Ашық сабақ. Ұстаздар туралы. Ұлылардың ұлысы
Ұлылардың ұлысы
Мақсаты:
Білімділік: Ұстаздардың қадір – қасиетін түсіндіре отырып, қазіргі заманда қоғам үшін еңбек етіп жүрген ұстаздарды тану.
Дамытушылық: Оқушылардың ұстазбен сұхбаттасу арқылы ой - өрісін кеңейту, болашақ ұстаздық туралы ойлау қабілетін дамыту.
Тәрбиелік: Ұстаздар бойындағы нәзік мейірімді бағалай білуге, берген білімін ақтай білуге тәрбиелеу.
Жүргізуші: Армысыздар ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі жаратылыстану пәндер бірлестігі онкүндігіне байланысты өткізгелі отырған «Ұлылардың ұлысы» атты «Сыр-сұхбат» бағдарламасына қош келдіңіздер!
Ел жақсысын еске алу – ұлтымыздың ұлы істерінің бірі. Қазақ қашаннан ақыны мен ардагерін ардақтап, аялай білсе, жалпы адамзат баласы алдында ұстаз еңбегінің алар мәртебесі зор. Бүгінгідей мереке күні саналы ғұмырының тең жартысын табан аудармай жас ұрпаққа білім беріп, тәрбие үйретуге арнаған ауданымыздың ардагер ұстаздары біздің жүрегімізден ерекше бір құрметпен орын алады.
«Ұстаз» атты ұлы есім қашанда кісілік келбеті жоғары сан мыңдаған шәкірттерге үлгі - өнеге, білім - тәрбие беретін, ізгілік нәрін төгетін ерен еңбектің иелері. Осындай құрметті мамандықтың иесі болып, ұлағатты ұстазға тән үлгі көрсеткен, талай шәкірттердің жүрегінен орын алып, тәлімді тәрбие берген ардақты ардагер ұстаздарымыз бізде – қонақта!
Кішіпейіл, ақжарқын асыл адам,
Қиындыққа ешқашан жасымаған.
Қарапайым ақ көңіл болмысымен
Үйірген шәкірттерін қасына ала.
Баршагүл апай, сізге бас иеміз,
Ұстаздың жиған жақсы қасиетін.
Жолыңызды сан шәкірт жалғастырды,
Көркейтуге белестен асып елін.
Демалысқа кетер деп коркамыз да,
Байладық шәкірттердің жорғасын да.
Әзір бізге керексіз жібермейміз,
Үй де жақын дайын ғой сорпаңыз да.
География миға кірер білінбей,
Дауысы да оркестрдің үніндей.
Ляззат апай – білімді де, ұлы ұстаз!
Отырады анда-санда күлімдей
Өткізіп өз алдынан талай бала,
Бойына құйды ақыл ой мен сана
Ляззат апай сарп етіп күш-қуатын,
Ақылшы, тәрбиеші, болды Ана!
Сезілмеген қасиетті өзгеден,
Сырын білем көкіректегі көзбенен.
Ұстаздарды мектептегі сипаттап
Жыр жаздым мен жүрекжарды сөзбенен.
Бала бидей ауылдың даналары
Талай талай асуларды алар әлі.
Мектептің мыңға жуық оқушысы
Бәрі – Шынар апайдың балалары!
Сөздерінен жылы лебіз таралғандай,
Бәрімізге де ана бола алғандай.
Ешқашанда кек сақтап, ренжімейді
Мейірім мен шапағаттан жаралғандай!
Кезі оның аз болар күлімдеген,
Бар баланы жақын тұтып «інім» деген.
Күләш апай – мектептің дана ұстазы!
Химиядан қызықты білім берген
Бала десе ойламайды өз қамын,
Көрсем дейді күнге де қолын созғанын.
Күләш апай әрқашан да қалайды
Шәкірттері өзінен де озғанын!
Әрбір оның сөзі ерекше дара шың
Тоздырды жолын үй мен мектеп арасын.
Шырынгүл апай - асыл адам, алтын адам!
Жүзінен мейірімі шашыраған
Әрқашанда сабаққа асықтырар,
Келбеті де білім нұрын шашып тұрар.
