Журналистердің ақпарат алу құқығы шектеліп бара жатыр ма?
«Арқалағаны алтын, жегені жантақ» журналистер қауымының кәсіби мерекесі осы аптада тойланбақ. Төртінші билік өкілдерінің қоғамдағы алар орны ерекше екені анық. Халыққа жаңалықты бірінші болып жеткізетін мамандық иелерінің жұмысы аса жауапты, қауіпті әрі қызықты. Журналистер қауымын сөз еткенде олардың бүгінде мәртебесі қандай, құқықтары қорғалып жүр ме деген сауалдар көлденең шығады. Қалам, микрофон ұстаған тілшілердің қоғамдағы орны айқын болғанымен олар мемлекеттік қызметке жатпайды. Сондықтан да көптеген жеңілдіктерден мақұрым қалып жатады. Мемлекеттің сөзін сөйлеп, кейде сынап-мінеп жатқандарымен олар елдің тыныштығын, тұрақтылығын қалайды. Әлемдік статистикаға көз салсақ, жылына ондаған журналист от пен оқтың құрбаны болып жатады екен. Сол үшін де шетелдерде журналистердің құқығын қорғайтын ұйымдар белсенді. Ал бізде мұндай ұйымдар аз. Тілшілер құқықтық жағынан қорғалмаған. Шынын айтқанда біздегі заңдарда журналисті қорғаудан гөрі жауаптылыққа тарту жағы басым. Қазақстандағы әр түрлі заңдар арқылы журналистерге шектеу қойылған. Мәселен, Монғолияның заңдарында БАҚ-ға қатысты екі-ақ бап бар. Бірінші бапта сөз бостандығына кепілдік беріледі, ал екінші бапта цензурға тыйым салынады деп жазылған. Өте қарапайым. Монғолияның ерікті мемлекет атануына осы заң баптары жеткілікті. Ал бізде заң да, бап та жетіп артылады. Бірақ, журналистке көмектеспейді. Көбінесе журналисті жазған мақаласы үшін соттап жатады, ал сол ақпаратты берген адам, ақпарат көзі жауапқа тартылмай қалып жатады. Мәселен, мемлекеттік құпияны ашқан тұлға заңға сәйкес жазаға тартылмайды, ал оны жариялаған журналист жауапқа тартылады. Журналистердің қауіпсіздігі, материалдық жағдайының көңіл көншітпейтінін сөз ете берсең Қазақстанда мысалдар артып жетіледі.
«БАҚ туралы» Заңның 20-бабында: « Журналистiң ақпаратты iздестiрудi жүзеге асыруға, сұратуға, алуға және таратуға, мемлекеттiк органдарға, барлық меншiк нысандарындағы ұйымдарға баруына және өзiнiң қызмет бабындағы мiндеттерiн жүзеге асыруға байланысты олардың лауазымды адамдарының қабылдауында болуға, жабық шара өткiзу туралы шешiм қабылданғаннан басқа жағдайда өзiн тiркеген орган өткiзетiн барлық шараларға қатысуға құқы бар», — деп жазылған. Алайда бұл баптың соңғы кездері тынысы тарылып бара жатқан секілді. «Шектеу қойылған жағдайларды санамағанда мемлекеттік органдардағы барлық ақпарат ашық болуы керек» деген заң нормасының да журналистика аясында орындалуы қиын. Мәселен белгілі бір мемлекеттік ұйым, мекеме жамбастарына оң келмеген ақпаратты тілшілерге беруге құлық таныта бермейді. Ақпарат жарыққа шығып кетсе, оларды сотқа сүйреп әурелейді. Шенеуніктер ол ақпарат оның меншігі емес, қызметтік ақпарат екенін түсіне бермейді. Кейде мемлекеттік мекемелер тілшілер сұраған ақпаратты бермей бастық қарамағындағы маманға, ол басқа маманға жіберіп сандалтып жіберетіні бар. Халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорының президенті Тамара Калееваның айтуы бойынша ақпарат бермегені үшін шенеуніктерді сотқа беретін тілшілер, басылымдар Қазақстанда көп емес. Біздегі журналистер өз құқықтарын біле тұра соттасуға, дауласуға бара бермейді дейді.
Журналистердің ақпаратты алу мүмкіндігінің тарылып бара жатқанына тағы бір мысал Үкімет жиындарынан тілшілер қауымының тысқары қалуы. Бұрындары мұндай жиындарға тілшілер арнайы қатысып, ақпаратты ашық түрде алып, талқыланып жатқан мәселенің анқы-қанығына көз жеткізе алатын еді. Кейіннен билік тілшілерді мұндай құқығынан да айырды. Яғни Үкімет жиынына басылым, телеарнаның атынан ат тертелтіп барған тілшілер жабық тұрған есіктің сыртынан қайтып жатыр. Тек баспасөз хатшылары дайындап берген бір жапырақ баспасөз баянын арқалап қайтады. Ондағы мәліметтің қаншалықты өңделгені, түзетілгені тілшілерге беймәлім. Журналист сол шектеулі ақпаратпен ғана мақала әзірлеуге мәжбүр. Журналист өз көзімен көрмей, адамдармен тілдеспей, тақырыпты зерттемей жазған мақала әрине шикі болады. Үкіметтің «үлгі-өнегесі» бүгінде аймақтарда да кеңінен қолданыла бастады. Осыдан кейін Қазақстанда журналистердің ақпарат алу құқықтары толығымен сақталып жүр деп ауыз толтырып қалай айта аламыз?
