Жаңа жыл туралы өлеңдер

Oinet.kz 16-08-2020 1089

Жаңа жылым

Жаңа жылым, жаңа күнім, ардақты,

Жаңа жылым, салиқалы, салмақты!

Қазағымның айқара ашып есігін,

Жақсылықпен жаңалығын жалғапты!

Жаңа жылым, жаңа айым, ақ берен,

Жаңа жылым, келді бірге бақпенен!

Төрт түлігім түгел болып жерімде,

Арылмасын дастарқаннан ақ деген!

Жаңа жылым, жарқын жүзді жандарым,

Жаңа жылым, әрбір атқан таңдарым!

Үміт артқан болашаққа ақ жарқын,

Сөнбесінші әр үйдегі шамдарың.

Жаңа жылым, тіршілігім, тынысым,

Жаңа жылым, күнделікті жұмысым!

Бесігінде ұйықтап жатқан маужырап,

Сәбиімнің бұза көрме тынышын!

Жаңа жылым, бейбіт күнім, жаратқан,

Жаңа жылым, достық үнін таратқан!

Елің үшін, жерің үшін кең байтақ,

Жаңа жылда, жаңа күнмен қанаттан!

Жаңа жылым, ырысы мол, дана бір,

Жаңа жылым, жазылмаған жаңа жыр!

Өз еліме ала келсін қашанда,

Жаңа жылым, жаңа бақыт, жаңа нұр!

Сайлаубек Тойлыбаев

1450760141_l.jpg

Жаңа жыл рызықты

Жаңа жыл келеді, Шатыққа бөлейді,

Жанымды.

Сезімді өрлетіп, Вальске тербетіп

Өзімді.

Құрбыммен қиялдай, Жастықты қия алмай,

Билеймін.

Жаныммен жадырап, Құшаққа алып-ап,

Көктемгі гүлдейін.

Жыл кеші – қызықты, Жаңа жыл – рызықты,

Зор бақыт.

Жарқырап, жылтылдап, Шыршаны алтыдап,

Жыр таптық.

Құшақта – бір өзің, жанымда – нұр сезім,

Гүлдеймін.

Адамға ғашықтық, аспандай ашықтық,

Аспанға – күндеймін.

Ертегі күндерде, келсе екен тым лезде,

Білемін.

Келе бер, жаңа жыл, жаңа ырыс, жаңа нұр,

Жүремін.

Қатардан қалыспай, ескі жыл алыстай,

Сезініп.

Би билеп, дамылдап, жылменен адымдап,

Нұр бақыт сезініп.


Жаңа жыл түні

Ақ жұлдыздар тойлап,

Ақ аспанда ойнап

Асығады жерге,

Жаралғандай ардан,

Ақ көбелек арман.

Қырдан қырға зулап,

Сәбилер жүр шулап,

Жарысып пәк желмен.

Пейілге нұр  сеуіп,

Шаңғыларын теуіп.

Шатыққа ән қосып,

Алақанын тосып,

Шыршалар тұр әне,

Мейірім сыйлап миға,

Көктен қонған сыйға.

Сыймайтұғын сөзге,

Көрінбейтін көзге.

Тек Аллаға аян,

Ақ әлемде жарық

Бақыт бары анық.

... Жаңа жылдың күні,

Жаңа үміттің тіні.

Сол бір бақыт кірсін,

Бүгін әрбір үйге –

Жырылмаған күйде.

Маралтай Райымбекұлы


Жаңа жыл

Он екіні сағат тілі соққанда,

Көппен жаққан, көкте ойнатқан от қандай!

Аспанымның қою түсі қалмайды,

Алаңында толы кісі шарлайды.

Нұр шашады төңірекке жаңа жыл,

Әр шумағы тебіренткен жаңа жыр.

Сақал байлап қызыл киген адам жүр,

Сақау тілмен сыйлық сыйлап балаң жыр.

Міне, қызық ғаламатқа қараңдар,

Қос жаңа жыл қарсы аламыз жараңдар.

Мейлі, мақұл, шаттық көптік етпейді,

Әз-Наурызда Амалға құт жетпейді.

Кенжебек Сержан


Жаңа жылға ақ тілек

Ассалаумағалейкүм, Жаңа жылым!

Тілегімде толқып тұр жаңа сырым.

Тәуелсіздік жетінші жылы саған,

«Жерден жеті табардай» етем ырым.

Жаңа жылдың келеді басы қаңтар,

Қаңтар, саған тілек көп ашық айтар.

Қансонарда қанжығам қалың болсын,

Сырма боран әніне басып қайтар.

Ашық сырым – тілге дерек,

Жылдың құтты болғаны бізге керек.

Ел бірлігін,

Тарихқа тағзыммен,

Жалау етсем,

Жаңа жыл, жібер жебеп.

Қазақстан деген зор есімім бар,

Ел іргесін нығайтар шешімім бар.

Алты жылдың көтердім ауырлығын,

Жетіншіде жетелі несібем бар.

Қадамымды қабылдап қарыштаған,

Жеті толқын шаттық боп табыс маған.

Биыл бізді ерекше қолдау керек,

Ақмолаға қарап тұр ғарыш-ғалам.

Жеті ғажап әлемде аманаты,

Қасиетті дем беріп шапағаты;

Болсын деймін Ақмолам әлемдегі,

Сұлулықтың сегізінші ғаламаты.

Айтсам берік жадыңа түйетінді,

Сүй дұрыстап, құмарта сүйетінді.

Жеті жасқа жетуге талпынғанда,

Қолдап жібер азатшыл ниетімді.

Қолыма қон,

Ақ құс боп ұшқан үміт,

Дос ренжіп жүрмесін, дұшпан күліп.

Маңдай терін мен-дағы аямаймын,

Сен де жайна өшпестей із қалдырып.

Бірлікпенен тарихқа тағзымым,

Көкейтесті бүгінгі абыз үнім.

Кел, жаңа жыл, сабаңды сауылдатып,

Молшылықтың бастауын ағыз бүгін.

Ауыр ойлы қарап тұр ауыл маған,

Абыройлы етсе екен ауыр заман.

Шекем шылқып жүрген жоқ,

Беу, ағайын!

Қалада да адам аз «мамырлаған».

Жаңа жылым! Өзгерсін мына түрім,

Береке боп төріме кір ақырын.

Мың сүрініп, мың тұрсам алты жылда,

Ардақтайын жетінші жыл татымын.

Маңдайымнан төгейін тасытып тер,

Бізге туар әр таңды ашық қып бер.

Кел, Жаңа жыл, есерлі ырысыңмен,

Ашылардай болашақ өткелдері.

Желкеніңді аш, жетінші Жаңа жылым,

Игерейік дербестік жаңа шыңын!

Тәуелсіздік ақжолтай жылы болып,

Байтақ елге төгілсін жаңа нұрың!

Кәкімбек Салықов


Жаңа жыл

Жаңа жыл келді, жаңарып күндер, апталар,

Құттықтауменен жетіп те жатты хат-хабар.

Сарғайған сана, көмескі кеуде қайткенде,

Алғашқы жауған ақ қардай болып ақталар.

Келетін жылғы гүлденген күндер қайтадан,

Жұпарсыз гүлдеп, санамды қайта шайқаған.

Ақ боран соғып арымды шайса алтынға;

Жаңарған сені жаңа жылым деп айта алам.

Қош енді, қош бол, жаңа боп қайта ескірген,

Жылжыған жылдар, барлығын-дағы кештім мен.

Пенделік сенен періштелер қашып кеткендей,

Жаңалық таппай жалғаншы деген бес күннен.

Жаңа жыл келсе жаңарсын барлық жүректер,

Жаңарсын барлық жаңаша болып тілектер.

Қырықтың бірі Қыдырдан берсең қаңтарда,

Ұл менен қызға уыздай аппақ жүрек бер.

Қазақ боп ертең әлемді барша таң қылып,

Тігеміз туын тектіліктің біз мәңгілік.

Салют боп жауып ақ періштелерім сонда түндерденғ

Мен күткен ертең жаңа жыл келед жаңғырып.

Сәрсен Қадыр

Отбасы күніне арналған сценарий
Алғыс айту күні сценарий
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу