Назарбаевқа тіке қарсы шыққан Шерағаң қызметінен осылай кетті
Шерағаң жайлы аңызға бергісіз айтылар әңгімелер аз емес. Осы орайда қазақтың біртуар батыры Бауыржан Момышұлының келіні, белгілі қаламгер Зейнеп Ахметова өзінің «Теңбіл тіршілік» атты кітабында Шерағаң туралы былай деп жазыпты: «Сол кездегі теле-радиокомпаниясының төрағасы Шерағаның үстінен «қазақша хабарларды тым көбейтіп жіберді, ұлтшылдық басып барады, орыстарға қысым көрсетіп, шеттетіп жатыр» деген мағынадағы айтпаған пәлесі, жақпаған жаласы қаптаған арыз-шағымдар жоғары жаққа тоқтаусыз жетіп жатады. Оны бұрқыратып буын көтергендер өзге емес, ана тілін білмейтін, ұлттық намыстан жұрдай өзіміздің «шіріген жұмыртқалар» екен. Осындай әлдекімдердің қоңыраушысы болып жүргендердің жалалы сөзіне сенген Елбасы идеологиялық бір жиында Шерхан Мұртаза ағаға ауыр сын айтады. Жиынға қатысып отырған жазушылар, ғалымдар, өнер шеберлері ағаға араша сұрап, бір ауыз уәж айта алмай, бастарын жағасына тығып, жайсыз халге түседі. Сонда аға қаймықпай мінбеге көтеріліп:
-Президент мырза! Қызмет деген – Төлегеннің астындағы бозжорға, кез-келген Бекежан мініп кете береді. Мен ешкімнен қызмет сұрағаным жоқ, керек болса ала бер. Менің қолымда Құдай берген қаламым бар, - деген ғой қасқая қарап. Содан көп ұзамай Шерағаң қызметтен кетті...»
Міне, нағыз ерлік пен жігіттік намыстың жарқын үлгісі деп осыны айт. Шіркін, мансап жолында намысы мен ар-ожданы ғана емес, елі мен жерін, тілі мен дінін сатып жіберетін жағымпаздар мен жандайшаптарға үлгі болатын көрініс екенінде сөз жоқ. Иә, кезінде еліміздегі жекешелендіру барысындағы бассыздықты көргенде «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деп, тіл мәселесінде «Екі тіл жыланда ғана болады» деп, байлығымыз талан-таражға түсіп жатқан кезде «Алтын сандықтың үстінде аш отырмыз» деп шырылдағаны әлі көз алдымызда.
Қайран Шераға-тұлға, Шераға-шындық, Шераға-намыс!. Сіздің шекпеніңізден шыққан өртұлғалы азаматтар қайда жүр екен?!...
Кеденші-журналист, полковник Бекен Нұрахметовтің фейсбук парақшасынан алынды