Аяғын сылтып басатын қызды жылатқан жігіттің тағдыры
Жексен бүгін ерте оянып алды. Бірақ төсектен тұрмай ұзақ жатты. Санасында сайрап жатқан сауалдардың жауабын іздегендей болды. Бірақ шындыққа тура қарай алмады. Ақырында жанынан жұбаныш болып жақындарының сатқындығын ақтап алатын уәжге тоқтала берді.
Хош десті. Ол өзінің тағдыр жолының бұлайша бұрғалаң жолға түсерін әсте ойламаған-ды. Жексеннің бір өкінетіні, бір кездері қадіріне жете алмаған жандардың қазір жанашырына айналғаны. Клараның көзіне қараған сайын, одан өзіне деген шексіз іңкәрлік пен мейірімді көргендей болады. Сөйтеді де, өзін кінәлі сезініп, жанарын тайдырып әкетеді.
Клара мен Жексен бір университетте оқыды. Студенттік өмірдің алғашқы күні Жексен сабаққа кешігіп келді. Сәнденіп киініп, шашын сулап қайырған, ақ көйлекті қақшитып киген, қара шалбардың қыры пышақтай өткір. Қараторы келген жігіттің өзіне тән көркі де бар еді. Бірақ тәкаппарлығы мен өркөкіректігін де байқау қиын емес. Мұғалімнің сауалдарына жауап беріп тұрған Жексен группаластарының бәрін көзбен сүзіп тұр. Бір сәт кілт тоқтады. Оның көзі Клараға келгенде, өзгеге назар аудара алмай ұзақ тұрып қалды. Мұны аңғарған Клара да жанарын тайдырып әкетті де, өзіндегі бар көңілді байқатпауға тырысты. Бірақ бұл іңкәрлік көзқарас көпке созылмады. Кейін Жексен Клараның бір аяғын сылтып басатынын көргенде «Ой, ақсақ екен ғой» деді. Және оны Клараның өзіне естірте айтты. Бұл сөзді есту байғұс қыздың жүрегіне шаншудай қадалды. Десе де ол мұндай сөздерді қоғамда жиі естіп жүрген соң, өзіне өзгелердің шұқшия қарағанына үйреніп кеткен-ді. Аяғында кемістігі бар демесең, Тәңір оған бар сұлулықты бере салған. Өзі аққұба келген, қалың қастарының астында орналасқан қос жанары ылғи нұрланып тұратын.
Ол кезде ауылдан келген Клара жатақханаға орналасқан. Группаластарының көбі қалалықтар еді. Болмаса, пәтер жалдап тұратын байдың балалары. Жатақханадан тек Дина екеуі қатынайтын. Содан да болар, екеуі жақын дос болып араласып кетті. Алғашқы сабақ аяқталып, Дина екеуі саябақпен жатақханаға келе жатыр.
– Әлгі Жексен деген жігіт маған түк ұнаған жоқ,– деді Дина.
– Неге?
– Қойшы, тым дөрекі ғой. Мұғалімнің сұрағына да жөнді жауап бермеді. Саған айтқаны анау. Мүлде адам сыйлай білмейтін бала екен.
– Жаман, жақсы екенін білмедім. «Адам аласы ішінде» деген. Әлі танып білген жоқпыз. Бірақ бәрі өмірде түк қиындық көрмеген ерке балалар екені сезіледі.
– Иә, көрдің бе? Бәрінің көліктері бар. Тіпті қыздардың да. Киіп алған киімдері де бағалы екендігі көрініп тұр. Бізге біртүрлі қараған сияқты.
– Сені қайдам, мен мұндай көзқарасқа үйреніп кеткенмін. Сондықтан жаңа ортаға келерде өзімді дайындап келгем.
– Ой, Клар-а-а-а, сені ренжітіп алған жоқпын ба? – деген Дина кілт тоқтап қалды.
– Жоқ, құрбым. Бәрі жақсы, – деп, Клара оған күлімдей қарады.
