Тіл туралы өлеңдер

Oinet.kz 16-08-2020 820

22 қыркүйек — Тіл мерекесі. Тіл мерекесіне орай сайт редакциясы оқырмандарға таңдаулы өлең-жырларды ұсынады. Бұл өлеңдерді мерекелік іс-шараларда оқып, көрерменнің шын қошеметіне бөлене аласыз.

Мұқағали Мақатаев «Үш бақытым»

Ең бірінші бақытым — Халқым менің,

Соған берем ойымның алтын кенін.

Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын

Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.

Ал екінші бақытым — Тілім менің,

Тас жүректі тіліммен тілімдедім.

Кей — кейде дүниеден түңілсем де,

Қасиетті тілімнен түңілмедім.

Бақытым бар үшінші — Отан деген,

Құдай деген кім десе, Отан дер ем!

… Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?

Ойланбай — ақ кел — дағы от ал менен.

Түтін түтет,

Өс, өрбі, көгере бер,

Немерелер көбейсін, шөберелер.

Жадыңда ұста,

Жақсылық күтпегейсің!

От емес, оқ сұрасаң менен егер!

Үш бірдей бақытым бар алақанда,

(Мені мұндай бақытты жаратар ма!)

Үш күн нұрын төгеді аспанымнан,

Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!!!

2. «Туған тілім» — Д. Әбілев

Туған тілім-бабам тілі-өз тілім,

Туған тілім-анам тілі-өз тілім.

Туған тілім-далам тілі-өз тілім,

Туған тілім-адам тілі-өз тілім.

Туған тілде сыры терең жаным бар,

Туған тілде әнім менен сәнім бар.

Туған тілім тіл болудан қалса егер

Жүрегімді суырып-ақ алыңдар.

3. «Ана тілім» — Несіпбек Айтұлы

Ана тілім,

Жүрегісің анамның.

Жүрек-ана,

Мен өзіңнен жаралдым.

Сағат сайын саулығыңды тілеймін,

Сенсіз мынау керегі не ғаламның!

Сенің әрбір тынысыңмен күн кешем,

Сен арқылы тіршілікпен тілдесем.

Ел бетіне қалай түзу қараймын,

Ана тілім,

Егер сені білмесем.

Сенің арқаң дүниеден сыр ұқсам,

Сенің арқаң жүзіп ішсем тұнықтан.

Туған анамды ұмытқаным емес пе,

Туған тілім,

Егер сені ұмытсам.

Сенің арқаң өзімді өзім түсінсем,

Ақыл-ойым, айбатым-сен, күшім-сен!

Қойсын маған күннің нұры түспей-ақ,

Ана тілім,

Арыңа дақ түсірсем.

Ағытатын тасқын ойдың тиегін,

Өзің ғана сыйынатын киелім!

Ризамын отқа жанып сен үшін,

Күлге айналып кетсін мейлі сүйегім.

Ана тілім, дана тілім, бақ тілім,

Сенсіз бақыт дүниеден тапты кім?

Сенсің менің қуанышым, шаттығым,

Сенсің менің тазалығым, пәктігім.

Ана тілім,

Алтын ұям, құндағым,

Ақ бесікте әлдиіңді тыңдадым.

Сенің жырың, сенің әнің айтарым,

Санам сөніп, байланғанша тіл-жағым!

4. «Қазақ тілі» — М.Жұмабаев

Күш кеміді, айбынды ту құлады,

Кеше батыр — бүгін қорқак, бұғады.

Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде,

Қан суынған, жүрек солғын соғады.

Қыран құстың кос қанаты кьірқылды,

Күндей күшті күркіреген ел тынды.

Асқар Алтай — алтын ана есте жоқ,

Батыр, хандар — асқан жандар ұмытылды!

Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың —

Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың…

Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,

Нүрлы жұлдыз — бабам тілі, сен қалдың!

Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тілім,

Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім,

Таралған түрік балаларын бауырыңа

Ақ қолыңмен тарта аларсын сен, тілім!

5. «Тіл»  С.Иманасов

Мін тағып ес білгелі «достың» көбі,

Барымды басқаша етіп кескіндеді.

Бермесем өзім жайлы өзім айтып,

Білсем деп жүрген де жоқ ешкім мені.

Жатпай ма ел: «түсі игіден түңілме», — деп

Бір жанмын білім де көп, мінім де көп,

Кетер ем баяғыда бақытты боп,

Келеді жібермей-ақ тілім бөгеп.

Туғалы тура сөзден іркілмеген

Дерт болып жабысқалы бұл тіл деген.

Жамандап мені біреу оңған емес,

Ешкімнен болған емес күлкім де кем.

Болған да жеріміз жоқ елден ығыр,

Өтуде ертелі-кеш төрде ғұмыр,

Қызыл тіл ақиқаттың ақ жолынан

Ауытқып,ала қашып көрмеді бір.

Бәрі де еркінде ғой бір алланың,

Мен оны басқа жаққа бұра алмадым.

Сұм десе, сұмырай десе иек қышып,

Тұрады көре сала ұрандағым.

Түгі жоқ демеңіздер қызығарлық,

Жарасып жақсы жердің қызын алдық.

Ермедім ырқына да майда тілдің,

Көрмедім «ой, кәпірдің» ізін аңдып.

Сөзіме құлақ түріп жүрген бала,

Сен неге жалт қарадың күлмең қаға.

Ол рас, сорымды да, бағымды да

Тапсам мен — тауып жүрмін тілден ғана!

Тіл мерекесіне арналған сценарий
Ана тілі туралы тақпақтар мен өлеңдер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу