Қыз ұзату тойына арналған тілектер

Oinet.kz 23-10-2019 4982

Ғұмырыңыздың жарқын шақтары мен бақытты сәттері мол
болғай. Өмір Сізді тек жақсылықтар мен қуаныштарға жетелесін. Ибалы келін атанып, сол ауылдың алтын босағасында аман-есен жүре беріңіз.

қыз ұзату.jpgБолашақтың ақ таңдарын бақытпен қарсы алып, барлық ізгі    армандарың орындала берсін. Өмір жолында серіктерің сәттілік, жолдастарың жақсылық болсын.

***
«Бақыт деген досыңның – қабағында, жарыңның –жанарыңда» дейді. Осындай өмірлік дос болып өтіңіздер.

***
Жүздеріңізден шаттық пен күлкі үйіріліп, көл бетіне өрнек салған аққудай  бақыт бесігінде қуанышты серік етіп, тербеле беріңіздер!

***

Тілеуің тілеп тұрды аппақ,
Қимайды іштей ата – ана.
Қыз едің өскен бұлғақтап.
Аттайсың бөгде босаға.
 
Әлпештеп басқан бауырға,
Кем көрмей ұлдан шалқытып.
Ата – ана қалып ауылда,
Асықтың тұр деп жар күтіп.
 
Анаңның жолын жалғадың,
Жат жұртқа кетіп барасың.
Сүюдің татып бал дәмін,
Жарыңмен тапқын жарасым.
 
Бақыт бол барған жеріңе,
Жүзіне кірбің жуымай.
Береке қонсын төріңе,
Демесін жаман қылығы-ай.
 
Қылығың түзде – ержеттің,
Ие бол ақыл – тізгінге.
Гүлі бол  барған әулеттің,
Тастай бат, судай сіңген де.
 
Тіршілік деген майдан бұл,
Өмірдің әлі сыны алда.
Жарыңмен бірге жайнағын
Ұқсағын асқақ шынарға!

***

Әпке тілегі 

Жетсінші дер ем бауырды мен де баққа мың, 

Тағдырың саған атқызсын әр кез ақ таңын. 

Еркелей күлген елігі едің бір үйдің, 

Сіңілім,сен де босаға бүгін аттадың. 


Жаныңда енді өмірлік жолдас-қосағың, 

Үмітпен күттің осынау күннің тосарын. 

Босаға аттау-артады қызға көп міндет, 

Сіңілім,соған жауапты қадам жасадың. 


Бақыттың шоғын сезімдер енді үрлемек, 

Береке,ырыс есікті қақсын күнде кеп. 

Бауырлар үшін інінің жөні бір басқа, 

Алысқа ұзар сіңілдің жөні бір бөлек. 


Дер едім мен де отауың болсын еңселі, 

Жұбайлық жолдың сыйластық қана өлшемі. 

Қыз бала сол ғой-алыстан іздер бақытын, 

Туған үйінің құп-құйттай ғана бөлшегі. 


Ұмтылдың баққа,сол жолда тілек-бата алдың, 

Киесі бар ғой шаңырақ деген отаудың. 

Құсымыз едің еркелеп жүрген,бір күнде, 

Ұштың да кеттің,мінеки келін атандың. 


Шыққызсын тауға қадамың осы жасаған, 

Бауырың бүтін,болсыншы әр кез дос аман. 

Шаңырағыңның уығы берік шаншылып,

 Керегең кең боп,бақытқа толсын босағаң! 


Естілсін содан тек қана сыңғыр тәтті үн, 

Болашағыңа жайқалтсын тағдыр бақ гүлін. 

Жұбайлық жолда ұсынып өмір күлкісін, 

Жарыңмен бірге сезінші соның шаттығын! 


Жақсылықтарын сыйлатып өмір тәңірдің, 

Мінеки,сен де жар болдың,сыйлы ат тағындың. 

Сол жолда осы-апайың тілер ақ тілек, 

Сол жолда осы-тілегі барлық бауырдың. 


Атану келін-сіңіру бойға ар-қылық, 

Ақ отау жақтан атсыншы әр кез таң күліп. 

Жұбайлық өмір бақыттың әні екен ғой, 

Ендеше сол ән үзілмей тұрсын мәңгілік! 

авторы: Ғабиден ҚОЖАХМЕТ

Әкелердің әңгімесі. Құда түсу
Ананың ақ тілегі. Қыз ұзату
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу