Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Дала қара суық. Астананың өңменіңнен өтетін суығына етім үйренген. Астанада 20 градус суық оңтүстіктің 10 градус суығымен парапар. Оңтүстікте ылғал көп па ауа ауыр ма болмашы күннің суытқанына әйтеуір тез тоңасың, оның үстіне кеше жауған қар тез еріп жер лезде көл болып шыға келеді.
Әсіресе ыбылыңқы-сыбылыңқы кез қиын . Таңертең киіп шыққан аяқ киіміңді кешке кептіріп қоймасаң ертесіне кие алмайсың, нәм тартып тұрғаны.
Астанаға бекерден-бекер келе бермейсің, баяғыдай екі ортаны жол етіп шапқылайтын кез қайда, ол кезде қызым Ақеркеге келетін едім. Күйеуім екеуміз сөмкеге сыйғанынша іспелеп үйдің дәмін арқалап келетін кезіміз де арман болып қалды артта. Ақеркенің үйі төртінші қабатта ауыр сөмкелерді көтеріп шыққанға папасы еш ренжімейді, қайта тағы да әкелу керек еді деп азырқанатын. Шымкенттен пісіріп әкелген қазыларымызды бір өзі жалғыз жемей құрбыларын шақырып дастархан жаятын. Дастарханды алтыным-ай.Қонақ келсе қуанып зыр жүгіріп менімен бірге әлек болатын. Шаршағанын еш білдіртпейтін.Мама шаршадым дегенін ешқашан естімеппін. Тез-тез шапшаң қимылдап қонақ кеткен соң кейінге қалдырмай жуып бәрін жинап барып жататын.Ертең жинайықшы демеуші еді. Сөйтсем асыққан екен, бұл дүниедегі уақытысы таусылып барады екен....
Енді міне Астанаға келген сайын мешіт жағалап Ақеркеме құран бағыштау әдетіме айналғанына жеті жыл өтіп барады. Сол әдетпен осы жолы да Нұр Астана мешітінің Сығанақ көшесі жағынан таксиден түсіп баспалдақтан көтеріліп жатып қайыр жинап отырған екі әйелге көзім түсті. Біреуі егде тартқан, екіншісі жанында шамасы екі жастағы баласы бар жасы қырыққа жете қоймаған келіншек. Бірден кішкене бүлдіршінге көзім түсіп қайыр садақамды беру үшін жақындадым. Үстіне кигені қып-қызыл комбинизон қыз баласы болса керек. Қызымның екі жасында киген қызыл сырылған комбинизоны мен курткасы көз алдыма елестеді. Садақамды қолына берейін десем қыздың қолы жуыспайды, азаннан бір жерде тұру оңай ма мұп-мұздай болып қара суықтан саусақтары әбден қып-қызыл болып қатып қалыпты. Кішкене қыздың қолын ысқылап біраз тұрдым да ары қарай құран оқыту үшін мешіттің ішіне кірдім. Құран бағыштап сыртқа шықсам әлгі келіншек қызымен егде әйел орнынан қозғала қоймапты, тек екеуін айналып жүгіріп жүрген қызыл комбинизондағы кішкентай ғана.
Әжемнің сөзі есіме түсті "Тоқшылық не дегізбейді, жоқшылық не жегізбейді" деген. Әркімнің өмірі әрқилы мыналар жан бағу үшін отыр ішімнен тоба қылдым.Қолымда кішкене ғана қол сөмкем және киімдерімді салған жол сөмкем бар. Жол сөмкемнің ішіне немерелеріме деген тәтті пирожныйым бар. Әлгілердің жанына тағы тоқтап,тәттімді беріп кетпекшімін, біздікілер тәттіні күнде күнәра жеп жатыр, мына кішкентайдың аузына кім салсын бұндай пирожныйды деп сөмкемнен шығарып қолына ұстаттым. Кішкене қыздың қуанғанын айтып жеткізе алмаймын. Мені қуанғанынан құшақтап алды.Мен өзімнің әрекетіме риза болып тұрмын, бір үлкен тірлік бітіргендей. Өзіміз де бала шағымызда тойдан әжемнің желбегейінің іш қалтасына салып әкелетін кәмпитін жеп өскенбіз ғой,ал бұның жөні басқа, бүгін кішкене бала үшін үлкен той. Кішкене бала ақшаң бар ма жоқ па бәрібір тәтті жегісі келеді де тұрады. Бала сонысымен бала.
Такси тоқтайтын жерге жеттім. Мешіттің айналасы тола көлік. Такси күтіп тұрмын.Таксиге төлейтін жолпұлды дайындап қояйын деп кішкене қол сөмкемнен теңге алайын десем сөмкем жоқ.,қарабасып елпелектеп жол сөмкемді алыппын да, қол сөмкемді тастап кетіппін жаңағы пирожныйды шығарған жердегі орындыққа. Екі өкпемді қолыма алып әлгі екі қайыршы отырған жерге келсем жасы егде әйел ғана қалыпты, жас әйел де, кішкене қыз да үшті күйлі жоқ. Қасындағыдан сұрасам кетіп қалды деп жауап қатты да бетіме бақшия қарады. Сөмке көрмедіңіз ба? дегенге білмеймін дегеннен басқа тіл қатпады. Адамды аяғышбасым-ай тура әкең сияқтысың деген анашымның сөзі есіме түсті. Аяқ қолым дір-дір етеді,бар жарарым сонда есеп карточкам да, ақшам да жеке куәлігім де менде құр телефоннан басқа ештеме жоқ. Не істерімді білмей мешітке қайта кірдім,кіре берістегі аяқ киім шешетін жерде бір-екі қыз отыр.Бұлар бағанада отырған еді. Қыздар сөмкемді қалдырып кеткен едім көрмедіңдер ма? дегенім сол сұр куркадағысы жаңа бір әйел әкеліп тастап кетті мына сөмке ма ? деп көрсетті. Дәл өзі қанық аспан көк қол сөмке,аспалы бауды шынжырмен жалғасқан,балам Лондоннан алып келіп берген еді бұйырғанын қарасайшы деп сөмкемді сипалап жатырмын. Сөмкемді ашып қарасам бәрі орнында ештеңесіне тиіспепті. Қайтқан малда қайыр бар деген. Қайыршы деп отырған келіншекке алғыс айтып келе жатырмын іштей күбірлеп. Мейірімді жан екен,мейірім түскенін көріп жүрегі жібіді ме екен?! Тегінде дұрыс адам болғаны ғой.
Адамгершіліктен айырылмайықшы. Қайыршы болып қайыр садақа жинап отырған әйелдің де ісінің қайыры бар... Қайырлы іс жасай берейікші. Көз алдыма қайыршы келіншектің қызыл комбинизон киген қызы, Ақеркемнің кішкентай кезі елестеді.
Әлде періште болып Ақеркенің рухы келіншектің мейірімін оятты ма екен?! Әр нәрсенің қайыры бар деген осы.
Қалыйма Жантөрееваның Фейсбук парақшасынан