Жер енді байларға беріледі

Oinet.kz 24-04-2019 1186

news_2e5c81ac029cf0afab332fbea4b091bb_thumb.jpg

Елбасының мәлімдеуінше, еліміздің ауыл шаруашылық жерлерін түгендеу процессі 9 миллион гектар жердің пайдаланылмай, бос жатқанын көрсеткен. Әлем елдері азақ-түлік өндіру үшін жер таппай жүргенде, Қазақстанда 9 миллион гектар жер айналымнан шығып қалған. Елбасының айтуынша, ірі жер пайдаланушылар жерді жалға алады, ол жердің қаншалықты тиімді пайдаланылып жатқанын, құнарлылығы қаншалықты сақталуын ешкім қадағалап, бақылап отырған жоқ. 

Елбасы «жерді тек жұмыс істей алатын, қаржысы мен техникасы бар, осы салада тәжірибесі мен білігі бар адамдар ғана жекешелендіре алады. Егер ол адам жерді тиімді әрі мақсатқа сай пайдалана алмаса, жер мемлекетке қайтарылатын болады» - деді. Президенттің айтуынша, жердің анық иесі болуы керек, бұл жерді тиімді пайдалануға түрткі болады. Елбасының елдің тіршілігін  жаңғыртуға араналған «Жүз қадамының» бірі осы – жерді жекешелендіру мәселесі болмақ. Бұл – Елбасының жерді жекешелендіру бойынша ұстанымының өзекті тұстары. 

Жекешелендіру бойынша сарапшылардың пікірі мен көрші елдердің тәжірибесі қандай? Астаналық экономист Тимур Исаевтің айтуынша, жерге иелік етудің құқықтық мәртебесін өзгерту, яғни жерді жекешелендіру жерді  тиімді пайдалану мәселесін түбегейлі шеше алмайды. Көптеген елдердің тәжрибесі жерге иелік ету құқықығы мен жерді  тиімді пайдаланудың арасында тікелей байланыс жоқ екенін көрсетіп отыр. Дамыған елдерде жалға берілген жер ауыл шарушылығы айналымындағы жерлердің 50-ден 80 пайызға дейінгі мөлшерін құрайды. Соған қарамай ол елдерде жерді  пайдалану тиімділігі өте жоғары. Тек ол мемлекеттерде меншік иелері – мемлекет пен ірі жер иелері тарапынын жерді тиімді пайдалану механизмдері, яғни қатаң бақылау тетіктері енгізілген.  

Бүгінгі күнде Қазақстанда ауыл шаруашылық жерлерінің нарығы қалыптасып үлгерген жоқ. Бұның басты себебі – жеке меншікке өткен жер үлесі мөлшерінің әлі өте аз екендігінде болып тұр. Сарапшылардың айтуынша, қазақстандықтар жерді жекешелендіруге аса асығып отырған жоқ. Біріншіден – сатылатын, яғни жекешелендірілетін жерлер жайлы ақпарат ашық емес. Екіншіден – салық жүйесіндегі өзгерістер мен жерді мемлекет қажеттігіне сатып алу мәселесі жұртты үркітіп отыр. Заң бойынша мемлекет қажеттігі үшін алынған жер үшін компенсация, яғни өтемақы төленуі керек, бірақ жергілікті билік бұл талапты бұрмалауға бейім тұрады. Сондай-ақ жерді жекешелендіруге қажет қаржыны банктерден алу өте қиын, арзан несиенің кілті аспандап кетті – оған екінің бірінің қолы жете бермейді. Жалпы жерді жекешелендіруге деген ынтаның жоқтығына себеп болып отырған басты фактор – ауыл шаруашылығынан алынатын пайданың деңгейі төмен әрі тұрақсыз. Пайда мен болашақты көріп тұрмаған соң, қалталы кәсіпорындар жерді жекешелендіруге аса қызығып отырған жоқ. 

Бүгінде Қазақстанның жарамды жері ірі корпорациялардың қолында. Жердің бүгінгі иесі – сол корпорациялар. Жекшелендіру басталғанда сол ірі жер иеленушілер нағыз латифундистерге айналады. Олардың қаржысы көп, биліктегі ықпалы да күшті. Мемлекеттің ауыл шаруашылық саласына бөлетін  субсидиялары да сол ірі жер иеленушілерге беріледі. Жердің ірі корпорациялар тарапынан жекешелендірілуі ауылдағы жұмыссыздықты арттыруы әбден мүмкін. 

Мысалы көрші Өзбекстанда шағын фермер шаруашылықтары қысқартылып, олардың жерлері ірі фермерлер мен қолында капиталы бар қала тұрғындарына өтті. Оңтүстік Қазақстан облысымен шекаралас Ташкент облысында ілгеріде  20-30 отбасы істейтін жерді қазір Ферғана аңғарынан келген 4-5 отбасы игеріп отыр. Мыңдаған ауыл тұрғындары жұмыссыз қалды. Жер иеленушіге ауылдағы ағайын емес, жерде тиімді пайдаланатын диқан керек. Бұрын арысы 1 гектардан 10-15 тонна картоп өндірілсе, қазір сол жерден ферғаналықтар 45-50 тонна картоп алуда. Меншік иесіне туысқан емес, тиімділік керек. Бұл – нарықтың заңы. 

Заң бойынша Өзбекстанда жер сатылмайды, жер фермерге 50 жылға жалға беріледі. Бірақ бүгінде ауыл шаруашылық жерлерінің көлеңкелі  нарығы қалыптасып, суармалы жерлер орналасуына қарай гектары 10 мыңнан 100 мың долларға дейінгі аралықта сатылып жатыр. 

Көршілер мен әлем елдерінің тәжірибесі тұрғысынан қарағанда жерді жекешелендіруді бастаған Қазақстан үлкен өзгерістер қарсаңында тұр. Ауыл тұрғындарының негізгі бөлігі тұрмысы төмен  екенін ескерсек бұл өзгеріс қарапайым халықтың тағдырын тәлкекке түсірмесе деп тілейміз.

Мұрағаттан, 21.05.2015 ж

ҰБТ-дағы жаңа өзгеріс қаншалықты тиімді?
«Созақ көтерілісі» неге дәріптелмейді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу