Путин шын мәнінде кім? Путинге 70 жыл
07-10-2022
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Тахауи Ахтанов 1923 жылы Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы Шетырғыз ауылында туған. Орта мектепті тамамдаған соң, 1940 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына түседі. Осы институттың филология факультетінің екінші курсында оқып жүргенде, ел басына екіталай күн туғызған сұрапыл соғыс албырт, арманшыл жастың намысын оятып, қан майданға өзі сұранып аттанады. Сұрапылмен бетпе-бет келіп, өмір мен өлімнің арасында от кешіп жүрген жалынды жауынгердің алғашқы әсерлері, ой-толғаныстары өлең, очерктер арқауына айналып, майдан газеттерінде жариялана бастайды. Осылайша жас қаламгердің өмірдегі тұрғысын, гуманистік нысанасын айқындауға, қаламының ұшталуына айрықша әсер еткен — Екінші дүниежүзілік соғыс. Адамзат тарихында мәңгілік қайғылы із қалдырған осынау алапат Тахауи Ахтановтың жалпы шығармашылығында ерекше орын алды.
1948 жылы Тахауи Ахтанов әскер қатарынан қол үзгеннен кейін, елге оралып, әдебиетке сағынған құштарлықпен қызыға, қызу араласады. «Жастар даусы» деп аталатын жас ақындардың балауса жырларының басын қосңан ұжымдық жинақта өзіндік айтары бар өлеңдері жарияланады. Біраз жыл әдеби сынға араласады, Ғ.Мүсірепов туралы сын-зерттеу еңбегі шығады. Тахауи Ахтанов мақалалары көркем шығарманың эстетикалық табиғатын тереңдеп тануымен, орнықты, ойлы пікірлерімен ерекшеленіп, оны дарынды да талғампаз әдебиетші ретінде танытты. Кейін прозаға ауысып, біраз жылдар өткен соң драматургия саласында қалам тербеді.
Аудармамен айналысып, А.Н.Толстойдың «Азапты сапарда» атты трилогиясын, М.Горькийдің әңгімелерін тәржімалады.
Тахауи Ахтановтың қоғамдық және шығармашылық еңбегі жоғары бағаланып, II дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз (екі рет), Еңбек Қызыл Ту, Құрмет Белгісі ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталды.
Баспасөзде тұңғыш жарияланған прозалық туындысы — «Күй аңызы» атты әңгімесі. Алғашқы әңгімесімен-ақ байсалды, байыпты қаламгер екендігін мойындатты.
Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер» атты романы 1956 жылы басылды. Бұл кезде күллі кеңес әдебиетінде кешегі зұлмат соғыс туралы шығарма жазыла қалса, міндетті түрде кеңес жауынгерлерінің асқан ерлігін, майдандағы жанқиярлық шайқасын, қолбасшылардың көрегендігін кейіпкерлер арқылы мадақтап көрсетуге деген талап үнемі алға түсетін. Соның салдарынан тақырыптық бірыңғайлық, идеялық ұқсастықтар, бірін-бірі қайталаушылық, өмір шындығын әсірелеп немесе боямалап көрсету белең алып жататын. Міне, осындай кезеңде соғысты мүлде басқа қырынан көрсеткен, яғни майдандағы жауынгерлерді идеяны жүзеге асыратын тетік-механизмдер, қолбасшылардың көрегендігін дәлелдеу үшін ғана өмірін қиятын кілең «жалаңтөс құмырсқалар» емес, кәдімгі өз тағдыры мен тірлігі, өзіне ғана тән қуанышы мен мұңы, күлкісі мен көз жасы бар тірі адамдар — қайталанбас тағдырлар екенін осы роман айқын да ажарлы көрсетті.
«Қаһарлы күндер» романы осылайша жалпы кеңес әдебиетінде концептуалдық жаңғырулардың бастамасына айналды. Кеңес жауынгерлерінің арасында да мінезі мен құлқы кереғар, қайшылықты тағдыр иелері барын пайымдауға ықпал етті. Қанқұйлы соғыс тек екі түрлі, қарама-қарсы күштердің соқтығысы ғана емес, сан алуан тағдырларды табанға салып таптайтын дүлей күш екенін әрі адамның адамшылығы, рухани тазалығы мен жекелік-әлеуметтік һәм қоғамдық табиғатын таразыға салып айқындайтын сын екенін Мұрат, Уәли сияқты жауынгерлердің соғыстағы және ұрыстан саябыр сәттердегі қарым-қатынастары арқылы көрсетті. Соғыс сияқты тарихи-саяси зұлматтың қарапайым адамды да, халықты да, шынтуайтқа келгенде, қорлау екені таным-түсінігі әркелкі образ-характерлер арңылы бейнеленеді. Кезінде бұл роман кеңес жауынгерлерінің ерлігін, майдан өмірін суреттеген сүбелі шығарма ретінде бағаланған. Қазіргі еркіндік кезінде шығарманың айтары одан әлдеқайда ауқымды, концептуалды екенін, қазақ әдебиетінде ғана емес, кешегі кеңес әдебиетінде де соғыс туралы да, жалпы болмыс туралы да тың ізденістер келуіне өз тарапынан ықпал еткенін айту керек. Жаңаша ізденістің басында қазақ жазушысы Тахауи Ахтановтың тұрғанын бүгінде лайықты мақтанышпен еске алу, ескеру — парыз.
