 тиынға дейін өсті және билеушілерден үй санын дәл есепке алуды, жерді мемлекеттік меншік деп тануды, болыстар мен ауылдарға бөлінуді талап етті. Ел арасында толқу басталды. Халық бұқарасын Досан Тәжіұлы, Алғи Жалмағамбетов, Ержан және Ерменбет Құловтар басқарды. Оған қоса Маңғыстау приставы полк. Рукин би-шонжарлардың көмегімен салықты екі жылға (1869 — 70) бір-ақ жинамақшы болды. Рукин 1870 жылы 15 наурызда Б.Маяевтың жол көрсетуімен төрт зеңбірегі бар 35 казак, тілмаш Бекметов, 60-тай билер мен старшындар құрамымен адай руларынан салық жинауға аттанды. Рукиннің қарулы жасақпен келуі көтерілістің басталуына түрткі болды. Көтерілісшілер Рукин отрядымен 22 наурызда кездесті. Көтерілісшілерге “ұсақ” құдығы маңында Бозащы тобы қосылды. Рукин отряды біржола талқандалып, Б.Маяев өлтірілді, Рукин көтерілісшілердің қолына түспес үшін өзін-өзі атып өлтірді.

Көтеріліс ауқымы

Көтеріліс бүкіл түбекті қамтып, көтерілісшілер саны 10 мыңға жетті. 1870 жылы 5 сәуірде көтерілісшілер Александровск форты мен Николаевск станицасына шабуыл жасады. Шабуылшылар теңіз бағдарларын өртеді, саудагерлердің үйлерін, дүние-мүлкін, гарнизон қорлары сақталған Нижнее бекінісін талқандады. Алайда зеңбіректерден жауған оқ көтерілісшілерді шегінуге мәжбүр етті. Көтерілісті басып-жаншу Кавказ уәкіл-әкіміне жүктелді. Мамыр айының соңында Маңғыстауға Кавказдан Апшерон полкінің батальоны, екі атқыштар ротасы, желілік батальонның екі ротасы, Дағыстан полкінің 4 ротасы, 4 зеңбірекпен қаруланған Терек казактарының екі жүздігі жеткізілді. Көтерілісшілер “ұсақ” құдығында, Үшауыз шығанағында, Александровск фортында жазалаушыларға қатты қарсылық көрсеткенімен, күшті қаруланған тұрақты әскер бөлімдерінен жеңіліс тапты. Көтерілісшілер үстірттен солт-ке қарай ығысып, көше бастады. Бірақ Орынбордан шыққан жазалаушы отрядпен (Н.А. Крыжановский мен гененерал-майор Биязнов бастаған) қақтығыста көп шығынға ұшырап, қайта шегінуге мәжбүр болды. Патша әскерлері Маңғыстауда үш ай болып, көтерілісшілерді қатал жазалап, қудалай бастады. Көтеріліс басшылары М.Тіленбаев, Тәжіұлы, Құлов патша жендеттерінің қудалауынан қауіптеніп, 1870 жылы желтоқсанда өз жақтастарымен бірге Хиуа хандығына өтіп кетті. Сөйтіп, жазалаушылар халықты “Уақытша Ережеге” күшпен көндірді.

Қазақстан тарихы. 1916 жылғы Қазақстандағы ұлт-азаттық көтеріліс
Ашық сабақ. Отан отбасынан басталады.
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу