Қасиетті Рамазан айына арналған тілектер

Oinet.kz 24-09-2019 2230

Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфтиі
 Құрметті мұсылман бауырлар, қымбатты отандастар! Баршаңызды мүбарак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл – сүйікті Отанымыз үшін ерекше жыл. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Дәл осы айтулы кезеңде егемен еліміз Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының тізгінін қолға алып, қазақтың байтақ даласының шежіре-тарихы Исламмен біте қайнасып жатқандығын дүйім жұртқа паш етуде.  Осынау мәртебелі қызметте елімізге Алла Тағаладан зор абырой нәсіп етуін тілейік. Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Бұл айдың бас­ты ерекшелігі, Алла Тағала Исламның бес парызының бірі болған оразаны осы айда ұстауды парыз етті. Екіншіден, адамзат баласын тура жолға бағыттайтын, ақиқат пен жалғанды, сауап пен күнә арасындағы парықты айқындап беретін қасиетті Құран осы айда түсірілді. Сондықтан бұл айда оқылған Құран аяттарының сауабы, атқарған ізгі іс-амалдардың сауабы өзге айларға қарағанда еселеп артады. Құдси хадисте Алла Тағала былай дейді: «Ораза тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін. Өйткені пенде Мен үшін шақуат қалауы мен ішіп-жеуден бас тартты». Үшіншіден, мың айдан да қайырлы Қадір түнінің осы айда орын алуы да – Жаратушының пендесіне тартуы. Рамазан айында ораза ұстау – мұсылман адамның мойнындағы бес парыздың бірі. Қасиетті Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят), – деп бұйырылған. Әрине, бұрынғы өткен пайғамбарлардың үмбеттері де өз кезегінде ораза ұстап өткен. Хадис-шарифте: «Ислам бес тірекке негізделген: Алладан басқа ешбір Құдай жоқтығына және Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік беру, намаз оқу, зекет беру, қажылық және Рамазанда ораза тұту» деп ораза ұстау Исламның шартынан екендігін білдірсе, мына хадисте: «Кімде-кім шын көңілмен иланып, кәміл иманмен, сауабын Алла Тағаладан күтіп, Рамазан оразасын ұстайтын болса, оның өткен күнәлары кешіріледі» дей келе, оразаның ұлық ғибадат екендігін сүйіншілейді.

ораза айт.jpegДемек, пенделікпен істеген кемшілік-қателіктерге өкініп, тәубеге келіп, сауабын Алла Тағаладан үміт ете ораза ұстаған жағдайда барша жамандықтарға кешірім болары шүбәсіз. Күнәсіз адам болмайтындығын ескерсек, ораза айы сол өткен күнәлардың кешірілуіне себеп болмақ, бауырлар! Ораза ұстаған кісіге берілетін сауапты тілмен айтып жеткізу де, сипаттау да мүмкін емес. Рамазан айы тек оразаның сауабына кенелетін емес, күнәлардың да кешірілетін кешірім айы. Жаратқан Алла ораза ұстағандарды көз көрмеген, құлақ естімеген және адамзат қиялы жетпейтін жақсылығымен марапаттайды. Адам пенделікпен өзге құлшы­лықты көрер көзге атақ, абырой үшін жасауы мүмкін. Алайда оразаны көрер көзге, риялықпен тұта алмайды. Оразаны Аллаға шын сенген мұсылман ғана ұстайды. Алайда ораза тек таңның атысынан күннің батысына дейін нәр татпау ғана емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Ол денсаулықты сауықтыру арқылы тәнді рухани тазартады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ораза ұстаңдар, денсаулықтарың жақсы болады», – деп тектен-тек айтпаған. Ораза – мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы бекітулі жан әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: «Мен оразамын» деген бірауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабырға келеді. Ал сабырлылықтың сыйы – жаннат. Рама­зан айында құлшылығын арттырған мұсылманның әрбір жасаған іс-әрекеттеріне еселеп сауап жазылып, ризық-несібесі артады. Кімде-кім ораза ұстағанға ауыз аштырса, оның күнәлары кешіріліп, ораза ұстағанның сауабындай сауап алады, одан ораза ұстаушының сауабы кемімейді. Бірде сахабалар ардақты Елшіге (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Біздің әрбіріміздің ораза ұстағанды тамақтандыруға шамамыз жете бермейді» – дегенде Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауабын береді …» – деген. Сондықтан кедей-ғаріптерді бір күн болса да тойындырып, қараусыз қалған мүсәпірлердің жанынан табылсақ, Алла Тағаланың шексіз рақымына бөленеріміз хақ. Осы тұста еліміздегі барша кәсіпкер азаматтарды осындай ұлық Рамазан айында берілетін мол сауап үшін өзгеге қол ұшын созып, қайырымдылық жасауға, игі іс-шара­ларды мейлінше көбірек атқаруға шақырамын. Жұртымыз қасиетті айда Алла Тағаланың ашуы мен қаһарын тудыруға себепші арақ-шараптан, шариғатымыз тыйым салған басқа да харам іс-әрекеттерден аулақ болса деген тілегім бар. Мейрамханалар мен жиын-тойларда ішкіліктің ешбір түрі ішілмесе, дүкендерде сатылмаса. Сөз соңында айтарым, оразаның жылдан-жылға он күнге кейін шегерілуіне байланысты биыл тамыздың алғашқы күндерінен басталып, ыстық аптапқа тұспа-тұс келмек. Бұл өз кезегінде мұсылман жамағатының төзімділігі мен сабырлылығына сынақ іспетті. Шілденің аптап ыстығында ауыз бекітсек, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сүйіншілегендей, жаннаттағы «Райян» қақпасының есігін ашуымызға септігін тигізер, иншаллаһ! Құрметті әлеумет! Баршаңызға тауфиқты ғұмыр тілеймін. Ниеттеріңіз қабыл, мұраттарыңыз асыл болсын! Жүздеріңізге нұр, жүректеріңізге иман шуағы ұялай бергей! Жұртымыз тыныш, Отанымыз аман, тәуелсіз еліміздің мәртебесі асқақтап, ынтымағымыз жарасып, Алла Тағаланың құт-берекесі дари бергей!
 ***

Алла тағала рамазан айында ұстаған оразаларымыз бен құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл етіп, екі дүниенің бақытына бөлегей! Халқымыздың ынтымақ-бірлігін арттырып, ырыс-несібесін адалынан молайтқай! Дінімізге қуат, өзімізге иман байлығын бергей! Әумин!

***
         Барлықтарыңызды қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтап, ниеттеріңіз қабыл болсын демекпіз. Жүздеріңіздегі нұр, жүректеріңіздегі иман арта берсін. Отанымыз аман, жұртымыз тыныш, барша Қазақстан азаматтарының ынтымақ-бірлігі берік болғай!

***
         Барлық мақтау мен мадақ Әлемдерді Раббысы Алла Тағалаға болсын! Жыл бойы күткен қасиетті Рамазан айына жеткеніміз үшін Жаратқан Иемізге сансыз шүкірлік етеміз.

***
         Баршамызды мүбарак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы жаратушының пенделеріне тартқан теңдессіз сыйы – қасиетті Рамазан – сансыз сезімдер мен толып тасыған ізгі ойлардың салтанат құрған, күн мен түн де тұтастай Жасаған Иеміздің рахымы мен мейіріміне тұнған ай. Басқа уақытпен салыстырғанда жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар айы да – Рамазан.

***
         Құрметті мұсылман қауым! Ұстаған Оразаларыңыз қабыл болсын! Алла Тағала баршамызды шынайы ықыласпен Ораза ұстаушылар санатына қосып, жәннаттың Раййан есігінен кіруімізді нәсіп еткей!
         Қасиетті Рамазан құтты болсын!

***
Құрметті мұсылман қауым! Мүбәрак ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтап, Алла тағаладан баршаңызға қуаныш, отбасыла­рыңызға береке-бірлік, сүйікті Отанымызға гүлдену мен өркендеу, дінімізге қуат, барша мұсылмандарға тыныштық пен шаттық тілеймін. Әумин!

День конституции - поздравления
Құрбан айтқа арналған құттықтаулар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу