Жаңа жыл мерекесі жайлы. Шығарма
Қыс мезгіліндегі ең қызықты мереке - Жаңа жыл! Себебі, мектепте жыл сайын желтоқсан айынан бастап Жаңа жылдық кешке дайындықты бастаймыз. Ал оған киетін арнайы костьюмдерімізді бір ай бұрын сатып алып, күн сайын қайта-қайта киіп көреміз. Және міндетті түрде Аяз ата мен Ақша қардан сыйлықтар күтеміз.
Біз отбасымызбен Жаңа жылды қызықты етіп қарсы аламыз. Мереке жақындады дегеннен үйдегі шырша салынған қорапты ашып, оны құрап сәндейміз. Шыршаның астына әпкелеріммен жарыса жаңа жылдан қандай сыйлық күтетінімізді жазып қалдырамыз. Және 31-ші желтоқсан күні әкеміз Аяз атаның кейіпіне еніп, бізге сол сыйлықтарды әкеп беретін. Ал анашым болса, жылдағы дәстүр бойынша алдын-ала түрлі тағамдар, тәттілер пісіріп дайындалады. Алыстағы ағайындар мен көршілер күндіз үйге келіп, үлкен әжемізді құттықтап кетеді. Бізді де құр қалдырмай сыйлықтарын арқалап келеді.
Кешкұрым орталық алаңға барып мерекелік концертті тамашалаймыз. Содан соң үйге келіп анамыз дайындаған дастарханда барлығымыз бас қосып, кешкі ас ішеміз. Сағат тілі 00:00-ге жақындағанда теледидардан Президенттің құттықтауын естіп, барлығымыз балаларға арналған шампан ішеміз. Сосын далаға шығып, көршілерімізбен жарыса отшашу атамыз.
Мен үшін Жаңа жыл мерекесі ең қызықты әрі ең көңілді мереке.