Гитлердің атасы еврей ме?
11-01-2024
Қарт Қаратаудың теріскейіндегі Созақ жері талай қасіретті, зобалаңды бастан өткеріп, шындығы ашылмаған қаншама құпияны қойнауында бұғып жатыр. Солардың бірі – Созақ көтерілісі. Тарихи деректерге қарағанда бұл көтерілістің шуы Алматыны былай қойғанда Кремльге дейін жеткен. Шолақ белсенділердің шектен тыс қысымына, асыра сілтеуіне төзбеген халық көтеріліске ыза мен кекті, азаттық пен бостандықты ту етіп көтеріп шықты. Алайда зеңбірекке қамшымен қарсы шыққан көтерілісшілерді қызыл армия аяусыз күшпен басты. Арысы Алматыдан, берісі Ташкент, Түркістан, Кентау, Шымкент, Әулиеата, Қызылордадан жеткізілген арнайы жазалаушы отряд ауылдағы азаматтың бәрін банды санап, бейбіт халықтың қанын суша төкті. Зобалаңнан әупірімдеп аман қалғандар абақтыға, түрлі азап лагерлеріне айдалды. Биыл осы айтулы оқиғаға 85 жыл толды.
Кеңестік идеология бізге Созақ көтерілісі туралы ештеңе айтқызған жоқ. Кейінгі буын оны тек көзкөргендердің естеліктерінен ғана там-тұмдап естіді. Тәуелсіздік алып, өткенімізді түгендеген заманда да Созақ көтерілісі туралы кең көлемді зерттеу жүргізу, тарихи бағасын беру, еске алу шараларының жанданып кеткені шамалы. Лайықты бағасы берілмегені былай тұрсын, Шымкент қаласының Орталық саябағына көтерілісті басу кезінде қаза тапқан қызыл әскерилердің мүрделері қойылған бауырластар зиратын абаттандыруға бюджеттен ақша бөлгізіп, күрделі жөндеуден өткізген жерігілікті атқарушы биліктегілердің әркеті әпербақандық қой. Ал сол қызыл жендеттер атып, сүйектерін Созақтың сай-саласына көмусіз тастап кеткен аталардың әруағын еске алу, олардың ерлігін бүгінгі ұрпаққа үлгі етуге келгенде кежегеміздің кейін тарта беретіні рас. Неге? Бұл тарихты білмегендік пе? Әлде қазіргі саяси жағдай осыны талап ете ме? Біз осы сауал төңірегінде Созақ көтерілісінің тарихи шындығына көз жеткізу жолында ізденіп, көз майын тауысып мұрағат ақтарып жүрген бірнеше азаматтармен тілдескен едік.
Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ, журналист-жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Мәдениет қайраткері:
«Желтоқсан оқиғасы да Созақ көтерілісімен үндес»
- Созақ көтерілісі 1930 жылдың басында, яғни 7-16 ақпанның аралығында орын алған. Сол жылдың басында Қазақстанда 300-ден астам көтеріліс болған, солардың ең үлкені осы - Созақ көтерілісі. Адам қаны қисапсыз төгілді. Тарихи деректерде бұл көтеріліс жайлы «500 бандит құрықталып, табан астында атылды» деген мәлімет бар. Бірақ, шын мәнінде көтеріліс кезінде 2000-нан астам адам қырылып кеткен. Қызыл әскер қолына қару ұстауға шамасы жетеді-ау деген еркек кіндіктілердің барлығын ұстап, атып өлтіріп, арбамен Созақтың арғы жағындағы Тастақсай деген жердегі жардан құлатып тастай берген.
Көтеріліс қалай басталды? Кеңес империясының шектен шыққан озбырлығына төзбеген халық ұйымдасып көшеге шығып, жергілікті билік басындағыларды, милицияның, прокуратураның басшыларын өлтірген. Сол кезде аудан прокурорының жасы 45-те екен. Қызыл әскер басып кіргеннен кейін әлгі прокурордың әрбір жасына бір-бір адамнан құрбандыққа шалып, 45 адамды атқан. Созақ қыстағында мешіт бар, сол жерге жұма намазға жиналған жамағатты төрт бұрышындағы терезелер арқылы төрт пулеметпен қырып салған. Тіпті, олар көтерілісшілердің өмірін ойыншыққа айналдырып жіберген. Адамдарды бірінің артына бірін тақастырып тұрғызып, бір атқан оғымыз қанша адамнан өтеді екен деп еріккеннің ермегіне ұластырған. Осы секілді жан түршігерлік оқиғалар көп болған.
Созақ көтерілісіне тарихи-саяси баға берілмей келе жатуына атқарушы биліктің немқұрайдылығы себеп болып отыр деп ойлаймын. Неге десеңіз, билік орындары тарихи оқиғаның себебін ашып, халыққа түсіндіруге келгенде тартыншықтайды. Кешегі Желтоқсан оқиғасы да Созақ көтерілісімен үндес болып келеді. Екеуі де халықтың наразылығынан туындаған дүмпу. Желтоқсан оқиғасының да шынайы саяси бағасы берілді деп айта алмаймын.
Созақ көтерілісіне 70 жыл толғанда облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бірінші бетінен бастап «Облыс әкімінің назарына!» деген айдармен көлемді мақалам жарияланған болатын. Онда Шымкенттің орталық саябағында көтеріліс кезінде халықты жазалауға бара жатып мергендердің қолынан қаза болған қызыл әскерлер жерленген жерге ескерткіш орнатылғаны және кешегі күнге дейін алдында мәңгі алау жанып тұрғаны айтылды. Ол алау тәуелсіздік алғаннан кейін ғана сөнді. Осы жайтты айта келіп, қызыл әскерлердің зиратын басқа жаққа көшіру, оның орнына көтерілісте ерлік көрсеткен мергендердің жиынтық мүсінін қою туралы мәселе көтеріп, ұсыныс тастаған болатынмын. Бірақ, ешқандай нәтиже болған жоқ, жанайқайым жаңғырық күйінде қалды. «Баяғы жартас сол жартас...» Өкінішке қарай, Созақ көтерілісінің 60-70-80 жылдығы да атаусыз қалды, енді 85 жылдығы да лайықты деңгейде аталып өтеді деп ойламаймын. Өйткені, жергілікті атқарушы билік жоғарыға қарайды, ондағылар бір шаруа атқару үшін Үкіметтің арнайы қаулысы немесе өкімі, шешімі керек қой. Бірақ, ондай шешім жоқ, болмайтын да шығар. Осының салдарынан тарихи маңызды оқиға атаусыз қалып келеді. Менің ойымша бұл мәселені елден шыққан кәсіпкерлер, қаржылай мүмкіндігі бар азаматтар қолға алу керек секілді.
Дулат ТҰРАНТЕГІ, ақын, аудармашы, өлкетанушы:
«Тарихшылар көтерілістің үлгісі жақсы емес екен деді»
- Созақ көтерілісі туралы Талас Омарбековтен басқа тарихшылар зерттеу жүргізбеген шығар. Себебі, көтеріліс жайлы шындықты білмейді, білгендерінің өздері дұрыс жазбайды. Ұлттық Энциклопедияда Созақ көтерілісі туралы мүлдем басқа мәліметтер жазылған. Адамдардың аттары да, оқиғасы да, уақыты да шындықтан алшақ жатыр. Үшіншіден және ең бастысы шығар деп ойлаймын, ғалым-тарихшылар көтерілістің үлгісі жақсы емес екен дейді. Яғни, Үкіметке қарсы шыққан әрекетті дұрыс көрмейді. Созақ көтерілісін ұйымдастырушылар үкіметке бостан босқа қарсы шыққан жоқ. Халыққа солақай саясаттың зардабы қатты тиді. Қызылдар қорадағы малды тартып алғанымен қоймай адамдардың, оның ішінде әсіресе, қыздардың ар-намысына тие бастады. Бұл қолына папкі ұстаған шала сауаттылардың, шолақ белсенділердің келеңсіз, жымысқы іс-әрекеттері шектен шықты.
