Бір кезде мен құтқарып жіберген ақсақ бөлтірік, өскесін мені құтқарып қалды
«...Бір күні аңға шықсам, түлкіге құрып қойған қақпаныма бауырын жаңа ғана көтерген қасқырдың бөлтірігі түсіп қалыпты. Атып алуға қимай босатып қоя бердім. Бостандыққа қолы жеткенін сезді ме, кішкене бөлтірік сынған аяғын сүйрете томпаңдап жүгіре жөнелді.
Келесі жылғы қыста аң аулап жүріп, аттан құлап аяғымды сындырып алдым. Қатты құлағаным сонша есімнен танып қалыппын. Әлдебір уақытта есімді жинадым, ауруханада жатыр екенмін.
Дәрігерлердің айтқанына сенгім келмеді. Аттан құлап есімнен танған мені, екі қасқыр ауылдың шетіне дейін сүйретіп әкеліп тастапты. Қасқырдың бірі аяғын сылтып басады екен, шамасы ақсақ көрінеді, – дегенде есіме сарт етіп баяғы қасқырдың қақпанға түскен бөлтірігі түсті. Қасқыр екеш, қасқыр да менің жасаған жақсылығымды ұмытпағаны ма, сонда? Айдалада майырылып жатқанда, өзім құтқарған бөлтірікпен кездестіріп, аң мен адам баласының түсінісе алатынын, екеуінің де Табиғат-ананың баласы, мына «Фәни дүние» атты бір отбасының мүшесі екендігін іштей, еріксіз мойындатқан жаратқан иеміздің шеберлігіне қайран қалдым...