Бұдан кейін Тахауи Ахтанов қаламынан «Көкқұтан», «Махаббат мұңы» т.б. әңгімелері мен повестері туды. «Сәуле», «Боран», «Ант», «Әке мен бала», «Махаббат мұңы», «Күтпеген кездесу», «Арыстанның сыбағасы», «Күшік күйеу» сияқты драмалық шығармалары жазылып, еліміздің және шетелдердің сахнасында көрсетілді.
1963 жылы «Дала сыры» деген атпен шыққан повесін толықтырып, өңдеп, 1966 жылы «Боран» деген атпен роман етіп шығарды. Осы романы үшін Тахауи Ахтановқа 1966 жылы республикамыздың Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Жазушының ең соңғы романы — «Шырағың сөнбесін». Бұл романның негізгі кейіпкері Нәзира — кеңес армиясының офицері Қасымбектің жары. Жан-жақтан анталаған жау тылында қалған аяғы ауыр әйелдің өмір жолы, бастан кешкендері, өзін қоршаған ортаға, өткен күндерге көзқарасы арқылы кейіпкердің жан дүниесіне әрі барлау, әрі талдау жасалады.
Порым-пошымы, парасат-пайымы, табиғаты түрліше әр алуан характерлер, майдандағы тыл мен ауыл өмірі Нәзираның еске алуы — шегіністер арқылы бейнеленіп, шығарманың әлеуметтік-көркемдік мазмұны мен идеялық нысанасын айқындай түседі. Нәзираның өзі құралпы әйелдерді, ауылдағы аң жаулықты әжелерін салыстыра, іштей мінездеуінен, соғыс сойқанын өз көзімен көріп, тікелей сезінуінен танымы мен табиғатын танып отырамыз. Психологиялық талдау тәсілін жазушы үнемді, ұқыпты да шебер пайдаланады.
Өзі соғысқа тікелей қатысқан майдангер жазушының осы романында да, «Қаһарлы күндерде» де соғыстың саяси-әлеуметтік мазмұнына өзіндік шуақ, ұлттық рух-бояу дарытатын — кейіпкерлердің туу қиырда қалған ауыл адамдарын еске алуы. Мәселен, Нәзира ішінде бір үзілмес, таусылмас жылуы бар әжесін еске алса, Мұрат қайратты да айбатты ауылдасы Қартбайды еске алады. Бұлардың соғыс даласында жаны тозып, жадағайланбай, адамшылық қалпынан айнымай, жауыздық пен жақсылықты іштей салыстыра салмақтауына себепкер — қимас ауыл адамдары, туыстары.
Нәзираның әжесінің де, Қартбайдың да бойында анау-мынауға бас имейтін таза тәкаппарлық, текті өрлік бар. Ол өрлік көрінгенге өзін аяқасты қылуға жібермейтін, қор болуына жол бермейтін, оның есесіне, кісілік пен кішілікті, адалдықты айнымас асыл мұратқа айналдырған ұлттық қасиеттің бір көрінісі секілді.
Кейіпкердің жан дүниесіне үңілу, психологиялық тұрғыдан іс-әрекеттерін дәйектеу үш романнан да байқалады.
Тахауи Ахтанов шығармашылығының негізгі салмағы прозада. Елімізде де, шетелдерде де, ең алдымен, дарынды прозаик ретінде танылды. Ал Ахтанов прозасының ең биік шыңы — «Боран» романы. Бұл шығарма кезінде өмірдің өзекті шындығын көрсеткен, бұрын айтыла бермейтін көлеңкелі мәселелерді батыл көтерген, кейіпкерлерінің рухани әлеміне талдау жасаған жаңашыл шығарма ретінде жоғары бағаланды. Әйтсе де шығармада қамтылған шындық сын мен әдеби зерттеу еңбектерінде толық айтыла қойған жоқ. Оның себебі — сол тұстағы тежеудің салдары болатын.