Созақ көтерілісі туралы мен оны көрген-білген, оқиғаның ортасында болған адамдардың өз аузынан естіп, жазып алғанмын. Шыны керек, олар менің ұсынысыма бірден келіскен жоқ, шындықты айтуға қорықты. Айтқандары қаншалықты дұрыс екеніне көз жеткізу үшін араға уақыт салып қайталап та сұрадық. Осы оқиғаны зерттеу үшін Ташкентке де, Түркіменстанға дейін барғанмын. Сол жақта көтеріліс туралы білетін адам бар екен дегенді естіген соң. Созақ көтерілісіне қатысқандардың туысқаны, жекжаттары деген сылтаумен адамдарды қудалаған ғой. Соның салдарынан олар жан-жаққа шашырап кеткен. Сол кездегі құзырлы органдардың құжаттарында кім тон кисе бандит, ат мінсе буржуй деген көзқарас қалыптасқан.
Созақ көтерілісіне қатысты мәлімет жинау мақсатында марқұм Мұхамеджан Рүстемовпен бірге 1960 жылдары 50-60 адаммен сөйлестік. Солардың жартысына жуығы көтерілістің ішінде, оқиғаның бел ортасында болғандар. Олардың бірі - Әбдіқадыр Тоқаев көтеріліс жайлы былай деп естелік айтқан болатын: «Көтеріліске қатысқандарды ұстап, қамап қойып, пулеметпен атты. Қызыл жауынгерлер қолына бұрын пулемет ұстап көрмеген ылғи жас балалар екен. Пулеметті бірінен бірі сұрап алып, «қане мен де атып көрейінші» деп тірідей адам атқанды қызық көрді. Маған оқ тимесе де құлап, қаны сорғалаған өліктердің астында қалдым. Кешке жақын өліктердің арасында тірі адам қалмады ма деп мәйіттерді мылтықтың ұшындағы пышақпен шұқып тексеріп жүр. Әлгілер тура мен жатқан жерге жақындап келіп, шылым тартты. Сосын шоғы сөнбеген шылымын тастағанда тура көзіме түсті. Оны өкшесімен езді. Кейін мылтықтың пышағын қолыма сұқты, өлі не тірі екенімді тексеру үшін. Сонда аман қалу үшін осының барлығында қыңқ демедім, тірі екенімді сездірмедім. Осының салдарынан бір көзім көрмей, қолымда тыртық қалған. Олар кеткесін білдім, екі адам тірі қалыппыз».
Әрине, қырғын куәгерлері бірталай уақытқа дейін тағы да қудалауға ұшыраудан қорқып, көтеріліс жайлы ешкімге тіс жармай келді. Олардың айтқандарын мұрағаттардағы деректермен салыстырып, бірталай мақала жаздық. Қазір куәгерлердің арасында көзі тірісі қалмады. Бірақ, көтерілістен кейін ұйымдастырылған лагерьде болғандар бар. Қайнар, Дуана деген жерлерге адамдарды отбасымен бірге апарып тастап, шыр айнала өздеріне кеңдігіне бөрене жетпейтін, тереңдігі түйенің бойындай болатын ор қаздырды. Сол ордың ортасынан кепе соқтырды. Кетпен-күрек, қайла ұстап көрмеген адамдардың барлығы аштан және қиыншылықтан қырылды.
Айнекеш Әбдіқасымов, Созақ көтерілісіне қатысушының ұрпағы:
«Бізге де қысым көп болды»
- Мен 1939 жылы дүниеге келгенмін, көтеріліс 1929-30 жылдары болған. Малы бар адамдарға зорлық-зомбылық жасап, тыныштық бермей, қолындағы барын салық ретінде тартып ала берген. Содан көтеріліс туындаған. Ол көтеріліске менің әкемнің туған ағасы Жанділдаев Досымбек те қатысып, оққа ұшты. Көтерілістен кейін ағайындарымыздың барлығы үрейленіп, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстанға қашып, жан-жаққа шашырап кетіп, біз ғана қалып қойдық. 1955-56 жылдары олар қайтып келді. Көтеріліске қатысушылардың ұрпағы деп бізге қаншама уақыт қысым көрсетіп, партия қатарына алмай, әр қадамымызға тосқауыл қоюмен болды. Партия қатарына 1969 жылы ғана қабылдандым. Туысқандарымды да қызметке жақындатпады. Көп нәрседен шектеді. Солай болса да жоғары білім алып, мектепте мұғалім, директор, 25 жылдай селолық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқардым.
Мұрағаттан, 2015 ж