Тәрбиелейді Шырынгүл апай мектепте
Бір үй толы қыздары мен ұлдарын! -дей келе бүгінгі мерекелік кешіміздің құрметті қонақтары: Баршагүл апай, Шынар апай, Шырынгүл апай, Күләш апай, Ләззат апайларымыз.
1.Бүгіні сыр-сұхбат бағдарламамызға қош келдіңіздер! Бүгінгі кешіміз өмірдегі қасиеті мамандық иелері Ұстаздар туралы болмақ. Сіздермен кездесуді біздің оқушыларымызда асыға күтті. Өмірдегі әрбір адам ұстаз сөзін әр түрлі бағалап, әртүрлі түсіндіреді. Сіздердің ойларыңызша ҰСТАЗ деген кім және қандай болуы керек?
2.Ақырын жүріп,анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас ,
Үйретуден балаға.- деген екен Абай атамыз. Ата-анадан кейінгі балаға жақын жан, ол-ұстазы. Оқушыға білім үйрету кезінде ұстаз нені мақсат етіп нені өзіне міндеттеуі қажет деп ойлайсыздар?
Мұғалімдерге жеке қойылатын сұрақтар:
1.Ұстаз- ұлық емес, ұлы қызмет,- деген екен Бауыржан Момышұлы. Ендеше сіз өзіңіздің бірнеше жылғы оқушымен өткен қызметіңізге қандай баға берер едіңіз?
2.Қазіргі заманымызда оқушы мен ұстаз арасында қарым-қатынас сыйластыққа көіліңіз тола ма?
3.Осы біз ұстазды ұлықтаймыз, оны жүрегімізде мәңгі сақтаймыз дейміз. Дегенмен ұстаздың ұлылыған дәріптеуіміз төмен-ау деймін. Себебі атақты ұстаздарымызды суретпен көрсетсек жастарымыз танымайды, ал оның орнында әнші болса бірден-ақ таниды. Бұның себебі неде?
4.Жақсы мұраптың атынан су ереді,
Жақсы ұстаздың соңынан шәкірт ереді - деген қанатты сөз бар халқымызда. Жұмысыңыздың жемісі болатын шәкірттерді тәрбиелеуде, оны жеңістерге жеткізу үшін қаншалықты жұмыстанып, еңбек ету керек?
5.Артыңызда қандай еңбегіңіз қалды деп ойлайсыз?
Қызықты тапсырмалар:
1-тапсырма: Спорттық жаттығулардың бірін жасау
2-тапсырма: Жаңылпашты жатқа айту
Өрісінде жүз бір өгіз,
Сұрап алдық біз бір өгіз.
Сұрадыңыз сіз бір өгіз..
Есебін ап біз жүреміз.
3-тапсырма:Жақсы ән айтып беру
4-тапсырма:Шаш үлгісін жасау
5-тапсырма: «ҰСТАЗ» сөзін әріптеп өзіңіздің мамандығыңызға сай сөздермен атаңыз?
Баршаңызға сұрақ:
Ұжымның ауызбіршілігі бекем, жетістіктері көп, үнемі бір бірімен жарқын қауышатындай болуы үшін, бір-бірлеріңнің қуанышына қуанып, қайғысына бірге жаны ауратындай болуы үшін «Жақсы ұжымға» қандай басты ұстанымдар керек деп ойлайсыздар?
- Білдіріп шәкірттерің ақ ниетін,
Ұстаздың алып жүрген атын еркін.
Біз сізге сыйлық қылып ұсынамыз,
Жүректің алғысы мен рахметін.
(Сыйлық тапсыру сәті.)
Қорытынды: Мұғалім болу әркімнің қолынан келеді. Бірақ нағыз ұстаз болу – барлығының бағына бұйырмайтын бақыт. Ал бүгінгі біздің кешіміздің кейіпкерлері шын бақытқа ие болған жан. Аяулы ұстаздар! Білім беру жолындағы еңбектеріңіз еленіп, абырой биігінен көріне беріңіздер деген ізгі тілекпен бүгінгі кездесуімізді аяқтаймыз. Ардагер ұстаздарға қарап бой түзеп жүрейік. Осындай еліміздің аптал азаматшалары көп болсын! Осымен бағдарламамыз аяқталды.
- Қош сау болыңыздар!
- Естелікке суретке түсіп, қолтаңба алайық.