Олардың әңгімесі осы жерден тоқтады. Жатақханаға келіп үлгерген қос құрбы бөлмелерінің кілтін алып, заттарын ыңғайластыруға қам жасап келеді.
– Әуелі сәл тынығып, шай ішіп алайық. Сонан соң заттарымызды жайғастыратын боламыз, – деді Дина. Бұған Клара да үнсіз ишарат білдіріп келісе кетті.
Шай басында ата-аналары, бауырлары туралы сұрап таныстық орнап жатты.
– Сұрауға бата алмай отырсың ғой, иә,– деді Клара.
– Нені, – деген Дина қипақтап ойын оқып қойған Клараға ештеңе сездіргісі келмеді.
– Бала кезімде өзімнің кемтарлығым жаныма бататын. Анамнан мұның себебін де сұрағам. Мені анам босану сәтінде жамбаспен келгенге ұқсаймын. Сонан дәрігерлер тұншығып қалмауым үшін аяғымнан тартыпты. Бастапқыда менің аяғымның кемістігі барын ешкім байқамаған, кейін жасқа толып жүруге талпынған кезде ғана аяқтың кемтарлығын аңғарған. Бірақ ол кезде кеш болды. «Сүйек қалыптасып кеткен» деген пайым жасапты дәрігерлер. Ата-анама да оңай соққан жоқ. Менің көңілімді бағып, мәпелеп отыратын, – деген Клара жанарының жасын көрсетпей, жүзін бұрып әкетті.
Уақыт өтіп жатты. Бұлар бір-біріне үйреніп, жақын дос болып араласа бастады. Группаластары Клараны өте білімді, алғыр екендігін байқап, ерекше құрметтейтін болды. Ылғи қолдау көрсетіп жүрді. Жексен сабақтан көп қалатын. Үлгерімі де нашар болды. Сынақ кезінде сүйретіліп зорға келетін Мұндайда Жексенге ылғи Клара көмек көрсетіп жүретін. Бірақ Жексен оның бұл көмегін тек достық көңілмен қабылдады. Ал Клараның жүрек түкпірінде Жексенге деген ыстық махаббат бар еді. Жексенді көргенде ерекше нұрланып сала беретін. Жексен Клараға сенің көздерің сияқты әдемі көзді көрген емеспін деп жиі айтатын. Мұны естігенде Клараның бойын ерекше сезім баурап әкететін. Десе де ол өзінің махаббаттын тұншықтырып ұстады. Өйткені қол-аяғы сау байдың баласына өзін тең көрмеді.
Жүйткіген студенттік өмірдің де аяқталар шағы жетті. Диплом алған күні группалас достар кешкі басқосу жасады. Ақ тілектер ақтарылып, қимастық пен сыйластық орнаған кеште жігіттер жағы ащы судан да ұрттап алды. Әсіресе қызып қалған Жексен көп ортасында ерекшеленіп отыр. Достарының әрқайсысына тоқталып, ыстық тілегін айтып келе жатқан Жексен Клараға да жетті.
– Клара, сенің көздерің бар ғой… қойшы ол сөзді естіп сенің құлағыңның жауыры шығып кеткен шығар. Сен өте керемет жансың ғой. Алғаш көргенде мен саған ғашық болып қалғам. Бірақ кейін көңілім қайтып қалды. Себебі сен ақсақ екенсің ғой. (Рақаттанып күліп алды. Мұның әрекетіне өзінен басқа ешкім қосылған жоқ. Қайта бәрі қой дегендей ишарат жасап әлек). Не болды, қас-көздерің қозғалып кетті ғой. Бұдан кейін бір-бірімізді көреміз бе, көрмейміз бе? Ол бір Құдайға ғана аян, сондықтан осы кеште бәріміз ойымызды айтып қалайық. Егер Клара ақсақ болмағанда, әңгіме жоқ, мен оған үйленетін едім. Бірақ өкінішті…. Клара, сенің мені ұнататыныңды білген соң айтып жатырмын, – деп тағы да қарқылдап күлді.
Клара бұдан артық шыдап тұра алмады. Кеудесін өксік кысып, тынысы тарылып кетті. Далаға әзер шыққан ол ағаш түбіндегі орындыққа жайғасып ағыл-тегіл жылады. Басқа басқа, Жексеннен мұндай сөз есту оған ауыр соққы болды. Содан бастап жүрегі қатайып кеткендей еді. Бірақ Жексенге ештеңе деген жоқ. Тек осыдан кейін онымен жолықпасам екен деді.
Уақыт өзіне керегін алды. Жылдар жылыстады. Клара жұмысқа орналасты. Бала кезден тігін тіккенді жаны қалайтын. Бұл ісін де кәсібіне айналдырды. Клараның еңбекқорлығы талай жарымжан адамға жігер берді. Ақырында ол өзінің еңбекқорлығымен табысты әйелге айналды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсететін өзінің орталығын ашты. Мұнда ол тағдыр сынына түскен адамдарға психилогиялық қолдау көрсетіп, панасыз қалғандарға пана болатын орталық жасады.
Бірде қызметкерлері жаңадан келген науқастың екі күннен бері төсектен тұрмай, нәр сызбай жатқандығын айтты.
– Қанша жаста?
– Қырыққа таяп қалған
– Не жағдай?
– Ауыр жол апаты салдарынан мүгедектер арбасына таңылған. Әйелі «баға алмаймын» деп тастап кетті. Содан бері не ем қабылдамай, не ас ішпей жатыр.
– Жарайды, кейіндеу өзім барып шығармын. Қай палата?
– 42.
– Жақсы.
Сан шаруамен жүріп Клараның есінен шығып кетті. Тек жұмыс аяғында қайтуға жиналып жатып кілт тоқтады. Үлкен дәлізбен аяңдап басып 42-бөлмені іздеп келеді. Шеттегі ашық тұрған есік. Жайлап бөлмеге енді. Тым-тырыс. Төсекте теріс қарап ер адам жатыр екен.
– Аза-мат, рұқсат па екен?
– Ешкімді көргім келмейді.
– Жақсы. Менің сізді мазалағым келмейді. Бірақ мен осы орталықтың басшысы ретінде сіздің әрекетіңізге бей-жай қарай алмаймын.
– Менің өмір сүргім келмейді. Түсінесіз бе? Бәрі бітті, баяғы күндер кетті. Жан-жағым толған сатқындар екен.
Мына дауыс Клараға таныс. Қайдан естідім деген Клара есіне түсіре алмай тұр… Мүмкін емес, расымен ба? Жігіттің жанына жақындай берді. Оның түйсігі алдамаған сыңайлы. Кенет бұған бұрылған жігіттің жанары шарасынан шығып кете жаздады.
– Клара-а-а-а, – деген оның таңданысы сезілді. Бұған өзін жымиып алған Клара байсалды жауап берді.
– Иә, бұл мен. Сол баяғы ақсақ қыз. Несіне таңғаласың. Қайта мен таңғалып тұрмын.
– Дұрыс айтасың, сол күні мен артық кеттім. Ішімдіктің кесірі ғой. Кейін есіме түсіп, сенен кешірім сұрамақ болып жатақханаға барғам. Ол жақтан кетіп қалыпсың. Содан кейін таба алмадым.
– Одан бері табаны күректей 20 жыл өтті. Мен сені бір компанияның бастығы деп естідім. Бір-екі мәрте сыртыңнан көріп қалдым.
– Рас па? Неге жақын келмедің?
– Қажеті жоқ еді.
Екеуі де үнсіз қалды.
– Міне, менің қазіргі жағдайымды көріп отырсың. Мен де сен сияқты ақсақ болып шыға келдім. Ой, сенен де бетер мүгедекпін. Кезінде сені қорлағаным туралы бүгін ғана ойыма алып едім. Ғажайыпты қарашы, сен келіп тұрсың.
– Мен саған кектенген емеспін. Ешқашан сені осындай жағдайға тап болсын деп тілеген де жоқпын. Бұл жағдайға қалай душар болып жүрсің?
– Жоқ-а, сенің көңіліңнің ақ екенін білем ғой. Бұл – құдайдың маған берген жазасы. «Көп асқанға бір тосқан» деген осы. Оқу бітірген соң, жақсы жұмысқа орналастым. Әрине әкемнің арқасында. Сол жерде қызметім жоғарылап, бастық болдым. Отбасын құрдым. Әкем өзінің досының қызымен таныстырып, пәлендей сезімім болмаса да үйлендік. Бәрі жақсы жүріп жатты. Бірақ әйелім құрсақ көтере алмады. Мен оған бас қатырған жоқпын. Өзіммен өзім дал болып жүрдім. Кейін ата-анам өмірден озды. Жалғыз бала болған соң, бар дүние маған мұра болып қалды. Не ішем, не жеймін демей шалқып өмір сүріп жаттық. Бірақ сол ішімдікке әуестік қалмады. Әкемнің көзі тайған соң, қызметімнен де түсіріп тастады. Оның үстіне, баланың жоқтығынан әйелім екеуміз күнде жанжалдасамыз. Сондай күннің бірінде өзімді бар жауапкершіліктен алшақ ұстағым келіп көлікке мініп алып, үйден шығып кеттім. Кафеге барып ащы суға сылқия тойып, іштегі күйігімді басқандай болдым. Жағдайыма қарамай рөлге отырдым. Көзім бір ашылып, бір жұмылып келеді. Кенет «тарс-тұрс» еткен дыбыс шықты. Арғысы есте жоқ. Бір қарасам, аурухана төсегінде жатырмын. Жанымда әйелім егіліп отыр. Жол апаты болған екен. Осылайша бар жиғаным еміме кетті. Әйелімнің мүгедек байды бағуға шыдамы жетпеді. 5 айдан соң осында әкеліп тастады. Енді көріп тұрғаныңдай ешкімі жоқ мүгедек адамға айналдым… Менің бар жағдайым осы. Өзің қалайсың?
Жексеннің әңгімесін жан жүрегімен тыңдап, іштей ойға шомып кеткен Клара селк ете қалды.
– Жексен, сен бұлай тағдырдың соққысына сынбауың керек. Қайта өзіңнің әлі де қайратты, қолыңнан іс келетін азамат екеніңді дәлелдеуге тырыс. Менің өмірім бірқалыпты. Жақында осы орталықты аштым. Қазір түрлі жобалармен жұмыс жасап жатырмын.
– Отбасын құрдың ба?
– Әзірге жоқ. Жұмыс деп жүріп жеке өмірімді ығыстырып тастаппын. Бір кездегі «Ақсақ қыз кімге керек» деген ойдан арыла алмай жүрмін.
Бұл сөзге Жексен қызарып, жүзін төмен салды. Астыңғы еріндерін тістелеп, терезеден сыртқа көз тастады.
– Қысылмай-ақ қой. Сен сол күні айтқаннан емес. Бұл ой менің санамда ес білгелі қалыптасып қалған.
– Есті адам болса сенің жүрек түкпіріңе үңілер еді. Сендегі пайым- парасатты көргенде…
– Жарайды, мен қайтайын. Сен қырсықпай, тамағыңды іш. Мен ертең дәрігер мамандармен кеңесіп, сенің диагнозің бойынша қандай ем шаралар жасауға болатыны туралы сөйлесем.
– Тағы біраз… жақсы, түсіндім.
Клара бөлмеден қоштасып шығып кетті. Әттең, дүние! Бір кездегі ешкімге ырық бермес асаудың бүгін төсекке таңылып, жарымжан болғаны-ай. «Тек қалай болғанда да мен оған көмектесуім керек» деген оймен келеді.
Назерке Маратқызы