Осы орайда әріптестеріміздің айтар ойы қандай екен?
Нұрғазы Сасаев:
«Спортқа қатысты ақпарат алу жеңіл»
Журналистердің де әр салаға бейімделгені бар. Мен талай жылдан бері спорт саласында еңбек етіп келемін. Алайда жоғарыда айталығандай спорт саласында ақпарат алу құқығының шектеліп бара жатқандығын байқамадым. Спорттық іс-шаралар, жиындардан қалмай барып жүреміз. Сұратқан ақпаратқа қол жеткізудеміз. Керісінше мәлімет алу бұрынғы жылдардан жеңілдей түскен. Заман өзгеріп, технология өркендеп, жеті қабат жердің "астындағы" спорттық жарыстар мен сайыстарды онлайн жүйесінде көріп отыратын жағдайға жеттік. Қалған жұмыс журналистің өзіне байланысты. Еті тірі журналист ақпаратты екі аяғымен табады. Журналистті асырайтын екі аяғы деп бекер айтылмаған ғой. Бізде спорттық жарыстардан қалмайтын журналистерді құзырлы орындар өздері іздеп отырады. Сондықтан спорт журналистерінің арасында ақпарат алу мәселесінен еш қиындықтар жоқ деп сеніммен айта аламын.
Сұңғат Әліпбай:
«Министрді тоқтатып, сұрақ қоюшы едік...»
Бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын. Кейбір топтар БАҚ-ты пайдаланып түрлі арандатушылыққа баруы да мүмкін екендігін естен шығаруға болмайды. Осы тұрғыдан алғанда Үкіметтің БАҚ-пен қарым -қатынастың өз жұмысына кедергі келтірмейтіндей формасын таңдауына құқы бар секілді. Әсіресе, дәл қазіргідей кезеңде. Екінші жағынан алғанда, журналистер бұрын Үкімет үйіне барған кезде ол жерден баяндама жасаушы министрді жолдан тоқтатып, қаралып отырған мәселеге қатысты өз көкейіндегі (демек оқырманың да көкейіндегі) сауалдарды қоя алатын. Қазір журналистер осы мүмкіндіктен айырылып қалды. Үкіметке неғұрлым өткір сұрақтар қоюдың бір мүмкіндігі шектелген секілді. Бірақ мен мұны журналистердің құқығы тапталды деп бағаламас едім. Өйткені журналист өзін толғандырған мәселе бойынша, егер шынымен оның қоғамдық маңызы болса, ол сұрақты Үкіметке басқа да жолдармен жолдай алады ғой. Сондықтан құқығымыз тапталды деп дабыл қағуға болмайды.
Арман Сқабылұлы:
«Журналистикаға деген көзқарасқа өзгеріс керек»
Журналистика саласындағы проблемалар қазір шаш етектен. Соның бірі әрі ең өзектісі ақпарат алу мәселесі. Журналистер үшін мәлімет алудың шектеліп бара жатқаны рас. Оның түрлі себептері бар. Бірақ, ең негізгісі деп жалпы журналистиканың беделінің төмендеп кеткенін айтар едім. Тілшінің зерттеп, ақ тер, көк тер болып жазған сын материалдарға жауап берілмейді. Тіпті билік, шенеуніктер пысқырып та қарамайды. Сыналғандардың жауапқа тартылып жатқандары да шамалы. Жазылған, айтылған көкейкесті дүниелер газет беттерінде сарғайып, телеарнаның архивінде шаң басып жатып қалады. Бір сөзбен айтқанда біздің журналистика "төртінші билік" мәртебесінен әлдеқашан айырылып қалған. Парламент, Үкімет түгілі жергілікті билік те бүгінде журналистерге менсінбей қарайды. Сондықтан алдымен олардың БАҚ өкілдеріне деген көзқарастары өзгеруі тиіс. Ол өзгермей журналистердің құқығы туралы әңгіме қозғаудың өзі артық.
Төребек Байтасов:
«Құқығын білсе болғаны»
Тілшілер қауымының Үкімет жиындарына қатыса алмайтындығы әрине әріптестерімнің мәртебесін біршама төмендеткені рас. Оқиғаны көзбен көріп, құлақпен естіп жазғанға не жетсін? Онсыз да қазір жұртты оқиға барысында болмаса сырттай жазылған мақаламен, сюжетпен оқырманды, көрерменді жұбата алмайсың. Дегенмен бұдан журналистердің ақпарат алу мүмкіндігі түбегейлі шектеліп қалды дегенге келіспеймін. Ізденген маман ақпаратты әйтеуір табады. Үкіметтің жиынын есепке алмағанда тілшілерді ақпараттан қысқан мекеме, басшыларды көрмедім. Қайта ақпарат алудың жолдары өткен жылдарға қарағанда жеңілдеген секілді. Жүзбе-жүз жолықсаң да, телефон арқылы немесе ғаламтор арқылы кез-келген адаммен байланысқа шығуға болады. Ең бастысы журналист өз құқығын білсе болғаны.
Мұрағаттан, 2015 ж