Шын мәнінде, Тахауи Ахтановтың бұл романы жаңа дәуірдегі жаңашыл сипатты, бітім-болмысы бұған дейінгілерден өзгеше шығарма еді. Қазақ әдебиетіндегі нағыз психологиялық талдау М.Әуезовтің «Абай жолы» атты роман-эпопеясында кемел шеберлікпен қолданылған. Бірақ бертінгі дәуірге арналған көптеген туындыларда кейіпкердің жан дүниесіндегі құбылысын өмірдің нақты шындығымен сабақтастыра бейнелеу жетпей жататын. Бұл кезде Ш.Айтматовтың да атақты «Қош, Гүлсарысы» дүниеге келе қоймаған. Міне, осы тұста қазақ жазушысы Тахауи Ахтанов бұған дейін үйреніп қалған кілең сәулелі өмірді ғана көрсететін талаптан бойын аулақ салып, өз кезінің жанға бататын, жүрек ауыртатын шындығын, қарапайым адам тағдырын, сол арқылы халықтың тағдырын шынайы махаббатпен, терең тебіреніспен толғады.
Мәселен, негізгі кейіпкер Қоспанның табиғаты, тірлігі, тағдыры сол кездегі сан мың адамның өмір жолы мен тіршілігіне ұқсас. Оның қойшылық өміріндегі қыруар қиындықтар, басшылардың шаруаға қырсыздығы мен менмендігі, жалпы мемлекет ішіндегі сан алуан күрделі әлеуметтік-тарихи, моральдық мәселелер шешімін таппай, сол мәселелердің ортасында жүрген қарапайым адамдарды ең алдымен азапқа салатын.
Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін сол мәселелердің көпшілігі ашық айтылмайтын, көркем әдебиетте образдар арқылы жеткізуге жол берілмейтін. Тахауи Ахтанов болса, күні кеше ғана халқымыздың тең жартысына жуығын жоқ еткен ашаршылықты да осы шығармада бейнелеп өткен. Қасболаттың ауыл-ауылды аралап, жетім-жесірлердің балаларын, тұрмысы ауыр үйлердегі балғын ұл-қыздарды жинап, оқуға әкеле жатқан сәті тарихтың, өмірдің драмасына толы. Асыра сілтеудің салдарынан малынан айырылған, отырықшы өмірге әлі көніп, көшіп үлгермеген қазақ елі аштан қырылып жатты. Өліктер көмілмеді. Ит-құсқа жем болды. Адамзат тарихында ешбір халық қараптанқарап тұрып еш соғыссыз бейбіт өмірде мұндай қырылған емес. Сталиннен бастап, күллі кеңестік идеология осынау сұмдық трагедияны айтқызбайтын. Айтқандарды не соттап абақтыға тығатын немесе жоятын. Міне, осындай аса қиын-қыстау жағдайда кешегі оқ пен оттың өтінен келген майдангер, сол тұста жігіт ағасы болып қалған Тахауи Ахтановтың тәуекелге бел буып, ақиқатты айтып салуы — ол кезде әрі азаматтық, әрі шығармашылық ерлік болатын.
Қасболат алып келе жатқан балалардың бірінің аты -Торғай. «Жасы биыл онда», «Барар жері белгісіз, әйтеуір, алда теміржол бар» дегенге солай қарай босып бара жатқан аштар әкеп тастапты оны. Сол аштардың өзі жолшыбай бір үзім нан іздеп келе жатқанда, аштан өлгелі жатқан әйелді көріп, бұрылған. Әйел бүларға баласын аманаттап, жан тәсілім етеді. Өліп жатқан ананың қасында жатқан кішкене түйіншектен қатып қалған кішкентай нан табылады. Өзі аштан өлсе де, балам өлмесін деп күлшені сақтаған ананың ажалы да, сайып келгенде, ерлікке барабар. Байтақ қазақ даласында баласы үшін басын ажалға байлаған, аштан өлген аналар қаншама?! Кейбірі өз етінен ет кесіп пісіріп, баласын аман сақтап қалған. Ал ақылынан алжасып, өзге адамды жеуге шабуыл жасағандар да ұшырасқан. Міне, осы сұмдық шындықтың бір пұшпағы Ахтанов романында айқын көрінген.
Сол секілді азамат, жасы үлкен аға, абзал басшы Әлиасқаровтың Қасболатқа айтқан сөзі де зерек оқырманға ой салатындай: «Менің алдымда екі жол тұрды… Бірі — ұлт азаттығы, ұлт бостандығы. Отар елдің ұлы болсаң, одан аттап кету қиын. Ол ұран мені де қызықтырды», — дейді ол. Рас, осы Әлиасқаровтың: «Ұлтшылдардың» «ұлт азаттығы» деген қызыл сөзінің ар жағында ауыз тұшытар үлкен бағдарламасы жоқ болатын» деген сөзі ойлантарлық.
Бүгінгі күн тұрғысынан бұл сөздерді түрліше түсінуге болады. Бірі — кеңестік идеологияны жүрек қалауымен құптап, соның жолына түскендердің көзқарасы, екіншісі — сол идеологияның қысымы дәуірлеп тұрған кезде, ашық айтпаса да, осындай тәсіл арңылы көңілі ояу оқырманға ой салу.
Тахауи Ахтановтың ашық, тайынбай айтқан, аңғартқан ақиқаттарының бірі — өмірдің соншалықты күрделілігі, «миллиондаған адам бақытқа бастайды» деген қоғамның іштей іріп-шіруі, қарапайым адамға деген қатыгездіктің, қаталдықтың, мемлекеттің түбіне жететін көзбояушылықтың, шаруашылыңтың дұрыс жолға қойылмауының, асқынған экономикалық-әлеуметтік қайшылықтардың жан шыдатпайтындай деңгейге жетуі. Соның бір көрінісі — Қоспанның отарындағы қойдың боранда қырылуы. Үй айналасындағы шөп таусылып, отарын тойындыру үшін өріс іздеп шыққан Қоспан осылайша боранға ұрынды. Ол кездің заңы бойынша — қой өлсе, шопан жауап береді. Кеше қырғын соғыста басын өлімге байлап, кейін шегінген әскерге қалқан болған, күші сан есе басым жаумен әділетсіз шайқаста қолға түсіп, тұтқын болған, концлагерь азабын бастан кешкен, кейін елге келгенде, «тұтқын болыпты» деген айдардан өмір бойы құтыла алмай, қарғыс таңбасы басылғандай өкіметтен қағажу көрген Қоспан өзімен-өзі, екі қолға бір күрек табылар деп, қойлы ауылдағы оңаша тірлікке көшкен еді. Ақыры мынадай болды. Оны осындай халге душар еткен кім?
Роман, міне, осы сұраққа жауап іздейді. Айыпты -басқа ешкім де емес, сол тұстағы қоғамның өзі. Қасболат та, Әлиасқаров та, Иван Митрофанович те, түптеп келгенде, сол алып қоғамның күндердің күнінде қажалып, не жаншылып қалатын титімдей тетік-бөлшектері ғана. Мемлекет, қоғам деп аталатын алып, дүлей де мейірімсіз мәшине бұлар сияқты миллиондаған тетік-адамдарды, бөлшек-адамдарды шімірікпей шетінен тапап жаншып, жермен-жексен етіп келе жатыр. Кешегі азамат соғысында да, ашаршылық жылдарында да, Екінші дүниежүзілік соғыста да, одан кейінгі бейбіт тірлікте де сол дағдысынан, сол ұмтылысынан бір тайқыған емес. Өңмеңдеп келе жатып өз түбіне жететінін бертінге дейін білген жоқ.
Жазушының сюжет құрудағы, өрбітудегі шеберлігі, өмірлік шындықты қамту ауқымы, образ-характерлер арқылы айтайын деген ой-толғаныстарын жүйелеп, концепциялар деңгейіне көтеруі, алуан көркемдік тәсілдерді табиғи еркін, орнымен пайдалануы автордың ізденгіштігін ғана емес, шын мәніндегі аса қайратты дарын екенін дәлелдеді. Кейіпкердің өмір жолымен таныстыру үшін аталған екі кейіпкерден басқа — Жаңыл, Сәбира, Шәрипа, Мінайдар, Жаппасбай, Қаламұш т.б. образдарды таныту барысында шегіністерді, портреттерді, портреттік мінездемелерді, табиғаттың алуан көріністерін зергерлікпен суреттеуі Тахауи Ахтановтың жазушылық шеберлігін көрсетті.
Әсіресе Қоспан мен Қасболаттың ішкі әлемін — жан дүниесін суреттегенде, олардың адамшылық құлқы мен табиғатын, жалпы болмысын бұлжытпай танытатын психологиялық талдаулар молынан үшырасады. Шегіністер арқылы көбіне кейіпкерлердің ой, сезім әлемін еркін шарлап, табиғи да терең талдаулар жасайды.
Сондықтан да дәуір шындығын, оған қатысты басқа да әрқилы тарихи кезеңдер ақиқатын сабақтастыра қараған роман қазақ әдебиетінің биік белесі болды. Сондықтан да Тахауи Ахтанов шығармалары қазақ әдебиетінің жарқын, қуанышты биіктеріне айналды.